Ғибратты әңгіме 2019-10-16 (0) (11757)

"ӘЛЕМДІ МОЙЫНДАТҚАН ҒАЛЫМ" ( ӘБУ ӘЛИ ИБН СИНА )

 

Уақыт талай ұлы мемлекеттердiң атын тарихтан өшiрiп, ұмыттырды. Көптеген халықтар мен тайпаларды тiтiренткен шапқыншылардың есiмдерi де iз-түссiз жоғалып кеттi. Қаһарлы хандар мен шахтардың өздерiне ескерткiш ретiнде орнатқан талай алып құрылыстары мен сәндi сарайлары да топыраққа айналды. Бiрақ Орта Азияның ұлы перзентi, атақты ғалым Әбу Әли ибн Синаның есiмi адамзат тарихынан, халықтар шежiресiнен осы күнге дейiн ұмытылмай, өзiнiң құрметтi орнын алып келедi.

Әбу Әли әл-Құсайын ибн Абдаллаһ ибн әл-Хасан ибн Әли ибн Сина 980 жылы Бұқар қаласының маңайындағы Афшана деген жерде туды. Ибн Сина бес жасқа толғанда, әкесi өз отбасымен сол кездегi феодалдық империяның астанасы - Бұқар қаласына көшiп келедi.

Кiшкене ибн Сина бес жасынан-ақ өзiнiң зеректiгi және тапқырлығымен маңайындағының бәрiн таңғалдырады. Бұқарға келгенде ол бүкiл Құранды жатқа бiледi екен. Дарынды бала медреседе өзiнiң қабiлеттiлiгiн бiрден көрсетедi. Ол ұстаздары үйреткен нәрсенiң қандайын болса да бiрден ұғып алып, өмiрi ұмытпайды екен. Оның соншалықты бiлiмдi болып өсуiне өз отбасындағы мәдениеттi өмiр де елеулi әсер еттi. Оның үйiне Орта Азиядан, Таяу Шығыстан, тiптi сонау араб елдерi - Мысырдан (Египет) қонақтар келiп, әкесi олармен ұзақ түндер бойы түрлiше ғылым-бiлiм тақырыбында әңгiме шертiседi екен. Бұл әңгiмелер көбiнесе әр елдердiң халықтарының тұрмысы, әдет-ғұрпы, салт-санасы, философиясы, архитектурасы, көркемөнерi жайлы болатын, Ибн Сина осы әңгiмелердi тыңдап қана қоймай, бәрiн де жадына тоқып отырады.

"ӨЗ ЗАМАНЫНЫҢ ЕҢ БІЛІМДІ АДАМЫ"

Ибн Сина ескi грек философиясымен, логика, физика, астрономия және тағы басқа ғылымдармен терең танысады. Содан кейiн медицинаны қолға алады. Аз уақыттың iшiнде мұны да толық меңгередi. Ерте заманның ұлы дәрiгерлерi Гиппократ пен Галеннiң шығармалары, Шығыс ғалымдарының медицина туралы түрлi еңбектерi оның қолынан түспейтiн болады. Осылайша, медицинамен практика жүзiнде айналысады, яғни маңайындағы ауырған адамдарды емдеу iсiмен шұғылданады. Бұл жұмысты көбiнесе тәжiрибе алу үшiн ақысыз-пұлсыз жүргiзедi. Ибн Синаның Бұқардағы барлық және жастық өмiрi осылайша үнемi оқу, үйренумен өтедi. Бiлiм қуған жас ұлан бiр бiлiмдi бiтiрiп, екiншi бiлiмге ауыса бередi. Сөйтiп жүрiп сол заманның бүкiл ғылымын өз бойына жинайды. Соның арқасында өз заманының ең бiлiмдi, ең оқымысты адамына айналады.

