11:10 | «Маңызды мәселе» для женщин
2017-01-18 (0) (8211)

Ержан қажы Малғажыұлы: «ШАТҚАЛ - ӘСЕРЛІ ФИЛЬМ ЕКЕН. КӨЗІМІЗГЕ ЖАС КЕЛДІ...» (ФОТО,ВИДЕО)

Ержан қажы Малғажыұлы: «ШАТҚАЛ - ӘСЕРЛІ ФИЛЬМ ЕКЕН. КӨЗІМІЗГЕ ЖАС КЕЛДІ...» (ФОТО,ВИДЕО)

 

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қара шаңырағында бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының мұрындық болуымен "Асыл арна" телеарнасы мен ҚМДБ атқарған 2016 жылғы ортақ жұмыстар қорытындыланып, алдағы жылда атқарылатын жоспарлар талқыланды. Алдын-ала қол қойылған меморандум негізінде жүздеген бағдарламалар түсіріліп, бірнеше фильмдер жарыққа шыққан еді. Соның бірі ретінде ҚМДБ аппаратына «Асыл арна» телеарнасының төл өнімі, терең мазмұнға толы «Шатқал», «Сергелдең» кинотуындылары таныстырылып, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ұстаз Сансызбай Құрбанұлы, Алматы қаласы «Таугүл-3» мешітінің бас имамы, «Асыл арна» телеарнасының шариғи редакторы Нұржан Дарқұлов секілді дінтанушы азаматтар өздерінің оң бағасын білдірді. 
Жиын соңында бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы фильмнен алған әсерін былайша жеткізді: 
«Фильмнен өте қатты әсер алдық. Әсіресе, соңғы эпизодтар еріксіз көзімізге жас келтірді. Фильм заманға сай жаңа форматта түсірілген. Фильмде ата-анасына қатты сөйлеп, біреудің хақысын жеуді абырой санап, әлімжеттік танытып жүрген жас буынның өмірі тұтастай қамтылған. Мешіттегі азанды естіп, жаман істен бас тарту, ата-анасына жақсылық жасап, оларды қуанту, біреудің ақысын жемей, адал болу - осының барлығы қырық минуттық фильмде керемет өрілген. Бұл - нағыз таптырмайтын дана әдіс. Мұны көрген ата-ана жылайды, үлкендерді сыйламайтын бала ойланады, жөнге келеді. Бұл – «Асыл арнаның» жаңа, өзіндік жолы қалыптасқанының, өсіп-өркендегенінің айқын дәлелі. Төрт жылдан бері ағалы-інілі болып, асыл дінімізді насихаттауда қоян-қолтық бірге қызмет етіп келеміз. Ендеше, Мұхамеджан бауырым бастаған «Асыл арна» ұжымына Алла разы болсын дегім келеді». 
Осы ретте аталған фильмнің идея авторы әрі продюсері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабек туындының тәрбиелік мәні туралы айта келіп, асыл дініміз бен салт-дәстүрімізді насихаттаудағы кино саласының маңыздылығына тоқталды. Сонымен бірге «Асыл арна» телеарнасының алдағы уақыттағы жұмыс жоспарларымен таныстырды. 
Ал ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ұстаз Сансызбай Құрбанұлы бас мүфтидің сөзіне толықтай қосылатынын айтып: 
«Бұдан кейін де, Алла қаласа, асыл дініміздің құндылықтарын дүйім жұртқа жеткізуге ат салысайық дегім келеді. «Асыл арнадағы» бауырларыма алғыс айтамын. Көп-көп рахмет. Барлығымыздың мақсатымыз – бір. Адамдарды жақсылыққа, адамгершілікке, мейірімділікке шақыру. Ендеше, алдағы уақытта да осы мақсатқа жету жолында бірлесе жұмыс атқарамыз деген ойдамын», - деп ағынан жарылды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

8211 рет оқылды