28.04.2017
ТаңКүнБесінЕкінтіАқшамҚұптан
04:2105:4712:5317:4819:5321:19

ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАРДЫҢ МАХАББАТЫН АРТТЫРАТЫН КЕҢЕСТЕР

44619 рет оқылған
image 1

 

Махаббат деген аяулы сезімді жүректерінде тербеткен, сүйіспеншілік, сыйластық сынды сұлу қасиеттерді өзара бөліскен ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы кім-кімді де сүйсіндіреді. Мұндай адамдар үшін өмір – бақыттың базары. Бір бағытқа бұрылған екі жүрек қандай қиындықты болсын жеңіп шығады, ащыны тәттіге, қараңғыны жарыққа айналдыра біледі. Жүректің тұла бойдың патшасы екені ақиқат қой, ендеше, Аллаға және Алла қосқан жарына деген махаббатқа мауыққан адам осы дүние игілігінің кілтін тапты. Ғұламаларымыздың «салихалы әйелдің күйеуі болу бір елдің патшасы болғанмен бірдей» деп ой қорытуы осыдан болса керек.

«Еркектің әйелге деген махаббаты күштi болса, ол еркек тау қопарады. Әйелдiң ерiне деген махаббаты лүпiлдеп тұрса, шаңырағы жайнап, қазаны қайнап тұрады. Егер үйiңiз шашылыңқырап, тамақ дәмсiз бола бастаса, сiз әйелiңiздiң сезiмiн тұншықтырып алғансыз. Егер күйеуiңiз үйге кештетiп қайтып, далаға кеткiсi келiп тұрса, қабағы қатулы, сөзі дөрекі болса, сiзге деген жылулығы суына бастаған. Жүрек соғуын тоқтатқанша, сезiмдер сөнбесiн. Жанып тұрған от өшiп қалмас үшiн дер кезінде отын салып отыру керек емес пе?! Сезiм де сондай. Сөндiрмеңiздер. Сөнген от қайтадан тұтанбауы мүмкін» (Айнұр Тұрсынбаева).

Солай...Мейірім өзені тартылмас үшін, сүйіспеншілік оты сөнбес үшін, сыйластық бағы солмас үшін екі тарап та қолынан келген амалдарды жасауы керек екен. Төменде ерлі-зайыптылардың сезім алауына «отын» болар деген ниетпен бірнеше әдіс топтастыруды жөн көрдік. Және бұл әдістердің бізге кеңес берген аға-жеңгелеріміздің өмірлік тәжірибелерінде қолданылып, тәтті жеміс бергендігін де ұмытпағайсыз.

 

1. Ешбір еркек әйелдің қазаны мен ошағына, үтігі мен кешкі-түскі асына үйленбейді және ешбір әйел еркектің жұмысы мен көлігіне, ақшасы мен мансабына тұрмысқа шықпайды. Алла Тағала олардың отау көтерудегі мақсатын айқындап берген: «Әрі сендердің тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де – Оның белгілерінен» («Рум» сүресі, 21-аят). Махаббат пен мейірім – мұғжиза. Яғни, ер мен әйел үнемі «Алла берген сүйіспеншілік, мейірім-жанашырлықты қалай сақтап қаламыз?», «Жарымның тыныштық, тыным табуы үшін не істей аламын?» деген сауалдарға жауап іздеп, тапқанын амалына асыра алғанда ғана отбасы баянды болмақ. Ер мен әйел ең алдымен осы мақсатты айқындап алуы тиіс.

   

   2. Шаңырақтың шайқалмауын қамтамасыз ететін кешірім және қайтқыштық деген екі қасиет бар. Мұны шариғатымыздағы истиғфар және тәубе деген екі ұғыммен салыстыруға болады. Сен бір күнә жасасаң, дереу «Астағфируллаһ» деп Алладан кешірім сұрайсың. Сол секілді, жарыңның кейбір ұсақ қате-кемшіліктеріне де «жарайды» деп қол сілтеуге, елеп-ескермей өткізіп жіберуге тура келеді. Сен бір үлкен күнә жасасаң, арнайы тәубе намазын оқып, сол күнәңді тастайсың, өкінесің, содан кейін қайталамайсың. Дәл осылай, арада болған үлкен кикілжің, түсінбестіктерді біржола ұмытып, «қайтқыштық» қасиетіне орын беріп, жүрегіңді өкпе-реніштен босатып, жарыңның одан кейінгі қарым-қатынастарына есік ашып беру керек болады. Бұл – өте қиын. Үйренуді қажет ететін үлкен өнер.

