01.05.2017
ТаңКүнБесінЕкінтіАқшамҚұптан

ОМАРДЫҢ (Р.А) ҮЛГІ БОЛАРЛЫҚ ІСТЕРІ, АДАМДАРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

1967 рет оқылған
image 1

Алланың Кітабы мен Оның Елшісінің () жолын өміріне негіз еткен Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) атағы мен айбары жаһанға жеткен алып мұсылман мемлекетінің билеушісі бола тұра, әрбір қарапайым мұсылманға үлгі болатын өнегелі істер атқарды, қарапайымдылық танытып, адамдармен көркем қарым-қатынаста болды.

Мұсылмандардың әміршісі әйелдерге, әсіресе, жесір әйелдерге, күйеулері уақытша жандарында жоқ әйелдерге қамқорлық жасап, олардың хақыларына берік болды. Жетім мен жесірдің шағымын бірінші тыңдап, қажеттіліктерін өтеп беруге асығатын. Өзі туралы: «Алламен ант етейін, Алла маған тағы да өмір берсе, Ирактың жесірлері ешнәрсеге мұқтаж болмауы үшін қолымнан келгенді жасаймын» деген екен.

Бірде сахаба Талха (р.а) түнде үйінен шыққан Омарды көріп, байқатпастан соңынан түседі. Ол бір үйге кірді, біраз уақыттан кейін шығып, үйіне қайтты. Мұны көрген Талха (р.а) таңертең сол үйге келіп, жүре алмайтын қарт зағип әйелдің отырғанын көреді. Әйелден: «Түнде саған келетін адам кім?» деп сұрады. Сонда ол: «Ол мені жиі зиярат етіп тұрады, қажеттіліктерімді әкеліп, қоқысты алып кетеді» деп жауап берген екен.

Өзінен көмек сұрап келгенде бос қайтармайтын, әсіресе, әйелдерге көңіл бөлетін. Хуфафа ибн Айма әл-Гифаридің (р.а) қызы күйеуінен айырылғандығын, балаларының жетім қалып, оларда ешбір мүліктің жоқ екендігін айтып келгенде, оған бірден түйе мен екі үлкен себет толы азық-түлік береді және алдағы уақытта жәрдем беретіндігін уәде етеді.

Бірде әйеліне талақ беруге ниеттенген еркектен: «Сен онымен не себепті ажырасасың?» деп сұрады. Ол: «Себебі, мен оны сүймеймін» деп жауап берген екен. Сонда Омар (р.а): «Сонда әрбір некенің негізінде махаббат жатыр ма? Одан басқа бір-біріңе деген қамқорлық және бір-біріңнің алдарыңдағы міндет деген нәрселер бар емес пе?» деп наразылық білдіреді.

Омар (р.а) естілікте, даналықта, дарында кейбір еркектерден кем түспейтін әйелдердің болатындығын түсінді. Оның билігі кезінде әйелдер қоғамда лайықты орындарын алып, пайдалы іспен айналысуға, өздерінің қабілеттері мен дарындарын ұштауға мүмкіндік алды. Айша, Умму Сәләма, Хабиба бинт умму Хабиба, Аруа бинт Курайз ибн Абд-Шамс, Асма бин Сәләм (оларға Алла разы болсын) секілді діни білімі жетік, әр түрлі діни сауалдарға пәтуа беретін әйелдердің болғандығы белгілі. Ал әл-Ханса, Хинд бинт Утба (оларға Алла разы болсын) секілді әйелдер өлең жазатын танымал ақынға айналды.

Омар (р.а) күйеулері әскер қатарында болған әйелдердің есігіне келіп: «Араларыңда базардан бір нәрсе алғысы келетіндер бар ма?» деп сұрайтын. Олар қызметшілерін жіберетін. Омар (р.а) қызметшілерді базарға ертіп апарып, қажет деген нәрселерін сатып алып беретін немесе саудагерлердің алдамауын қадағалайтын. Омардың (р.а) сауданы қадағалап, әділеттік орнатқаны соншалықты, ол кезеңде алаяқтық, таразыдан өлшеу секілді олқылықтардың барлығы дерлік жойылды.

