20.11.2017
ТаңКүнБесінЕкінтіАқшамҚұптан

ҚҰРБАН ШАЛУҒА ҚАТЫСТЫ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР

1877 рет оқылған
image 1

 

Құрбан айт, яғни зул-хижжа айының оныншы күні жылдың ең ұлы күндерінің бірі саналады. Бұл туралы Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланың алдындағы ең ұлы күн – Құрбан айт күні, ал содан соң одан кейін келетін күн», - деген (Ахмад, Әбу Дәуд).  

Бұл күні жасалатын ең үлкен құлшылықтардың бірі – құрбан шалу (удхия). Удхия дегеніміз – күн шыққаннан кейін, сәске уақытында орындалатын құрбан шалу рәсімі. Бұл ғибадат түрі көпшілігімізге жақсы таныс болғанымен, жыл сайын Құрбан айт қарсаңында сансыз сауалдарымызға жауап таба алмай жатамыз. Ендеше, құрбандыққа байланысты  ең жиі қойылатын маңызды сұрақтарға шариғатымыздан сыр шертіп көрелік.

 

1.     Біз не үшін құрбан шаламыз?

Ұлы Алла Құранда: «Біз әрбір үммет үшін өздеріне берген малдардан, Алланың ғана атын атап құрбан шалуды бекіттік», - деген. («әл-Хаж» сүресі, 34-аят) Демек, құрбан шалу – шамасы, мүмкіндігі жететін әр адамға міндет құлшылықтардың бірі. Ибн әл-Араби: «Ақиқатында, Құрбан Айт күні құрбан шалу – амалдардың ең жақсысы, өйткені әрбір ғибадат өзінің бекітілген уақытысында артықшылыққа ие», - деген. ( «Аридатул-ахуази» 4/13)

Ибн Аббастан (р.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла үшін туысқандық қатынастарды үзбей сақтаудан кейін, малды құрбандыққа  шалудан артық ұнайтын шығын жоқ!» - деп құрбан шалудың маңыздылығын одан әрі нақтылай түскен.  (“Фатх әл-Мәлик” 7/18)

Сондай-ақ, Ибн Омардан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалардың қажылық рәсімдерінің артықшылықтары туралы қойған сұрақтарына жауап бере келе, Құрбан шалуға қатысты: «Ал сенің құрбан шалуыңа келер болсақ, онда бұл үшін саған Раббыңның алдында ұлы сый әзірленген!», - деп айқаны жеткізілген.  (Әл-Баззар 2/182, Ибн Хиббан 963, Абдур-Раззақ 8830)

Демек, құрбан шалу – мұсылман өміріндегі сауабы мол әрі айрықша маңызды құлшылықтардың бірі.

   
2. Құрбандық не үшін және кім үшін шалынады?

Кез келген құрбан шалу, мейлі ол құрбан айтта болсын, мейлі басқа уақытта болсын, тек Алланың разылығы үшін жасалуы тиіс. Құранда: «Намазым, құрбандығым, тіршілігім және өлімім бүкіл әлемнің Раббысы Аллаға тән! Оның серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен мұсылмандардың алғашқысымын!», - де», - делінген. («Әнъам» сүресі, 162-163).


Әли ибн Әбу Талибтің (р.а) сөздерінен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Өзінен басқаның разылығы үшін құрбан шалған адамды лағынеттеді», - деп айтқаны жеткізіледі. (Муслим). Демек, Алланың разылығынан басқаның атымен сойылған құрбандық – Аллаға ортақ қосудың белгісі. Құрбандықты тек Алланың разылығына бөлену үшін саламыз, ал дүниеден өткен адамдарға сауабы баруын үміт етеміз (бағыштаймыз). Құрбандық шалу ғибадатының маңызды болуының бір себебі – адам өз нәпсісін, яғни, мал-мүлікке деген махаббатын жеңіп, Алла разылығы үшін малын құрбан етеді. Ризықты беруші  Алла болғандықтан, Алла берген мүліктің аз ғана бөлігін Алла жолында жұмсамау - үлкен ағаттық.  

3. Құрбан шалудың басты шарты қандай?

