14.12.2017
ТаңКүнБесінЕкінтіАқшамҚұптан

«ЖАСТЫҚТЫ ҚАН ҚЫЛАСЫҢ ҒОЙ!»

947 рет оқылған
image 1

 

 

Бала үшін қыстың қызығы сырғанақта емес пе? Қаладан шеткерірек тұратын бажам: «Осы демалыста бала-шағаңызбен бірге келіп, бой жазып, тамақ ішіп кетіңіз», - деген-ді. Бір шаруалар болып, ақшамнан кейін ғана жолға шықтым. Жұбайым мен үш ұлым өздері барып алған. «Тамақты түсіріп қойып, күтіп қалмасын» деген оймен ызғытып келем. Бірақ жер тайғақ, жол тарлау болғандықтан, кейде озып, кейде тізіліп қалып, жүріс онша өнбей келеді. Бір ойпаттау жерден көтеріле бере көліктер легі тағы ақырындады. Қарасам, ортада бір «Джип» машинасы тұр. «Аварикасын» қосып қойыпты.  Жақындай бере-ақ жол жиегінде құлап жатқан адамды, оның қасында әрі-бері байыз таппай жүрген егделеу бір ер кісі мен әйелді көрдім. Алдымдағы машина жолдың жиегіне тоқтай қалды. Мен де рөлімді шетке бұрдым. Жаңағы көліктен түскен екі жас жігітпен қатарласа барып ағаға амандастым. Пайғамбар жасынан асқан кісі екені көрініп тұр.

-                Аяқ астынан жүгіріп шыққаны! Байқамай қалдым! Бір жағына қашпақшы болып ем, болмады! Айнама соғылыпты... Қап-ай!.. - ақтала сөйлеген күйеуін апа да қостап жатыр.

-                Киімі де тұтасымен қап-қара, көрмей қалдық... Құдай-ай, енді не істейміз, а?

-                Жедел жәрдем шақырдыңыздар ма?

-                Шақырдық, шақырдық. Полицияның номері 102 ме еді?

-                Иә, аға.

-                Алмай жатыр ғой... Тірі ме екен өзі?

Үшеуіміз еңкейіп жерде жатқан кісіге үңіліп жатқанбыз. Жасы жетпістерден асқан шөкімдей ғана қария екен. Телефонның жарығын түсіріп ем, кірпіктері қимылдап барып, көзін ашты.

-                Тірі, аға, тірі...

Машинаның жанындағы айнаға басымен ұрылыпты, қан кетіп жатыр. Санама келген алғашқы ой «Қаны қатты ағып жатқан жоқ, әуелі басының астына бірдеме жастау керек...» болды.

-                Жігіттер, бас киімін қараңдаршы, ұшып кеткен болар.

-                Таппадық.

-                Апай, машинада мына кісінің басының астына қоятын бір нәрсе бар ма екен? Алып келіңізші. Әйтпесе, суық өтіп кетіп жүрер.

-                Иә, иә. Қара жүгір, бірдеме бар шығар.

-                Қазір, қазір.

Апамыз біраз күйбеңдегеннен кейін шағын бір жастықты тауып алып, бізге қарай беттей бергені сол екен, айыпты ағамыздың кейісті үні шықты.

-                Өй, басқа бірдеңе қарасаңшы. Былғайды ғой қазір ана жастықты! Қан қылып тастайды!

Өз құлағыма өзім сенбей қалғандай сәл аңырып қалыппын. «Астағфирулла!..»

-                Тәте, әкеле беріңізші! Ең бастысы, мына кісі аман қалса, болды емес пе?!

-                Әрине, ойбай, әрине!

Ағамыз есін жиып алғандай:

-                Иә, иә... Әкел. Тез әкел! – деген күйі, бізге жалтақтай қарап, жанымызға келді. Жастықты қойып болған соң, жақындап барып, ағаның көлігінің номерін суретке түсіріп алдым. Тура осы кезде тағы бір машина жол жиегіне тоқтай қалды да, ішінен әскери киім киген орта жастағы орыс кісі түсті.

-                Я - врач. Что случилось? – деген оған ағамыз бен әйелі мән-жәйды айтып жатыр. Ол кісі атаны бір қырымен жатқызу керек екенін, әйтпесе құсып жіберсе, тұншығып қалатынын түсіндіріп, қарияның тамыр соғысын байқап, бірден іске кірісіп кетті. Разы болып қалдым. «Иә, Алла, шүкір, шүкір...» Дәрігер де бұл кісінің бас киімі табылмаса, онда орамалмен болса да басын қымтап қою керектігін айтқан соң, кінәлі ағамыз көлігіне беттеді.

-                Мынау бола ма?

Қарасам, әйнек сүртетін ескі шүберек!

-                Не, нет! Другую поищите. Мало ли что? Инфекция может быть.

-                Басқасы бар шығар, аға, қарасаңызшы!

Бір жағы орыстан ұялып кеттім...

-                Міне, мынау болатын шығар. – Әйел кісілердің ескілеу, бірақ таза орамалы екен.

-                Да, да. Годится...

Көліктер ақырындап өтіп жатқан. Ыңырсып жатқан қарияның басын қымтап, аяқ киімін кигізіп жатқанымызда тағы бір машина келіп тоқтай қалды. Ішінен түсе сала бізге ұмтылған келіншек, жақындап кеп үңіле қарады да әрі шошынған, әрі қуанған үнмен:

-                Атам ғой мынау! Болат, мұнда кел! Атам табылды! – деп жолдасына қолын бұлғады. Көлігінен абдырай түскен жігіт ағасы қарияның баласы екен... Баласы келген соң, көңіл жайланып,«жақсылық болсын» деп қоштасып, үшеуіміз көлігімізге беттедік.

«Алла-ай! Өзің кешірші! Қандай болып кеткенбіз?! Иә, Жаратқан Ием, мен сияқты әлсіз пендеңді кешіре гөр! Тура жолыңнан тайдыра көрме...» Ағаны кінәлаудан бұрын, өз-өзімнен шошыдым. Өйткені, басында, құлап жатқан адамды көрген кезде, «Кете берсем бе екен? Өзім кешігіп келе жатқанда...» деген ой келген еді...

Алғадай Әбілғазыұлы,

«Қасиетпен қауышу» кітабынан

 

04.01.17

www.asylarna.kz



Достарыңызбен бөлісіңіз!




Нәтижелері жоқ.



Please enter the letters as they are shown in the image above.
Letters are not case-sensitive.
.