Алыс сапардағы күйеулерінен хат келген әйелдерге: «Сендердің ерлерің – Аллаға қызмет етуде, ал, сендер – Алла Елшісінің ()  қаласындасыңдар. Егер араларыңда хат танымайтындарың болса, есікке жақындасын, мен оқып берейін» деп айтатын. Шабарман арқылы кері хат жіберетін кезде де хат жинауға өзі шығатын, сауаттылығы жоқтарға, өзі хат жазып беретін.

Омар адамдарды өте жақсы танып, сараптай білетін. Адамды бағалауға қатысты өзіндік талаптары болды. Ол адамға намазына не оразасына қарап емес, сөзге беріктігіне, жан-дүниесінің тектілігіне, мәрттігіне қарап пікір айту керек деп есептеді. Ол нағыз адам ретінде аманат етіп тапсырылғанға берік болатын, уақытында қайтаратын, өзге адамдардың намысына тиіспейтіндерді қабылдады. Сондай-ақ, әділетті әмірші адамдардың шын келбетін білуде ең дұрыс таразыны ұсынып кетті. Оның алдына екінші бір адамға куәлік еткісі келетін адам келеді. Омар (р.а) одан: «Бұл адамды білесің бе?» деп сұрады. Ол: «Иә» дегенде, Омар (р.а): «Сен оның кіретін де, шығатын да орындарын білетін көршісісің бе?» деп сұрайды. Ол: «Жоқ» дейді. «Оның мінез-құлқын білетіндей онымен сапарға шығып па едің?» дегенде, ол: «Жоқ» дейді. «Оның сенімді, тақуа екендігін білетіндей, онымен динар, дирхаммен (ақшамен) қатынас жасап көріп пе едің?» деп сұрағанда, ол тағы да: «Жоқ» дейді. Сонда Омар (р.а) даусын көтеріп: «Онда оның басын бірде көтеріп, бірде төмен түсіріп, бірде тұрып, бірде отырып мешітте намаз оқып жатқанын көрген шығарсың?» дейді. Ол: «Иә» деп жауап қатты. Сонда әмірші: «Бар, кете бер, анығында, сен оны танымайсың!» деген екен (Муслим, Ахмад).

Бірде Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) замандастарының арасында отырып: «Маған өз армандарыңды айтыңдаршы?» дейді. Олардың біреуі: «Мен осы үйдің алтынмен толтырылғанын қалар едім және мен оларды Алла разылығы үшін садақаға жұмсар едім» дейді. Омар тағы да (р.а): «Тағы да армандарыңды айтыңдаршы» деді. Басқа бір адам: «Ал мен осы үйдің жауһарға, інжуге, басқа да асыл тастарға толғанын қалар едім, сонда мен бар байлығымды кедей-кепшікке үлестіріп берер едім» дейді. Омар (р.а)  тағы да айтты: «Маған армандарыңды айтыңдаршы». Адамдар: «Уа, мұсылмандардың әміршісі, біз саған қалай жауап берерімізді білмейміз» деген екен. Сонда Хазіреті Омар (р.а): «Мен  Әбу Убайда әл-Жаррах, Муаз ибн Жабал және Салим, Әбу Хузайфаның ұлы және Хузайфа ибн Яман секілді ер азаматтар толы үйім болса екен деп армандаймын, сонда мен олардың барлығын Аллаға бойұсынуға шақыру істеріне қолданатын» едім дейді. Омар (р.а)  өзінің діндегі бауырлары туралы осылай еске алды және шынайы бауырдың қандай болатындығын сипаттап берді: «Сен өзің олармен ортада ләззат ала алатын шынайы бауырларды ізде. Олар – бейбіт күнде әшекей, сынақта қолдау. Олардың бойынан тек ең жақсыны байқауға тырыс. Дұшпаннан алыста, сенімді және берік достардан басқасынан сақ бол. Алладан қорықатындар ғана сенімді әрі берік бола алады. Бұзақымен жолдас болма, әйтпесе, одан бұзақылықты үйренесің, оған құпияңды айтпа және тек Алладан қорықатынмен ғана істеріңді ақылдас».

