20.11.2017
ТаңКүнБесінЕкінтіАқшамҚұптан

Әйеліңізбен сырласасыз ба?

1833 рет оқылған
image 1

                                  

Уақыт адам баласының қолындағы ең қымбат нәрсесі. Уақыт бізді күтпейді, керісінше, біз сол бағалы уақытымызға зәруміз. Ал сіз уақытыңызды тиімді пайдаланып жүрсіз бе? Мысалы, сіз бір күндік уақытыңызды не нәрсеге жұмсап жатырсыз?

 

Сіз  уақытыңызды ағайын-туысыңызбен сөйлесуге арнадыңыз ба?

Ислам туыстық қарым-қатынасқа ерекше көңiл бөлiп, туысқандық байланысты ұсақ-түйекке теңемей, оны әрқашан да береке бiрлiктiң өзегi етiп сақтап, нығайтып отыруға үндеген. Қашан басыңа қуаныш немесе қиындық түссе, ең бірінші қол ұшын созатын ағайын-туыстарыңыз. Ал сіз алыстағы тумаларыңызбен сөйлесіп жағдайын білдіңіз бе? Егер сіз ырзық-несібеңіз көбейіп, байлығыңыздың мол болғанын қаласаңыз және ғұмырыңыздың ұзақ болуын тілесеңіз, онда туыстық қарым-қатынасты үзбеуге әрекет жасаңыз. Тума-туысыңызға, құдаларыңызға баратын мүмкіндігіңіз болмаса, телефон шалыңыз немесе ватсап желісі арқылы игі тілегіңізді білдіріңіз. Бос уақытыңыз болғанда мүмкіндікті пайдаланып олармен телефон арқылы хат алысып, немесе сыйлықтар жасап, құттықтап отырыңыз. Туыстық қатынасты берік ұстансаңыз, жолыңыз ашылып, ырзығыңыз артады. Себебі, "Кімде-кім ырзық несібесінің молаюын немесе ғұмырының ұзақ болуын қаласа, туыстық байланысын үзбесін" деген Алланың Елшісі (с.ғ.с.). (Әнес ибн Мәлик).

 

Қайтыс  болған ағайын-тумаңыздың немесе танысыңыздың үйіне көңіл айтуға  бардыңыз ба?

Дүниеден озған адамның артынан дұға жасап, туыстарына көңіл айту  әуелден қалыптасқан. Басымызға күн туғанда өзімізге жақын кісілерімізден демеу күтеміз. Алайда, сол демеуді алдымен өзіміз бере алуымыз керек. Себебі, ертең барлығымыз да ол жерге баратынымыз белгілі. Егер бір-біріңізге хабарласпай қалсаңыз, араңызда реніш пайда болады, сөйтіп бара-бара амандасудан да қалуыңыз мүмкін. Сондықтан, ағайын-туыспен арадағы байланысты үзуден сақ болыңыз. Көңіл айтып кіріп шығудан қалмаңыз, керісінше, қайғысына ортақтасыңыз. Бұл досыңыз үшін де үлкен демеу боларын біліңіз. «Егер кімде-кім туыстық қатынасты үзсе, ол адам жәннәтқа  кірмейді», деген Алла Елшісі (с.ғ.с) (Бухари мен Муслим).

 

Досыңыздың қуанышына ортақтасу үшін оған қонаққа кіріп шықтыңыз ба?

Досыңыздың немесе бауырыңыздың қуанышына ортақтасқаныңыз қандай жақсы. Өйткені, сіз де өміріңіздің қуанышты сәттерінде жақындарыңыздың жаныңызда болғанын қалайсыз. «Ешбірің өзіне қалағанын мұсылман бауырына да тілемейінше, толық иман еткен болып саналмайды»,  деген Алла Елшісі (с.ғ.с) (Бухари, Муслим) және «Кімде-кім жақсылық жасаса, өзіне (яғни пайдасын көреді)» (Жәсия, 15). Әрбір адамның сауапқа кенелуіне мүмкіндігі бар, сондықтан бір-бірімізге жақсылықтың қай түрін болса да жасап тұруға әрекет етейік.

