20.11.2017
ТаңКүнБесінЕкінтіАқшамҚұптан

ӘЛИДІҢ (Р.А) БИЛІККЕ ТАҒАЙЫНДАЛУЫ.

1416 рет оқылған
image 1

 

Әли ибн әбу Талиб (р.а) те таңдау әдісімен мұсылмандар әміршісі болып тағайындалды. Бүлікшілер Осман ибн Аффанды (р.а) әділетсіздікпен өлтіргеннен кейін ешкім де билікке өзін ұсынбады. Тіпті, Әли де (р.а) ол орынға отыруды қаламады.

Мұхаммед ибн Ханафия (р.а) айтады: «Әли Османның өлімінен кейін оның үйіне келіп, есікті ішінен құлттап алды. Адамдар келіп есікті қағып: «Ол өлтірілді, ал адамдарға басшы керек және біз бұл орынға сенен лайықты адамды білмейміз» деді. Әли (р.а) жауап ретінде былай деді: «Мені әмірші ретінде көруді қаламаңдар, мен кеңесші ретінде сендерге көбірек пайда әкелемін». Алайда адамдар: «Жоқ, Алламен ант етейік,  біз сенен артық үміткерді білмейміз» деді. Сонда Әли (р.а) : «Егер сендер табанды түрде мені әмірші ретінде көргілерің келсе, ант беру құпия өтпеуі тиіс. Мен мешітке барамын, кім маған ант бергісі келсе, сол жерде жасасын» деді». Осыдан кейін ол мешітке қарай аттанды, адамдар оған ант берді. Ант беру рәсімі алдыңғы үш мұрагердікінен еш ерекшеленбеді. Дін дұшпандарының кейбір еңбектерінде Талха және әз-Зубайр (р.а) секілді сахабалардың ант беруден бас тартқандығы немесе мәжбүрлі түрде ант бергендіктері туралы деректер беріледі. Алайда, бұл жаңсақ пікір. Сол кезде Мединеде болған барлық сахабалар Әлиге (р.а) ант береді. Ат-Табари «Тарих» атты еңбегінде Мұхаммед ибн Сирин жеткізетін мына бір деректі келтіреді: «Әли Талхаға келіп «Сенің антыңды қабылдауым үшін қолыңды соз» деді. Сонда Талха: «Сен бұған көбірек лайықтысың, сен  мұсылмандардың әміршісісің, қолыңды соз» деді. Әли қолын ұсынды, Талха оған ант берді». Дәл осы еңбекте сахаба әбу Мұсадан: «Уа, әбу Мұса, Әлиге ант бергендердің ішінде осы екі адам болды ма?» деп сұралғанда «Иә» деп жауап бергендігі келтіріледі.

Және Әлиді (р.а) билікке бүлікшілер емес, Мединедегі сахабалар ұсынды. Әли (р.а) өзінің әмірші болуға келісім беруі туралы: «Егер дін үшін қорқыныш болмағанда, олардың өтініштеріне жауап бермейтін едім» деген («Фәтхул-Бәри»).

 

Әли (р.а)  – төртінші әділетті әмірші

Алла Елшісі кезекті хадистерінің бірінде: «Пайғамбарлық мұрагерлері отыз жыл басқарады, содан кейін Алла қалағанына билік береді» делінген. Бұл хадис Әлидің (р.а) әмірші болу керектігін және бұл оқиғаның барынша әділ екендігін нұсқайды. Өйткені, Әлидің билікте отырған жылдары соңғы отыз жылға сай келеді (отыз жылды толықтырады).

Имам Ахмад: «Кім Әлидің төртінші әмір екендігін мойындамаса, ол өз үйіндегі есектен де артық адасқан» деген және ондай адаммен неке қиюға тыйым салған.

 

