19.01.2018
ТаңКүнБесінЕкінтіАқшамҚұптан

2017 жылдың ең үздік посттары

1176 рет оқылған
image 1

 

ЖАМАНДЫҚҚА ЖАҚСЫЛЫҚПЕН ЖАУАП ҚАТУ - МҰСЫЛМАННЫҢ ҰЛЫ СИПАТЫ!
(Таифтағы тәлімді оқиға)

Ей, туыстарының сөзін көтере алмай, олармен ара қатынасын үзген жан! Досының сынына өкпелеп, наз айтқан адам! Бір сәт Алла Елшісінің () басынан өткен мына бір оқиғаларға назар салшы! 
Пайғамбарымыз (
) өте көп қиындық көрді. Жақындары да, тайпаластары да одан бас тартты, өсіп-өнген туған жерінен қудалады. Алайда, «ұлы мінезге ие» Пайғамбарымыз () олардың ешбіріне кек сақтамаған еді, ол бәрін кешіріп жіберген!
Пайғамбарымыздың (
) Таифтықтарға жасаған мына бір кеңдігі көзіңізге еріксіз жас ұялатады:

Таиф тұрғындары Алланың дініне шақырған Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шектен тыс қатігездікпен тас лақтырып қуып шығады. Әбден шалдыққан, аяқтары қанға малынған, үсті-басы жырым-жырым болған Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қала сыртындағы бақшада отырғанда, оған тау періштесі келіп: «Егер сен қаласаң, оларды жерге жұтқызып немесе үстеріне тауды төңкере саламын», - дейді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мейірімділігін танытып: «Жоқ, бұлай етудің қажеті жоқ, мен олардың ұрпақтарының арасынан Аллаға ешбір серік қоспастан құлшылық ететіндер болатындығынан үміт етемін», - деген екен. Сонда періште: «Ақиқатында, сен аса Ұлы Алла айтқандай, өте мейірімдісің!» - дейді. (Бұхари, Муслим).
Ешбір дұғасы қайтарылмайтын Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сол сәтте Алладан Таиф халқын жойып жіберуін сұрағанда, сөз жоқ, ол міндетті түрде орындалар еді. Алайда, оның мейірімі мен жұмсақтығы ашуы мен қиналысын жеңіп кетті. Нәтижесінде, дәл сол Таиф қаласынан небір ғұламалар, ірі ғалымдар шыққан.

 

ҚҰЛШЫЛЫҚТЫҢ ЛӘЗЗАТЫНАН АЙЫРЫЛҒАН АДАМ!

Атақты ғұлама Суфян Әс-Саури бір сөзінде: "Мен бір ғана күнәм үшін бес ай түнгі намаздың ләззатынан айырылдым", - дейді. Адамдар одан: "Ол қандай күнә?" деп сұрайды. Сонда ол: "Мен бір күні жылап отырған бір адамға қарап: "Ол өтірік жасап отыр" деген едім", - депті. 
Осыған байланысты Саxаба Әнас Ибн Мәлик (р.а): "Адам өтірік айтуының, біреуге жала жауып, сөгуінің кесірінен түнгі намаздары мен күндізгі (нәпіл) оразаларынан айырылуы мүмкін", - деген екен...
(Байхақи)

 

ҚАРТ АНАНЫҢ БАЛАСЫНА ҚАЛДЫРҒАН СОҢҒЫ ХАТЫ

v Бір тәулікте 76 тілге аударылған қарт ананың баласына жазған мына хаты әлем жұртшылығының жүрегін елжіретті. Аяулы ананың жан тебірентер сөздері мынадай еді:
Балам, мен қартайғанда мені қараусыз қалдырмашы. Сенен көп нәрсені сұрамаймын. Маған сенің мейірімің мен жылы алақаның болса жетіп жатыр. Ол кезде мен де бейне сенің кішкентай кезіңдегідей асырауға, мәпелеуге мұқтаж боламын.