Омар (р.а)  адамдарды тегі мен байлығына емес, тақуалығы және амалдарына қарап бағалайтын. Бірде оған қатарында Сухайл ибн Амр, Әбу Суфиян ибн Харб (оларға Алла разы болсын) болған құрайыштардың көшбасшылары және Сухайб, Біләл (оларға Алла разы болсын) секілді бұрын құрайыштарға құл болған сахабалар келіп, кіруге рұқсат сұрайды.  Омар (р.а)  алдымен кедейлерді қабылдап, кейін көшбасшыларды кіргізеді. Олар қатты ашуға берілді. Әбу Суфиян (р.а): «Мен осыған тең келетін күнді көрмедім! Ол әлгі құлдарға рұқсат беріп, бізді есік сыртында күттіріп қойды!» дейді. Сонда Омар (р.а): «Ей, адамдар! Мен сендердің жүздеріңнен қандай сезімде екендеріңді байқап тұрмын. Алайда, ашуланатын болсаңдар, тек өздеріңе ашуланыңдар. Сендер де, олар да Исламға бірдей шақырылдыңдар, бірақ, олар оны қабылдауға асықты, ал, сендер баяулаттыңдар...» деп айтқан.

Омар (р.а) бай, атақты, абыройлы адамдарға өзінің дәрежесін адамдарға қарсы пайдалануға рұқсат бермейтін.

Адамдар Омарды (р.а) аса құрметпен сыйлады, қастерлі қорқынышпен қорықты, ешбір күдіксіз бағынды. Мансаптың шыңында тұрған Халид ибн Уалидті (р.а) қолбасшылықтан түсіріп, оның орнына Әбу Убайда әл-Жаррахты (р.а) тағайындағанда Халид (р.а) бар болғаны: «Естідік және мұсылмандардың әміршісіне бойұсындық» деп жауап береді. Сарбаздардың бірі бұл үшін бүлік шығу мүмкіндігі бар екендігін айтқанда, Халид (р.а): «Омар бар кезде, бүлік болмайды» деген екен.

Бірде Әли, Осман, Талха, аз-Зубайр және Сағд (оларға Алла разы болсын) Абдуррахман ибн Ауфты (р.а) Омармен (р.а)  сөйлесу үшін жібереді. Өйткені, өздері оның алдында қорқатын. Жалпы, кейбір адамдардың онымен сөйлесуге келіп, қорқынышын жеңе алмағандықтан алдына кірмей кететін жағдайлары болып тұратын. Омар (р.а) Абдуррахманды (р.а) кімнің жібергенін бірден түсінеді де: «Уа, Абдуррахман, Алламен ант етейін, мен адамдарға қатысты қарым-қатынаста жұмсарғаным соншалықты, мұным үшін Алладан қорқа бастадым. Мен оларға қатысты қарым-қатынаста қаталдық танытқаным соншалықты, мұным үшін Алладан қорқа бастадым. Ендеше, тығырықтан шығар жол қайда?» дейді. Абдуррахман (р.а)  жылап шығып: «Олардың бәріне саған жету қайда?» деп, жасын сүрте бастайды.

Абдулла ибн Аббас (р.а): «Бір жыл бойы Омардан (р.а) бір аят туралы сұрауға бекініп жүрдім, алайда, бәрібір шешіле алмадым, өйткені, оның алдындағы қорқынышымды жеңе алмадым» деген екен.

