Сұхбат 2017-05-04 (0) (10779)

ӨРКЕН КЕНЖЕБЕК: «СӨЗІҢДІ ЖЕТКІЗУ ҮШІН – ТАНЫМАЛ БОЛУЫҢ МІНДЕТТІ...»

ӨРКЕН КЕНЖЕБЕК: «СӨЗІҢДІ ЖЕТКІЗУ ҮШІН – ТАНЫМАЛ БОЛУЫҢ МІНДЕТТІ...»

 

Қазіргі дамыған қоғамда ақпарат алмасудағы жылдамдыққа көз ілеспейді. Бір кездері теледидар, газет арқылы көпшілікке жететін хабар, бүгінде ғаламтордағы әлеуметтік желілер арқылы жедел тарап үлгереді. Ал біздің ортада әлеуметтік желі этикасы қалай? Блоггердің оқырман алдындағы мәдениеті қандай болуы керек? Осы орайда танымал журналист-блоггер Өркен Кенжебек бізбен ой бөліскен еді.

 

 

«Әлеуметтік желі этикасы – оқырманның эмоциясымен ойнамау»

 

 

Асыл арна:  Бұрын да интернетсіз элита, интернетсіз зиялы қауым қалыптасты. Қазақ қоғамына ғаламтор, әлеуметтік желі қаншалықты қажет?

 

 

Өркен Кенжебек: Жыл сайын қажылық маусымының алдында мынадай бір мәселе туады. Әлеуметтік желінің белсенділері осы бір мәселені жиі көтереді. Бұрын Құнанбай қажы түйені қомдап, атпен, керуенмен Мекке- Мәдинаға жылдап жететін. Сосын елге қайтуының өзі бір жылға созылатын. Қасиетті сапарға бару, келу оңайға соқпайтын. Ал, қазір ұшақ деген бар, бес-алты сағатта барасың да қайтасың, демек, сауабың да баяғыдағылардай емес дегенді айтады сонда. Осы мәселеге келгенде, менің ойым ұшақ деген ол – осы заманның игілігі дейді. Жоқ, мен Құнанбай секілді қажылыққа енді түйемен барам немесе құмға аяғымды қыздырып, жаяу барам деу есерсоқтың әрекеті секілді көрінуі мүмкін. Сол секілді мынау қазақ қоғамында интернет керек пе, әлеуметтік желі қаншалықты қажет деген кезде осы мәселе есіме түседі. Әрине, әлеуметтік желі қажет. Елбасының соңғы мақаласын қарасаңыз да,  біздің ұлттық кодта  жазылған  рухани  программамыз алты аяққа сүйену керек деді. Алты түрлі қасиетті әрбір қазақ бойына сіңірмесе, онда біз өзгермейміз деді. Соның ішіне мысалы, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білім, елдің эволюциялық жолмен дамуына деген сенім және өте маңыздысы сананың ашықтығы деді. Сананың ашықтығы дегеніміз – өмірде болып жатқан өзгерістерге бейімделе алу, өзгерістерді  қабылдай алу, жаңашылдыққа құмар болу. Осы мәселені Елбасы бізге меңзеді. Бұл деген, яғни, интернет, әлеуметтік желі деген қазіргі заманның бір жаңашылдығы болса, біз, қазақ қоғамы, былайша айтқанда бойымызға сіңіріп, оны ішімізден қорытып, оның пайдасын алып, зиянын шығарып тастауымыз керек. Тура акуланың асқазаны секілді.

 

Асыл арна: – Біздің ортада әлеуметтік желі этикасы қалай?