v Мен қартайғанда қолдарым дірілдеп, ішер асымды киіміме жиі төгіп алуым мүмкін. Есіңде ме, сен де кішкентай кезіңде қолың икемге келмейтін сәтте тамағыңды төгіп-шашып ішетін едің ғой. Мен сенің сол қылығыңа да қуанып, мәз болатынмын.

v Балам, мен де қартайған сайын бала болып барамын. Өтінемін, сондай сәттерде сен сабырлы болшы. Мен қартайғанда кейде сыртқа шығып таза ауа жұтқым келеді, құдды сенің бала күніңде арбаға салып алып сыртқа алып шыққанымдай, мені де далаға алып шығып, бір мезгіл серуендетіп тұра аласың ба? Бұл сенің қолыңнан келетін нәрсе ғой, балам...

v Мен қартайғанда істеген ісімді, сөйлеген сөзімді тез ұмытып қалатын жағдайға жеттім. Бала сияқты маңызы жоқ істер үшін басыңды ауыртып ретсіз сөйлей беретін болармын, ол кезде мен не десем де сенікі жөн деп, көбірек сабыр сақтағаныңды қалаймын.

v Мен қартайғаннан кейін кішкентай балаға тәрбие бергендей саған себепсіз ақыл айта беруім мүмкін, ол кезде менің айтқаным көңіліңе жақса да, жақпаса да екі құлағыңды басып тұра қашпай, өтірік болса да тыңдаған кейіп танытып жанымда отыра берші, балам. Сондай сәтте «Жарайды!» деп жай мақұлдағандай болып, басыңды изей салсаң да мен мәз болып қаламын...

v Мен қартайдым... Сендерден қай күні алыстап кететінім бір Аллаға ғана аян. Осы уақытқа дейін Алла Тағаладан тек сенің ғана амандығыңды тілеп келдім. Тек саған жақсы болса екен деп қолымнан келгеннің барлығын сен үшін жасадым. Ұзақ іс-сапарларда жүргенде, отбасыңмен саяхатта болғанда, ұйықтар алдында бір сәт болса да менің де амандығымды тілеп, Алладан мен үшін де дұға тілеп жүрші, балам...

 

БІР ҰРТТАСАҢ, ШӨЛДЕМЕЙСІҢ..

Қасиетті Құранда 3 аяттан тұратын «Кәусар» деген сүре бар. Ол қазақша «көп жақсылық» деген мағынаны білдіреді. Кәусар – Алла Тағаланың Өз Пайғамбары – Мұхаммедке () сыйлаған көп жақсылықтарының бірі. Алла елшісі (): «Кәусар – Жәннаттағы өзен. Оның екі жағалауы алтыннан. Су ағатын арығы – дүр мен жақұт тастардан. Оның топырағы хош иісті әтірден де жағымды, суы әселден де тәтті, қардан да аппақ!», - деген. (Имам Ахмад, Тирмизи) Пайғамбарымыз () тағы бір хадисінде Қиямет күні өз үмметінің дәл осы өзеннің басында жиналатынын айтып, «Онда көп жақсылық бар. Оның ыдыстарының саны – жұлдыздардың санындай», - деген. (Муслим) Оның ұзындығы мен ені бір айлық жолға тең, ал екі жағын гауһардан жасалған шатырлар қоршап тұрады. Кәусардың суынан бір ұрттам ішкен адам еш уақытта шөлдемейді. 
Алла бәрімізге әселден де тәтті болған сол Кәусардың суынан қанып ішуді нәсіп етсін!

 

ОЛ - ƏЛЕМДЕРДІҢ РАББЫСЫ!

