19.08.2017
ТаңКүнБесінЕкінтіАқшамҚұптан

2016 жылдың ең үздік посттары

2902 рет оқылған
image 1

1.     АЛЛАНЫҢ МЕЙІРІМІН ҚАРАШЫ!!! 



Бірде бір кісі ғұлама Яхья ибн Му’аздың алдында Құрандағы Алла Тағаланың Мұса мен Һарун пайғамбарды  Перғауынға жіберіп: "Оларға жылы сөз сөйлеңдер. Бәлкім ол тура жол тапқандардан болар немесе қорқар" деген аятын оқиды. ("Та һа" сүресі, 44-аят) 
Сол кезде Яxья жылап жібереді де: "Я, Алла, сен "Мен құдаймын" де
п шектен шыққан адамға жылы сөз сөйлеуге бұйырып жатырсың. Сонда Сенің "Сен Құдайсың" деген пендеңе мейірімің қандай болмақ?!" - деген екен.

 

2.     НАМАЗ БАСТАУДЫҢ ОҢАЙ ЖОЛЫН ІЗДЕП ЖҮРСІЗ БЕ?

 

Cіз намаз оқитын адамның ойы да, жүрегі де тыныштықта болатынын, оның ұлы табыс иесі екенін, намаздың бұл дүниеңіз үшін де, ақиретіңіз үшін де пайдасы ұшан-теңіз екенін білесіз. Сіз де Аллаға ұнамды амал жасап, Оның сүйікті құлы болғыңыз келеді. Сіздің де намаз оқып, таза жүргіңіз келеді. 
Бірақ күн ұзақ жұмыс істейсіз. Артық уақытыңыз жоқ. Бір жағынан, бес уақыт намаздың бәрінің сөздерін жаттау қиын деп ойласаңыз, екінші жағынан, «намазымды уақытында оқи алмасам не болады?» деген секілді күмәнді ойлар мазаңызды қашырады. Жұрттың “намазды тастау – ауыр күнә», «намазда қателесуге болмайды» деген секілді сөздері де намаз бастауға деген ықыласыңызды суытып, қадамыңызды тежейді. 
Бірақ, ойланыңызшы, небір алып ғимараттар, зәулім үйлер бірден пайда болып, тұрғызыла салмайды ғой. Теңіз де тамшылардан құралады. Киіз үй тұрғызған адам алдымен керегелерін тұрғызады. Кейін ашық керегеден суық кіріп, үстінен жауын өтетінін сезген соң, уығын қадап, шаңырағын көтереді. Үстін жапқыштармен жабады, астына киіз төсейді, т.б. 
Сол секілді сіз де бір Аллаға тәуекел етіп, таң намазынан бастап оқып көріңіз. Кейін, әлбетте, бес саусақ бірікккенде ғана жұдырыққа айналатынын сезіп, парыз болған бес намазыңыздың басын түгендеп аласыз! 
Бірақ ескере кетерлік бір жайт, сіздің о бастағы ниетіңіз «Мен осы таң намазын ғана оқысам болды, осы да жетеді» деген сипатта болмауы керек. Керісінше, мен таң намазын оқып жүріп, кейін қалған намаздарымды да толықтырып аламын, ақырын-ақырын бес уақыт намазға көшемін деген ойда, ықыласта болуыңыз қажет. Себебі, Алла Тағала бізге бес уақыт намаз оқуды парыз еткен. 
Алла сіздің шынайы ықыласыңызды қабыл алып, сізді Өзінің сүйікті құлдарының қатарына қоссын!

3.     ЕКІ АЯҚТА ЕС БОЛСА...

 