   

   3.   Ауызбен айта алмай жүрген сұлу сезімің мен жан сырыңды ақ қағазға түсіріңіз, реті келсе, оны әспеттеңіз, әрлеңіз, содан кейін жарыңыздың қалтасына салып жіберіңіз немесе жастығының астына қойыңыз. Бұл әдісті бұрын соңды қолданып көрдіңіз бе? Әсіресе, отасқандарына 15-20 жыл болған ерлі-зайыптылар үшін тамаша әдіс! Сезімге бай келетін әйелдер хат жазса тіптен керемет. Жарыңыздың сіз үшін қаншалықты маңызды екендігін, жүрегіңіз оған аманат екендігін айтып ақтарылыңыз. Хатта жазылғандар айтылған сөздер сияқты тез ұмытылмайды, бір құжат сияқты сақталып қалады. Жарыңыз ұнатып жатса, бір аптадан кейін, бір айдан кейін ашып оқып тұратын болады.

   
 4.    
Ислам діні үшін өлшеусіз қызмет етіп, үмбеттің қамын ойлаған Әли ибн Әбу Талиб (оған Алла разы болсын) жары Фатима үшін өлең шығарып, оқып беруге уақыт тапқан. Сөз қадіріне жеткен бабалардың ұрпағы болғандықтан, жан-жарыңызға бір-екі шумақ өлең жазуға тырысып көріңіз. Егер сіз өлең шығара алмайтын болсаңыз, қазақ ақындарының махаббат туралы әдемі жырларынан үзінді жаттап, көркем мәнермен оқып беріңіз.

 
5. 
Хадисте шешен, көркем сөзде сиқыр бар екендігі айтылады. Әсіресе, әйелдердің «құлақтан семіретін» халық екендігі ешкімге жасырын емес. Олар сезімге наннан да қатты мұқтаж. «Әйелден жылы сөзіңді аямай, жиі көңіл бөлсең, ол сен үшін аштыққа да, суыққа да төзеді. Үңгірде өмір сүретін болса да, бал тамған сөзбен бақытты. Сарайда өмір сүрсе де, қаттылық, дөрекілік оларды солдырады. Қорлау, кемсіту, намысына тию – оларды кескілейді, өлтіреді. Жақсы сөз – садақа. Сенің ұртыңнан шығатын садақаға әйелден артық лайық адам бар ма? Оның көйлегіне, тамағына орынды айтылған бір ауыз комплимент – екі есе керемет істермен қайтады.

 
6.  
Еркектер мақтауды сүйетін қауым. Мақтауға малынған еркек алға жылжиды. Одан да жақсысын жасауға талпынады. Сіз білесіз бе, шариғатымыз ер мен әйелге араларын жақындастыру мақсатында осындай әдістерге баруға рұқсат берген. Сол себепті әйелдердің күн сайын (олай болса да, болмаса да): «Сен әлемдегі ең керемет күйеусің!», «Әлемдегі барлық әйелдің күйеуі сен сияқты болса, ешкім де бақытсыз болмас еді!», «Сен Алланың маған берген ең үлкен бақытысың!», «Сенсіз өмір сүре алмайтындаймын» деген сөздерді айтып тұрғаны жақсы.  Еркек үйдің отағасы, тіреуі бола тұра, күтімі жағынан келгенде үйдің үлкен баласы екенін ұмытпайық.

 
7.  
Және ерлі-зайыптылар бір-бірін туыстарына мақтау керек (естіртіп). Мәселен, күйеуі енесіне: «Осындай қыз тәрбиелегеніңізге рақмет! Ол керемет әйел!» деуіне болады. Алайда, шектен тыс мақтау қайтарылғандықтан, мұның да өлшеммен, даналықпен орындалғаны абзал.

   
8. 
Екеуі екі жақта жүргенде әсерлі сәттерді суретке түсіріп, бір-біріне жіберіп отыру. Сезім білдіретін тәтті сөздерді СМС арқылы жолдап тұру. Әлеуметтік желілерде түрлі жағымды смайликтерді пайдалану. Бұл әдістерді жастар қауымы жиі пайдаланып жүрген болар, ал орта жастағы ерлі-зайыптылардың қатынасына серпіліс әкелетініне сенімдіміз. Еш себепсіз хабарласып, «менің сүйікті әйелімнің жағдайы қалай екен? Мені сағынды ма?» деп «алдап қойсаңыз», сол күні әйеліңіз сізді бақытты қалпында күтіп алатындығына сеніңіз.

