24.04.2018
ТаңКүнБесінЕкінтіАқшамҚұптан

Мінезім жаман, қалай түзелсем болады?

3807 рет оқылған
image 1

 

Әр адамда мінез бар. Мінезсіз адам болмайды. Біреу лап еткенге шап ете қалатын шайпау болса, енді бірі оқиғаның артын күтетін салмақты, біреу аузымен арыстан аулап, қолымен қасқыр бауыздайтын желөкпе, енді бірі өзге түгілі, өз басын әзер алып жүретін боркемік...

Қалай дегенмен де, мінез адамда туа бітті болады. Дегенмен, жүре-жүре қалыптасатын, айналадағы адамдардың іс-әрекетіне, мінезіне, ортаға байланысты  өзгеретін тұстары да аз емес. Жаман мінез – абайсызда атылып кетіп, көзіңді шығаратын қару секілді. Сондықтан адам күн сайын емес, сағат сайын, тіпті, әр минут сайын өзін өзгертуге, мінезін дұрыстауға күш салып, өз-өзін тәрбиелеп жүруі керек. Ақын Абай: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» - депті ғой. Ендеше, «мінезді түзеу мүмкін емес», «адам ешқашан өзгермейді» деген – жаңсақ пікір.

Сонымен, мінезді қалай түзетуге болады? Пайғамбарымыз (ﷺ) секілді көркем мінездің шыңына жетпесек те, шып етіп көрініп қалатын қыңырлық пен кесірліктен қалай айығамыз?

Төменде мінезді өзгертудің бірнеше жолдарын көрсеттік:

1.     Әлемдердің Жаратушысы Алланың Сөзін түсініп оқу және Оның Елшісі Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) жолын ұстану. Құранды шын ықыласымен түсініп оқыған адам өткінші дүниедегі уақытша қиындықтарға күйіп-пісіп, өзінің де, өзгелердің де көңіл-күйін түсірмейді. Себебі, оның жүрегі де, жүйкесі де тыныш.
Ал
 руластары түгілі, бірге туған жақынынан да зұлымдық, қорлық көрген Пайғамбарымыздың өмір жолын оқып, Оны (ﷺ) өзіне үлгі етіп алған адам, әлбетте, кез келген іске сабырлылық пен жұмсақтық,  кешірімділік танытатыны анық. Пайғамбарымыздың (ﷺ) Таифтықтарға жасаған мына бір кеңдігі туралы оқып көріңізші:

Таиф тұрғындары Алланың дініне шақырған Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шектен тыс қатігездікпен тас лақтырып қуып шығады. Әбден шалдыққан, аяқтары қанға малынған, үсті-басы жырым-жырым болған Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қала сыртындағы бақшада отырғанда, оған тау періштесі келіп: «Егер сен қаласаң, оларды жерге жұтқызып немесе үстеріне тауды төңкере саламын», - дейді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мейірімділігін танытып: «Жоқ, бұлай етудің қажеті жоқ, мен олардың ұрпақтарының арасынан Аллаға ешбір серік қоспастан құлшылық ететіндер болатындығынан үміт етемін», - деген екен. Сонда періште: «Ақиқатында, сен аса Ұлы Алла айтқандай, өте мейірімдісің!» - дейді. (Бұхари, Муслим).

Ешбір дұғасы қайтарылмайтын Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сол сәтте Алладан Таиф халқын жойып жіберуін сұрағанда, сөз жоқ, ол міндетті түрде орындалар еді. Алайда, оның мейірімі мен жұмсақтығы ашуы мен қиналысын жеңіп кетеді. Нәтижесінде, дәл сол Таиф қаласынан небір ғұламалар, ірі ғалымдар шыққан екен. Міне, бұл оқиға – өзіне Пайғамбарды (ﷺ)  ұстаз еткен әр адамға үлгі. 

2.     Айналасына шарапаты тиіп жүрген жаны жайсаң жандармен араласу, салиқалы адамдар болатын отырыстарға қатысу.