ОЛ бүкіл нəрсені жоқтан бар етіп, оларға өлшем, кескін, бейне берді. 
ОЛ жанды жаратты. 
ОЛ жаратылыстарының тағдырын белгіледі, пенделеріне кедейлік пен байлықты үлестірді. 
ОЛ аспанды ешқандай тіреуішсіз жоғары көтеріп қойды. Жерді жайып, суы мен жайылымдарын шығарды. 
ОЛ таңды атырды. Түнді тынығу, ал күндізді тіршілік қамын жасау уақыты етті. Айды уақытты есептеу үшін берді. 
ОНЫҢ есімі ұлы, патшалығы кең, күш-құдіреті шексіз. Одан басқа жəрдем тілеп, арқа сүйейтін бірде-бір құдірет егесі жоқ! 
ОЛ қалағанының дəреже-абыройын көтереді. Қалағанының ризығын кеңітеді. Себебі, билік - Оның қолында! 
ОЛ - Барлық нəрсеге Күш-қуаты Жетуші. 
ОЛ, сондай Алла, өліден тіріні, ал тіріден өліні шығарады. Күндізге түнді, түнге күндізді кіргізеді. Күннің айға жетуі мүмкін емес əрі түн де күндізден озбайды. 
ОЛ - қалағанын жасаушы, əділдікпен ескепке тартушы! Оның үкімін жоққа шығарушы жоқ. 
Оған көмес, ғайып болған нəрсе жоқ. Ол - көкіректердегі сырды, көздердің қиянатын Білуші. 
ОЛ – қап-қараңғы түндегі қара тастағы қара құмырсқаның халінен де Хабардар. 
ОЛ Өзіне бойұсынғандардың сыйын арттырады! Аспан денелері, теңіз тұрғындары мен жер мекендеушілері ертелі-кеш Оған мақтау айтады. Оны пəктеп, дəріптемейтін ешбір жаратылыс жоқ. 
Я, АЛЛА! Барлық мақтау-мадақ пен шүкір-алғысты Өзіңе арнаймыз! Сенен басқа Тəңір жоқ!

 

ӘЙЕЛІҢНІҢ МҮЛКІНДЕ ШИПА БАР ЕКЕНІН БІЛЕСІҢ БЕ?

Ілгерідегі ізгі ғұламалар: «Әйел өз мүлкінен жұмсап, күйеуін тамақтандыратын болса, ол еркек Алланың қалауымен ауруынан айығады», - деген.
Қасиетті Құрандағы «Ниса» сүресінде: «Әйелдерге мәһірлерін (қалыңдыққа берілетін сыйды) шын көңілден беріңдер. Егер олар өздері сендерге одан бір нәрсені ұсынса, оны разы болған күйде жеңдер, пайдаланыңдар», - деген аят бар. 
Атақты тәпсір ғалымы имам Әс-Суюти мен ибн Касир (Алла оларды рахымына алсын) осы аятты тәпсірлей келіп, «ендеше, әйеліңнің бұл сыйын қуана-қуана қабыл алып, ауруыңа шипа тап», - деген екен.
Сахаба Әли (р.а):
«Егер біреуің ауырып қалсаңдар, онда әйелдеріңнен азын-аулақ ақша алып, бал сатып алыңдар. Балды жаңбырдың суымен араластырып ішсеңдер, шипа да, береке де сонымен бірге келеді!» - дейді. Ол бұл сөзді «Қаф» сүресіндегі «Аспаннан берекелі су түсірдік» деген 9-аят пен «...олардың іштерінен алуан түсті ішетін зат шығады. Онда адамдар үшін шипа бар», - деген «Нахл» сүресінің бал туралы 69-аятына сүйеніп айтқан.
Ал имам Әл-Алюси өзінің тәпсірінде (4/200) мына бір оқиғаны тіліне тиек етеді:
Бір күні бір науқас адам Әлиге (р.а) келеді де, өзінің іші ауырып тұрғанын айтып көмек сұрайды. Әли (р.а) одан:
- Үйленгенсің бе? – деп сұрайды. Ол: «Иә», - деп жауап береді. - Онда әйеліңе барып, оның саған шын көңілден белгілі бір мөлшерде ақша беруін өтін. Ол ақша сенікі емес, әйеліңнің өз мүлкінен болсын. Ақшаны ал да, бал сатып алып, оны жаңбырдың суына қосып іш. Алла қаласа, сен жазыласың, - дейді де оған бал туралы айтылған «Нахл» сүресі мен жаңбыр суы туралы жазылған «Қаф» сүресінің 9-аятын оқып береді.
Осыдан соң әлгі жігіт дәл осылай жасап, көп ұзамай Алланың қалауымен ауруынан айығады.
***
Бұл хадис бір жағынан, әйелдің мүлкінде шипа бар екенін, күйеуі мен әйелі үнемі бір-біріне көмектесіп, септесіп өмір сүретінін білдірсе, екінші жағынан, әйел адамның да өз орны, мәртебесі бар екендігін танытады. Ислам діні осылайша әйелге биік дәреже берген.