 
9. 
Сезіммен сиқырлаудың тағы бір ұтымды әдісі бар. Ілгері буынның ізгі ғалымдары: «Егер, қайсыбір әйел күйеуі үшін күнде әтірленетін болса, ерінің көзінше әсем киініп, үнемі оның сүйікті тамағын дайындап, ол жоқ кезде дүние мүлкіне сақ болатын болса, ол әйел күйеуін сиқырлап алады» деген. Бұл – рұқсат етілген әрі ең өтімді әдіс! «Өзіміз ғой, сыртқа шыққанда киінемін, үйде боянуға уақыт жоқ» деу – үлкен ағаттық. Сізді сұлу кейпіңізде көруге лайықты жалғыз жан – жарыңыз.

   
10. 
Ер адамдарға бағынушы, ерке, ашық ажарлы, күлімдеген, тәтті, жылы сөзді әйелдер ұнайды. Мұнымен әйел оның жүрегін тұтқынға ала алады. Иә, күн сайын күйеуіңнің алдынан жайнап шығу – ешбір әйелге оңай емес. Әсіресе, отбасылық өмірдің 20 жылын артқа тастаған әпке-жеңгелеріміз үшін үлкен еңбек қажет. Бірақ, егер сізге «жалақысы жоғары жұмыс береміз, алайда, сен пәлен-түген деген істі меңгеру керексің» десе, білегіңізді сыбанып, бабына келгенше үйреніп алушы едіңіз ғой. Ал сізге Алла мен Оның Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күйеуіңді разы етсең – мәңгілікке жәннаттық боласың деп уәде беріп қойды. Жәннат – арзан тауар емес. Мұны түсінген әйел күйеуінің есіктен кірген сәтін «мейрам» секілді қабылдап, «Жәннатым кіріп келеді» деп қуана алады деп ойлаймыз. Замандастарымыздың арасында есіктен күйеуінің аяқ киімін шешіп қарсы алатын, оған айтатын әрбір сөзін сағаттар бойы ойланып, көрсететін қылықтарын күн бойы айнаға қарап дайындалатын қаншама әйел бар екенін біле жүріңіз... «Сізді Алла панасына алсын!» деп дұғамен шығарып салып, балалармен бірге қарсы алып, құрмет көрсету кез келген еркекті қуантады.

     
11. 
Әйел – құл емес. «Дүниедегі өткінші нәрселердің ең қайырлысы – салиқалы әйел» (Муслим) және «Сендердің араларыңдағы ең жақсыларың – әйелдеріңе жақсы болғандарың» деген хадистер оның еркек өміріндегі қадірін толық түсіндіріп бере алады. Адамдардың абзалы болған Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тоғыз әйелі бола тұра киімін, аяқ киімін өзі тігетін, үй тазалайтын, қоқыс төгетін, қойын сауатын. Сізде айына бір рет болсын үнемі ас үйде жүретін әйеліңізге құрмет ретінде дәмді әрі ерекше тамақ әзірлеуге талпынып көріңіз. Әйеліңіз үшін торт жасауды үйренсеңіз, мұның өзі – құлшылық. Бір апта бұрын «жаным, осы демалыста саған өте дәмді торт пісіріп беремін!» деп қойыңызшы, ол сізді бір апта бойы жақсы көріп, асыға күтеді. Тортыңыздан татқаннан кейін тағы бір апта ризашылықпен еске алады.

 
12. 
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Түнде ұйқысынан тұрып намаз оқыған және әйелін оятқан, егер де, ол тұрмаса бетіне су сепкен адамға Алла рақым етсін! Түнде ұйқысынан тұрып намаз оқыған және күйеуін оятқан, егер де, ол тұрмаса бетіне су сепкен адамға Алла рақым етсін!» деген. (Әбу Дәуіт). Келесі бір хадисте: «Егер адам түнде өзінің әйелін оятып, сосын бірге намаз оқыса олар Алланы еске алушы еркектер мен әйелдердің қатарында жазылады» делінеді. (Әбу Дәуіт). Құлшылыққа да романтика араластырған асыл дініміз неткен сұлу! Су шашқаның үшін де сауапқа ие болу неткен керемет!

