19:40 | Жүректің көзі ашылса
19:50 | Хадис уақыты
2017-03-16 (0) (8339)

ПЕРІШТЕЛЕРМЕН БІРГЕ НАМАЗ ОҚЫҒЫҢЫЗ КЕЛЕ МЕ?!

ПЕРІШТЕЛЕРМЕН БІРГЕ НАМАЗ ОҚЫҒЫҢЫЗ КЕЛЕ МЕ?!

 

Алла Тағаланың құлдарына парыз еткен бес уақыт намазы бар. Кімде-кім бұларға салғырт қарамай, ақысымен толық орындайтын болса, Алла Тағала ондай пендені Жәннатқа кіргізетініне уәде еткен сөзі бар.Алласын танып, иман келтірген әрбір пенденің жүрегінде намазға деген құлшыныс бар. Әр намаздың өзіне тиесілі сауабы мен нығметі бар. Ал сіз періштелер қатысатын намаз туралы білесіз бе?

 

Сіз періштелермен бірге намаз оқисыз!

 

Кейбір адамдарға қарап, қанша жылдар өтсе де, осы істі әлі жасамағанын көресің. Бұл тақырып таң намазын уақытында оқу. Таң намазын оқыған адам Алланың панасында болады және Алла ол үшін ешнәрсе талап етпейді. Таң намазына ояну – мұсылман жанның иманы мен нәпсісінің нағыз күресетін шағы. Тіпті, шайтан лағынеттің  айласын асыратын сәті десек те болады. Өйткені, шайтан бір мүміннің таң намазын қаза еткізсе, ол пенденің сол күнгі рызық-несібесі азаятынын, құлшылығында белсенділігі төмендеп, иманы әлсірейтінін жақсы біледі. Шайтан мұсылманды таң намазында жеңе білсе, басқа уақытта жетегіне оңай ілестіре алатынына сенімді. Сондықтан мұсылман баласы өзіне мәңгілік дұшпан етіп жаратылған шайтаннан сақтанып, Алла Тағаладан әрдайым пана сұрай білу керек.

Абдулла ибн Масъуд (оған Алла разы болсын) бірде Пайғамбардан(оған Алланың игілігі мен сəлемі болсын): «Қайсы амал Аллаға ең ұнамды?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сəлемі болсын): «Өз уақытында оқылған намаз», – деп жауап берген (Бұхари). Ал сіз таң намазында қандай нығмет жасырылғанын білесіз бе? Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сəлемі болсын): «Егер таң намазы мен құптан намазының сауабын білген болсаңдар, мешітке еңбектеп болса да келер едіңдер» (Бұхари) деді.  Алла Тағала:  «Күдіксіз таң намазына періштелер қатысады»(«Исра» сүресі, 78-аят), – деді.Әбу һурайра (оған Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі(оған Алланың игілігі мен сəлемі болсын): «Таң намазына түнгі періштелер мен күндізгі періштелер жиналады» (Бухари), – деген еді.

Қандай керемет! Ойлаңызшы, сіз періштелермен бірге намаз оқисыз! Яғни, бізді періштелер қаумалайды. Ең кереметі олар бізбен бірге намаз оқиды. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен салемі болсын): «Сендерге түнде бір періштелер, күндіз бір періштелер алмасып келіп тұрады. Олар таң намазы мен аср намазында жиналып,  сендермен түнде бірге болғандары (көкке) көтеріледі. Сонда (Алла) Өзі жақсы біліп тұрса да олардан: «Пенделерімді қандай жағдайда тастап келдіңдер?» – деп сұрайды. Олар: «Біз оларды намаз оқып жатқандарында тастап келдік, сондай-ақ біз оларға барғанымызда да олар намаз оқып жатыр еді», – деседі», – деген. («Сахих Аль-Бухари», 530).

Және таң намазын оқыған адам Алланың қамқорлығында болады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен салемі болсын): «Таң намазын оқыған адам Алланың панасында болады және Аллаол үшін ешнәрсе талап етпейді» – деген еді («Сахих Муслим», 261/657).

 

Және бұл намаз сіздің тағдырыңызды жеңілдетеді!

 

Бес уақыт намаздың ішіндегі ең сауапты  әрі жауаптысы ол  – таң намазы. Таң намазына сергек ояну үшін мұсылман адам ізгі амалдарды жасағаны дұрыс. Таң намазын қалау ұйқыдан артық және ол тағдырды жеңілдетеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен салемі болсын) былай деп айтқан: «Таңғы ұйқы адамның ырысын азайтады»  («Әл-Жами`ус-Сағир», 5129).  Оның мәні: Таң намазы мен күннің шығу уақыты зікір жасайтын уақыт.  Алланы еске алатын кез.

 

Міне, Алла Тағала ол адамды Өзінің саясына алады!

 

Кімде-кім асыл дініміздегі ғибадаттарға зер салып қараса, ғибадат неғұрлым көбірек машақатты болса, соғұрлым сауабы да көбірек болатынын ұғады. Мысалы, таң намазының сауабы бесін намазының сауабынан көбірек. Мысалы, адам бесін намазында «ұйықтап қаламын-ау» деген қиындықтарға ұшырамайды. Ал таң намазында болса бұған қарағанда қиындау. Сондай-ақ, бір күнәні жасауға мүмкіншілік бола тұра одан бас тартқан кісінің сауабын айтайық. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Алланың саясынан өзге бірде-бір пана табылмайтын қиямет күні Алла Тағала жеті түрлі адамды Өзінің саясына алады. Олар: әділ патша; бір Аллаға құлшылық етіп өскен жас; жүрегі ұдайы мешіт деп соғатын мүмін; бір-бірін Алла разылығы үшін жақсы көрген, Алла үшін бас қосып, Алла үшін айырылысқан екі дос; мансабы жоғары сұлу әйел өзіне аңсары ауып, ашына болуға шақырғанда: «Жоқ, мен Алладан қорқамын», – деп нәпсісін тізгіндей білген ер кісі; оң қолының не бергенін сол қолы сезбейтіндей дәрежеде садақасын жасырып беретін мәрт адам; сондай-ақ жападан жалғыз қалғанда Алланы есіне алып, жанары жасқа толған тақуа жан», – деді. Яғни, Алласын жиі есіне алып, үнемі құлшылық жасап, намазына салғырт қарамайтын әрбір мұсылман қияметте Алланың панасында болады.

 

Біздің таңғы уақытымыз ұйқымен немесе басқа да болмашы тірліктермен босқа өтпесе, Алладан берілетін сый да есепсіз болмақ. Онда ғұмырымыз да ұзарғандай күй кешеміз. Алла Тағала сізге де, бізге де намаздағы жан рақатын, Жәннаттағы мәңгілік бақытты өмірді нәсіп етсін!

 

 

8339 рет оқылды