«...Мен кейде сорлы екі аяқты аяймын. Адамды апармайтын жері бар ма? Қарындыны да, дарындыны да көтеріп жүрген – екі аяқ.
Екі аяқа ес жоқ. Сондықтан да мешітке сирек барады. Екі аяқта ес болса, ең әуелі мешітке бармас па еді?..» - депті Нұртөре Жүсіп «Біз кімнен кембіз?» деп аталатын еңбегінде. Осыған байланысты атақты сахаба Әбу Һурайра (р.а) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізген:
1. «Мешітке барушыға, не болмаса ол жерден оралушыға Алла Жәннатта тамақ дайындайды» (Бұхари, Муслим).
2. «Мешітке қараңғы түнде барушыларды Ақыреттегі кәміл нұр жайлы хабарлап қуандырыңдар!» (Әбу Дауд, Тирмизи) 
(яғни ол адамдарды нұр жан-жағынан қоршап тұрады) .
3. «Адамның жамағатапен оқыған намазы, оның үйде не болмаса, базарда оқыған намазынан жиырма бес есе артық, әрине егер ол дәретін дұрыстап алып, сосын мешітке тек намаз оқу үшін ғана барса. Ол мешітке қарай басқан әрбір қадамы үшін бір саты жоғарылайды және бір кішігірім күнәсінан арылып отырады және періштелер: “Иә Алла, оны кешір, иә Алла оған рахым ет!”, - деп ол үшін дұға жасаумен болады» (Бұхари, Муслим). 
Иә, мешіт - адамды өзін жоқтан бар етіп жаратқан ғаламның Иесі Алламен жақындастыратын орын. Мешіт – адамдардың бір-біріне деген жанашырлығын, бауырмалдығын күшейтіп, жаныңызға тыныштық сыйлайтын бірден-бір мекен. Ендеше, осындай демалыс күндерін пайдаланып, қолыңызда тұрған мүмкіндікті жіберіп алмаңыз!

4.     ЖАМАНДЫҚТЫ КЕТІРІП, ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖЕТКІЗЕТІН ЖОЛ!

 

Жер бетінде мақсатсыз адам жоқ. Бәрінің де көздеп жүрген арман-мұраттары бар. Ал пенде сол тілегіне тек Алладан дұға ету арқылы ғана жете алады. Себебі, «дұға» сөзінің мағынасы «сұрау», «жалбарыну» дегенге саяды. 
Мейірімі Күшті Алла Тағала Құранда: «Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен - жақынмын. Қашан менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл аламын...» («Бақара» сүресі, 186-аят), - деп Өзінен медет тілеген құлдарына мейірім есігін ашатынын айтқан. 
Дұға – жамандықты кетіріп, жақсылыққа жеткізетін жол. Ол – дауа атаулының ең қайырлысы, әртүрлі сынақ, бәле-жала, қиындық атаулының қарсыласы. Дұға пендені қорғап, емдейді, зауалдың төнуінен сақтайды. Ал басқа бәле түскен жағдайда дұға оны кетіреді немесе жеңілдетеді. Демек, дұға – мұсылманның қалқаны, қорғаны, қаруы.


5. "АПА, ЕСІГІ ЖОҚ АДАМДАР ҚАЙТІП КҮН КӨРЕДІ?"

 

Бір елдімекенде бауырына қысқан жалғыз баласы бар жесір әйел өмір сүреді. Тұрмысы төмен әйелдің төрт қабырғалы, ағаш есікті, төбесінен су ағып тоқтамайтын лашығынан өзге ештеңесі жоқ екен. Бірақ не көрсе де, тағдырына ризашылық танытып, Алланың бергеніне шүкіршілік айтуын тоқтатпайды. Бір күні аяқ астынан күн реңі бұзылып, қатты жаңбыр жауады. Кішкентай сәби көзі жәутеңдеп анасының құшағына қарай тығылады. Бірақ әйелдің киімдері су-су, әлдеқашан дымқылданып қалған еді. Не істерін білмей жан ұшырған ана ағаш есіктің үстіңгі топсасын сындырып, есікті төбелеріне шатыр етеді. Сонда жаңбырдан қорғанатын осындай есігі болғаны үшін өзін керемет «бай» сезінген бала: «Апа, мұндай жауынды күнде біздікі секілді есігі жоқ адамдар қайтіп күн көріп отыр екен?» - депті...
«Алланың берген нығметтеріне шүкірлік ет, сонда жер бетіндегі ең бай адам - өзің боласың» (Тирмизи, Ахмад).
«Аллаға ғана құлшылық қыл және шүкір етушілерден бол!» («Зумәр» сүресі, 66-аят)

6.     ТАПҚЫР ӘКЕНІҢ ТӘРБИЕСІ

 