 
13. 
Әйеліне жомарт болған еркек – Алла алдында абыройлы әрі ол еркек бергенінен де көп ризыққа кенеледі. Әйелдің сараң күйеуге тап болуы –  ең үлкен сынақтардың бірі.  Тіпті, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «сараңдықтан асқан ауру бар ма?» деп таңғалған екен. Әрбір сараң – қорқақ, өтірікші, Аллаға тәуекелі жоқ болып келеді. Сол себепті, жомарттығыңызды әйеліңізге танытыңыз. Ауырса емделуіне, туыстарына сыйлық жасауына, жарасымды киінуіне жағдай жасап беріңіз. Мейрамханаға тамақтануға алып барыңыз, саябақта серуендеуге шақырыңыз, гүл бақтарын аралатыңыз. Ақылды әйел мұны бағалап, артығымен қайтаруға тырысады.

   
14. 
Ал әйелдер ше? Егер, әйел күйеуінің шешім қабылдай білетін, арқа сүйеуге лайық адам болғанын қаласа, нәзік, қорғансыз бола білуі тиіс. Егер, әйел күйеуінің жомарт болғанын қаласа, мұқтаж, алғыс айтқыш келуі керек. Мәселен, ол сізге сыйлық жасады немесе тағы басқа жолмен жомарттық танытты делік, сіз оған алғысыңызды естен кетпес етіп қайтарыңыз, эмоцияыңызды пайдаланыңыз, әсеріңізге «Бұл әлемдегі ең керемет сыйлық!», «Қанша уақыттан бері осыны армандап жүр едім!» деген сөздермен дәмдеуіш қосыңыз т.б.

 
15. 
Жоғарыда айтқанымыздай, мейлі ол ақиқатқа жанаспаса да ерлі-зайыптылардың бір-бірінсіз өмір сүре алмайтындықтарын жеткізуге дағдыланғаны жақсы. Бұл – Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйреткен әдіс. Ол кісі шашын Айша анамыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жуып бергеніне әбден үйреніп қалған екен. Бірде мешітте шашын жуу керек болып, анамызды қасына шақырады. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) хайыз (әйелдердің айына бір рет қан көруі) жағдайында екендігін айтады. Сонда ол кісі басын мешіт қабырғасынан шығарып, әйелінің жууына жағдай жасайды (Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйі мешітпен қабырғалас еді). Ол мұны неге жасады? Әйтпесе, өзінің қолынан келетін істер емес пе еді? Дана Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйікті әйелінсіз ештеңе істей алмайтындығын көрсеткісі келді. Сіз де оған ол жоқ кезде үйдің қараңғы, судың дәмсіз, өмірдің көңілсіз екендігін айтып тұрыңыз.

   
16.  
Абай атамыз бір өлеңінде әйелдерді гүлге теңеуші еді ғой?! Сөйтсек, жаны аяулы әйелдердің өзі гүлді жақсы көреді екен. Әрине, бірнеше раушан гүлінен жасалған бір құшақ гүл кім-кімді де қуантады. Бірақ, ықыласпен, жүрекпен берілген бір шоқ гүлмен де оның жүрегін жаулауға болады. Тіпті, жерде өскен ұсақ гүлдерді алып, алқа, жүзік, білезік немесе тәж жасап, «менің ханшайымыма» деп ұсыныңызшы, одан бақытты әйел болмайды.

 
17. 
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айша анамызды (оған Алла разы болсын) сағаттар бойы арқалап тұрғандығы айтылатын хадис бар. Және мұның Айша анамызға қатты ұнағандығы, жерге түсірмеуін қалағандығы да жеткізілген. Сіз де әйеліңізді арқалап, көтеріп тұруды, көтеріп алып, айналдыруды әдетіңізге айналдырып көріңіз.

   
18. 
Ерлі-зайыптылар бір-бірінің арасында ойындар ұйымдастырып тұрғаны жөн. Ойынның көптеген әдісін ойлап табуға болады. Мәселен, Айша анамыз бен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жүгіруден жарысқандығы, бірі мүжіген сүйекті, дәл сол жерден екіншісінің мүжігендігі, Айша мен Сауда аналарымыздың бір-бірінің бетіне хузейр деген тағамды жағып әзілдескені айтылады. Ер мен әйел сұрақ-жауап ойынын ұйымдастырып, жеңімпазға қомақты сыйлық тағайындауларына болады. Ойынды Құран, Пайғамбар өмірбаяны, әйел фиқхы, хадис секілді тақырыптарға арнаса, екеуінің білім ізденуге деген құштарлығы оянады. Ислам діні – баз біреулер айтатындай тыйымдар мен қағидалардан тұрмайды. Адам өмірін барынша жеңілдетуді мақсат тұтатын асыл дініміз мұсылмандардың жүрегіне қуаныш сыйлауды, сергуді, спортпен айналысуды құлшылыққа балайды. Табараниден жеткен хадисте: «Адамды құлшылықтан тосатын кез келген әрекет уақытты бос жұмсау саналады, тек төрт әрекет бұған кірмейді: нысанаға ату, атқа міну, отбасылық ойындар және жүзуді үйрену». Яғни, сіз аталған әрекеттерді жасау арқылы денсаулығыңызды күтіп, көңіл көтеріп, сауапқа да кенеле алады екенсіз.