 

 

Өркен Кенжебек: – Әлеуметтік желі этикасын біз енді Нетикет деп жүрміз. Этикет тұрғысынан қазақ қоғамының сауаты әлі төмен деп айтуға келетін шығар. Бір-екі симптомын айта кетейін. Мысалы,  «мен өмірде басқамын, ал, ғаламторда мүлде басқамын» деген қағиданы ұстанамыз біразымыз. Мұны жұмсақ екіжүзділік деп айтамыз ба, әлде басқаша бір атауын табу керек пе екен? Көптеген азаматтарымыздың мемлекеттік құрылымда жұмыс істеп жүрсе де, әлеуметтік желіде аты-жөнін жасырып, суретіне бөгде адамның фотосын қойып, мемлекеттің, биліктің атына сын айтып отырғаны – әлеуметтік желідегі біздің аурудың бірі. Сол секілді адам – айтқан сөзінің тұтқыны. Бізде интернетте өзінің сөзіне өзі жауап бермеу, сөзі мен ісінің сәйкес келмеуі, сол секілді әліптің артын баға алмау,  интернетте дауға ілесіп кету, интернетте эмоцияға ерік беру, интернетте науқаншылыққа бастайтын ұрандар жазуға деген қызығушылық әлі күнге бар. Мұның бәрі –  әлеуметтік желінің аурулары. Бірақ, осы бір ауруға шалдықпас үшін алар дағды – бұл біздің этикетіміз.

 

 

Асыл арна: – Бізде Алладан келетін сауап үшін емес, керісінше «сауап болды, дұрыс жазалау керек» деп блоггерлік – бұл сөз еркіндігі екен дегенді алға тартып, жеке адамның ар-намысына тиіп жазып, еркін жазып жүргендер көп. Блоггердің оқырман алдындағы мәдениеті қандай болуы керек?

 

 

Өркен Кенжебек: Жалпы алдымен «блоггер деген кім?» дегенде жауап беріп алу керек шығар. Блоггер деген классикалық теория бойынша қандайда бір блогтұғырда өзінің жеке блогы бар адамды айтады. Бірақ, әлеуметтік желінің қарқынды дамуымен, блогы болмаса да, әйтеуір белсенді түрде адам жинаған, белсенді түрде екі-үш пост жазған адамның бәрін қазір «блогер» деп кеттік. Егер осы қағидаға салсақ, онда Фейсбукта тіркелген мыңдай адамның бәрін блогер десек, онда, блоггер деген сөздің құны да қалмайды ғой. Сондықтан, біз классификациялауымыз керек. Интернеттегі қолданушы (юзер), белсенді қолданушы, блоггер, одан барып қоғамдық ой-пікірдің лидері деген секілді.

 

 

«Сынды бетке айту – ешқандай да сын емес, бетпақтығыңның көрсеткіші...»

 

 

Асыл арна: – Қазіргі және бір жөнсіз үдеріс – не нәрсені де рейтингке байлап қою. Телехабарлардың рейтингі төмен болса, қанша әлеуметтік мәні зор болса да, оңай жаба салатын болдық. Рейтингі төмен сайттар мен газеттер өз-өзінен уақыт көшінен қалып жатыр. Тіпті әкімдердің де, оның қосшыларының да рейтингі бар. Ал рейтинг жинау үшін қитұрқылыққа барудың әдістері тіпті көп. Бұл үрдіс қашанға дейін жалғасады?

 

 

Өркен Кенжебек: – Ол қай кезде де болған ғой, бола береді. Бірақ, құйтырқы әдістеріне мен де қарсымын. Шымкентте рейтинг жасайтын бір газет болған деседі. Журналистердің арасында жүрген әңгімеге сүйенсек, сонда рейтинг жасайтын газеттің бас редакторы он шақты жеңіл машина алып алған дейді. Оны қалай алған десе, Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудандардың рейтингын жасайды екен. Апта сайын «пәленше деген аудан бірінші орында тұр», «пәленше деген аудан  соңғы орынға түсейін деп тұр» деп хабарлайды. Соңғы орында тұрған, рейтингы түскелі тұрған ауданның әкіміне телефон шалып: «Сіз соңында тұрсыздар, бір нәрсе істейсіз бе?» деп емеуріндетеді деген секілді. Рейтинг деген ол, түсінуіміз керек, қандай да бір қоғамдық санаға ықпал етудің құралы. Әйтпесе, бүкіл әлемдегі рейтингті қарасаңыз да, Қазақстанның сөз бостандығы бойынша жемқорлыққа төзімділік индексі бойынша рейтингтерді қарасаңыз, бізден әлдеқайда жағдайы нашар, бізден әлдеқайда сөз бостандығы шектелген елдер, керісінше, Қазақстанның алдында тұрады. Әрине, рейтинге қарау керек. Бірақ, оған сеніп, одан бір көңіліңіз құлазымасын. Кезінде «Nur kz» сайты Қазақстандағы «Ең көріксіз әкімдер» деген рейтинг шығарған. Мұның өзі де контент жасаудың түрі ғой. Журналистикада рейтингтің объективтілігі үшін ешкім жауап бермейді. Бұл – жай ғана жанрды ауыстыру, контент  жасаудың бір тәсілі ғана.