Қарап отырсаңыз, адамның оңбай опық жеп сүрінуінің, қателік, кемшілік жіберіп өкінуінің көбі жас кезінде орын алады екен. Осыны ескерген бір кісі өзінің төрт баласының болашағына алаңдап, оларды жас күнінен сабырлы, ақылды болуға тәрбиелемек болады. Бір күні әкесі балаларын жинап, оларды елден жырақта орналасқан алып дарақты көріп қайтуға жібереді. Бірақ төртеуі жеке-жеке, жылдың төрт мезгілінде барады.
Қыста барған алғашқысы әлгі ағашты көріксіз әрі қурап кеткен екен деп сипаттайды.
Көктемде барған екіншісі: "Жоқ. Ол ағаш жасыл желек жамылған, әдемі дарақ", - дейді.
Ағашты жазда көрген үшінші бауырлары екеуінің сөзіне таңданып: "Оның бетін гүл жапқан, аңқыған керемет жұпар иісті еді ғой", - дейді.
Төртінші, кенже ұл: "Сендер сонда ондағы самсап тұрған, уылжыған тәтті жемістерді көрмедіңдер ме?", - дейді. 
Төртеуінің сөзін түгел тыңдап болған көпті көрген көнекөз әкелері: "Көрдіңдер ме, дәл осы секілді әр адамды бір сипатына қарап не бір жағдайда көрсеткен мінезіне қарап бағамдап, түсінік қалыптастыруға асықпау керек. Асығыс шешім оңдырмай опық жегізіп, көп жақсылықтан мақұрым қалдыруы мүмкін", - деген екен.

7.     ЕҢ ҮЛКЕН СЫЙ!

 

"Ақиқатында мұсылман (бойсұнушы) ерлер мен мұсылман əйелдерге, мүмін (иманды) ерлер мен мүмін əйелдерге ... Алла кешірім əрі ұлы сый дайындады!" ("Ахзаб" сүресі, 35-аят) 
Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала: «Ізгі пенделерім үшін көз көрмеген, құлақ естімеген, адам баласының жүрегіне келмеген нәрселерді қазына етіп дайындадым. Бұлар Алла өздеріңе хабарлаған сыйлықтардан өзге», – деді». 
Иә, Мейірім мен Кешірім Иесі болған Жомарт Алла Құранның бір емес, бірнеше жерінде бойұсынушы пенделеріне арналған үлкен сый бар екенін айтып сүйіншілейді. 
Бүгінгі таңда түрлі мекемелер мен ұйымдар өз қызметкерлерін ынталандыру, жұмыс сапасын арттыру мақсатында əртүрлі көлемде сыйақылар тағайындайтынын көріп жүрміз. Мұндай сыйақыға қуанбайтын, ұмтылмайтын адам кемде-кем. Тіпті, жаны таза деген сəбилердің өзіне сыйлықпен мотивация бермейміз бе? "Балам, егер осы кітапты оқып бітсең, велосипед алып беремін. Қызым, осы жұмысты бітірсең, кешкісін серуенге шығамыз" дегенді естіген əрбір бүлдіршін бұйырғаныңды бұлжытпай орындауға асығатыны анық. Өйткені, сыйға, жақсылыққа, ұмтылу – адам баласының табиғатына тəн. 
Əдетте, қаржысы көп ірі ұйымдардың сыйлықтары да бағалы, сапалы болады. Ал өзіңіз ойлаңызшы, сонда күллі əлем қазыналарының Иесі болған Ұлы Алланың сыйлығы қандай болмақ? Көз көрмеген, құлақ естімеген осындай ұлы сый бәрімізге де нəсіп болсын!

 

8.     ОЛ  ƏЛЕМДЕРДІҢ РАББЫСЫ!

 

ОЛ бүкіл нəрсені жоқтан бар етіп, оларға өлшем, кескін, бейне берді. 

ОЛ жанды жаратты. 

ОЛ жаратылыстарының тағдырын белгіледі, пенделеріне кедейлік пен байлықты үлестірді. 

ОЛ аспанды ешқандай тіреуішсіз жоғары көтеріп қойды. Жерді жайып, суы мен жайылымдарын шығарды. 

ОЛ таңды атырды. Түнді тынығу, ал күндізді тіршілік қамын жасау уақыты етті. Айды уақытты есептеу үшін берді. 
ОНЫҢ есімі ұлы, патшалығы кең, күш-құдіреті шексіз. Одан басқа жəрдем тілеп, арқа сүйейтін бірде-бір құдірет егесі жоқ! 
ОЛ қалағанының дəреже-абыройын көтереді. Қалағанының ризығын кеңітеді. Себебі, билік 
 Оның қолында! 

ОЛ  Барлық нəрсеге Күш-қуаты Жетуші. 

ОЛ, сондай Алла, өліден тіріні, ал тіріден өліні шығарады. Күндізге түнді, түнге күндізді кіргізеді. Күннің айға жетуі мүмкін емес əрі түн де күндізден озбайды. 
ОЛ 
 қалағанын жасаушы, əділдікпен ескепке тартушы! Оның үкімін жоққа шығарушы жоқ. 

