2016-12-20 (0) (5760)

ОМАР (р.а) ЖӘНЕ ҚҰРАН

ОМАР (р.а) ЖӘНЕ ҚҰРАН

Өшпес жұлдыздар

3-бөлім

ОМАР (р.а) ЖӘНЕ ҚҰРАН

 

Алла Елшісі адамдарға Ұлы Алланың сөзі және ислам білімінің қайнары болған Құранды әкелді. Және сахабаларының да тәрбиесіне негіз, өмірлік бағдарлама болғандығын қалады. Ислам нұрымен бөленген отбасылар мен мұсылман үмбетін қалыптастыру үшін Құранды пайдаланды. Жебірейіл Құран аяттарын Пайғамбарға  әкелетін, ал сахабалар оны Пайғамбардың   аузынан оқитын, аяттар олардың жаны мен жүрегіне еніп, қанымен бірге тұла бойына тарайтын.

Хаттабтың ұлы Омар да (р.а) құлшылыққа лайықты болған Жалғыз Алланы Құран аяттары арқылы таныды. Алла, қоршаған әлем, Жәннат пен Тозақ, тағдыр, адамның жаратылуы, мақсаты, шайтанмен күрес туралы алғашқы түсініктері Алла Елшісінің үйреткендерімен қалыптасты. Кез келген кемшілік пен қателіктен ада, ешбір серігі, жұбайы да, балалары да жоқ Алланың барлық нәрсенің Жаратушысы екендігін шын мойындады:

«Ақиқатында, сендердің Раббыларың – Алла. Ол аспандарды және жерді алты күнде жаратқан, кейін Аршыға истиуа етті. Ол түнмен, оны жылдам түрде өкшелеп қалмайтын күндізбен жабады. Күн, ай және жұлдыздар Оның әміріне бағынышты. Біліңдер, жарату және әмір ету – Оның билігінде. Әлемдердің Раббысы Алла – аса Берекелі» («Аъраф» сүресі, 54-аят).

Алла Тағаланың барлық жақсылық пен игіліктің Қожайыны екендігін де жүрекпен түсінді:

         «Әрі сендердегі кез келген (барлық) игілік – Алладан. Кейін өздеріңе бір зиян келсе, Оған ғана жалбарынасыңдар» («Нахл» сүресі, 53-аят).

Ол барлық нәрсені бақылауында ұстайды, Оның назарынан ешбір нәрсе тыс қалмайды:

«Аспандағы және жердегі заттың ең кішкентай бөлшегі әрі одан кіші не одан үлкен нәрсе Одан жасырын қалмайды» («Сәба» сүресі, 3-аят).

Алла Тағала Өзінің құлдарына оларға ұнамсыз болған сынақтар жібереді және осы арқылы олардың шынайы бейнесін айқындайды. Кім Алланың жазғанына бағынып, разылық танытса, Алланың жер бетіндегі орынбасары болып, сый-сауапқа ие болуға лайықты, ал кім Аллаға ашуланып, сабырсыздық танытса, барлық игіліктен махрұм қалады:

«Ол өлім және өмірді сендердің қайсыларың амал етуде жақсырақ екенін сынау үшін жаратқан. Әрі Ол – аса Үстем, өте Кешірімді» («Мүлк» сүресі, 2-аят).

Омар (р.а) Құраннан Жәннат туралы білді және Алла Тағала мақтап-мадақтағандардың қатарынан орын алды:

«Олар жамбастары төсектерден ажырап, өздерінің Раббысынан қорқып және үміт етіп тілейді әрі Біз өздеріне ризық етіп бергеннен жұмсайды. Ешбір жан істеген амалдары үшін қайтарым сый ретінде өздері көзайым болатын қандай қуаныштың жасырылғанын білмейді» («Сәжде» сүресі, 16-17-аяттар).