 

Ата-анаңызға қаншалықты уақытыңызды бөлесіз?

 

         Кез-келген адам үшін дүниедегі ең қымбат жандар-туған ата-анасы. Олар бізді шаштары ағарғанша бағып адам етті. Қазір сіз сол жақсылықтың қарымын қалай қайтарып жатырсыз? Сіз бүгін ата-анаңыздың денсаулығын сұрадыңыз ба? Көңіл-күйі қалай? Ата-анамызға қанша жақсылық істесек те, олардың алдындағы перзенттік борышымызды өтей алмаймыз. Дегенмен, ата-анамызға көзі тірісінде қолымыздан келгенше жақсылық жасауға тырысуымыз керек. Ата-анаңыз ауырып қалса, дәрілерін апарып жағдайын сұраңыз, аяғын жылы суға салып жуып, уқалап беріңіз, ал егер баруға мүмкіндігіңіз болмаса, телефоныңыздағы бейне жазба (видео) арқылы шығыңыз, немесе ватсап желісі арқылы өзіңіздің не болмаса балаңыздың, немерелеріңіздің суреттерін жіберіп, неше түрлі жақсы әзілдермен көңілдерін көтеріңіз, кемінде күніне бір рет хабарласып тұрсаңыз, ата-анаңызды қатты қуантар едіңіз. Ол кісілерге әрқашан жылы лебізіңізді, оны жақсы көретініңізді айтып жиі қоңырау шалыңыз. Алла тағала ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды. Себебі, «Жұмаққа ең жақын ететін амал-ата-анаға жақсылық жасау», деген Алла Елшісі (с.ғ.с.). (Абдуллаһ ибн Масьудтан, Муслим).

Сіз балаңызға қаншалықты көңіл бөлесіз?

Ата-ана үшін бала тәрбиесі өте маңызды. Сіз балаңыз сабақтан келген де, одан қандай баға алдың деп емес, не үйреніп келдің деп сұраңыз? Балаңыздың есейіп келе жатқанын байқадыңыз ба? Балаңызды кішкентайынан қандай нәрсеге тәрбиелесеңіз, өскенде соны жасайтынын ұмытпағайсыз. Өйткені, бала көргенін жасайды. Балаңызды (мотивациялау) ынталандыру мақсатында не үйреттіңіз? Балаңызға күнделікті қанша уақыт бөлесіз? Оның достары кім және олардың немен айналысатыны жайында білесіз бе?

Балаңызбен сырласа біл. Онымен досыңыздай әңгімелесіңіз. Көңіл қалауларының пайдасы немесе зиянын түсіндіріңіз. Балаңызды қатты жақсы көретініңізді білдіріңіз, және оны қандай қасиеттері үшін бағалайтыныңызды айтыңыз. Жаман қасиетері болса, жақсылап түсіндіруге тырысыңыз. Баланы жастайынан көбінесе анасы тәрбиелейді, бірақ бала үшін әкенің де орны бөлек. Балаға жастайынан уақыт бөлмесеңіз, кейін кеш болуы  мүмкін.

Әйеліңізбен сырласып жүрсіз бе?