   
19. 
Айтпақшы, спорт демекші, әйелдеріміз дене сымбатын сақтау мақсатында түрлі жаттығулар жасаса – мұның өзі құлшылық. Өйткені, таңғы және кешкі жаттығуларын үзбей, жарының алдында әдемі болу үшін нәпсісі қалаған тағамдардан бас тартып жүрген әпке-жеңгелеріміздің іс-әрекетіне жиі куә болып жүрміз. Және олар бұл әрекеттерін еркектердің жоғары бағалайтынын айтады.

   
20.
 Ерлі-зайыптылар бала санын шектемегені дұрыс. Керісінше, баланың тәтті қылықтары, хош иісі – олардың арасындағы қарым-қатынасқа қант қосады. Әрі дүниеге сәби әкелген әйелдің сымбаты да әдемі бола түседі.

   
21. 
Мұнан басқа оған ыстық ванна дайындау, бөлме сәндеп, естен кетпес кештер ұйымдастыру, өз қолыңызбен тамақтандыру, массаж жасау, аяғын жуу, тырнағын алып беру секілді әрекеттердің өзі – арадағы сезімнің лаулауына себеп болмақ. Әйелінің тізесін жастанып Құран оқыған еркектің бейнесі нендей керемет еді?!

 
22.
 Сыйлық берудің арадағы сүйіспеншіліктің арттыратындығы хадисте айтылады. Және бұл – әйелдің тәрбиелеудің бір әдісі. Егер сіз әйеліңізге бұрын да сыйлық беріп жүрген болсаңыз, сыйлық берудің жаңа әдістерін ойлап табыңыз. Бәлкім, есікті қағып, сыйлық қойып, өзіңіз тығылып қаласыз. Немесе ұсақ сыйлық алып, оны үлкен қорапқа салып бересіз. Сыйлықты үйдің бір бұрышына жасырып, әйеліңізге жұмбақтар айту арқылы іздетесіз т.б. Қаражатыңыз болмаса, қолдан әдемі ашық хаттар немесе бұйымдар жасауға әбден болады.

   
23. 
«Ұлы сөздің ұяты жоқ» дегендей, үлкен қателіктерге ұрынбас үшін әрі сезімдеріңіздің суып кетуінің алдын алу үшін төсек қатынасындағы мәселерді ақылдасу керек. Ізденгіңіз келсе, шариғат мұны назардан тыс қалдырмаған. Хадисте әйелдің күйеуінің рұқсатынсыз нәпіл ораза ұстай алмайтындығы айтылады. Әйел тіпті, күйеуі шақырған кезде қазан басында тұрса да бас тартпауы тиіс. Сондай-ақ, ерлі-зайыптылар сезімнің сууына себеп болатын белгілі бір әрекеттерден тыйылуы үшін бір-біріне ұнамайтын тұстарды айтудан қымсынбағаны абзал (ауыз, дене иісі, ұйқысы, жүрісі, күлкісі  т.б).

   
24. 
Негізінде, отбасындағы кикілжіңдер, ұрыстар, қайғы-мұңдар – күнәлардың себебінен де орын алады. Бір ғалым: «Егер мен күнә жасап қойсам, оның зардабын әйелімнен немесе көлігімнен көремін» деген екен. Ал Хазреті Әли (оған Алла разы болсын) бұл жайында: «Егер бір пенденің басына қасірет орнаса, ол нәрсе күнәдан. Егер пендеден бір қасірет кетсе, ол нәрсе тәубенің себебінен» деп айтқан. Құдіреті күшті Алла Қасиетті Құранда: «Бастарыңа келген бір ауыршылық, қолекі істегендеріңнің салдарынан болады. Және де Алла көбін кешіп жібереді» дейді («Шура» сүресі, 30-аят). Сол себепті, ерлі-зайыптылар истиғфар мен тәубені көп жасағаны абзал. Аллаға бет бұрған, тіршілігін құлшылықпен безендірген ер мен әйелге Құранда мынадай сүйінші бар: «Ер немесе әйелден кім иманды (мүмін) болған күйде ізгі амал істесе, онда оны жақсы өмірмен жандандырамыз (игілікті өмір сүргіземіз). Әрі олардың сыйын істеген амалдарынан артық етіп қайтарамыз» («Нахл» сүресі, 97-аят).