Құраннан Тозақ туралы оқыған сәттен бастап Алланың жазасынан қорқып, Онымен болатын кездесуге дайындалды, тура жолдан бір қадам болсын тайып кетпеуге трысты. Бір күні түнде үйінен шығып, сахабалардың бірінің түнгі намазды дауыстап оқып жатқандығын құлағы шалады. Аз ғана кідіріп, құлағын тосып еді:

«Турмен ант етемін, әрі жазылған Кітаппен. Жайылған жұқа нәрсеге (жұқа теріге, қағазға). Әрі Байтул-Маъмурмен және биік көтерілген шатырмен, және көтерілген теңізбен ант етемін! Раббыңның жазасы (азабы) міндетті түрде түседі» («Тур» сүресі, 1-7-аяттар).

Омар (р.а)  мұны естіген соң: «Ақиқи ант, Қағбаның Құдайымен ант етемін!» деді де, есегінен түсіп, қабырғаға сүйеніп біраз тұрды. Содан кейін үйіне қайтып, қатты қорқынышқа беріліп, бірнеше ай бойы сырқаттанып жатып қалды. Адамдар оның халін білуге келетін. Бірақ, не себепті төсекке танылғанын білмейтін.

Ол әрбір сөзі мен іс-әрекеті үшін  Алла алдында жауап беретіндігін сезініп, өмірі мәндене түсті, Алла мен Оның Елшісін өзінен артық жақсы көре бастады. Осылайша, Құран мұсылмандардың болашақ басшысын тәрбиелеумен болды, уақыт өте келе бұл үрдіс керемет жемісін берді...

 

 

Омардың кейбір аяттардың түсуіне себеп болуы

 

Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а) болмысы батыл әрі шешім қабылдауға бейім болды, ол Алла Елшісінен мағынасы түсініксіз болған тұстарды бірден сұрайтын. Әрдайым өз ойын ұялмастан ашық айтатын. Дін мен Құранды түсінгендігі соншалықты, Алла Тағала Омардың (р.а) пікіріне сәйкес келетін аяттар түсірді.

Бұл туралы Омардың (р.а) өзі баяндайды: «Менің пікірім сәйкес келіп, Алла Тағала үш жағдайда артынан аят түсірді. Бір күні: «Уа, Алла Елшісі, сен Ибраһимның орнын намаз оқитын жер етіп тағайындасаң дұрыс болар еді» дедім. Екіншіде: «Уа, Алланың Елшісі, саған тақуалар да, бұзақылар да келеді, мүміндердің аналарына олармен перде арқылы сөйлесуді бұйырсаң жақсы болар еді» деген болатынмын, көп ұзамай Алла Тағала жаулық туралы аят түсірді. Бірде Пайғамбардың кейбір әйелдерін сөккендігі туралы хабарды естіп, оларға келіп былай дедім: «Сендер не Алла Елшісін   ренжіткендеріңді қоясыңдар, не Алла Өзінің Пайғамбарына сендерден қайырлы болатын әйелдерді береді» дедім. Содан кейін бір әйеліне келгенімде ол: «Ей, Омар, Алла Елшісі өз әйелдерін ескертуге жарамай ма? Сен неге олардың тәрбиелейсің?» деп жауап берді. Осы жағдайдан кейін Алла Тағала төмендегі мәтінді қамтыған аят түсірді: «Егер ол сендерді талақ етсе, Раббысы оған әлбетте сендерден жақсы мұсылман, иманды, бағынушы, істеген күнәларына шынайы өкініп, Аллаға бойсұнуға қайтушы (тәубе етуші), құлшылық жасаушы, ораза ұстаушы, тұрмыста болған (жесір не күйеуден қайтқан) және тұрмыс құрмағандарды ауыстырып береді» («Тахрим» сүресі, 5-аят).

 

Бірде Мединедегі мұнафықтардың бірі қайтыс болғанда, оның ұлы Алла Елшісінен әкесі үшін жаназа намазын оқып беруді сұрайды. Пайғамбар   баруға ыңғайланғанда Омар (р.а) оны киімінен тартып, Алланың бұйрығын айтып, тоқтатады. Алайда, Пайғамбар өзіне берілген таңдауды себеп етіп, жаназа намазын оқыды. Осы жағдайдан кейін бұған тыйым салынған аят түсірілді: «Әрі ешқашан олардан өлген біреуге (жаназа) намазын оқыма және оның қабірінің басына тұрма! Өйткені, олар Аллаға және Оның Елшісіне күпірлік етті (сенбеді, қарсы болды) әрі бұзық болған (бойсұнбаған) күйлерінде өлді» («Тәубе» сүресі, 84-аят).