Омар адамдардың өзіне қатысты қорқынышын көріп: «Уа, Алла, анығында, менің Сенен олар менен қорыққаннан да қатты қорқатынымды білесің ғой!» деп айтатын.

Бірде Омар (р.а)  өз мүлкіндегі әлсіреген бір түйені сойып, жарты бөлігін Пайғамбардың () әйелдеріне беріп жібереді, қалғанынан ас әзірлетеді. Кейін арасында Аббас ибн Әбдул Мутталиб (р.а)  бар мұсылмандарды шақырады. Сонда ол: «Уа, мұсылмандардың әміршісі, сен бізге күн сайын осылай дастархан жайсаң, сенімен отырып дәл осылай әңгімелессек жақсы болар еді» деген екен. Омар: «Жоқ, мен бұдан кейін мұны жасамаймын, себебі, екі жолдасым Пайғамбар ()  мен Әбу Бәкір (р.а) бұлай етпейтін, нақты бір әрекеттер жасап, бір жолмен ғана жүретін. Егер мен олар секілді жасамасам, басқа жолмен кетіп қаламын...» деп жауап береді.

Бұрынғы кезде айбынды сарбаз болған Шам тұрғындарының бірінің шарап іше бастағанын естіген Омар (р.а) сахабаларға ол үшін дұға жасауды тапсырады да, өзі үш аяттан тұратын хат жолдайды:

«Ха. Мим.

Бұл кітап бәрінен Үстем, барлық нәрсені Білуші Алладан түсірілген,-

Күнәні кешіруші әрі істеген күнәсіне шынайы өкініп, Өзіне бойсұнуға қайтқанды (тәубені) Қабылдаушы, жаза беруде қатты, мол игілік Иесінен. Одан басқа ешбір Құдай жоқ. Қайту – Оған» («Ғафир» сүресі, 1-3-аяттар).

Ол адам бұл хатты алып оқығанда: «Алла маған кешірімді уәде етіп, жазасын ескертеді» деген сөзді қайталап, әбден жылайды. Содан кейін тәубе етіп, жаман әдетін біржола тастайды. Мұны естіген Омар (р.а): «Осылай жасаңдар: егер араларыңда біреу қателік жасаса, дұрыс жолға қайтуға көмектесіңдер, ол үшін Аллаға дұға жасаңдар және Шайтанға оған қарсы көмектеспеңдер» деген екен.

Омар (р.а) өз қоғамының мүшелерінің денсаулығына алаңдаушылық білдірді. Мәселен, семіруге себеп болып, деннің саулығына кері әсер ететін артық тамақ жеуден тыйылуға шақырды. Бірде үлкен қарынды адамды көріп: «Бұл не?» деп сұрайды. Ол: «Алланың берген берекеті!» деп жауап береді. Омар (р.а)  оған: «Береке емес, жаза!» деп сөге айтқан.

Сондай-ақ, науқас жандарға сауықпайынша үйлерінен шықпауға кеңес беретін. Дененің физикалық пішінін де сақтаудың маңыздылығын ескертіп, «Балаларыңды жүзуге, садақпен атуға, атқа мінуге үйретіңдер, сонымен қатар, поэзиямен таныстырыңдар» деп айтатын.

Омар (р.а) топтарға бөлініп, шағын мәжіліс ашып отыратындарды тоқтатты. Бұл бөлінудің алдын алу үшін еді. Шағын ғана жиналыстардың өзі адамдар арасындағы пікірдің бөлініп, мұсылмандарды әлсіретуге алып баратындығын жақсы түсінді. Ол адамдардың барлығының бірге отырып, бір-бірінен алыстамауын, «бөтен» мен «өзіміміздікі» болып бөлінбеулерін қалайтын.