 

 

Асыл арна: – Сайттардағы, әлеуметтік желілердегі адрессіз сынға көзқарасыңыз қалай?

 

 

Өркен Кенжебек: Біз сын айта аламыз ба? Сынды қаншалықты орынды айтып жүрміз, жазып жүрміз?  Кешегі Кеңес Одағы тұсында сын мәдениеті болған  еді. «Ара», «Шмель» журналы болсын, «Крокодил» журналы болсын, сатирамен, мысқылмен сын айта алатын. Кезінде әдеби шығарманы, қойылымды, киноны сынау мәдениеті кәдімгідей қалыптасты. Ал, қазіргі сол сабақтастық үзіліп қалған соң, бізде, әлеуметтік желіде сынаудың мәдениетін ұмытып қалдық. Сынасақ, сынауды тек беттен алып, төске шауып деп үйреніп  қалдық. «Ал, енді  мен  жай ғана айта алмаймын, мен бетке айтамын. Ал, енді мені тыңда міне: «Сен осындай да, осындай жамансың, оңбаған, сорлысың. Енді сол енді айтарымды айттым», – деп  бетіне  былшиып қарап тұрады. Бетке  айту деген ешқандай да сын емес. Бұл сенің бетпақтығыңды, ақылының таяздығының көрсеткіші. Расымен, саған жанашыр адам сын айтатын болса, алдымен жүрегіңді ашып барып сын айтады. Сол кезде сенің сының да қабылданады, оның да жүрегіне қатты тимейді. Бізге осындай мәдениеттілік жетпей жатады.

 

 

Асыл арна: Қазір өз бетінше сайт ашып, оны ақпараттық портал деп айдарлап, алайда іс жүзінде өзге сайттардан көшірумен, асып кетсе, әншінің киген киімі мен мінген көлігін санамалаумен айналысып жүрген әріптестеріміз аз емес. Бұл журналистикадағы тоқыраудың көрінісі емес пе?

 

 

Өркен Кенжебек: Біз өте бір қызық уақытта тұрмыз. Бұған дейін сауатты мен сауатсыз, дана мен дүмше бір әлеуметтік алаңда, ортада бәрі тең дәрежеде сөйлесетіндей мүмкіндік берілмеген болатын. Ал 21-ғасырдың бір мүмкіндігі, ол әлеуметтік желі арқылы сауатты мен сауатсызды теңестірді. Мысалы, бүкіл ғаламның осы тарихында ары кетсе 200-300 миллион ғана  автор болды деп айтады. Яғни, жазушылар, ақындар, суретшілер. Ал қазір бір мезетте, бір жердің өзінде үш-төрт миллиард адамның интернетке қол жетімділігі бар. Яғни, оларды образды түрде айтқанда, автор деп айтуға болады. Ешқашан жер бетінде мұншалықты көп автор болған емес. Ешқандай бұлай өз пікірін ашық білдіретін мүмкіндік берілген емес. Осы мүмкіндікті бізге интернет берді. Біздің ақпаратты қабылдау сезіміміз өзгерді. Бұған байланысты дәстүрлі медиа өкілдері ақпаратты қалай берерін, оқырман назарын өзіне қалай тартарын білмей, сарсаңға түсіп отыр. Біздегі сайттар басқа бір ақпарат көзінен ақпаратты көшіріп басып, я болмаса сөзін өзгертіп, тақырыбын өзгертіп, атын жазып қойып деген секілді копирайтингпен айналасып жатыр. Бұл уақытша деп ойлаймын. Журналистика тоқырауда тұрған жоқ, журналистика кезегін күтіп тұр.