 

ҮЙІҢЕ ТЕК ҰЙЫҚТАУ ҮШІН КЕЛМЕ!


Атақты сахабалардың бірі Әбу Дарданың (р.а) әйелі фиқх ілімін меңгерген өте білімді әйелдердің бірі еді. Оның заң қорғау, құқық саласынан да аз-маз хабары болған. Отбасы, ошақ қасындағы адам бола тұра бұл әйелдің мұндай дәрежеге жетуіне не себеп? Сахабаның әйелі ілім іздеп, арнайы оқу орындарында оқыған ба?
Жоқ. Шын мәнінде, Умм Дарданың, яғни әйелінің білімді болуына көмектескен оның күйеуі еді. Себебі, өзі де діни білімі жоғары, көзі ашық сахабалардың бірі болатын. 
Қазір көп ер азаматтардың қоғамға пайдалы ақпарат беріп, айналасына шарапаты тиіп жүрсе де, үйге тек тамақ ішу, ұйықтау секілді қажеттіліктерін өтеу үшін ғана келетінін жиі көреміз. 
Алайда, бұл құптарлық іс емес. Жақсылық жасау мен насихат айтуды өз отбасы мен айналасынан бастайтын адам ғана қалған істерінен береке табады. Өзің көріп, байқаған игілікке ең бірінші кім лайықты? Ең алдымен, кімді тура жолға салып, тәрбиесін түзеткің келеді? Әрине, мұндай маңызды істі өз отбасыңнан, жақындарыңнан бастаған жөн. 
Еркек – үйдің егесі. Өз қарамағындағылары үшін жауап беруші. Адам өзінен кейін қоғамда түзелуге, жақсылыққа шақыруға тиіс әрі ең лайық болған адам – оның отбасы мүшелері. Сондықтан «мынау былай екен», «негізі мына нәрсені осылай істесе, дұрыс болады» деп жол көрсетіп, жөн сілтеп отыру – ер азаматтың мойнындағы міндет.
Әрине, бастапқыда әйелің мен балаларыңа ақыл айту, үйрету сәл қиындау секілді көрінуі мүмкін. Кейбіреуі құлақ аспауы немесе сенің пікіріңмен келіспей, теріс айналуы мүмкін. Дегенмен, «тырс-тырс тамшы тасты теседі» дегендей, қайта-қайта ескертіп отыру, дұрыс жолға нұсқау күндердің күнінде нәтижесін беріп, олардың жүректерін жібітері сөзсіз.
Алла Тағала Құранда: «Өздеріңді және үй іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған тозақ отынан сақтаңдар», - деп ескертсе, («Тахрим» сүресі, 6-аят) сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің әрқайсысыларың бақташысы секілдісіңдер. Еркек - өз жанұясының бақташысы, әйел де - күйеуінің үйі мен балаларының бақташысы және әрқайсысың баққандарың үшін жауап бересіңдер», - деген. (Бұхари, Муслим)

 

ҚАНША ҚИЫНДЫҚ КӨРСЕҢ ДЕ, ЖАҚСЫЛЫҚТАН ҮМІТТЕН!