Әйелді бағалау, оның көңіліне қарау-ер адамға аманат. Ал сіз сол аманатыңызға қаншалықты беріксіз? Сіз үйге келгенде әйеліңізбен сырласасыз ба? Қашан соңғы рет оның тамағын мақтадыңыз ? Киген көйлегіне пікір айттыңыз ба? Қашан сіз соңғы рет оның қолынан ұстадыңыз? Әйеліңізге сыйлық жасап тұрасыз ба? Әйел адам осы нәрселерді сізден күтеді. Егер әйеліңізге осы істерді жасап тұрсаңыз, сіз үшін бұл үлкен сауап болып саналады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Ер мен әйел қол ұстасса,  саусақтарының арасынан күнәләрі төгіледі». (Хайсами,Мажмағіз-зауаид 8/40). Сіз осыAnchorны білесіз бе? Құранда: «Олар сендер үшін киім, Сендер де олар үшін киімсіңдер», делінеді. (Бақара187). Яғни ер мен әйел бір бүтін деген сөз. Ал отбасының беріктігі ер мен әйелдің татулығында. Жалпы әйеліңізге көп нәрсенің қажеті де жоқ. Ең азы әйеліңізді мақтасаңыз, еркелетсеңіз, сыйлық жасап, көңілін көтеріп тұрсаңыз, отбасыңызға береке кіріп, әйеліңіздің жүзінен әр дайым күлкіні көресіз.

 

Көршіңізбен қарым-қатынасыңыз қандай? Көршіңізге қаншалықты уақыт бөлесіз?

         Сіз бүгін көршіңізбен сөйлестіңіз бе? Көршіңіздің алдындағы міндетіңізді білесіз бе? Көршіңізді көргенде саулық сұрасып, көмек керек болса, қол ұшын беріп, ауырып қалса, жағдайын сұрап бару - сіз бен біздің міндетіміз. Көрші-сіздің алыстағы тумаңыздан да жақын адам, себебі, үйіңізде болып жатқан нәрселерден хабардар болып отыратын ең алдымен көрші. Көршімен тату болу мұсылмандықтың белгісі. «Уа, мұсылман әйелдер! Көрші әйел көршісіне қойдың қу сирағын берсе де, сый-сыяпат жасаудың ешбір түрін қомсынбасын», деген Алла Елшісі (с.ғ.с.). (Әбу Һурайра) Сол себепті, көршіге зиянымызды тигізбей, керісінше сәлемдессе, сәлемін алып, ауырып қалса, хал жағдайын сұрап, қарыз сұраса, көмек беріп, жетістікке қол жеткізсе, құттықтап, жақсылық жасап жүруді ұмытпайық. Себебі, көрші ақысы -Тәңір хақысы.

         Уақыт - сіз бен біздің өміріміз. Уақыттың қадірін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Кейбір адамдар қандай істе де мақсат қойып, сол мақсатына жету үшін тәуекел етіп жоспар құрады, еңбек ету барысында уақытының барлығын сол нәрсені аяқтауға құлшынады. Олар әрбір минутын бос өткізбей, уақытын бағалайды.

         Ал кейбірінің мақсаты болғанымен, айқын емес, әйтеуір уақытпен бірге ілесіп жүреді. Мұндай адамдардың құлшынысы аз, көбінесе жалқаулық басым, ойлары анық емес, яғни нәтижесі бірде көрінсе, бірде көрінбейді. Бір күндік уақытының жартысын бос нәрселермен өткізіп алады да, артынан уақыттың жетіспеушілігіне жаба салады. Бір істі ертеңге қалдыруды әдетке айналдырады.

 

         Әр адам, өз-өзіне күнделікті есеп берсе, әрбір секунды мен минутының  не нәрсеге кеткенін білер еді. Адам қоғамға да, өзіне де пайдасы тиетін істермен айналысқаны жөн. Қазіргі кезде уақыт тым тез зымырауда. Уақытты үнемдеу үшін, күнделікті немесе апталық, мақсатымызды нақтылап айқындап алу қажет. Ерте жатып ерте тұру, сәл бос уақыт бола қалса, отбасыңызға, туыстарыңызға қоңырау шалып жағдайын  біліп, ауырғанның көңілін сұрап, көршіге жақсылық жасап, садақа беріп, жалпы өзіңізге пайдалы істермен шұғылданып қалыңыз. Жұмсалған уақытымыз үшін де Алла алдында есеп беретінімізді ұмытпайық.

www.asylarna.kz



Достарыңызбен бөлісіңіз!




Нәтижелері жоқ.



Please enter the letters as they are shown in the image above.
Letters are not case-sensitive.
.