23.10.2017
ТаңКүнБесінЕкінтіАқшамҚұптан
05:5707:1312:4016:1618:0019:16

ӘЗІЛДЕСУГЕ БОЛМАЙТЫН ТӨРТ ЖАҒДАЙ

3881 рет оқылған
image 1

 

«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» демекші, сөз қадірін білетін халқымыз әзіл-қалжыңға жүйрік. Орнымен қалжың айта білу – ұжымда да, отбасында да береке-бірліктің сақталуының бір кепілі. Алайда, әзілді де орнымен айта білу керек. Орынсыз қалжың, шектен шыққан әзілдің реніш тудырып, ашу мен ыза шақыратыны да бар.

 

 

Адамның кескін-келбетін әзілге қосу – әдепсіздік

 

Асыл дініміз әзілді тыймайды, бірақ белгілі бір шарт-талаптар қояды. Кейде арамызда бір-бірімізбен әзілдесіп жатып, ата салтымыздан, ар-ибадан, асыл діні белгілеп берген, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сызып берген шекарадан аттап, шектен шығып кетіп жатамыз. Сондықтан, әзілдің де мөлшерін біле жүргеніміз жөн болар. Қазақ «әзіл түбі – зіл» дейді.Ең бірінші, адамның түр-келбеті туралы әзілдеуден аулақ болыңыз. Бұны әзілге қосу – әдепсіздік. Алла Тағала барлық құлдарын көркем бейнеде жаратқан. Құранның «Тин» сүресінде: «Адам баласын ең көркем бейнеде жараттық» («Тин» сүресі, 4-аят) дейді. Алла сөзінің растығын, адам табиғатының кереметтігін, оның  кескініне, бейнесіне, мүшелеріне, қасиеті мен қабілетіне қарап білсек болады. Адамның жүріс-тұрысын және қимыл-әрекеттерін мазақ етіп, қалжыңдау да дұрыс әдеттерден емес. Бұл өте сәтсіз қалжың болар еді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бауырыңа күлуші болма, Алла Тағала оған мейірімділік етіп, сені пәлеге ұшыратуы мүмкін», – деген екен (Тирмизи).Бұлай адамдардың кейбір кемшіліктерін айтып, әзілдеуге болмайды. Және әзілдеу уақытында, оның кемшіліктерін қимылмен, ишарамен көрсетіп, күлкі қылу да әдепсіздік болар еді. Бұл – ғайбаттаушы, өсек тасушы адамның сипаты.Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айша анамыз бір әйелдің бойының қысқалығын айтып қалғанда: «Қой, ғайбат айтпа. Әлгі сөзіңді теңізге тастаса, тұтас былғап жібергендей екен», – деп сол мезетте тыйған екен (Ибн Касир). Тағы бір хадисте: «Бауырының кемшілігіне күлген адамның өзі сол нәрсемен сыналмайынша жаны шықпайды» делінген.

 

Адамның діни көзқарасына күлу – мәдениетсіздік

 

Әзіл реніш тудырмайтын, адамның абыройына, ата-тегіне және ойына қол сұқпайтындай болуы керек. Ұлтына, жынысына, нәсіліне, дініне қарамастан барлық адамның құқығы бірдей. Сондықтан, біреудің ұлттық ерекшелігіне, діни көзқарасына күлу – мәдениетсіздік. Мәселен, «Еңкейіп, тоңқайып не істеп жатырсың» деп намазды, «Не пәле, басынды тұмшалап орап алыпсың!» деп шариғат шәлісін әзілге айналдыру. Дінді қалжыңға себеп ету сенімге селкеу түсіреді.Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әзіл арасында ғайбат, мазақтау, келеке етудің болмағанын талап ететін. Әзілге оңтайлы уақыт, орын таңдай білу – сүннет. Әзілдің әдебін сақтай білгенде ғана құлшылық жасаған болып саналамыз. Адамдардың кемшілігін емес, керісінше, мәртебесін көтеретін сөздерді айтып үйреніңіз. Олай жасау сізді Алланың алдында дәрежеңізді көтеруі мүмкін. Адамдарды қолдап, көңілін көтеріп, биіктету – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақсы әдеттерінен еді.  Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үнемі сый-сыяпат әкеліп жүретін Захир есімді бәдәуи бар еді. Бір күні Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  оның артынан келіп: «Маған мына құлды кім сатып алып береді?» деген екен. Захир: «Уа, Алла Елшісі, көр де тұр, мен өтімді тауар емеспін» дейді. Сонда Пайғамбар: «Сенің бағаң Алла алдында жоғары» деп жауап береді. (Ибн Хиббан). Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл әзілі арқылы оның жай ғана құл емес, Алланың құлы екендігін, ал Аллаға құл болушының бағасының жоғары болатындығын меңзейді.

