27.03.2017
ТаңКүнБесінЕкінтіАқшамҚұптан
05:2406:4013:0117:2419:1620:32

Мұхамеджан Тазабек : "Біз көрген 25 жыл - жарқын болашақтың, қуатты мемлекеттің, мәртебелі қауымның іргетасы, бастамасы болғай!"

1457 рет оқылған
image 1

         "Аттан" деген айғайдан аза бойы қаза болған xалықпыз. Қапияда жау шауып, алтын бастар аттың қанжығасында кеткен уақыттарға тариx куә. Бес қаруын босағада ұстап, "аттан", "жау жапты", дегенде, далаға дамбалшаң жүгіріп шығып, белдеудегі атқа жайдақ мініп, жанталасқан түндер бабаларымыздың қаншама бақытын ұрлаған еді. Арқа сүйер ерінен айырылып, асықты жіліктей ұлынан айырылып, жаудың қанжығасына бөктеріліп кеткен қаншама аналарымыздың көз жасы, көңіл шері кәрі тариxтың алқымында өксік боп тығылып тұр. Аяқтар шашылған сүйекке сүрінді, аспанды боздаған дауыстар кернеді. "Аш отырсақ та, азат болсақ екен, аз ұйықтасақ та, тынығып тұрсақ екен" деген арман, ақ сүтпен қанымызға дарып, зарлы тілекпен жүрегімізге сіңірілген еді. Өшкен жанды, өлген тірілді. Бабаң қуанды, балаң ту алды. Тарылған пейілдер тәубеге келіп, алауыздықты ауызбіршілік жеңіп, ақ түйенің қарны жарылған күнге де жеттік. Тәуелсіздік алдық. Қуандық. Қомдандық. 
Қандастарымызды қасымызға алдыртып, қазанымдағы аспен бөлістік. Жүгіре жөнелейік десек, жілік майымыз жіңішкерген екен. Тұра ұмтылайық десек, тіземізге тұз үймелеген екен. Көңіл көп нәрсені қалағанмен, бұлшық ет бағынбай әуре қылғандай. Жүздеген жылдар қамыт қажап, қамшы осып, сіңірге ілінген сүйегің қалған екен. "Өсек айтуды - пікір білдіру" деп, "сатқындықты -шынайылығым" деп түсінетін реңің ғана қалған екен. Саның да селдіреп, сапаң да сұйылып, саңлақ бабалардың салмақсыз ұрпағы боп тұр екенбіз. Бесіктен адам шығара алмай, есіктен маман шығара алмай сасқан жұрт сабырына сүйеніп, ақырын болса да алға жылжып барады. Ел бастар Ер туған екенбіз, абдырасақ та, адасқан жоқпыз, дабырласақ та, дауласқан жоқпыз. Соғысты ұмыта бастадық, соғыс көрген соңғы тұяқтар да "келместің кемесін күтіп, жағада тұр"... 
         Біз елдігімізді алған кезде дүниенің дидары құбылып тұр екен. Мемлекеттік шекараң шегенделгенмен, ақпараттық шептің іргесі түріліп тұр екен. Аузы қисық болса да алпауыт елдердің айтқаны болып, әлсіз елдер әлемдік қауымдастықта пайдалы шешімге сілекейі ағып, "зиянды шешім" мен "өте зиянды" шешімнің біреуін ғана таңдауға құқылы екенін түсініп, бойсұнған xалде бойын түзеуде...
         Қару ұстаған қарсыласымыз жоқ, қалам ұштаған пенделер миыңа егелік қылып, жүрегіңе әмір еткелі жүр екен. Ұлттық мемлекет құрамыз деп ек, әлем жаһанданып жатыр екен, мәдениеттер мидай араласып, көкірек көздері отарланып жатыр екен. Ана тілді уайымдап жүргенде, ана болғысы келмейтіндер пайда болыпты, перзентін далаға лақтырып, обал-сауапқа сенбейтіндер пайда болыпты. Ата дінді үйренсек деп жүргенде, ата дәстүрді "казаxски прикол" деп әжуалап, "интернет-шейxтарға" иек артқан, жүрегі бүлік, жүрген жері былық шерменделер пайда болыпты. Жұрттың көбі перзентін парасатты болуға емес, пысық болуға бейімдей бастапты. Жоғарғы оқу орынын бітірсе жолы болады деп, елден ерекше қоңы болады деп, білімді болғанына емес, дипломды болғанына мүдделі ата-ана көбейіпті. "Жұрт басқарып, ел билемек" қабілеті бар ма, жоқ па, пайымдап көрмей, баласын билікке итермелеп, еңселі есіктерді ашып, далиған дәліздерде жүргеніне риза болады екен. Халықтың қақысын өзіне олжа санайтын, мемлекет мүддесін тиынға сата салатын жымсиған жылтыр бет, жылан көз жемқорлар осыдан кеп пайда болады екен. Ал оны көрген жұрт ыза болады. Ызалы елдің назарын аударып, ырзалығына бөленгісі келетін, айыр тілді, тікен жүректі "ділмарлар" интернет иінінде күтіп отыр. Атқарған шаруасын адам білмейтін пенделер таусылып сөйлеп, тапсынып пост жазып, танымалдыққа еге болды. Өз саласында өндіргені көп, өнегесімен өрнек салғандар жаққан күйе, жапқан жалаға ақталып әуре. Алла әрнәрсенің ақырын берсін. Ең бастысы - ел аман, жұрт тыныш. "Бұдан жаман күнінде де тойға барған" қазақпыз. Бардың қадірін жоғалтқанда білу мақсат емес. Басымызда тұрған бақытымыз - тәуелсіздігіміз баянды болсын! 25 жыл - бізге көп, тариx үшін тамшы. Тамшыдан - теңіз, кесектен - тау құралады. Біз көрген 25 жыл - жарқын болашақтың, қуатты мемлекеттің, мәртебелі қауымның іргетасы, бастамасы болғай!

www.asylarna.kz



Достарыңызбен бөлісіңіз!




1—1 нәрсе, барлығы 1.
Аты-жөні: Максат
Дата: 26.01.2017 20:25

Пікір:
Бисмиллахир Рахмани рахим. Ассалаумагалейкум уа рахматуллах Мухамеджан ага. Аллах сизге разы болсын.Сиздин халыкка жанашырлыгыныз,когамды тузеуге улес косуыныз,Коркем минез-кулыкка шакыруыныз, ен бастысы бир гана сиынуга лайыкты болган Аллахка шакыруыныз жане тауелсиздигимизди,колдагы алтынды кадирлей билуге шакыруыныз осындай заманда сиздей адам Казак елинде али де бар екенине Аллахка сансыз мактаулар болсын. ИншаАллах али де сиздей агалар шыгатын шгар деумен Аллахтан умитимизди узбеймиз. Жумыстарынызга Аллах береке берсин. Аллах Тагала елимизге тыныштык пен берекели урпактарды насип еткей.Аллах разы болсын





Please enter the letters as they are shown in the image above.
Letters are not case-sensitive.

Мақалалар

.