22.02.2017
ТаңКүнБесінЕкінтіАқшамҚұптан
06:2207:3713:0916:5118:3519:51

ӘЙЕЛДІ СҰЛУЛАНДЫРАТЫН БЕС СИПАТ

7160 рет оқылған
image 1

 

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Адам баласын ең көркем мүсінде жараттым» – деген. Ал, соның ішінде әйел адамды әлсіз әрі әдемі етіп жаратқан. Сол әдемілік пен сұлулық бұл дүниеде біреуді өзіне қарату үшін, мақтанып, рия жасау үшін немесе өзгенің теріс ниеттерін іске асыру үшін арналмаған. Шын мәнінде боямасыз сұлулық дегеніміз қандай болуы керек?! Алла Тағаланың нығметіне бөленген әйелдер қауымын сұлуландыратын бес сипатты ұсынамыз.

 

Әйел көркем мінезді болса, қаттыны жұмсақ етеді

 

Адам баласын өзі секілді қос аяқты, жұмыр басты өзге пенделерден ерекшелеп тұратын бір қасиет – оның мінезі. Жақсы мінез – жан көркі. Адамды кең пейіл, көпшіл ететін де, я болмаса қытымыр, кекшіл ететін де – бойға біткен мінез. Осыны ескерген Бұхар жырау: «Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда?» деп, ұрпақ өрбітіп, бесік тербететін болашақ аналарға ең алдымен көркем мінезді болуды насихаттаған. Көркем мінез сөзін көп айтамыз. Шын мәнінде көркем мінез дегеніміз не?

Ғалымдар адам бойындағы көркем мінезді Имам Науауидің жинағында келетін 4 хадистің төңірегіне  негіздеген:

1. «Кім Аллаға және Ақырет күніне сенсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» (Бұхари);

2. «Сендерден ешқайсың өзіне қалағанды бауырына да қаламайынша (толық) иман келтірмейді» (Бұхари, Муслим);

3. «Өзіне қатысы жоқ нәрсені тастау адамның дінінің кемелдігін көрсетеді» (Тирмизи);

4. Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте бір адам Пайғамбарымызға (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Маған кеңес бер» деп өтінеді. Ол (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ашуланба!», – деді. Осыдан кейін әлгі адам өз сұрағын бірнеше рет қайталады. (Бірақ Пайғамбарымыз әр жолы): «Ашуланба», – деуден танбады (Бұхари). Бізге қашан да үлгі, көркем мінезді Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айнаға қараған сайын: «Әй Алла! Жаратылысымды көркем еткенің сияқты, мінезімді де көркем ет!», – деп жиі дұға жасаған екен. Егер сіздің бойыңызда жоғарыда аталған төрт қасиет бар болса, онда сіз сөзсіз сұлусыз!  

 

Әйел сабырлы болса, шаңырағы шайқалмайды

 

Әйел адамға тән келесі сұлулық – оның сабырында жасырынған. Оның төзімділігі шойындай. Болаттай берік. Тастай түйін. Кез-келген ауыр соққының өзіне шайқалмайды. Сабыр – адам бойындағы асыл қасиет. Адамның ұстамдылығын, инабаттылығын, қаншалықты тәрбие көргенін көрсетеді. Сабырлық ар, ождан, ынсап негізінен құралған. Осы қасиеттер әйел адамның бойында болса, онда ол адам өзін-өзі сыйлайтын, жанындағы адамдарды да сыйлайтын жан. Сыйлы адам болам десеңіз, сабырлы болыңыз, кішіпейіл болыңыз, адамгершілік және мейірімділік қасиеттерін бойыңызға сіңіріңіз. Біреудің жалаң немесе ашулы пікірінен туындайтын сандырақты анау айтарлықтай көңілде термей, бұл қасиеттерді өз бойыңнан іздеген, имандылық қасиеттерін өміріне тамызық еткен әйел неткен сұлу!