Осы кезде Бұқардың әмiрi Нух ибн Мансур қатты ауырып қалады. Сарай маңайындағы дәрiгерлер оған еш ем жасай алмайды. Сонан соң Ибн Синаны шақыртады. Жас дәрiгер әмiрдi табан астында жазып жiбередi. Сонан кейiн әмiр Ибн Синаға көптеген сыйлықтар бередi және сарай маңындағы кiтапханадан кiтап алып тұруға рұқсат етедi. Ибн Синаның айтуынша, бұл сол замандағы ең бай кiтапхана екен. Мұнда өзiнiң мазмұны және құндылығы жағынан дүние жүзiнде өте сирек кездесетiн кiтаптар болыпты. Ол заманның ғалымдарының көпшiлiгi мұндай кiтаптарды көрмек түгiл, өмiрде ондай кiтаптардың болуы мүмкiн деп те ойламаған. Мiне, Ибн Сина осы кiтаптарды мұқият оқып, одан өзiне қажеттi ғылым-бiлiмдердi ала бiлген.

Жаугершiлiк күндердiң бiрiнде Саманид сарайындағы бұл кi-тапхана мүлде жойылып кетедi. Оның ғылым үшiн қажеттi кейбiр бағалы пiкiрлерi ғана аса зейiндi ғалымның жадында сақталып қағазына түседi. Кейiн оларды өзiнiң ғылыми жұмыстарында пайдаланады.

996 жылы Мамун ибн Мұхаммед Солтүстiк және Оңтүстiк Хорезмдi бiрiктiредi. Астанасы Үргенiш қаласы болады. Мамунға «Хорезм шаһы» деген титул берiледi. Ол ғылым мен өнердi аса жоғары бағалайтын бiлiмдi және мәдениеттi адам болады. Сондықтан да Ғазна шахы Махмуд Ғазнауиден қуғын көрген сол заманның көптеген ғалымдары Хорезмге, Мамунның төңiрегiне топталады.

 "АТАҒЫН ДҮНИЕ ЖҮЗІНЕ ТАНЫТҚАН ЕКІ ЕҢБЕК"

1000 жылы Ибн Сина Үргенiшке келедi. Мұндағылар ғалымды зор қошеметпен қарсы алады. Осы кезде Хорезмде тарихта «Мамун академиясы» деп аталатын ғылыми орталық ашылған болатын. Сол кезде Орта Азияның көптеген ғалымдары осын-да жұмыс iстейтiн. Ибн Сина осы академияға орналасады. Онда Орта Азияның сол кездегi атақты ғалымдары Әл-Фараби, Әл-Хо-резми, Әл-Ферғанилердiң еңбектерiмен танысады. Ол, әсiресе, 1010 жылдан «Мамун академиясын» басқарған атақты энцикло-педист-ғалым Әл-Бирунимен өте жақын дос болады. Әл-Бируни Ибн Синаны ғалым ретiнде аса жоғары бағалаған және қатты сыйлаған. Бұған олардың бiр-бiрiне жазысқан хаттары куә. Бұл хаттар осы күнге дейiн сақтаулы.

Ибн Сина Хорезмде жүрген жылдары өзiнiң аса күрделi екi еңбегiн жазған. Оның бiрi—«Медицина ғылымының заңдары» («Канон»), екiншiсi—«Денсаулық сақтау кiтабы» («Кiтап аш-шифа») деп аталады. Мiне, осы екi еңбек Әбу Әли ибн Синаның атағын бүкiл дүние жүзiне жаяды, оған өлмес даңқ әпередi.

Ибн Синаның жемiстi ғылыми жұмысы 1017 жылы кенет-тен тоқталып қалады. Өйткенi, Ғазна шахы Махмуд Ғазнауи Хорезмнiң iшкi iсiне араласып, оны басып алады. Осыған бай-ланысты Хорезм ғалымдары қуғынға ұшыратылады. Соның бiрi–Ибн Сина болатын. Ол сол жылы Хорезмнен қашып шығады. Ғалымның бұдан былайғы өмiрi үнемi қуғын үстiнде өтедi. Өмiрдiң ауыр азабын шегiп, тұрмыстың, жоқшылықтың тауқыметiн тартады. Емшiлiк жасау жолымен ғана күн көредi. Кейде өзiнiң ғалымдық таланты мен дәрiгерлiк дарынын бағалаған достарына барып паналайды. Ғалымға өлiм қаупi төнген жағдайлар да болады. Бiрақ, осының бәрiне қарамастан ол өзiнiң ғылыми жұмыстарын жүргiзе бередi.