Әлидің (р.а) әмірші болып сайланғандағы алғашқы сөзі

Мұсылмандардың әміршісі адамдарға қарап былай деді: «Расында, Алла Тағала жол басшы ретінде Кітабын жіберді және онда игілік пен зұлымдықты түсіндірді, ізгіліктен ұстаңдар да, зұлымдықты қалдырыңдар. Алланың алдындағы міндеттеріңді орындаңдар, сонда Ол сендерді Жәннатқа кіргізеді. Ақиқатында, Алла белгілі тыйымдар орнатты және барлық тыйымдардан мұсылманға зиян тигізуді артық етті. Шынайы мұсылман – өзге мұсылмандар оның тілі мен қолынан зиян шекпейтін мұсылман. Парыз болған жағдайдан басқа мұсылманға  мазасыздық тигізуге рұқсат етілмейді...Ақиқатында, адамдар – сендердің алдарыңда, ал арттарыңнан қуып келе жатқан Сағат бар. Адамдарды мәңгілік өмір күтіп тұр. Оның құлдарына және жеріне қатысты Алладан қорқыңдар. Өйткені, сендер жер және жануарлар үшін де жауапкершілік арқалайсыңдар. Аллаға бойұсыныңдар және Одан бағынбаудан тыйылыңдар, жақсылықты көрсеңдер, қабылдаңдар, ал, зұлымдық көрсеңдер тастаңдар: «Сендер жер бетінде аз әрі әлсіз болып, адамдардың сендерді басып алуынан қорқып тұрған кездеріңде, Оның сендерге пана бергенін, Өз жәрдемімен қолдағанын және шүкір етулерің (берген игіліктеріне алғыс білдірулерің) үшін жақсы нәрседен ризықтандырғанын естеріңе алыңдар» («Әнфал» сүресі, 26-аят)». Бұл оқиға дәл Османға (р.а) жасалған қастандықтан кейін орын алып тұрғандықтан, Әли (р.а) мұсылманның өмірі, мүлкі мен намысы харам екендігін, зұлымдықтан қашық болу керектігін тілге тиек етті. Содан кейін өлім мен ақыретті еске салып, Алладан қорқуға шақырды. Және ұлы аятты ауызға алып, өздерінің исламға дейінгі және кейінгі жағдайларын еске алып, ой елегінен өткізуді өсиет етті.

 

Әли ибн әбу Талиб (р.а) енгізген өзгерістер

Әлидің (р.а) билікке келуі ішкі бүліктер мен түсініспеушіліктердің кең етек алып тұрған уақыты болғандықтан Исламға жаңа жерлерді қосу туралы әңгіме қозғалған жоқ. Жаңа басшының алдындағы мақсат – мұсылмандардың бірлігін сақтап қалу, тыныштық, бірқалыптылық орнату болды.

Әли (р.а) қаржы жүйесін Әбу Бәкірдің (р.а) уақытындағы жүйеге қайта түсірді. Яғни, ешкімді ерекшелемей, бай-бақуаттыларға да, кедейлерге, құлдықтан босатылғандарға бірдей қаражат бөліп отырды. Жер салығын (хараж) әкімдер жинап отыратын болды. Және әкімдерге осы мәселеге байланысты тиянақты бақылау орнатты, әр облысқа арнайы адамдарын жіберіп, олар әкелген есеп пен ақпарат арқылы жағдайға қанық болып отырған.

Сот жүйесі өзгеріссіз қалды. Алайда, сот үкімін шығарушылардың барынша білімді, ұстамды, әділетті болуын жіті қадағалады. Адамдарға қолжетімді болу үшін сот істері қаралатын мекемені әр қаланың орталығына орналастырды. Сотқа жүгінушілер ешқандай ақы төлемейтін. Осы кезеңде қорғаушылар да жоғары деңгейде қалыптасып жатты.

Әлидің (р.а) уақытындағы облыстар төмендегідей болатын:

1.     Мекке;

2.     Медине;

3.     Бахрейн және Оман;

4.     Йемен;

5.     Шам;

6.     Жазира

7.     Египет

8.     Басра

9.     Куфа

10.                       Шығыс облыстар (Фарса, Хорасан, Әзірбайжан)

Облыс жағдайы тыныш емес еді. Алайда, мұсылмандардың әміршісі бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін барын салды. Әр уақытта шығып отырған кедергілер оның көптеген жоспарларының алдын кесіп отырды. Облыс әкімдерінің басым көпшілігі ауысты және олар жағдайды түсініп Әлиге (р.а) қолдау көрсетуге тырысты. Осман (р.а) маңызды орындарға өз туыстарын тағайындаған болса, Әли де (р.а) туыстары Абдуллаһты, Убайдуллаһты, Қусамды, Тамамды, әл-Аббастың ұлдарын, Мұхаммед ибн Әбу Бәкірді (өзі тәрбиелеген), Абдуррахман ибн Хубайрды (оларға Алла разы болсын) жауапкершілігі маңызды орындарға қойды. Ол бұл жерде туыстық қатынасқа емес, адамдардың біліктілігіне, қабілетіне қарады. Әрбір әкіммен тығыз байланысты болып, хат жазысып, көзбе-көз кездесулер ұйымдастырды. Арнайы инспекторлары әкімдерге ескертусіз барып облыс тұрғындарынан әкімдер туралы сұрастыратын. Әли (р.а) әкімдерге қатысты түскен әрбір шағымды жеке қарап, жазалауды кешіктірмейтін.

