19.01.2018
ТаңКүнБесінЕкінтіАқшамҚұптан

«ЕНЕСІ ТЕПКЕН ҚҰЛЫН»

466 рет оқылған
image 1

 

 

Бұл Алматы қаласы Абай атындағы МПУ-де болған оқиға. Университет ауласында екі жігіт соқтығысып қалады. Бірі – арғы беттен келген, оқуға жаңа түскен жас жігіт те, екіншісі – жоғарғы курста оқитын, ысылған, жергілікті жігіт. «Кешіріңіз» деп жүре берген балаң жігітті беделі бес жатақханаға белгілі «аға қораз» қолынан ұстап тоқтатады.

-                Ей, тоқтай тұр! Сен не, көзің жоқ па?

-                Кешіріңіз, байқамай қалдым.

-                Байқамай қалдым? – Мырс еткен «старшак» ызбарлана тіл қатты. – Сен не мені танымайсың ба?

-                Жоқ, танымаймын. Сіз кімсіз?

-                Е-е, «танымаймын» де... Жақсы онда. Кешке танысайық жақсылап... Қай бөлмеде тұрасың?

-                23-ші бөлмеде, 2-ші жатақхана.

-                Болды. Күт. Кешке барам.

-                Жақсы. Келіңіз.

«Шынымен аңқау ма? Әлде өтірік монтансыған түрі ма?.. «Қытайлықтырың» қу болады-ей... Кешке сазайыңды берермін бәлем!..»

«Қызық жігіт екен. «Кешке танысамыз» дейді. Қазір таныса салмай ма?.. Бұл жақтағылар қызық өзі...»

Содан кеш батады. Есік тықылдайды. Барып, ашса, бағанағы «қызық жігіт» екі-үш жолдасымен келіпті.

-                О, келіңіздер. Жоғары шығыңыздар!

-                Келдік. Кел, танысайық.

-                Менің атым... – деп қолын соза бергені сол еді, әлгі әккі жылдамдықпен мұның созған қолын тарта бере, екінші қолымен іштен періп кеп жібергені. Бүктетіліп түсті.

-                Қазір бұдан да жақсырақ танысамыз! – Мысқылдай күлген «старшак» бұған жақындай берді. «Қытайлық» бірдеме деген-ді. – Не дедің? Естілмей қалды, не дедің? Қаттырақ айтшы!

Жақындап кеп, төне түскен «жергілікті» өз құлағына сенбегендей аңырып қалды.

-                Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды! Өз бауырымсың ғой...

-                А-а?! – Мұндай жауапты күтпеген «жергіліктінің» тұла бойын қызу жалын шарпып өткен-ді! – Бауырым?!.. Айналайын, бауырым-ай, кешірші мені!..

Жерде жатқан бауырын қапсыра көтеріп алды да, төсектің үстіне әкеп отырғызды!..

P.S: «Содан бастап екеуі айырылмас дос болып кетті» дейді көрген жігіттер...

 

 

Алғадай Әбілғазыұлы

«Қасиетпен қауышу» кітабынан.

27.02.17

 

 

www.asylarna.kz



Достарыңызбен бөлісіңіз!




Нәтижелері жоқ.



Please enter the letters as they are shown in the image above.
Letters are not case-sensitive.
.