Ибн Сина өзiнiң 20 жылға созылған қуғын-сүргiн өмiрi iшiн-де үлкендi-кiшiлi жүзден астам ғылыми еңбек жазады. Бiрақ, өкiнiштiсi сол, олардың көпшiлiгi бiздiң заманымызға жетпей жоғалған. Соның iшiнде «Әдiлеттiк кiтабы» («Кiтап Әл-Инсаф») деп аталатын 20 томдық философиялық шығармасы да жоғалып кеткен.

20 жыл бойы қуғында жүрiп, жоқшылық пен таршылықтың за-рдабын тартқан ғалымның денсаулығы барған сайын нашарлап, әл қуаты кемидi. Ақырында, Орта Азияның даңқты перзентi, «ғалымдар атасы» атанған атақты оқымысты, асқан дәрiгер 1037 жылы шiлде айында шет елдерде жүрiп қайтыс болады. Денесi Иранның Хамадан деген қаласының маңына жерленедi. Өлер алдында өзiнiң бар дүние-мүлкiн кедейлер мен қайыршыларға та-ратып бередi. Өлiп бара жатып өзiнiң мынадай бәйiтiн оқиды:

Бәрiмiз де арпалысып, алысамыз, өлемiз, Сан бiлместiк, ағаттықты тек өлерде сеземiз.

Бұл ғалымның соңғы сөзi едi.

" КӨПТЕГЕН АУРУЛАРДЫҢ АУА ЖӘНЕ ҚАЙНАМАҒАН СУ АРҚЫЛЫ ТАРАЙТЫНЫН АЛҒАШ АЙТҚАН "

Ибн Сина жан-жақты ғалым болған. Ол физика, математика, астрономия, химия, философия, логика, медицина туралы аса көлемдi еңбектер жазып, аса бағалы жаңалықтар ашқан. Соны-мен бiрге мемлекет басқару, ел билеу, әскери iс, ғылымдарды саралау, отбасы және неке жайында да толып жатқан жаңа пiкiрлер айтқан. Ең ақыры ол поэзиямен де шұғылданып, өз артына өлмес өлеңдер қалдырған. Оның араб тiлiнде жазған өлеңдерi мен парсы тiлiнде жазған риуаяттары (төрт жолдық өлеңдер) бiздiң заманымызға дейiн жеткен. Ғылым тарихында Ибн Синаның еңбектерi аса жоғары бағаланады. Сол заманның ғылым дәрежесiнiң төмендiгiне және аспаптардың жоқтығына қарамастан, ол медицинада аса бағалы пiкiрлер айтып, көптеген жаңалықтар ашқан. Оның сол кезде медицинада, әсiресе адам анатомиясы жөнiнде айтқан кейбiр батыл болжамдары мен озат ой-пiкiрлерi арада жүздеген жылдар өткен соң, ғылым мен техниканың өсуiне байланысты тәжірибеде дәлелденiп, жүзеге асқан.

Мәселен, ол сол кездiң өзiнде-ақ көздiң бұлшық еттерiнiң қасиетiн ашқан. Адамның көз қарашағының торлы болып келетiнiн айтқан. Бұл болжамдар ғылымда, микроскоптың шығуына байланысты, тек кейiнгi кезде ғана дәлелдендi.

Ал оның кейбiр дәрi шөптер туралы берген мәлiметтерi осы күнге дейiн ғылымдық мәнiн жойған жоқ. Сол сияқты менингит, апоплекция, асқазан ауруы, плеврит жөнiнде алғаш пiкiр айтып, тұңғыш мәлiметтер берген де Ибн Сина болатын. Микроскоп шықпастан көп жыл бұрын-ақ, Ибн Сина суда микробтар болатынын айтқан. Сол себепті де ол суды қайнатып iшуге кеңес берген. Сол сияқты туберкулездiң жұқпалы ауру екенiн алғаш ашқан және көптеген аурулардың ауа және қайнамаған су арқылы тарайтынын да алғаш айтқан Ибн Сина.