 

«Түйе шайқасының» себептері мен барысы

Сахаба Талха Убайдуллаһ пен Зубайр ибн әл-Аууам Әлиге (оларға Алла разы болсын) ант бергеннен кейін, алдына келіп, Османды (р.а) өлтірушілерді жазалауды талап етеді. Әли (р.а) елдегі жағдайды ескеріп, дәл қазіргі аласапыран уақытта бұл істі қолға алса пайдасынан зияны көп болатындығын ескеріп, алдымен тұрақтылық пен тыныштық орнатып,  қылмыскерлерді жазалауды кейінге қалдыруға шешім қабылдайды. Яғни, қылмыскерлерді жазалау керектігін жоққа шығармайды, бар болғаны орайлы уақытқа шегереді.

Оның бұл шешіміне қанағаттанбаған Талха мен аз-Зубайр Әлиден (оларға Алла разы болсын) рұқсат алып Меккеге аттанады. Сол уақытта мұсылмандардың анасы Айша анамыз (р.а) Меккеде қажылық парызын өтеп жүрген болатын. Оларға Яғлә ибн Умайя пен Абдуллаһ ибн Әмр (р.а) қосылады. Аты аталғандар және басқа да ниет білдірушілер Меккеден Басраға қарай жолға шығады. Мақсат анық еді: Османды өлтірушілерді жазалауды талап ету, орын алған жағдайды түзеу, бүлікшілердің жасағанын адамдарға ескерту, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю. Олардың ойынша, бүлікшілердің жазасыз қалдырудың соңы басқа да билік иелерін өлтіруге жол ашады. Жол бойында, Басра жерінде оларды қолдаушылар табылып, қатарларына қосылып жатты. Олардың ешбірінің Әлидің (р.а) билікке келуіне мүлде қарсылығы болмады.

Осылайша Айша анамыздың (р.а) басралықтарға жасаған үндеуінен кейін халық бірден қолдау білдіріп, бүлікшілермен қақтығыстар басталып кетеді. Мұны естіген Әли (р.а) Басраға қарай сапар шегуді ойластырады. Көптеген сахабалар райынан қайтармақ болғанымен, Әли сапарға шығып кетті. Алдымен Куфаға барып, халыққа үндеу айтып, Басрадағы қақтығыстарды тоқтатып, тыныштық орнатуға көмек беруді сұрайды. Яғни, Әли Басраға Айша, Талха, аз-Зубайрдың (оларға Алла разы болсын) әскерімен соғысу үшін емес, адамдарды татуластырып, бүліктің отын өшіруге барған еді.

Әли (р.а) Басраға келген бетте татуласу амалдарына кірісіп кетті. Әл-Кағкағ ибн Әмр ат-Тамимидің (р.а) бейбітшілік келісімін жасаудағы рөлі зор болды. Ол Айша, Талха, аз-Зубайрды (оларға Алла разы болсын) ортақ мәмілеге келуге көндіреді. Алдымен олардың мұнда келудегі мақсаттарын сұрайды. Сонда үшеуі де бірауыздан: «Адамдардың арасында болып жатқан жағдайды түзеу үшін» деп жауап береді. әл-Кағкағ (р.а) оларға жағдайды баяндап береді. Олардың адамдары бүлікшілерді жазалаймыз деп, басқа да тайпалардың қару алып, көтерілуіне жол ашып жібереді, жан-жақтан жиналған бүлікшілердің жақтастары үлкен шайқасқа дайындалып жатқан болатын. Тіпті бүлікшілердің біреуінің артынан алты мыңдай адам еруге даяр болды. Егер осындай топтар әр жерден көтеріле берсе, үлкен соғыстың орын алу мүмкіндігі жоғары еді. Бұл жағдайдағы ең басты дәрісі – тынышталу болатын. Бәрі сабырға келіп, Әлиге бағынса, ол да бұл жағдайды пайдаланып бүлікшілерді жазалауға мүмкіндік алатын. Осының бәрін жан-жақты түсіндірген Кағкағтың сөзінен кейін Айша да, Талха да, Зубайр да, райларынан қайтып, Әлимен (р.а) бір пікірді ұстануға келіседі. Екі жақтың адамдары да бұл шешімге қуанышты екендерін білдіріп, татуласуға дайын болды. Әли Талха және аз-Зубайрмен (оларға Алла разы болсын) бетпе-бет кездесіп ортақ мәмілеге келеді. Әли өз әскеріндегі бүлікшілерді қалдырып, ертесіне-ақ қайтуды ойластыра бастады.

Екі жақтың татуласуынан сескеніп, олар біріксе біздің қанымызды төгеді деген ойға келген «сабаиттер» дереу жаңа жоспар құруға кірседі. Олар таң атпай тұрып, Әли мен екінші тараптың әскеріне шабуыл жасайды. Тіпті, не болғанын ойланып, қорытуға мүмкіндік берместен бас салады. Тас қараңғыда тұтқиылдан шығып, шайқасты бастап жібереді. Талха мен аз-Зубайрға (р.а) шабуыл жасаушылардың куфалықтар екендігі туралы жалған ақпарат жібереді. Ал Әлиге (р.а) басралықтар шайқас бастады деген ақпарт түседі. Алайда, екеуі де соғысуға бұйрық бермейді, «Адамдар, тоқтаңдар!» деп шайқасты барынша тоқтауға әрекет жасайды. Аласапыран орын алып қойғандықтан, ешкімді тыңдату мүмкін емес еді.

