15:10 | Маңызды мәселе
2016-12-12 (0) (8695)

АЛЛА ЕЛШІСІ (ﷺ) ҚАНДАЙ ЕДІ?

АЛЛА ЕЛШІСІ (ﷺ) ҚАНДАЙ ЕДІ?



Біз туған әкемізден де, анамыздан да артық жақсы көруге тиіс бір жан бар. Ол – адамзаттың ардақтысы, соңғы елші - Мұхаммед (). Әлемдердің Иесі Алла Тағала осы адам арқылы адамдарды адасушылықтан құтқарды, Өзінің қуанышты хабарлары мен ескертулерін жеткізді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 31-аятында: «Егер Алланы сүйсеңдер, маған ілесіңдер. Сонда Алла сендерді сүйеді әрі күнәларыңды кешіреді деп айт», - деп, Өз елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәрежесін жоғары көтерді және барша мұсылманды оны өз жандарынан да артық жақсы көруге бағыттады.  Алла Тағала Мұхаммед пайғамбардың () жолына ілесуді Өзінің сүйіспеншілігіне жетудің алғышарты деп тапты.

 

Жер бетінде Мұхаммед Пайғамбардай ()  бүкіл өмірі жіті зерттелген адам жоқ. Ол – өмірінің күллі кезеңі: өсиеттері мен сөздері, шешімдері мен істері, мінез-құлқы мен тұлғалық сипаттары, тіпті, қалай тамақ ішіп, қалай ұйықтағанына дейін кітапқа түсіп сақталған әлемдегі жалғыз тұлға. Ендеше, бүгін ардақты Елшіміздің ()  сыртқы түр-тұлғасы мен болмыс бітіміндегі ерекшеліктер туралы аз-кем сөз қозғамақпыз...

 

Алла елшісі () өзінің сыртқы түр-тұлғасының кемелдігімен де, мінез- құлқының көркемдігімен де ерекшеленетін бірден бір жан еді. Оның маңайындағыларға ықпалы сондай, бәрі ол мені бәрінен де артық жақсы көреді деп ойлап қалатын. Адамдар оны қорғау үшін барын салатын, оның жанында жүруді өздеріне мәртебе санайтын. Пайғамбармен () қарым-қатынаста болған жандар оны құлай сүйіп, оған зиян шектіріп қоюдан қатты сақтанатын. Сахабалар оның нұрлы жүзіне қайран қалатын, одан жылу, мейірім күтетін. Әли ибн Әбу Талиб Алла елшісін () сипаттап: «Ол тым ұзын да, тым қысқа да емес, адамдардың орта бойлысы болатын. Шашы толқынданып тұратын, қызыл шырай араласқан ақ реңді, ұзын кірпікті, қара көзді, кең жауырынды болатын» (Тирмизи) десе, Бара ибн Азиб: «...Бір күні мен оны қызыл киімде көрдім, мен ол кісіден сұлу ешкімді көрген емеспін», - деген. (Бұхари)

 

АЛЛА ЕЛШІСІ ТУҒАН АЙДАЙ СҰЛУ БОЛАТЫН

 

Пайғамбарымыздың ()  көзін көріп, жанында жүрген сахабалар оның жайдарылығын – шыққан күнге,  ал бет әлпетін – толған айға теңейтін. Бірде Жәбир ибн Самурадан бір кісі: «Оның жүзі қылыштай ма еді?» - деп сұрағанда ол: «Жоқ, керісінше, күн мен айдай домалақ жүзді еді», - деп жауап берген. (Муслим, Бұхари)

Енді бірде Рабиғ бинт Муғаууиз есімді сахаба: «Оны көрсең, шыққан күнді көргендей болар едің», - дейді. (Дарими)

 

Тіпті, оның сұлулығына таңданған Жәбир ибн Самура: «Мен оны бір жарық түнде көргенімде, Алла елшісіне бір, айға бір қарай бастадым. Пайғамбардың  () үстінде қызыл хулла (біреуі дененің белден төменгі, біреуі белден жоғарғы бөлігін жабатын, бірыңғай екі киімнен тұратын киім) бар еді, ол маған айдан да сұлу болып көрінді», - деген. (Тирмизи)

 

Әбу Хурайра (р.а): «Алла елшісінен () көрікті ешкімді көрген емеспін, оның жүзінде күн сәулесін шашып тұрғандай нұр болатын», - дейді. (Тирмизи) Ал Қағб ибн Мәлик: «Ол қуанғанда жүзі ай кесегіндей нұрланып кететін», - деген. (Бұхари)

Бірде Пайғамбар ()  Айша анамыздың (р.а) жанында отырып терлегенде, беті жылтырап, сұлуланып кетеді. Сонда Айша анамыз (р.а) Алла елшісінің () бұл көрінісін:  

«Қашан оның дидарын қарасаң,

Жарқылдайды жасындай, бұл ішінде ойнаған» дейтін бір ақынның өлең жолдарына теңеген екен.