Алла Тағала былай деген: «Ешқашан құрбанның еттері, қандары Аллаға жетіп бармайды. Бірақ сендердің тақуалықтарың ғана жетіп барады. Сендерге тура жол көрсеткен Алланы ұлықтауларың үшін осылайша малды еріктеріңе бердік. (Мұхаммед,) жақсылық істеушілерді қуант». («әл-Хаж» сүресі, 22: 37).   

Яғни, ниет – құрбан шалудың негізгі шарты. Ғалымдар: «Құрбандық шалу Алла разылығы үшін деген ниетсіз жарамсыз болады», - деген. Себебі, кейде адамдар малды Алла разылығы үшін деп емес, тек тамақ болу үшін де шалып жатады. Тек тамақ болу үшін шалудан сақтану үшін «осы арқылы Алла менің күнәмді кешсе екен» деген ниетпен Алланың разылығын үміт етіп сою керек.

 

4. Құрбан шалу барлық адамға міндетті ме?

Мерекелі құрбан шалу – мүмкіндігі бар әр  адам үшін міндетті ғибадаттың түрі. Ибн Аббас (р.а) былай деген: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинада он жыл болды, әрі сол жылдардың барысында құрбан шалатын». (Ахмад, Тирмизи). Сондай-ақ, Хафиз Ибн Абдул-Барр былай деген: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бүкіл өмірі барысында құрбандық шалатын, әрі оның құрбандықты бір рет болса да қалдырғаны белгісіз. Ол оны орындауға ынталандыратын, әрі молшылыққа ие мұсылман адам оны  тастамауы қажет». Жәбир: «Мен айт намазын Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге орындадым, әрі ол аяқталған соң ол бір қошқарды жетектеп келіп: «Алланың атымен, Алла Ұлы! Уа, Алла, мұны менен және менің үмметімнен болған құрбан шала алмағандардың атынан қабыл ет», - деп құрбан шалды», - деп баяндайды. (Тирмизи, Ахмад). Кейбір ғалымдар: «Бұл хадисте Қиямет күніне дейін құрбандық шала алмайтын барша мұсылмандарға сауабы барады, себебі, Пайғамбар солар үшін құрбан шалды деген нұсқау бар», - дейді.

 

5. Құрбандық малының жасы қаншада болу керек?

Жәбирден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Тиісті жасына толмаған малды құрбанға шалмаңдар. Егер бұл сендер үшін ауыр болса, онда алты айға толған қойларды шалуларыңа болады», - деген. (Муслим). Имам ән-Нәуауи: «Бұл хадисте белгілі жасқа толмаған малды мерекелі құрбандыққа шалуға рұқсат етілмейтініне нұсқау бар, бұдан тек қой ерекшеленеді», - деген. Ал құрбандық малдарының жастарына келер болсақ, онда түйенің ең аз жасы – бестен басталады, сиыр-бұқаның жасы – екі жастан, ал қой-ешкінің жасы бір жастан басталады. Қой мен қошқарға келер болсақ, онда шариғат оларға ерекшелік жасап, егер қой-қошқар ірі болса, онда алты айдан бастап бір жасқа толмағанын да шала беруге рұқсат етті. 

А) Түйе – бес жастан бастап;

Ә) Сиыр мен бұқа – екі жастан бастап;

Б) Ешкі мен қой – бір жастан бастап. (егер қой ірі болса, алты айдан бастап шала беруге болады)


6. Құрбанды қай уақытта шалу керек?

Басқа уақытта шалынған құрбан қабыл ма?   Құрбандықтың қатаң белгіленген өз уақыты бар. Ол Құрбан айт  күні  Айт намазы мен Айт құтпасы оқылып болған соң басталады. Құрбандықты айт намазына дейін орындағанның құрбандығы жарамсыз болады. Әл-Бара ибн ‘Азиб былай деп баяндаған: «Бірде Құрбан Айт күнінде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) (айт) намаздан кейін бізге құтпа айтты әрі: «Біз сияқты намазды орындаған және біз сияқты құрбан шалған адам оны дұрыс орындаған болады, ал (егер) кім құрбанды айт намазына дейін шалса, онда оны намазға дейін шалып қойған әрі мүлде құрбан шалмаған болады», - деді. Мұны естіп, Әбу Бурда: «Уа, Алланың Елшісі, мен өзімнің қойымды намазға дейін құрбан шалып қойдым, өйткені бүгін мереке екенін және адамдар жеп-ішетінін білдім, әрі менің қойым үйімде шалынатын құрбандықтың ең алғашқысы болуын қаладым! Міне, осы себептен де мен өз қойымды намазға келуден бұрын бауыздап, етін жеп алдым», - деді. Бұған Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сенің қойың тек етке ғана жүре алады», - деді.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланың алдындағы ең ұлы күн Құрбан айт күні, ал содан соң одан кейін келетін күн»,- деп айтқан. Яғни, Құрбанды жылдың ең ұлы күні болған Құрбан айт күні шалған жақсырақ екеніне күмән жоқ. (Ахмад, Әбу Дәуд, әл-Хаким).