 

 

Асыл арна: Қазақ журналистикасында элиталық орта бар деп ойлайсыз ба? Бар болса олар кімдер?

 

 

Өркен Кенжебек: Бар. Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай, Сраил Смайыл, Еренғайып Қуатайұлы, Жанарбек Әшімжан, Жұлдыз Әбділдә. Осылай тағы кімдерді айтса болады  екен? Берік Уәли мен Болат Мүрсәлім. Осыларды бір элиталық орта деп алып қараған кезде бұлар тұтастай бір ұлттық журналистиканың дамуы үшін дәл қазір жұмыла еңбек етіп жатқан жоқ. Мысалы, Еренғайып Қуатайұлы ағамыз қандай керемет журналист еді. Журналистиканы қойып, бизнеспен айналысып кетті. Мұхтар Сеңгірбай ағамыз қандай мықты журналист еді «Жас Алашта». Қазір журналистиканы қойып, ғылыммен айналысып кетті. Сол секілді Гүлнар Мұқанова қандай мықты журналист еді. Ол да баспасөз қызметі саласына өзін арнап кетті. Шыңғыс Мұқан, Берік Уәли қазір мемлекеттік қызметте өзін көрсетіп жүр. Айтайын  дегенім, бізге үлгі болатын элиталық орта қазір өздерін әр салада сынап жүр. Мүмкін, олар өздерін журналистика алдындағы міндетін орындадым деп жүрген шығар. Менің ойымша, нағыз аларын алып, берерін берер кез оларға. Ал оған қарап тұрған біз – іні, жас  ұрпақ олардың кейпін кимесімізге тағы да кепіл жоқ. Бізде элиталық орта бар, бірақ олар қазір шаршаңқы күйде.

 

 

Асыл арна: Өзіңіз жақсы білесіз, 1990 жылдардың соңында елімізде төсек қатынасын, өтірік хикаяларды жазатын сарыжағал басылымдар көбейді. Қазір сарыжағал сайттар көп. Олардың тұтынушылары да аз емес. Осының бәрі оқырманның санасын уламай ма? Оқырман осы күні өзгенің отбасылық өміріне, анайылау айтсақ, тіпті жатын бөлмесіне де үңілуге құштар. Осы әдетті біз, журналистер қалыптастырған жоқпыз ба?

 

 

Өркен Кенжебек: – Физикада энтропия деген ұғым бар ғой. Мысалы, адамға ауа сондай керек, ауасыз  өмір  сүре алмайды. Бірақ ауа терімен әрекеттесу арқылы, адамның терісі тотығады, қартаяды. Саған соншалық пайдалы дүние, саған сондай деңгейде зиянды деген секілді. Қызығушылығы өлтіріп бара жатқан соң адам көбіне нәпсісін тежей алмайды. Кішкентай балаға кәмпит сұраған сайын, кәмпитін бере берсеңіз тісінен тіс қалмай, бетіне безеу шығып кетеді. Сіз былай қарасаңыз, сұрағанын беріп  жатырсыз. Бірақ ол одан зиян шегіп жатыр. Сол секілді оқырман да осы кішкентай бала секілді. Журналист оқырманға тек сұрағанын емес, оған керегін беру керек. Солардың тілінде түсіру керек, ғылыми тілде сөйлемеу керек. Ия, оқырман деңгейіне түсу керек, журналист оқырманның деңгейіне түсе отырып, оны алға жетелеу керек.

 

 

Асыл арна: – Журналистиканы төртінші билік деп ерекшелеп жүрміз. Бұл мамандықтың өзге мамандықтан артықшылығы жоқ сияқты көрінеді. Сол бір диплом беріліп жатқан, сол бір университет бітіріп жатқандар. Біз неге төртінші билік өкілдеріміз деп даңғойлана береміз?