 

Жұмсақ айтылған әзіл – құлшылық

 

Сахаба Сағд бин Әбу Уаққас (оған Алла разы ): «Әзіліңді қысқарт. Оның көп болуы абыройыңды кетіреді және ақымақтар саған батылдана бастайды», – деген екен.Ғалымның дәрежесі бар, үлкен кісінің құрметі бар дегендей. Сондықтан, қарсы алдыңыздағы адамды танымай әзілдесуге болмайды. Ақымақпен (ақыл-есі кем), тентекпен және танымайтын кісімен әзілдеспеген жөн. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен былай (қолымен бармағының ұшын көрсетіп) болса да біреудің кемшілігін сипаттағанды ұнатпаймын», – деген. Алланың жаратқан бір адамын келеке ету дұрыс емес. Егер біреуге ұқсап, соны салғыңыз келсе, бір адамның жақсы әрекеттерін қайталап үлгі алсаңыз, бұл жақсы әдеттерден. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үлкен кісілермен де жылы әзілдескен. Бірде қарт әйел келіп: «Мен де жұмақтағылардың қатарынан болғым келеді, дұға етіңізші» деп өтінгенде, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Жәннатта қарт кісілер болмайды» деп әзілдейді. Мұны тура мағынада түсінген әйел жылап кетіп қалады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол кісіге айтыңыздаршы, әйелдер қартайған түрінде емес, Алла оларды уыздай жас күйінде жұмаққа кіргізеді» деп түсіндіреді. (Тирмизи).Орнымен әрі жұмсақ айтылған әзіл – құлшылық. Мұндай әзілдерді әдетке айналдыру арқылы Алла Тағаланың (Ей, Мұхаммед!) Айт: «Егер Алланы жақсы көретін болсаңдар, онда маған еріңдер. Сонда Алла сендерді жақсы көреді әрі күнәларыңды кешіреді. Ақиқатында, Алла – өте Кешірімді, ерекше Мейірімді» деп» деген бұйрығына амал жасаған боламыз. («Әли-Имран» сүресінің 31-аят).

 

Жиі жөнсіз әзілдеу – құрметсіздік

 

Әзілдеу арқылы адамдарды күлдіру күнделікті өміріңізге еніп кетпесін. Онда сіздің сайқымазақтан еш артықшылығыңыз болмас еді. Иә, дұрыс, адамдарды күлдіре біліңіз, оларға сол арқылы керемет көңіл-күй сыйлай біліңіз. Бірақ... Тағы да сол шектен шықпауды, сызылған шеңберден асып кетпеуді әдетіңізге айналдырыңыз. Омар бин Абдулазиз (оған Алла разы болсын): «Мазақ етуден сақ болыңдар. Ол кек тудыратын ақымақтық», – деген екен. Ал, Имам Науаи: «Тыйым салынған әзіл – шектен тыс және ұдайы болған қалжың. Мұндай қалжың иесін күлкіге қалдырып, жүрегін қатайтады және Алла Тағаланыеске алудан қағады. Көп жағдайда адамдарға зияны тиеді, кек пен өшпенділік тудырады. Адамның беделін түсіреді. Ал, мұның барлығына қатысы болмаған әзілге рұқсат. Алла Елшісі де (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осылай етуші (әзілдеуші) еді», – деген.Сондықтан, әзіл салмақтылық деңгейінен асып түсіп, сізді сайқымазақ атап кетуі мүмкін болатындай жағдайда әзілдемеген абзал.Бұл адамның абыройын түсіреді. Оны салмақты қабылдамайтын болады. Басқалар да оны келеке ететін болады. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге әрдайым әзілдеп жүріңдер деп айтқан жоқ.  Себебі, мұсылманға жөнсіз әзілдеу жараспайды.

 

 

Бір ауыз сөз сізді Жәннаттың ең жоғары дәрежесіне шығара алады, керісінше, бір ауыз сөз тозақтың ең қатты азабына түсіруі мүмкін. Адамдармен әзілдескен кезде де осы қағиданы ұмытпаңыз. 

www.asylarna.kz



Достарыңызбен бөлісіңіз!




Нәтижелері жоқ.



Please enter the letters as they are shown in the image above.
Letters are not case-sensitive.
.