Құрбандықты айт күнінен кейін тағы үш күн, яғни зул-хижжа айының 11,12,13-де, тәшриқ күндері орындауға болады, яғни оны айттың екінші, үшінші күндері де шалуға болады, бірақ алғашқы күні шалған абзал. Бұған қатысты Жубаир ибн Мут‘имнен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әт-Тәшриқтің барлық күндері – Құрбан шалу күндері», - дегені жеткізілген. (Ахмад, Дарақутни).  

 7. Құрбандық малы қандай болу керек?

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құрбандық ретінде төрт түрлі малды шалуға болмайды:

1.     ақауы айқын бір көзді малды;

2.     ауруы айқын ауру малды;

3.     ақсақтығы айқын ақсақ малды;

4.     әлсіздігі айқын арық малды», - деген. (Тирмизи, Ахмад).

Осы төрт кемістіктер туралы барлық ғалымдар бірауызды келісімде екендігін айта кетейік. Ғалымдар егер бір көзді мал рұқсат етілмесе, онда соқыр мал тіпті рұқсат етілмейді. Әрі егер ақсақ мал рұқсат етілмесе, онда аяқсыз мал тіпті рұқсат етілмейді дегенді айтады. Егер мал оны сатып алғаннан кейін (жарақаттанып) зақым-кемістік алса, оны құрбандыққа шалса болады.

Әли ибн Әбу Талиб: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге (құрбандық малдарының) көздері мен құлақтарына көңіл бөлуді бұйыратын», - деп айтқан. (Ибн Мәжаһ).

  

 8. Бір малды қанша адам бірігіп  шала алады?

Жәбирдің сөздерінен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Сиыр жеті (адам) атынан құрбандыққа шалынады, әрі түйе де – жеті (адам) атынан». (Әбу Дауд, ән-Нәсаи). Ал қой-ешкіге келер болсақ, олар тек бір адам атынан құрбан шалынады, өйткені қой мен ешкіні бірнеше адам бірігіп шалды деген ешқандай нұсқау жоқ. Имам ән-Нәуауи: «Қойға келер болсақ, ол тек бір адам атынан құрбандыққа шалына алады», -  деген болатын.  

Сиыр мен түйе – 7 адамның атынан;

Қой мен ешкі – 1 адамның атынан шалынады.

 

9. Құрбандық малы қалай сойылады?

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім құрбан шалу кезінде рақымшылдық танытса, соған Қиямет күні Алла Өзінің рақымын танытады», -  деген. (Бұхари).

Ибн ‘Аббас (р.а) былай деген: «Бірде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзіне қарап жатқан қойдың тұмсығына аяғын қойып, пышағын қайрап тұрған адамның жанынан өтіп бара жатты. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл адамнан: «Сен неге оның жамбасын жерге тигізбей тұрып пышағыңды қайрап алмадың? Оны екі рет өлтірмексің бе?!» - деп сұрады». (Табарани).   Имам Ахмад «Малды бауыздар орнына жұмсақтықпен және олардан пышақты жасырып алып бару керек, әрі оны тек бауыздар кезде ғана шығару керек», - дейді.   Ал имам ан-Нәуауи «Бір малды басқасының көз алдында бауыздамау керек», - деген.   Айта кетейік, құрбандықты жақсылап орындау деген малдың тамағы мен мойнын, екі тамырын тез кесу дегенді білдіреді.   Сондай-ақ, Жәбирден: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрбан шалған кезде, жануарды Қағба жаққа қаратты», - деп хабарланады. (Әбу Дәуд). 