Омар (р.а) мұсылмандарды жамандықтан қайтарып, жақсылыққа шақыруға ден қойды. Алланың ашуын шақыратын, адасуға алып баратын істердің алдын алуға барын салды. Бірде сахабалардың Худайбиядағы Алла Елшісіне () ант берген ағашына жан-жақтан арнайы адамдар келіп, намаз оқитын болғандығы туралы хабарды құлағы шалады. Ол ескерту шараларын жүргізгенмен, адамдар мұны тастай қоймады. Бұл жер адамдар Алладан басқаға құлшылық етіп, сол ағаштан қасиет, жәрдем күтетін орынға айналып кете ме деген қауіппен әлгі ағашты кестіріп тастаған екен.

Сондай-ақ, көпке «Нілдің келіні» деген атпен танылған оқиғаны да мысалға алуға болады. Әмр ибн әл-Ас (р.а)  Омар ибн әл-Хаттабқа (р.а)  Египет тұрғындарында жыл сайын бір бойжеткен қызды сәндеп, әдемі киіндіріп, Ніл өзеніне құрбандыққа тастайтын әдеті бар екендігін, бұлай етпегенде Ніл өзені тоқтап қалады деген сенім бар екендігін жазып, хат жолдайды. Әмр (р.а)  шамасы жеткенше бұл істен халықты қайтарып, Ислам дінінің өзіне дейінгі жансақ сенімдердің барлығын жоятындығын түсіндіреді. Уақыт өтеді, Нілде су тасу болмай қалады, адамдар ол жерден қоныс аударуды ойлай бастады. Омар (р.а) жауап ретінде Әмр ибн әл-Асқа (р.а)  хаттың орнына тақтайша жіберіп, Ніл өзеніне тастауды бұйырады. Онда: «Алланың құлы, мұсылмандардың әміршісі Омардан Египет тұрғыны Нілге. Егер сен өз еркіңмен ағып, тасып жатқан болсаң, тасымауыңа болады, бізге қажетің жоқ. Ал егер Жалғыз, Барлық нәрсені Игеруші Алланың қалауымен ағып және таситын болсаң, Ұлы Алла Тағаладан сенің тасуыңды сұраймыз» деп жазылған. Әмр (р.а) тақтайшаны Нілге тастайды, сонда сенбі күні таңертең оянған халық Нілдің тасып жатқанын көреді. Осылайша, Алла Тағала Омардың (р.а)  себебімен Өзіне ұнамсыз сенімге нүкте қояды.

Бірде Омар (р.а)  ештеңе істегісі келмейтін, өміріне қажетті ризықты табуды қаламайтын Йеменнен келген адамдарды кездестіреді. Олардан: «Сендер кімсіңдер?» деп сұрады. Олар: «Біз – Аллаға тәуекел етушілерміз» деді. Сонда ол наразылық білдіріп: «Сендер тәуекел етуші емес, жалқаусыңдар, өйткені, тәуекел етуші – жерге дән егіп, содан кейін Аллаға тәуекел жасайтын адам» деді.

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а)  адамдардың бір-бірін аңдып, бір-бірінің күнәсін жеткізуге (мейлі әміршіге болсын) асығатындарды құптамады. Бір адам Омарға (р.а) келіп шариғат жазасын бекітпеген күнәні жасаған мұсылман туралы айтып келеді. Омар (р.а)  оған: «Сен неге бауырыңның кемшілігін жасырып, тәубе етуіне көмектеспедің? Расында, Алла Елшісі (): «Кім бауырының күнәсін жасырса, Алла Тағала оның бұл дүниеде және ақыретте күнәсін жасырады» деген. Егер діндегі бауырларыңның бір теріс әрекет жасағанын көрсеңдер, оны тоқтатып, тура жолға қайтарыңдар, ол үшін Алладан кешірім сұраңдар. Және Шайтанға оған қарсы көмектеспеңдер» деді. Әңгімемізге арқау болып отырған ардақты сахабаның өмірінен адамға деген жанашырлықтың, Алланың алдындағы жауапкершіліктің көркем үлгісі болатын таңғажайып сәттерді ұшырастыруға болады. Соның бірнешеуін келтіре кетейік.