Иә, мінез адамға жұғады. Жақсы адамдармен араласқан сайын адам ізгілікке жақындай бастайды, олардың ісін, сөзін өзіне үлгі тұтады. Ақын Абай айтқандай, «болмаса да, ұқсап бағады». Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жақсы дос пен жаман достың мысалы әтір сатушы мен көрік басушы секілді. Әтір сатушы саған әтір сыйға береді немесе одан әтір сатып аласың немесе жақсы иісте боласың. Ал көрік басушының қасында не киіміңді күйдіресің, не үстіңде сасық иіс қалады», - деп, дос таңдаудың, жақсы, ізгі адамдармен араласудың маңыздылығын ескерткен.  (Бұхари мен Муслим ). Яғни жақсы жерде отырған адам бойына тек ізгі мінездерді жинап шығады, отырыстан ой түйіп, іштей өзгеріп қайтады. Ал жаман ортаға тап болу адамның иманына кері әсерін тигізеді. Сондықтан Алланы еске салатын, сенің Ақыретіңді ойлап, ізгілікте көмекші болатын дос табу – үлкен жетістік. «Кісі досының дінінде болады» деген сөз бекерден-бекер айтылмаса керек.

3.     Жаман мінездің денсаулыққа, өзге адамдарға зияны туралы көбірек ойлау.

Иә, жаман мінездің зияны туралы көбірек ойлайтын адам одан барынша қашқақтайтыны рас. Себебі,  нағыз мұсылман – өзгелерге қолымен де, тілімен де зиян-зарар келтірмейтін адам. Сенің бір ауыз қисық сөзің әлдекімнің жүрегіне дақ салуы мүмкін. Сабырсыздықпен айтқан бір сөзің үшін біреу күні бойы көңіл-күйсіз құлазып жүруі мүмкін. Адамның көңілі шықыр етсе сынып кететін шыны секілді ғой. Ең жаманы, шыныны жамай алмайсың. Сондықтан жаман мінез өзіме, ғана емес, айналама да зиян тигізер деп сақтанып жүру – құпталатын амал.   

4.     Дұға жасау.

Ғалымдар: «Алла біреуді дұғамен көп айналыстырып қойса, оның дұғаларына жауап беруін де арттырып қояды» деген екен. Дұға – мұсылманның қаруы, ал қаруы бар адам көп нәрсеге төтеп бере алады. Егер мінезіңіз дұрыс болмай, алаңдап жүрсеңіз, Пайғамбарымыз (ﷺ)  үйреткен мына дұғаны қайталап жүріңіз: "Иә, Алла, менің сыртқы көркімді сұлу кылғанындай, мінезімді де көркем ете гөр!"

(Аллаһуммә әхсәнтә халқии фә әхсин хулуқии)

(Ахмад, ибн Хиббан)

«Иә, Алла, шын мәнінде, мен Сенің құлыңмын. Сенің құлың мен күңіңнің ұлымын. Менің тағдырым – Сенің қолында. Сенің шешімің маған міндет әрі маған шығарған үкімің әділ. Саған тән болған барлық есімдеріңмен, Өзіңді атаған немесе Кітабыңда түсірген, немесе жаратылғандарыңның біріне үйреткен немесе Өзіңнен басқаға құпия еткен барлық есімдеріңмен Өзіңе жалбарынамын:

Құранды жүрегімнің көктемі, кеудемнің нұры, әрі мазасыздығым мен уайымымды әкетуші ете гөр!»

«Аллаһуммә, инни ‘абдукә, ибну ‘абдикә, ибну әмәтикә, нәсыйяти би-йәдикә, мәдын фийә хукмукә, ‘адлун фи-йә қадаукә, әс-әлукә би-кулли исмин һууә ләкә, сәммәйтә биһи нәфсәкә, әу әнзәлтәһу фи китәбикә, әу ‘алләмтәһу әхәдән мин халқикә, әу истә'сәртә биһи фи ‘илми-л-ғайби ‘индәкә, ән тәж’алә-л-Қур'әнә раби’а қалби, уә нура садри, уә жәлә-ә хузнии уә  зәһәбә һәмми!» (Ахмад)


www.asylarna.kz



Достарыңызбен бөлісіңіз!




Нәтижелері жоқ.



Please enter the letters as they are shown in the image above.
Letters are not case-sensitive.
.