 

Әйел ақылды болса, салқынды жылытады

 

«Ақылына көркі сай» деген халық даналығын жиі айтамыз. Себебі, ажарлы адамның ой-өресі де биік болады. Табиғатынан көрікті, Алла Тағала берген нығметін ақылымен ұштастыра білген қыздан артық сұлулық жоқ. Ақылды арудың өзі де, сөзі де сұлу, ол ылғи да білімге жүгінеді. Қазақ қызы бір ғана ауыз сөзімен ешқандай да қалың тон, жылы көрпе де, тіпті жанып тұрған от та жылыта алмас көңілді жылытады. Бар болғаны бірауыз сөзін айтса болғаны. Бұл – ақылдылықтың белгісі. Ақылды атанған әрбір әйелдің міндеті – әдемі болып, сыпайы, биязы, инабатты, әрдайым өзінің әлсіз жаратылыс екенін, оған арқа сүйер қорған мен қамқорлыққа зәру екенін көрсету. Үйдің берекесін келтіруге тырысу, өз ақылын тек отбасының пайдасына ғана жұмсау. Отбасының берекесі мен тыныштығын, бақытын ойлаған, ерінен бір саты төмен тұруды ақылдылық деп ұққан әйел қауымына сүйсініп қарамау мүмкін емес!

 

Әйел күлімсіресе, қараңғыны жарық етеді

 

Күлімсіреу – тас боп қатқан жүректерді жібітіп, мейірімділік орнатады. Әрбір әйел  – ақ босағаның аруы, үлкен шаңырақтың береке-құты. Оның мейірбан жүзі, парасат-ақылы, сырбаз мінезі қандай жанды болмасын баурамай қоя алмайды. Шын мәнінде де қыз баласына күліп жүрген жарасады. Күлкі тұрған жерден қайғы-мұң қашады. Жылы жымыю мен күлімсіреуді дарақы күлкімен, қазақ қызына жат қылықпен шатастырып алмаңыз. Шынайы, риясыз күлімсіреу рухани жан тазалығына тікелей байланысты. Жарының тілін тапқан, қадірін білген әйелдің сұлу болмауы мүмкін емес. Жылы жүзімен айналасындағыларға шуақ шашып, жарқыраған күндей болған әйел қауымы – шынайы әдеміліктің үлгісі.

 

Әйел  иманды болса, отбасы түзеледі

 

Әйелдерді қорғайтын мықты қалқан бар. Ол – оның иманы. Біз жоғарыда келтірген ізгі қасиеттердің барлығын бойына жинаған әрбір ару – иманды әйел деген ұғымға лайықты. Нағыз сұлулық жан сұлулығы, жүрек тазалығы десек, соның негізі – иман. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жар таңдаған кезде де әдемілігіне қараңдар деген. Бірақ оның әдемілігі басты нәрсе еместігін ескертіп бір хадисінде былай дейді: «Әйелді не байлығы үшін немесе сұлулығы үшін немесе діндарлығы үшін алады. Сендер діндар болғанын алыңдар! Тек қана байлығы үшін алған адам байлығына қауыша алмайды. Тек сұлулығы үшін алған адам сұлулығынан мақұрым қалады» деген. (Муслим).  Әйел иманды болса, бар мұратын болашақ отбасының игілігіне байлап, әлемдегі ең ізгі әйелге айналады. Әйел иманды болса, бар тілегін келешек перзентінің жолына арнаған, әлемдегі ең мейірбан әйел сол болады. Әйел иманды болса, бар бақытын некелі ерінің талайынан күткен ең адал жарына айналып, әлемдегі ең сұлу әйел атанады!

 

Міне, бұл біз ұсынған әйелді сұлуландыратын бес сипат болатын. Байқағанымыз, әрбір әйел   өз табиғатынан алыстамағанда ғана бағалы болады. Ол өзiне берiлген табиғи көрiктi жасандылыққа жұттырмай, өз орнымен сақтай алғанда ғана сымбатты болып қала бермек.

 

Алла Тағаладан жаратылысымызды көркем еткендей, мінез-құлқымызды,  жан дүниемізді көркем етуін тілейміз.

www.asylarna.kz



Достарыңызбен бөлісіңіз!




Displaying 1-2 of 2 results.
Аты-жөні: Нурлан
Дата: 29.12.2016 07:43

Пікір:
Маш Алла осындай жаксы жаксы макалалармен xадистер болса жаксы болу шеді


Аты-жөні: Сеитова Мақпал
Дата: 19.01.2017 10:09

Пікір:
Əссаламу алейкум. Рахмет сіздерге! Мақалаларыңыз өте керемет. Аллах разы болсын! Əйелдер туралы мақалалар болса көптеп шығарыңыздаршы.





Please enter the letters as they are shown in the image above.
Letters are not case-sensitive.

Other Articles

.