2017-07-10 (0) (8944)

АУЫЗБІРШІЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚ ТҮСІНІСТІКТЕН БАСТАЛАДЫ

АУЫЗБІРШІЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚ ТҮСІНІСТІКТЕН БАСТАЛАДЫ

 

 

Бүгінде көпшілік «әйел жақсы болса отбасында береке мен тыныштық орын алып, бәрі бақытты болады, көп жағдай әйелге байланысты, шаңырақтың ұйытқысы – әйел адам» деген пікірге тәуелді болып қалған. Иә, ол дұрыс, алайда, отбасының бірлігі мен тыныштығын сақтауда ер адамның да тигізер септігін есте сақтайық. Әйелді үйдің төрт қабырғасы деп алсақ, еркек – сол төрт қабырғаны тіреп тұрған ең негізгі тірек. Неке мен отбасыны сақтап қалуда әйелдің де, еркектің де атқарары бар. Бұл жауапкершілікті екі тарап та сезіне біліп, міндеттерін лайықты түрде атқарар болса, міне, бақыт.

Отағасы, әйел – Алланың сізге берген аманаты! Жарыңызға зат секілді емес, өмірлік жолдасыңыз ретінде көңіл бөліңіз. Сіздің әйеліңізге қалай қарайтыныңыз адамгершілік қасиетіңізді көрсетеді. Әйеліңіз – өмірлік серігіңіз, балаларыңыздың анасы. Дәл сіз секілді оны да Алла адам етіп жаратқан. Бірақ әлдеқайда нәзіктеу, әлсіздеу. Көбірек тілдесіп, сырласуға тырысыңыз. Көбірек көңіл бөліңіз. Осылайша сіз әйеліңізге сүйіспеншілігіңізді білдіріп, оны қуанта аласыз. Ақылды әйел ашу мен айқайға баспайды. Қателік болса ақылмен түсіндіріп, тізе қосып, мәселені бірге шешеді. Келеңсіздік кездессе, көңілін түсірмейді. Жаратылысы шапағатқа толы нәзік жандылар мейіріммен ойлайды, мейіріммен сөйлеп, мейіріммен өмір бойы айналасына шапағатын сыйлайды. Әрине, пенде болған соң қателіктер жібереді, үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Жақсы күйеу әйел адамның қисық қабырғадан жаратылғанын біледі. Оны сынап, мінеумен сындыруға тырыспайды. Әйелді ақылмен, мейірімділікпен ғана тәрбиелеу керек екенін ескереді. Кемшіл тұстарын айтып, кемсіте бергеннен гөрі, жақсы жағын айтып, мақтап қойсаңыз, әйеліңіз сіз үшін жақсы болуға бар күшін салатын болады. Әйеліңізден жылы сөздеріңізді аямай, жиі көңіл бөлсеңіз, ол сіз үшін жоқтыққа да, аштыққада төзеді. Ер кісі әйеліне деген пәк сезімін бір мезгіл сөзімен білдіруде жалқауланбағаны жақсы. Кісі бір-екі ауыз сөзімен әйелінің жүрегін жаулайды. Осымен оның сауабы көбейеді. Өйткені, өзі туралы жақсы пікірді естіген адам одан да жақсы болуға тырысады. Бұл, әсіресе, ерлі-зайыптыларға аса қажет әдістердің бірі. Жылы сөздеріңізді шынайы ықыласпен айтар болсаңыз, бұл артында сауап тұрған құлшылық болып жазылады. Себебі, "Жақсы сөз – садақа" (Ибн Хиббан).

 

Əйел болмысы басшылық не қаттылыққа емес, керісінше, мейірімділік пен ізеттілікке бейім. Ал еркектердің болмысы дөрекілік пен қатігездікке емес, жауапкершілікке, отбасына қамқоршы, қорған болуға бейім. "Еркектер - әйелдерді билеуші. Өйткені, Алла бірінен бірін артық қылды..." ("Ниса" сүресі, 34-аят). Ендеше, Алла тағайындаған басшының хақысы қашанда жоғары. Еркек отағасы екенмін деп дөрекілікке, айттым біттіге салынбай, бар мәселені өзара түсіністікпен, үнемі ақылдасумен шешкені жөн. Әйелдер де еріне бағынуы тиіс. Әйел адам көп жағдайда жүрегін тыңдайды. Ал ер адам ақылына жүгінеді. Олар осылай жаралған. Отбасылық өмірде де дәл солай. Еркек маңызды шешім қабылдаған кезде тек ақылына жүгінеді. Ал әйел адам ақылды болса да, жүрек қалауын ескереді. Сондықтан үйдің басшысы әрі ақылшысы – қашан да ер адам. Алайда ақылсыз жүректің соқыр, ал жүрексіз ақылдың қатігез болатынын ұмытпайық.

8944 рет оқылды