19.01.2018
ТаңКүнБесінЕкінтіАқшамҚұптан

ҚАЗАҚ АҚЫНЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЫЙЛЫҚҚА ИЕ БОЛДЫ

219 рет оқылған
image 1

 

«Қазақстанның көрнекті ақыны Рафаэль Ниязбектің түрік тіліне аударылған өлеңдері бізді ерекше рухтандырды. Поэтикалық тілі шұрайлы, жігерге толы жалынды жырлары ұлттық рухымыздың қайта оянуына зор үлес қосты. Рафаэль Ниязбектің шығармалары санамызға сілкініс туғызды. Қоғамды қайта түлетіп, өткенді қайта жаңғырта білді. Тұғыры биік тұлғалармен қауыштырды. Елдікті, ерлікті насихаттады»

 

Бұл - Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының (TURKSAV) басқарма төрағасы, жазушы Яхия Акенгиннің Анкарадағы кеңсесінде өткізген баспасөз мәслихаты барысында айтқан сөздері.

Иә, қазақ ақыны халықаралық сыйлыққа ие болды. Бұл сыйлық түбі бір түркі жұртының өнері мен әдебиетіне елеулі еңбек сіңіріп жүрген қайраткерлерді ынталандыру мақсатында жыл сайын беріледі. Биылғы марапатталушылар қатарында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Рафаэль Ниязбек бар.

Қордың басқарма төрағасы, жазушы Яxия Акенгин: «Адуынды ақынның Махамбетке, мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаевқа, түркі әлемінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап жазған поэмалары түгел түркі жұртының санасында сілкініс туғызды. Сондықтан бауырмалдықтың белгісі және ардақты ақынға айтар алғысымыз ретінде осы сыймен марапттауға шешім қабылдадық», - деп атап өтті.

Осыған орай, ақынның өзімен жүзбе-жүз кездесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді.

 

Ақын Рафаэль Ниязбек: 2-қаңтар күні қуанышты хабар келіп жетті. Түркі әлемі жазушылары және өнерпаздары қорының төрағасы,  жазушы Яхия Акенгин бүкіл журналистер мен ақын-жазушылардың басын қосып, мені «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығымен марапаттауға шешім қабылдапты. «Жақсы сөз жан семіртер» деген. Әрине, бұл қуанышты хабарды естігенде төбем көкке екі елі жетпей қалғандай қуандым. Жазушы, Еңбек ері Әбіш Кекілбаевтың «Бағалай білгенге бақ қонады, қуана білгенге құт қонады» деген әдемі сөзі бар еді. Сол секілді, өз еліңнен бөлек, өзге де ағайындар сенің шығармашылығыңды бағалап жатса, оған неге қуанбасқа? Еңбегімнің жанғанына қуандым. Қолыма алғаш қалам ұстағалы бері елдің елдігін, ерлігін, ұлы даланың кескін-келбетін, тарихын, ел мұңын, қайшылыққа толы қазіргі қоғамды жырлап келе жатырмын. Осы уақытқа дейін 46 кітабым шыққан екен. Соның барлығында да ерлікке толы ұлы даламыздың бейнесі, ата-баба рухы жатыр. Л.Толстой графтардың, дворяндардың өмірін жазды, Шолохов Тынық Дон қазақтарын жазды, өзіміздің ұлы суреткер М.Әуезов бай-бағландардың, ұлы даланың тіршілігін жазды. Сол секілді мен де ұлы далада туған тұлғалардың өмірін арқау етуге тырыстым. Ең алдымен, дауылпаз ақын Махамбетті жаздым. Оның өмірі ерлікке, күреске толы. Бұл жазбам 200 өлеңнен тұрады. Оны асыра сілтеп мақтағандар да, таңдай қаққандар да болды. Бірақ бұл - менің мықтылығым емес, Махамбеттің ерлігі. Мен кішкентай қызымды Махамбеттің өлеңдерін оқып ұйықтататын едім. Әкем соғыста көз жұмғандықтан, Айдар деген атамның тәрбиесінде өстім. Ал атам бізді ұлтты сүюге, намысшыл болуға тәрбиеледі.

Қырық жыл ел басқарған, кеңес үкіметімен жағаласып жүріп 43 қала салған, 2 млн-нан астам қазақты 7 млн-ға жеткізген, елімізді өгіз жегіп, соқа айдаған дәуірден космос дәуіріне дейін көтерген Д. Қонаев туралы «Кемеңгер» деген өлең-роман жаздым. Бұл роман да менің жаңа қырымды, жаңа тынысымды ашты деп есептеймін. Сол жылдары еліміз қандай жетістікке жетті, қандай биікке көтерілді, қандай азаматтар өсіп шықты - міне, осылар түгел қамтылған. Елу жыл ел ағасы болған тұлға туралы жазғанымның да осы сыйлықты алуға өз үлесі болуы керек. Қоғабай Сәрсекеев деген ағамыз «мемлекеттік сыйлық алмадым деп өкпелеме, сен ол сыйлықтан жоғары тұрсың» деп айтып еді. Әрине, жылы сөз жүрекке жылу ұялатады. Алайда, сәл артықтау айтылған сөз деп ойлаймын. Себебі, біз үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Мемлекетіміздің мерейі үстем болса, біздің де еңбегіміздің еш кетпегені. Ел ірі болса, біз де іріміз.

Ел мықты, мықты болса ел ағасы,

Үй мықты, мықты болса бел ағашы,

Бұзылмасын ешқашан татулықтың шекарасы.

Ендеше, аспай-саспай, жаман жерді баспай, өсіп-өніп, өркендей берейік.

 

www.asylarna.kz



Достарыңызбен бөлісіңіз!




Нәтижелері жоқ.



Please enter the letters as they are shown in the image above.
Letters are not case-sensitive.
.