   
25.  
Дұға – ер мен әйелдің ең үлкен қаруы. Жақсы әйелге немесе еркекке ең бірінші жәрдем – Алладан. Күйеуінің көңілін аулағысы келген әйел, әйелінің жүрегін жаулағысы келген еркек Алламен қарым-қатынасын түзеп, алақанын жайсын. Жүрекке Алланың ғана әмірі жүреді. Қос жүрекке махаббат пен мейірімді салатын – Алла!

Сондай-ақ, ешбір еркек өзінің сымбаты, мінезі, байлығымен отбасын ұстап тұра алмайды. Ешбір әйел күйеуі үшін ғана жасаған амалдарымен, сұлулығымен мінезімен, дәмді тағамдарымен Жәннатқа жете алмайды. Олардың өміріне ЫҚЫЛАС деген ұлы амал басшылық жасамайынша, жеңіске жеттім деу бекерлік. Яғни, ерлі-зайыптылар барлық амалдарын Алла разылығы үшін жасауы тиіс. Алла сұлулықты жақсы көреді, бір-біріміз үшін сұлуланайық, Алла тазалықты, жаратылыстарының мейірімді болғанын жақсы көреді, біз де соған талпынайық деп сәт сайын ниетті түземек керек. Мұсылман алдымен Алланы жақсы көреді, ал жарын – Алла разылығы үшін жақсы көреді. Амалдарын, ұмтылысын Алла разылығы үшін жасаған адамда ұтылыс жоқ.

 

www.asylarna.kz



Достарыңызбен бөлісіңіз!




Элементы 1—10 из 19.
Аты-жөні: Феруза Толыбаев
Дата: 29.01.2016 21:46

Пікір:
Оте тамаша кенес


Аты-жөні: Алмат Хайранов
Дата: 30.01.2016 02:38

Пікір:
Менде болашак жарыма деген романтикалык идея туындап кетти :)


Аты-жөні: Айтуганова
Дата: 1.02.2016 10:28

Пікір:
Айелдер жасай алады ау.Ал кейбир еркектер мундай нарселердын бирын де жасай алмайды.Типты ойына да кырып шыкпайды.


Аты-жөні: Набиев Ернар
Дата: 2.02.2016 04:00

Пікір:
Алхамдулла!!! Алла колдап , табысты осындай бакытты, иманды отбасылар мол болгай. Алла осыны арбир адамга насип етсин!!!


Аты-жөні: Сарина Оксана
Дата: 3.02.2016 22:54

Пікір:
Ассалямагалейкум!!! Керемет жазылган екен.


Аты-жөні: Нұрсұлтанқызы
Дата: 4.02.2016 21:30

Пікір:
Ма щаа Аллаһ... Аллаһ разы болсын! Екі дүниеде де бақытқа жетудің бірден-бір әдістері дейміз бе .... жалпы, өте керемет жазылған. Салихалы, иманды жар нәсіп етсін! (ин щаа Аллаһ... Аминь)


Аты-жөні: айнур
Дата: 6.02.2016 21:04

Пікір:
Ой кандай кушти жазылган куйеуимиз солай истесе кандай кушти


Аты-жөні: Юсупова Жибек
Дата: 6.02.2016 23:04

Пікір:
Аллана сансыз мактаулар болсын!!! Отец пайдалы кенестер екен! Кай жерлерде кателесип жургенимди тусинип жатырмын!!! Алхамдулилля!!!


Аты-жөні: Юсупова Жибек
Дата: 7.02.2016 03:23

Пікір:
Аллага сансыз мактаулар болсын!!! Оте пайдалы кенестер екен! Кай жерлерде кателесип жургенимди тусинип жатырмын!!! Алхамдулилля!!!


Аты-жөні: турымтай бибати
Дата: 7.02.2016 11:16

Пікір:
Аллага сансыз шукир!!!!менин куйеум осы айтылгандарды жи жи жасап турады. керемет. балама улгили мейримд аке. тамаша жар.





Please enter the letters as they are shown in the image above.
Letters are not case-sensitive.

Посты

.