Аштық жылдары Омар (р.а) өзіне артық еш нәрсеге рұқсат бермей, адамдардан ерекшеленбеді. Сары май қымбаттап, адамдарға қол жетімсіз болғанда, ол да сары майдан бас тартып, сол кезде арзандау болған өсімдік майын пайдаланды.

Бір әйел баласын омырауынан ажыратуға тырысып жатты, ал, сәби айқайлап, жылай бастады. Өтіп бара жатқан Омар (р.а) оған мұны жасамаудың жөн екендігін ескертті (әйел оның кім екенін білмейтін). Сонда әйел кісі: «Мен оны емізуден шығарып жатырмын, өйткені, Омар (р.а)  емізулі балаға қаражат тағайындамады, оны омыраудан шығарып, біздің кедейлігімізге көмектесе ме деген үмітпен емізуден босатылған балаға тағайындалған қаражатты алуға асығып жатырмын» деді. Омар (р.а) ары қарай жүріп кетті, таң намазын оқып болып, дұға жасады да: «Омарға қасірет! Ол қаншама мұсылман балаларды құртты!», деп өкініш білдірді. Содан кейін: «Балаларыңды омыраудан ажыратуға асықпаңдар! Біз әрбір жаңа туылған балаға қаражат тағайындаймыз!» деген хабарды таратуға бұйырды.

Ат-Табари Зейд ибн Асламның (р.а) сөзінен жеткізеді: «Бірде мен Омар ибн әл-Хаттабпен бірге Уақим жазығына шықтым. Сырарға жеткенда алыстағы отты көзіміз шалды. Омар: «Жүр көрейік, бұл суықта түнеуге орын таппаған жолаушылар шығар...» деді. Асығып жеткенімізде жанында балалары бар әйелді көрдік. Олар жағылған отқа қойылған қазанның айналасына жайғасыпты. Балаларының жылағанын бірден байқаған Омар: «Уа, жарықтың иелері, сендерге Алланың сәлемі болсын!» деді. Әйел: «Саған да Алланың сәлемі болсын!» деп жауап берді. «Жақындауға бола ма?» деп тағы сұрады. Сонда әлгі кісі: «Егер сен жақсылықпен келсең, жақында, олай болмаса, бізді жайымызға қалдыр» деді. Ол жақындап барып: «Сендерге не болған?» деп таңғалысын жасырмады. Сондағы жауап: «Түн ұзақ әрі суық» болды. «Ал балаларың неге жылайды?» «Аштықтан». «Қазанда не бар?» «Су». Мен оларды ұйықтағанша осылай алдаймын... Омар мен біздің арамызға Алла билік айтсын». «Алла сені панасына алсын! Омар сендер туралы қайдан білсін?» «Ол біздің ісімізге бақылау жүргізеді, сонда жағдайымызды білмей ме?». Осы әңгімеден кейін Омар маған қарай бұрылып: «Кеттік!» деді. Екеуміз асығып, азық-түлік қоймасына келдік. Ол жерден ұн мен ет алып: «Қапты көтеріп, арқама салуға көмектес» деді. «Мен алып жүрейін» дегенімде өтінішін екі не үш рет қайталады. Ақыры қоймап едім: «Қиямет күні менің күнәмді арқалап жүре аласың ба?» деп сұрады. Сонда мен оған қапты көтеруге көмектестім, ол тезірек адымдады, мен артынан жүрдім. Әлгі әйел мен балалары отырған жерге жылдам жеттік. Қапты оған жақын жерге қойып: «Сен салып тұр, мен араластырайын» деді. Сөйтіп бірден отты үрлеп, күшейтуге кірісті. Тамақ дайын болғанда қазанды оттан түсіріп: «Маған қандайда бір ыдыс бер» деді. Әйел оған тостақ ұсынды. Балалар әбден тойынғанша тостақты толтырып беріп тұрды. Ет пен ұннан қалғанның барлығын әйелге қалдырып, өзі кетуге ыңғайланғанда мен де орнымнан көтерілдім. Әйел: «Алла саған сауап жазсын! Сен мұсылмандардың әміршісінен әлдеқайда жақсысың!» дегенді қайталай берді. Омар (р.а) оған: «Жақсы сөйле... Алла қаласа, мұсылмандардың әміршісіне келгеніңде мені сол жерден табасың» деді. Осыны айтқаннан кейін олардан алыстау жерге барып жануарлар секілді жерге жатты. Мен оған: «Сенің басқа да шаруаларың көп қой» деумен болдым. Ол маған жауап қатпады. Аз уақыттан кейін балалардың асыр салып ойнап, күлген дауыстарын ести бастадым. Олар шаршап, ұйқыға кетті. Омар (р.а) Алланы мадақтап, орнынан көтерілді де маған: «Уа, Аслам! Шын мәнінде, аштық оларға ұйқы бермеді және жылауға мәжбүрледі, мен де дәл қазіргі көрініске куә болмайынша кеткім келмеді» деді.