 

 

Өркен Кенжебек: – Өз басым бұлай атауға қарсымын. Журналист бұл көше сыпырушы секілді мамандық. Мысалы, көше сыпырушы бұл көшені сыпырмаса, қала сасиды. Адамдардың қозғалысы қиындайды, машина тоқтап қалады деген секілді. Журналистика деген де сол. Көше сыпырған секілді ақпаратты тасиды, жөнсіз ақпараттарды електен өткізіп алып тастайды. Жаман ақпарат пен жақсы ақпараттарды сұрыптайды. Бұдан артық бір басында тұрған бір керемет миссия жоқ секілді өзі. Бірақ, қазіргі қазақ қоғамында әрбір қазақ журналисі ағартушы болу керек. Бізде ұлттық идентификация прогресі қарқынды жүріп жатыр. Сондықтан, біз біразға дейін дін, тіл тақырыбынан шыға алмаймыз. Бұл қазақ журналистерінің кемшілігі емес, бұл қоғамның қазіргі айнасы ретінде біздің істеп жатқан ісіміз ғана. Осы тұрғыдан алған кезде қазақ журналисі ағартушы болу керек.

 

 

«Сөзіңді жеткізу үшін – танымал болуың міндетті болып қалды...»

 

Асыл арна: Жастар қазір жақсы контентті қайдан алуы керек? Немесе қандай сайттарды оқисыз, қандай сайттардың аяқ алысын бақылап отырасыз?

 

 

Өркен Кенжебек: Өкінішке қарай, қазір оқуға ұсынатын сауатты сайттар іс жүзінде жоқ деп айтуға болады. Бірақ, Фейсбукте жақсы контентті қалыптастырып жүрген тұлғалар бар. Мысалы, сыртқы саясат бойынша Жанболат Үсенбаев, мәдениеттану бойынша Аягүл Мантаева, тұлғалар тарихы бойынша Айжан Хамит, әдебиеттану бойынша Бауыржан Сегізбаев, этнографиялық дүниелер бойынша Ұларбек Нұрғалым, Арман Әлмəнбет, ІТ жаңалықтар бойынша Темір Бектұр, кітапқұмарлық бойынша Мәулен Жанболат, Сәлім Қойшыбай, қазіргі  заманда болып жатқан ақпаратқа деген бір қызығушылықты Мейірхан Амангелдиев секілді жігіттердің посттарын оқып, өзіме білім аламын. Қазір ешқандай сайтты іздеп қарамайды екенмін, шыны  керек. Менде қазір мынадай бір түсінік бар: егер расымен мықты ақпарат болса, ол міндетті түрде Фейсбукке түседі. Оны кемінде бір-екі адам бөліседі. Сол жерден қарап аламын.

 

 

Асыл арна: – Журналист пен блогердің бойында кездесетін адамгершілік не мақтангершілік туралы не айтасыз?

 

 

Өркен Кенжебек: Блоггерсің бе, журналиссің ба, ол сенің кәсібің. Ал адам ретіндегі сенің қасиеттеріңді ешкім мансұқтаған жоқ. Яғни, сен қандай адамсың, өзің кәсібіңе де сондай ниетте, жауапкершілікте, көзқараста қарайсың ғой. Сондықтан, ең бірінші, жақсы адам болуың керек. Жақсы адамнан ғана жақсы сөз шығады. Журналистиканы да, блоггерлікті де өзінің жаман мақсатына қарай пайдаланып жүрген адамдар да көп. Расымен, қазір халықты қоздырып, бірақ ертең оның шешілу механизмі қалыптаспаған мәселелерді көтеру арқылы өзіне саяси ұпай жинап жүрген адамдарды көріп отырмыз. Өзіне миллиондаған оқырманды жинап алған небір әншілердің біреумен жүріп кетіп, кейін «әй, менен үлгі алмасаңдаршы, мені неге оқып жатырсыңдар, мен өзім өз білгенімді істеймін» деп ақталып жатқанында көріп жатырмыз. Айтайын дегенім, адам қандай болса, ойы да, жазуы да сондай. Сондықтан, ең бірінші адам ретінде жақсы қасиетке ие болуға ешкім әлі тыйым салған жоқ.