Оған көмес, ғайып болған нəрсе жоқ. Ол  көкіректердегі сырды, көздердің қиянатын Білуші. 

ОЛ – қап-қараңғы түндегі қара тастағы қара құмырсқаның халінен де Хабардар. 
ОЛ Өзіне бойұсынғандардың сыйын арттырады! Аспан денелері, теңіз тұрғындары мен жер мекендеушілері ертелі-кеш Оған мақтау айтады. Оны пəктеп, дəріптемейтін ешбір жаратылыс жоқ. 
Я, АЛЛА! Барлық мақтау-мадақ пен шүкір-алғысты Өзіңе арнаймыз! Сенен басқа Тəңір жоқ! 

9. КЕДЕЙДІҢ КЕРЕМЕТ БАЙЛЫҒЫ



Бір адам өзінің кедейлігіне налып, өзінің жоқшылықтан әбден жүдеп-жадағанын айтып, қамығыпты. Сонда бір парасат иесі оған: «Сенің көзіңнің көр болмай, сау болғаны жақсы ма, жүз мың теңгеңнің болғаны жақсы ма?» – деп сұрайды. Ол: "Әрине, көзімнің сау болғаны жақсы, көздің көр болып, қолда ақша болғаннан не пайда?!" – дейді. Әлгі кісі: "Сенің екі қол, екі аяғың кесілген болып, екі жүз мың теңгеңнің болғаны жақсы ма?" – деп сұрайды тағы. Ол: "Жоқ!" – дейді. Әлгі кісі тағы: "Сен жынды болып, көп ақшаңның болғаны жақсы ма?" – деп сұрайды. Ол: "Жоқ, әрине!" – дейді. Сонда әлгі парасатты кісі: "Жаратқан Иең ақшадан артық денсаулық берген екен, соған қанағат демейсің бе?" – деген екен...

 

10. ҚОҚЫСҚА АЙНАЛҒАН АЛТЫН!


Баяғыда бір кедей қарт өмір сүріпті. Өзінің шағын кәсібі болса да тірлігі өрге жүзіп, бақуатты бола қоймапты. Кедейліктен шаршаған қарт бір күні "осы пәлен деген байлардың ісі дөңгеленіп жөнеледі де, маған келгенде теңізді су алатыны несі екен" деп налып келе жатса, алдынан ғайыптан біреу пайда болып: – Уа, қарт, налыма! Мен саған қалағаныңша алтын бере аламын. Тек бір ғана шартым бар. Егер алтынды жерге түсіріп алар болсаң, барлығы да қоқысқа айналады, - дейді.

Қарт келісіп, қапшығын ашады. Ғайыптан жолыққан жан оны алтынға толтырып:
– Жеткілікті ме?-деп сұрайды. Қарт:
– Тағы кішкене,-деп, қайта-қайта салғызады. Аузы мұрнынан шығып тұрған қапшықты көтере бергенде қапшық жыртылып, алтын жерге шашылып, барлығы да қоқысқа айналып кеткен екен.
Жүректе қанағат болмаса, қара жердегі байлықтың барлығы да аз көрінетіні анық...Ал қанағат қашанда қарын тойғызған...

11. Қолыңды пендеге емес, Аллаға жай. Адамдар 5-10 теңгесін қимауы мүмкін. Ал Игілік беруші, Жомарт Алла «пендесі екі қолын көтергенде, оны бос қайтарудан ұялады» (Әбу Дауд, әт-Тирмизи, Ибн Мәжәһ) 

12. БҰЛ ЕКІ СҮРЕНІ ОҚЫҒАННЫҢ ҚАЛАҒАН ТІЛЕГІ БЕРІЛЕДІ!


“Жәбреил періште (ъ.с.) Пайғамбардың (
) жанында отырған уақытта, төбеден есiктiң ашылғанына ұқсаған дыбысты естiдi. Жәбраил (ғ.с.) басын төбеге көтерiп: “Бұл дүние аспанының қақпасы. Ол осы күнге дейiн жабық болып, ендi ашылды”, – дедi. Ол қақпадан сол күнге дейiн жер бетiне түспеген перiште түстi. Ол Нәбимен () сәлемдесiп: “Сүйiншi! Саған () осы уақытқа дейiн ешбiр Пайғамбарға берiлмеген екi нұр берiлдi. Ол: “Фатиха” сүресi мен “Бақара” сүресiнiң соңғы бөлiгi. Бұл екеуiнiң қайсысын оқысаң да, тiлегенiң берiледi”, – дедi.”
(Муслим)