Зубайр да, Талха да (р.а) бұл соғысқа қатыспады. Дегенмен, шайқас орын алған жерден алыстап кеткен Зубайрды (р.а) ибн Журмуз атты адам қастандықпен өлтіріп кетеді. Ал Талхаға (р.а) шайқастың басында кездейсоқ атылған садақ оғы тиіп, қаза болады.

Әли (р.а) көз алдында қырылып жатқан адамдарды көріп қайғыға батты. Ұлы Хасанды (р.а) құшақтап: «Ұлым, әкең осыдан жиырма жыл бұрын өліп кеткенде ғой!» деп жылады. Хасан (р.а): «Әке, мен сені тоқтатуға тырыстым ғой!» дегенде Әли (р.а): «Мен осыған дейін жетеді деп ойламап едім. Осыдан кейін өмірдің қандай дәмі болсын? Осыдан кейін қандай жақсылықтан үміт етуге болады?» деумен болды.

Бұл уақытта Айша анамыз (р.а) Басра тұрғындарының әскерінің ортасында түйеге орнатылған зембілде отырған болатын. Шайқастың атауы да Меккеден әкелінген осы түйеге байланысты қойылған. Анамызға атылған садақ оқтары зембілге қадала берді. Нәтижесінде, зембіл тап бір кірпі кейпіне енді. Мұны көрген Әли (р.а) Айшаның (р.а) өміріне төнген қауіпті ойлап, түйенің тірсегімен бірге кестіріп, зембілді қауіпсіз жерге орналастырады. Айша да, Әли де бүлікшілерге қарсы дұға жасап, оларға қарғыс тілейді. Көп ұзамай шайқас тоқтады. Басралықтар ойсырай жеңілді. Және олар Әлиге (р.а)    бірауыздан ант береді. Бұл шайқаста қаза болғандардың нақты саны туралы деректер жоқ.

Айта кететін ең басты мәселе – осы уақытта Мединеде он мың сахаба болған. Алла Елшісінің әз сахабалары өздерін бүліктен барынша аулақ ұстады. «Түйе шайқасына» тек қана төрт сахаба қатысты. Бұл төртеуі де орын алған жағдайға мүдделі емес еді және ешбірінің кінәсі жоқ. Негізі Абдуллаһ ибн Сабадан бастау алған сабаиттер тобы тұтқиылдан жасаған шабуыл нәтижесі мұсылмандарға өшпес жара салды.

Айша анамыз (р.а) «Түйе шайқасы» туралы: «Ақиқатында, менің орным адамдардың тарқауына себеп болуын қаладым, бірақ, адамдар соғысуды бастап кетеді деп ойламап едім, егер мұны білген болсам, ешқашан бұлай жасамас едім»; «Мен «Түйе шайқасы» күні жасағанымды болдырмас үшін Пайғамбардан Абдуррахман ибн әл-Харис ибн Һишам секілді он ұлым болып, оның бәрінен де айырылып қалуды қалар едім» деген. Аз-Заһаби: «Күдіксіз, Айша өзінің Басраға жасаған сапарына және «Түйе шайқасына» қатысқанына қатты өкінді және ол мәселе осылай ұзаққа дейін барады деп ешқашан ойламады» деген.Ал Әли (р.а) өз тарапынан мүміндердің анасына құрмет көрсетіп, Басраның ең танымал қырық әйелін қосып, сапарға керек-жарақтарды әзірлетіп, бауыры Мұхаммед ибн Әбу Бәкірге (р.а) Мединеге жеткізуді тапсырады. Өзі де ұлдарымен бірге біраз жолға дейін шығарып салады.

Алла Елшісі бұл туралы Әлиге (р.а)  «Сенің және Айша екеуіңнің араларыңда бір нәрсе (келіспеушіліктер) туындайды..» деген екен. Сонда Әли (р.а): «Бұл мен боламын ба? Онда мен адамдардың ең бақытсызы екенмін, уа, Алланың Елшісі» дейді. Сонда Пайғамбар : «Жоқ... Алайда, бұл жағдай орын алғанда, оны тұрағына қайтар» деген (Ахмад). Бұл оқиға хижраның 36 жылы жумада-әс-сәни айының 16 жұлдызында Басраға жақын маңда орын алған.

 

 

www.asylarna.kz



Достарыңызбен бөлісіңіз!




Нәтижелері жоқ.



Please enter the letters as they are shown in the image above.
Letters are not case-sensitive.
.