Сонымен қатар, Бәдір соғысынан кейін қолға түскен тұтқындарға қатысты аятқа да Омардың (р.а) қатысы бар. Пайғамбар   тұтқындарға не істеу керектігі жайлы сахабалармен ақылдасады. Омар (р.а) сонда: « Алламен ант етейін, мен олардың басын шабу керек деп есептеймін. Сен Әлиге Ақил ибн Әбу Талибтің, маған пәленшенің (өз туысын айтып) басын шабуға рұқсат беру керексің, оның үстіне бұл тұтқындар – олардың көшбасшылары әрі үздік сарбаздары» деген пікірін айтады. Алла Елшісі Әбу Бәкірдің пікірін құптап, олардан  төлем алуға шешім қабылдайды. Ертесіне Алладан келген уахи Алла Елшісі мен Әбу Бәкірді қайғыға батырып, көз жастарын көл қылды. Омар (р.а)  мұның себебін сұрағанда Пайғамбар мына аятты оқыды: «Бірде-бір пайғамбарға жерде (өз жерінде) басымдылыққа жеткенге дейін тұтқын ұстау жөн емес. Сендер дүниенің өткінші нәрсесін қалайсыңдар. Ал, Алла – соңғы мәңгілік өмірді (ақыретті) қалайды. Әрі Алла – бәрінен Үстем, аса Дана. Егер Алланың алдын ала жазып бекіткені болмағанда, сендерге (олжа) алғандарың үшін өте үлкен азап болар еді» («Әнфал» сүресі, 67-68-аяттар).

 

«(Ей, Мұхаммед!) Олар сенен мас қылушы ішімдік (хамр) және құмар туралы сұрайды. Айт: «Ол екеуінде де үлкен күнә және адамдар үшін пайда бар. Бірақ, екеуінің күнәсі пайдасынан үлкен»-деп. Әрі олар сенен (Алла жолында) не жұмсауға болатынын сұрайды. Айт: «Артылғанын» (өз қажеттеріңнен артығын) деп. Алла ойлануларың үшін сендерге аяттарды осылай түсіндіреді» («Бақара» сүресі, 219-аят). Алла Тағаланың шарапқа қатысты осы аяты оқылғанда Омар ибн әл-Хаттаб (р.а): «Я, Алла, бізге осы мәселеге байланысты соңғы үкіміңді бер!» деп дұға жасаумен болды. Сонда Алла Тағала: «Ей, иманға келгендер! Мас болған күйлеріңде, не айтып жатқандарыңды білгендеріңе дейін әрі жүніп күйлеріңде ғұсыл құйынғанға дейін намазға жақындамаңдар. Бірақ, жолдан өтуші (бір себеппен мешіттен өтуші) болса, жөні бөлек...» («Ниса» сүресі, 43-аят) деген үкімін бекітті. Сонда Алла Елшісі хабарлаушысы: «Намазға мас адам жақындамасын» деп жар салды. Омарды (р.а): «Негізінен, шайтан мас қылатын ішімдіктер және құмар ойындар арқылы, араларыңа дұшпандық пен жеккөрушілік салып, сендерді Алланы еске алудан және намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындаудан тосуды қалайды. Енді тыйыларсыңдар?» деген аятты оқытуға шақырғанда: «Біз доғардық, доғардық!» деп айқай салды. Яғни, Омар(р.а)  мұның астарында түбегейлі тыйымның жатқандығын бірден түсінді.