 

ОЛ СЫМБАТТЫ ӘРІ ЖАС ЕДІ

 

Жәбир ибн Самура Пайғамбарымызды () сипаттай келе: «Оның балтырлары жіңішке еді, күлгенде езу тартып қана күлетін. Оған қарасаң, көздеріне сүрме жағылмаса да, сүрме жағылған деп айтасың», - десе, (Тирмизи) Әнас ибн Малик: «Алла елшісі () өмірден озғанда, оның шашындағы және сақалындағы ақ талы жиырмаға да жетпейтін. Ақ түктер оның екі самайында және басында әр-әр жерде ғана болатын», - дейді. (Бұхари)  Ал Абдулла ибн Буср: «Оның иек сақалында бірнеше ғана ақ талдар бар еді», - дейді. (Бұхари)

 

Алла елшісінің () кірпіктері ұзын еді, әрі ол қайырылып тұратын. Сақалы қалың, маңдайы жазық, бүркіт мұрынды, кеудесі тегіс әрі кең, білектері ұзын, қол-аяғы түп-түзу болатын. («Хуласат әс-сиәр», 19-20 беттер)

 

ОЛ () АЯҚТАРЫН КӨТЕРЕ БАСЫП ЖҮРЕТІН

 

Пайғамбарымыздың () көзін көргендер ол кісінің өте жылдам әрі алға қарай адымдап жүретінін айтқан. Мәселен, Әли ибн Әбу Талиб (р.а) Пайғамбарымыздың () жүрісін «төменге түсіп келе жатқандай аяқтарын көтере басатын» деп сипаттаса, Әбу Һурайра (р.а): «Алла елшісінен () жылдам жүретін ешкімді көрген жоқпын, оған жер тартылып жатқандай болатын. Біз оған жету үшін бар күш-жігерімізді салатынбыз, ал ол болса, жайбарақат жүре беретін», - деген. (Тирмизи)

 

АЛЛА ЕЛШІСІ () ШАШЫН ЕКІ ЖАҚҚА АЙЫРЫП ТАРАЙТЫН

 

Алла елшісінің () тазалыққа, оның ішінде шаш күтіміне аса қатты ден қойып, мән бергені белгілі. Ол - шашты жуып, майлап, тарап жүрудің, шашты күтудің керемет үлгісін көрсетіп кеткен жан. Пайғамбарымыздың () кезінде кітап иелері (яһудилер, христиандар) шаштарын маңдайларына түсіріп жүретін еді. Бұл туралы өзіне ешқандай хабар келмегендіктен, Алла елшісі де () алғашқыда маңдай шашын алдына тастайтын, бірақ ол () кейіннен шашын екі айырып тарайтын болған (Бұхари). Оның () шашы тым бұйра да, тым жатық та емес, үнемі толқынданып тұратын.

 

ОДАН () ШЫҚҚАН ТЕР – ИІССУЛАРДЫҢ ЕҢ ХОШ ИІСТІСІ

 

Пайғамбарымыз () Әбу Талха мен Румейса анамыздың (р.а) үйін жиі зиярат ететін. Бірде ол () түс уақыты кезінде сол үйде жатып ұйықтап қалады. Қатты терлеп жатса керек. Мұны көрген Әнас ибн Маликтің анасы Румейса бір шыны ыдыс әкеліп, терді соның ішіне сығып алуға кіріседі. Пайғамбар () оянып: «Ей, Умму Суләйм, не істеп жатырсың?» - деп сұрайды. Сонда Румейса анамыз: «Я, Алла елшісі, бұл – сенің терің, біз оны өзіміздің иіссуымызға қосамыз, себебі, ол – иіссулардың ең хош иістісі!» - деп жауап берген. (Муслим)

Бұл туралы сахаба Әнас ибн Мәликтің өзі: «Мен пайғамбардың () алақанынан жұмсақ жібек не шәйі матаны ұстап көрген емеспін және Пайғамбардың иісінен жағымды хош иісті иіскеген емеспін», - деген. (Бұхари)

 

Бірде Жәбир ибн Самура атты сахаба өзінің балалық шағын есіне алып отырып: «Пайғамбарымыз () менің самайымнан сипады, сонда оның қолынан иіссу сатушының қобдиынан шығатын хош иісті сезіндім», - деген. (Муслим) Ал Жәбир: «Ол бір жолмен өтіп, оның артынан біреу сол жолмен жүрсе, терінің хош иісі қалып қоятындықтан, бұл жолмен Пайғамбардың () жүргенін, әлбетте, білетін», - дейді. (Дарими)

 

ОНЫҢ АРҚАСЫНДА ПАЙҒАМБАРЛЫҚТЫҢ МӨРІ БАР ЕДІ

 

Алла елшісінің  () екі жауырынының арасында көлемі көгершіннің жұмыртқасындай, түсі денесінің түсіне ұқсайтын, сол жауырынының жоғарғы тұсында, көрінісі жұмылған жұдырық тәрізді, беткі бөлігін мең қаптаған пайғамбарлық мөрі бар еді. (Муслим)


Алланың таңдауы түскен сенімді елшісі, соңғы пайғамбар, бізді тура жолға бағыттаушы, «Үмметім! Үмметім!» деп біз үшін шапағатшы болатын ардақты Елшіміздің () қысқаша айтқандағы сыртқы тұлғасы, міне, осындай. Біз сізді бәрінен де артық жақсы көреміз, я Алланың елшісі! ()

8695 рет оқылды