1)    пышақты малдың көзінше қайрамау;

2)    малды өтпейтін пышақпен қинамау;

3)    малды қорламау. (тамағы мен мойнын, екі тамырын мейлінше тез кесу);

4)    құбылаға қаратып бауыздау;

5)    «Бисми-Лләһ, уа-Ллаһу Әкбар. Аллаһумма тақаббәл-минни»  деп айту. (Алланың атымен әрі Алла Ұлы! Уа, Алла, ақиқатында, бұл Сенен және Саған! Уа, Алла менен қабыл ет!)

 

10. Мерекелі құрбандықты әркім өзі шалу керек пе?

Сүннет бойынша құрбанды әркім өзі шалуы керек. Әнас ибн Мәлик: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мерекелі құрбан шалуды өз қолымен орындайтын», - деп баяндайды. (Ахмад). Алайда құрбандықты басқа біреуге де тапсыруға болады.  

 

11. Құрбандық шаларда айтылатын арнайы дұғалар бар ма?

Басқа біреудің атынан құрбандық малын шалу тапсырылған кісі оны малдың иесінің атынан: «Бисмилләһ, уа Алла, (мұны) пәленнен қабыл ет», - деп бауыздауы керек. Бірақ біреудің Құрбандығын бауыздаушы адам оны өз атынан шалса да, ол мал иесіне ғана жазылады.   Құрбандық малын шалудан бұрын Алланың атын айту керек. Алла Тағала Құранда: «Оларды (түйелерді) тұрғызып қойып, үстінен Алланың атын айтыңдар», -деп бұйырады. («Хаж» сүресі, 36).  

Сүннетке сәйкес құрбан шаларда: «Бисми-Лләһ, уа-Ллаһу Әкбар. Аллаһумма тақаббәл-минни» - деп айту керек. (Муслим).   (Мағынасы: «Алланың атымен әрі Алла Ұлы! Уа, Алла, ақиқатында, бұл Сенен және Саған! Уа, Алла менен қабыл ет!»).

 

12. Құрбандық малының етін сатуға бола ма?

Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын) былай деген: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) маған құрбандық малдарын бақылауды және олардың етін, терілерін және (түйе) жабуларын садақа ретінде таратуды әрі қасапшыларға мал бауыздағаны үшін (бұлардан) еш нәрсе бермеуді бұйырды. Ол: «Біз оларға өзімізде барымыздан бір нәрсе берерміз», - деді». (Муслим).

 

13. Өз малымның етінен дәм татуға бола ма?

Құрбан шалуды ниет еткен адам сүннетке сәйкес, сол күні өзі құрбан шалған малдың етінен дәм татпайынша,  мүмкіндігінше еш нәрсе жемеуі абзал. Бурайда: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ораза Айт намазына тамақтанбастан шықпайтын, ал Құрбан Айт намазына шығар алдында одан қайтып келмейінше тамақ жемейтін», - деп баяндаған. (Тирмизи, Ибн Мәжаһ). Табарани:  «Әрбір адам өз құрбандығының етінен дәм татсын!», - деген хадисті келтіреді.

 

14. Құрбандық малының етін қалайша дұрыс үлестіру керек?

   Аса Құдіретті Алла Тағала былай деген: «Сонда қашан олардың жамбастары жерге тисе (жаны шықса), жеңдер де, мұқтажға да, мұқтаж емеске де жегізіңдер». («әл-Хаж» сүресі, 36).   Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрбандық малына қатысты: «Жеңдер, жегізіңдер әрі қамданыңдар», - деген. (Бұхари).   Ал құрбандық малының етін бөлудің ең жақсы үлгісі – бұл Ибн Аббастан (р.а) жеткізілетін мына хадис: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Еттің үштен бір бөлігін өзіңе қалдыру керек, үштен бір бөлігін қонақтарға жегізу керек, ал тағы үштен бір бөлігін мұқтаждарға тарату керек»

1)    1/3 бөлігі – өзіңізге;

2)    1/3 бөлігі – қонақтарға;

3)    1/3 бөлігі – мұқтаж отбасыларға.

 

 Алла баршамызға қабыл болатын амал жасауды нәсіп етсін!  

www.asylarna.kz



Достарыңызбен бөлісіңіз!




Нәтижелері жоқ.



Please enter the letters as they are shown in the image above.
Letters are not case-sensitive.
.