 

 

Хаттабтың ұлы  (р.а)  Құранда жатқа білді, өзі Ислам дінін қабылдағаннан кейінгі аяттардың түсу себебімен қоса жаттады. Алла Елшісі   қайтыс болғаннан кейін қалған аяттардың түсу себебін түгелдеді. Көптеген аяттың қай күні қандай уақытта түскендгін де білетін болған. Мәселен «Мәида»  сүресінің 3-аятын Арафа күні, жұма күні кешке түсті деген: «Сендерге өлексе, қан, доңыз еті және Алладан басқаға арналып шалынған, буынып өлген, ұрылып өлген, құлап өлген, сүзіліп өлген малдар және жыртқыштар жеп кеткен малдар тыйым етілді. Бірақ (жаны шықпай) бауыздап алғандарың (рұқсат етіледі). Сондай-ақ, (Алладан басқаға құрбан шалу үшін) орнатылған тастар үстінде сойылған малдар және жебелермен бал ашуларың да (тыйым салынды). Бұлай істеу – бұзықтық (бойсұнбаушылық). Бүгін сондай күпірлік еткендер (иманға келмегендер) сендердің діндеріңнен күдерін үзді. Олардан қорықпаңдар. Менен қорқыңдар. Бүгін сендерге діндеріңді толық еттім және игілігімді соңына жеткіздім. Әрі сендерге Ислам дінімен риза болдым (исламды дін ретінде қош көрдім). Кім аштық кезінде күнәаға көңілі аумай (тыйым салынған нәрселерді жеуге) мәжбүр болса, ақиқатында, Алла – өте Кешірімді, ерекше Мейірімді».Тағы айта кететін жайт, Омар(р.а)  кейбір аяттардың түсініктемесін Алла Елшісінің аузынан естіген күйінде жеткізіп отырды. Және аяттарды ешқашан өз ойымен тәпсірлемеді. Мәселен одан: «Ұшырып жіберушілермен ант етемін!» («Зәрият» сүресі, 1-аят) деген аят мағынасы сұралғанда: «Бұл – жел», «Әрі жүкті көтерушілермен!» («Зәрият» сүресі, 2-аят) мағынасы сұралғанда: «Бұл – бұлт», «Және жеңіл жүзушілермен» («Зәрият» сүресі, 3-аят) сұралғанда: «Бұл – кеме», «Әрі Алланың әмір еткендерін үлестірушілермен» («Зәрият» сүресі, 4-аят) аяты сұралғанда: «Бұл – періштелер» деп жауап берген. Әрдайым: «Мен мұны Алла Елшісінің  аузынан естімегенде ешқашан айтпас едім» деп толықтыратын.

Омар(р.а)  әрдайым, тіпті, өзі әмірші  болып тұрған кезінде де аят мағыналарын білгір сахабалардан сұрайтын. Өзі де бірнеше аяттың түсініктемесін келтірді. Мәселен, «Ей, адам баласы! Аса Жомарт Раббың жайлы сені не алдады?» («Инфитар» сүресі, 6-аят) дегенге байланысты: «Бұл жерде надандық нұсқалады» деген. Алла Тағаланың «және жандар топтастырылған кезде» деген сөзіне байланысты: «Күнәһар күнәһармен бірігеді, жаман жаманмен бірігеді» деп түсініктеме берді. Ал «Ей, иманға келгендер! Аллаға шын ықыласпен, істеген күнәләріңе шынайы өкініп, Оған бойсұнуға қайтыңдар (тәубе етіңдер)» («Тахрим» сүресі, 8-аят) аяты туралы: «Мұнда адам екінші рет сол күнәға қайтпайтын тәубе меңзеледі. Міне, осы міндетті әрі кемел тәубе» деп айтты.

Тәпсір ғалымдары «Тахрим» сүресінің 4-аятындағы: «...Ал, егер оған қарсы бір-біріңе болыссаңдар, ақиқатында, Алла – оның Қамқоршысы әрі Жәбірейіл мен иманға келгендердің ізгілері оның досы. Ал одан кейін періштелер де оған көмектесуші» «иманға келгендердің ізгілері деген – Әбу Бәкір мен Омар» деген. Ал Саъид ибн Жубәйр (р.а): «иманға келгендердің ізгілері сипаты Омарға қатысты түскен» деген екен.

 

 

5760 рет оқылды