 

13. ҚҰРАН ОҚУДЫҢ 10 ПАЙДАСЫ:

 

1. ҚҰРАН ИМАНДЫ КҮШЕЙТЕДІ. 
«Нағыз мүміндер – Алла еске алынса, жүректері қобалжитын, оларға Алланың аяттары оқылса, имандары артып, Раббыларына тәуекел қылатын (жандар)» («Әнфал» сүресі, 2-аят)

2. ҚҰРАН ЖАНЫҢЫЗҒА ТЫНЫШТЫҚ СЫЙЛАЙДЫ. 
«Солар – иманға келгендер және Алланың еске салуымен (Құранмен) жүректері тыныштық тауып, орныққандар. Біліңдер! Жүректер Алланың Еске салуымен (Құранмен) тыныштық тауып, орнығады» («Раъд» сүресі, 28-аят).

3. ҚҰРАН ОҚУШЫ ЖАНЫ МЕН ТӘНІНЕ ШИПА ТАБАДЫ. 
«Ей, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат, жүректеріңдегі дерттеріңе дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау ретінде Құран келді». («Юнус» сүресі, 57-аят). «Біз Құраннан имандылар үшін шипа және мейірім түсіреміз» («Исра» сүресі, 82-аят).

4. ҚҰРАН ҚАС ДҰШПАННАН ҚОРҒАЙДЫ.
«Кім таңертең «Аятул Күрсіні» оқыса, кешке дейін шайтаннан қорғалады, ал кім кешке оқыса, таңға дейін қорғалады» (Хаким). «Кім түнде (жатарда) «Бақара» сүресінің ең соңғы екі аятын оқитын болса, ол оған жеткілікті болады» (Бұхари, Муслим).

5. ҚҰРАН ДӘРЕЖЕЛЕРДІ КӨТЕРЕДІ.
«Расында, Алла Тағала осы Кітаппен (амал еткен) қауымның (екі дүниеде де) мерейін өсіріп, ал (амал етпеген) қауымның дәрежесін түсіріп, қор қылады» (Мүслим).

6. ҚҰРАНДЫ ТОЛЫҚ ОҚЫП БІТКЕН АДАМНЫҢ ДҰҒАСЫ ҚАБЫЛ БОЛАДЫ.
 «...Ал Құран оқудың соңында жасалған дұға қабыл болады» (Әбу Дәуд).

7. ҚҰРАН ӨЗІН ОҚУШЫҒА КЕШІРІМ ТІЛЕЙДІ.
«Құран оқыңыздар! Расында, Қиямет күні ол өзін оқығанға шапағатшы ретінде келеді» (Муслим).

8. АЛЛА ТАҒАЛА ҚҰРАН ОҚУШЫНЫ ЕСКЕ АЛЫП ҚАНА ҚОЙМАЙ, ОНЫ ТЫҢДАЙДЫ. 
«Алла тамаша дауыстыны, ол Құранды ырғағымен оқығанда тыңдағандай, басқа ешкімді тыңдамайды» (Бұхари, Муслим).

9. ҚҰРАН ОҚЫҒАН АДАМҒА ПЕРІШТЕЛЕР ДҰҒА ЖАСАЙДЫ.
«Егер адам Құран оқуды түннің әуелгі бөлігінде аяқтаса, онда періштелер ол үшін таң атқанша дұға етеді, ал егер де ол Құран оқуды түннің ақырғы бөлігінде бітірсе, онда періштелер ол үшін кешке дейін дұғада болады» (Ахмад).

10. ҚҰРАН СІЗДІ ЕҢ ЖАҚСЫ АДАМҒА АЙНАЛДЫРАДЫ!
«Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны үйреткендерің» (Бұхари).

 

 

www.asylarna.kz



Достарыңызбен бөлісіңіз!




1—3 нәрсе, барлығы 3.
Аты-жөні: Хадиша
Дата: 10.01.2017 22:28

Пікір:
Оте жаксы макалалар. Алла разы болсын.


Аты-жөні: Сымбат Елемес
Дата: 11.01.2017 14:07

Пікір:
Ма ша Алла! Алла разы болсын Асыл арнаға


Аты-жөні: Досыбекова Жұлд
Дата: 12.01.2017 10:24

Пікір:
Мақалалардың барлығы да керемет. Адамға ой саларлық. Алла разы болсын сіздерге!





Please enter the letters as they are shown in the image above.
Letters are not case-sensitive.

Мақалалар

.