Бір күні түнгі Мединені аралап жүрген Омар (р.а) толғағы басталған әйелдің дауысын естіді. Дереу үйіне қайтып, әйелі Умму Күлсім мен босандыруға қажет заттардың барлығын алып шықты. Умму Күлсім әлгі әйелге кіріп, босандыруға кірісті. Сол уақытта Омар (р.а) тамақ әзірлеудің қамымен болды. Ақыры әйелі шығып: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Жолдасыңды қуандыр, оның ұлы дүниеге келді!» деді. «Мұсылмандардың әміршісі» деген сөзді естіген еркек өзіне қызмет етіп жүрген жанның Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) екенін түсініп, қорқып кетті. Омар (р.а) оған: «Қорықпа...» деп, әзір болған тамақты әйеліне берді. Ол жаңа ғана дүниеге сәби әкелген ананы тамақтандырды, екеуі қалған тамақты күйеуіне тастап кетті. Омар (р.а) еркекке таңертең өзіне келіп жолығуды тапсырды. Кейін  сый-сияпатпен марапаттап, шығарып салды.

 

Бірде Омар (р.а) түн ішінде серігімен бірге Медине көшелерін аралауға шығады. Қалжырағандықтан, жолдағы үйлердің бірінің қабырғасына сүйеніп тұрғанда, ар жақтан анасы мен қызының әңгімесі естіледі. Анасы: «Қызым, анау тұрған сүтке су қос, таңертең сатуға шығасың» деді. Сонда қыз: «Омар бізге сүтке су қосуға тыйым салды емес пе?» дегенде анасы: «Сені Омар көріп тұр деймісің?» деп жекиді. Қыз: «Омар көрмесе де, Алла көріп тұр ғой» деп жауап береді. Мұны естіген Омар (р.а)  серігін жіберіп, бұл үйде жалғыз басты әйел мен бойжеткен қыздың тұратындығын біледі де, үйіне қайтып, ертесіне әлгі қызды ұлы Асимге айттырып келеді. Екеуі отбасын құрып, қабырғаның ар жағындағы иманды қыз дүниеге қыз баласын әкеледі. Ол қыз бойжетіп заманында халифа болған Абдул Мәлик ибн Мәруанға тұрмысқа шығып, олардан Абдулазиз деген салихалы кісі дүниеге келді. Ал Абдулазиздың баласы Омар бесінші ізгі халифа атанған салихалы тұлғаға айналды.

www.asylarna.kz



Достарыңызбен бөлісіңіз!




Нет результатов.



Please enter the letters as they are shown in the image above.
Letters are not case-sensitive.

Посты

.