 

 

Асыл арна: Танымал және пайдалы деген сөз бар. Айырмашылығын айтып беріңізші...

 

 

Өркен Кенжебек: – Бұл танымалдылық деген адамның санасымен ойнау ғой.   Red bull деген энергетикалық сусын шыққан кезде оған дейін де ондай сусындар болған. Құрамы да қырып бара жатқан жоқ. Әйтеуір, бір ерекшелік болу үшін бағасын басқалардан екі есе жоғары қып қояды. Сатып алушыларда мынадай ой болады: «мынаның бағасы екі есе жоғары, демек, мынаның  ішінде керемет бір дүние болды ғой, неге бұл қымбат болады» деген. Танымалдылық деген де сол секілді. Адамдарды таланты жоқ болса да, теледидардан күндіз-түні көзімізге әкеп көрсете берсе де, дауысы жоқ болса да, радиодан күндіз-түні бере берсе, адамның санасына мынадай бір ойды салып береді. Мына адамды бекерден-бекер көрсетіп жатқан жоқ, демек, бір нәрсесі болып тұр ғой. Бірақ, оның не нәрсе екенін өзі де білмейді. Танымалдылық деген мүмкін осы шығар. Ал, енді пайдалы нәрсенің көп жағдайда жарнамасы аз болып жатады. Мысалы, «пайдалы ас дәмсіз келеді» деген бар. Қуырылған, майға шыжғырылған  ас дәмді, иә? Ағзаға пайдалысы тұзсыз, майсыз, бұқтырылған) Сол секілді пайдалы адамның да аккаунтына жарнамасы аз болады. Оның жазғандарын оқырмандары да түсінбей жатады деген секілді. Бірақ, сен пайдалы дүниені жұртқа жеткіземін десең, сөзді ойнату керек, формасын құбылту керек. Қазіргі заманда сөзіңді жеткізу үшін танымал болуың міндетті болып қалды. Сөзіңде қанша жерден пайда болып тұрса да, жұрт естімейді, оқығысы келмейді.

 

 

Асыл арна: Журналистің сөздік қоры бай болуы керек. Өкінішке орай, бізде бұл жағы сәл жұтаңдау сияқты. Тілді байытудың құралы – көркем әдебиет оқу. Осы орайда оқуға қандай кітаптарды ұсынар едіңіз?

 

 

Өркен Кенжебек: – Өз басым көркем әдебиетті өте аз оқығанмын. Мұны енді мойындауға болатын шығар. Мұхтар Мағауиннің кітаптарына кеңес бере аламын. Қазақтың құнарлы сөзі Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменовтің, Оралхан Бөкейдің еңбектерінде жатыр деп ойлаймын.

 

 

«Мен пікірімді адасып бара жатқан жұртты сәл түзеу үшін ғана айтамын...»

 

Асыл арна: – Елдің бәрі басқа жаққа қарай жығылып пікір айтып жатқанда сіз жеке,  дара керісінше қарсы пікір айтып жатасыз. Адамдар билікті сынап жазса, сіз қорғаштап, жақсы жағын жазуға тырысасыз. Бұл сіздің елден ерекшеленгіңіз келгені ме? Әлде, расымен сіз елден ерексіз бе?

 

 

Өркен Кенжебек: Менде бір елден ерекшеленейін деген мақсат болған  емес, енді бір арнайы осы тақырыптар тауып алып, осыған бір қарсы пікір жазайыншы деген ерекше ізденбеймін. Өзі солай болады. Өйткені, мына қоғамдық пікір деген бар. Көбіне бір қоғамдық стереотип қоғамдық шаблонды белгілі бір адамдар салып жатады ғой. Мақсатына қарай да сол сүрлеу салынады. Маған сол кейбір адамдардың салып берген сүрлеулері және олардың түсіп алып армандап кетіп бара жатқанын көргенде мен шыдай алмаймын. Өз пікірімді айтуға мәжбүр боламын. Ал, жалғыз қалудан қорықпайсыз ба дегенде, дым да қорықпаймын, өйткені, мен өзім мамандығым программист болса да, журналист болуымның себебі, бұрын ұялшақ болып, қазір жұрттың алдында семинар беріп жүруімнің себебі, сегіз жыл бойы дебатқа қатысқанмын. Сондықтан, өз пікірімді айту – өзімді ерекшелеу емес.