 
Сахабалардың бірі ибн Аббас (р.а) былай дейді:
Әдетте Пайғамбарымыз (
) ауырып жатқан науқастың көңілін сұрап барса, «Қапаланба, Алла қаласа, бұл кесел сені тазартады», - дейтін еді. Бір күні ол () тағы бір науқастың үйіне келіп, «Қапаланба, Алла қаласа, бұл кесел сені тазартады», - деп дұға жасады. Алайда, ауру жанын жеген әлгі сырқат адам:
- «Тазарасың» дейсіз бе? Жо-жоқ, бұл күннен күнге үдей түсетін емі жоқ ауру ғой. Мен бұдан жазыла қоймаспын. Бұл аурудың соңы – өлім, - дейді амалы таусылып. Сонда Пайғамбарымыз (
):
- Егер өзің осыны қалап тұрсаң, әрине солай болады. Бірақ Алланың қалауынан асып кете алмайтыныңды ешқашан ұмытпа, – дейді. Осыны айтқан әлгі науқас ертеңінде, өзі айтқандай, шынында да сол ауруынан көз жұмған екен. (Бұхари, 3616. “Фәтхул-Бәри” 8/294)
Демек, адам қандай жағдай болмасын, Алланың жәрдемінен үміт үзбеуі керек. Себебі, барлық күш-қуаттың Егесі болған (әл-Қауий) Алла Тағала үшін бұл өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ. Ол мына әлем пайда болмай тұрған кезде де, күллі жанды-жансыз тіршілік иелерін жаратып, оларға жан берген еді. Енді сенің ауруыңды кетіріп, өзіңді сау адамдардың қатарына қосу Оған қиын деп ойлайсың ба?
Осыған байланысты
Дүние – бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса, басқа дәулет құралмаған.
Аспаннан алпыс түрлі жауса бәле – 
Сонда да күдер үзбе бір Алладан! – 
деп біздің бабаларымыз қалай тауып айтқан десеңізші!

 

ЛҰҚМАН ХАКІМНІҢ ҰЛЫНА АЙТҚАН 9 ӨСИЕТІ


1. Әй, ұлым! Аллаға серік қоспа. Өйткені, серік қосу – өте үлкен әділетсіздік.
2. Әй, балам. Егер қыша дәнінің салмағындай ғана бір нәрсе болып, ол бір жартастың ішінде не аспанда, не жерде болса, Алла оны келтіреді. Ақиқатында, Алла – барлық нәрсені толық Білуші, бәрінен Хабардар.
3. Әй, балам! Намазды барлық шарттарын сақтап, толық орында.
4. Құпталғанға бұйыр.
5. Тыйым салынған жамандықтан қайтар.
6. Басыңа түскенге сабыр ет. 
7. Адамдардан менменсіп бетіңді бұрма әрі жер бетінде кердеңдеп жүрме. Ақиқатында, Алла әрбір өркөкіректі әрі мақтаншақты жақсы көрмейді. 
8. Жүрісіңде орташа, бірқалыпты бол.
9. Дауысыңды бәсеңдет. («Лұқман» сүресі, 13-19-аяттар)

 

ЖӘННАТҚА БАРЫП ҚАЛСАҢДАР, МЕН ТУРАЛЫ СҰРАСТЫРЫҢДАРШЫ!

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : "Анығында Жәннаттықтар Жәннатқа кірген кезде бұл дүниеде сауапты істердің басында бірге болған достарын таппай: "Иә, Алла, бізбен бірге Өзіңе құлшылық еткен әрі ораза ұстаған бауырларымыз мұнда көрінбейді" , - деп тіл қатады. Сол кезде Алла Тағала: "Тозаққа барыңдар да ондағы жүрегінде шаңның тозаңындай болса да иманы бар достарыңды алып шығыңдар" дейді", - деген. 
Осы xадиске байланысты Хасан әл-Басри (р.а): "Ендеше, иман келтірген достарыңыз көп болсын, анығында, олар Қиямет күні сендердің шапағатшыларың болады", - деген екен. 
Тіпті, кейбір ғалымдар осы xадисті шәкірттеріне оқып отырып: "Егер мені Жәннаттан таппасаңдар : "Иә, Алла, Сенің пәленше деген құлың бізге Өзің туралы айтып, Алланы есімізге салатын" деп сұраңдаршы", - деп жылап жіберген екен.

www.asylarna.kz



Достарыңызбен бөлісіңіз!




Нәтижелері жоқ.



Please enter the letters as they are shown in the image above.
Letters are not case-sensitive.
.