 

 

Асыл арна: Шетелде жиі саяхаттағанды ұнатасыз. Неліктен? Сізді шет мемлекеттерде көбіне не нәрсе қызықтырады?

 

 

Өркен Кенжебек: – Шетелге саяхаттау менің бала кезгі армандарымның бірі болды. Өйткені, бала кезде серігім біраз уақыт әлем елдерінің атласы болды. Сол кезде менің бір ойыным таңертеңнен кешке дейін, мысалы Владивостоктан Мәскеуге дейін бара жатырмын деп елестетіп, осы екі қаланың арасындағы бүкіл ауылға ойша тоқтап, сол ауылдардың аттарын жаттап өскен адаммын. Шетелге жиі шығу – бұл сіздің кітаптан алған, интернеттен оқыған стереотипті бұзудың бір амалы. Саяхаттау бұл қаншама кітаптан, интернеттен қопарып тапқан материалдан артық әсер сыйлайды. Сенің үстіңде бір киім тозуы мүмкін. Сенің астыңдағы көлік тозуы мүмкін, ескіруі мүмкін, сенің үйіңнің бір қабырғасы құлап қалуы мүмкін, бірақ сенің басқа бір әлемдегі әсеріңді, халықтармен араласқандағы ел көріп, жер көргендегі әсерің еш жоғалмайды, ескірмейді.

 

 

Асыл арна: – «Жақсы аға болу үшін жақсы іні болу керек» деген даналық бар. Сіз қаншалықты жақсы іні болып жүрсіз? Өзгелерден қандай артықшылығыңыз не кемшілігіңіз бар?

 

 

Өркен Кенжебек: – Өзімді жақсы іні деп айта алмаймын. Басқалардан артықшылығым жоқ, ал кемшілігім басқалардан өте көп.

 

 

Асыл арна: – «Қазақ ақылды ғой. Қазақтан үлгі алайық» деп жиі айтасыз. Дәл қазір біз өзімізден қандай үлгі алуымыз керек?

 

 

Өркен Кенжебек: Қазақтың саяси тарихында ешқашан қара келіп ханның басын алмаған, ешқашан ханның өміріне қастандық жасалмаған. Елбасының мақаласында айтқандай, революциялық жағдай бізде болмаған, бізде үнемі әркім өзінің жолын білген. Қосшы қосшы орнында, бай бай, кедей кедей, хан хан деген секілді әркім өз орнын білген. Мысалы, осыны әрқайсысымыз үлгі етіп алсақ болады. Қазір қоғамда өз орнын таба алмай жүрген адамдар бар. Таксист бола тұра президент болғысы келетін, өзі басшы бола тұра кедей адамда бар адамгершілік жиынтығы жоқ байлар да бар. Батыс психологиясында «жасы мен деңгейі сәйкес келмейтін адамдардан қорқыңдар» деген тәмсіл айтады. Жасы жиырмада, айтатын ойы тым қартайып кеткен адам, болмаса жасы елу-алпыста болса да, әлі күнге дейін қыз қуалап, сақалын сыраға малып жүрген яғни, жасы мен деңгейі сәйкес келмейтін адам біздің қоғамда өте көп. Қазақ қоғамында әркім өз орнында болса, бәрі де жақсы болады.

 

Асыл арна: – Риясыз әңгімеңізге үлкен рақмет, аға. Жазарыңыз бен айтарыңыз таусылмағай! Алла ісіңізге береке берсін!

 

 

Сұхбаттасқан: Салтанат Қожа

10779 рет оқылды