Ибн Синаның медицина саласындағы ең күрделi еңбегi— «Медицина ғылымының заңдары» («Канон») дедiк. Бұл еңбегiн ол 1010 жылы бастап, 1020 жылы аяқтаған. «Қанон» сол кездiң ғылым тiлi - араб тiлiнде жазылған. Медициналық iлiмдердiң нағыз энциклопедиясы деп танылған бұл еңбек сол кездегi медициналық бiлiмдердiң екшелеп, сараланған және бiр жүйеге келтiрiлген анықтамасы дерлiк. Логикалық мағынасының анықтығы және ұғымының дәлдiгi жағынан да медицина ғылымының бүкiл орта ғасырлық тарихында бұған тең келетiн әдебиет, ғылыми еңбек жоқ десе болады. «Канон» ерте кездiң өзiнде-ақ латын тiлiне аударылып, әуелде Италияға, Испанияға, сонан соң бүкiл Еуропаға қолжазба күйiнде таралады. ХІІІ ғасырдан бастап Еуропаның барлық дәрiгерлерiнiң қолынан түспейтiн кiтабына айналды. Әсiресе, XV–XVII ғасырларда, жаратылыстану ғылымының дамуына байланысты «Канонның» маңызы арта түседi. Кiтап басу iсi жолға қойылысымен-ақ, «Канон» да бiрнеше рет кiтап болып басылып шығады.

Ибн Сина - ұлы гуманист. Мәселен, ол сол кездегi кейбiр қоғам қайраткерлерi мен ғалымдардың жұмысқа жарамайтын жарымжан адамдарды, қайыршыларды жойып жiберу керек деген адамзатқа қарсы ниеттерiне батыл қарсы шыққан. Егер қоғамдағы жұмысқа жарамды барлық адам түгелiмен пайдалы еңбек етсе, әлгi айтылған адамдарды асырау мемлекет үшiн аса қиынға түспейтiнiн Ибн Сина анық айтқан. Ғалымның ойынша дұрыс ұйымдастырылған және әдiлеттi құрылған қоғамда (мем-лекетте) пайдалы еңбекпен шұғылданбаған немесе өзiнiң орнын таппаған бiрде-бiр адам болмауға тиiс. Ол қоғамның барлық мүшесiнiң белгiлi бiр кәсiппен шұғылдануын талап еткен. Ал заң шығарушы орындардан пайдалы еңбекпен, қызметпен шұғылданбаған адамдарды, жатып iшер арам тамақтарды қатты жазалауды талап еткен. Оның ойынша мемлекетте «жал-пы адамзатқа арналған» арнаулы қаржы (қор) болуға тиiс. Бұл қаржы халық арасынан жиналатын алым-салықтан, мемлекеттiк меншiктерден, мекемелерден түсетiн өнiмнен жиналуы керек. Бұл қаржылар жұмысқа жарамайтын мүгедектерге, қарттарға, ауруларға жәрдем ретiнде берiлсе, ел қорғаушы, тәртiп сақтаушы жауынгерлерге жалақы ретiнде төленуге тиiс. Бiр сөзбен айтқанда мемлекеттiк қор «жалпы халық игiлiгiне» жұмсалуға тиiс.

Еңбек пен әдiлеттiлiктiң жалынды жаршысы болған Ибн Сина өз заманында осындай батыл да, дұрыс пiкiрлер айтқан.

Орта ғасырлардың ұлы ғалымы Әбу Әли ибн Сина табиғат пен қоғам құбылыстарының өз замандастарына белгiсiз көптеген құпияларын ашты, адамның ақыл-ойын табиғатты танып, оны адамзатқа қызмет еттiруге ұмтылды. Соның үшiн де адамзат қоғамы Орта Азияның асқан ғалымы, ұлы ойшылы, тамаша табиғат танушысы Ибн Синаның есiмiн ғасырлар бойы құрметтеп келедi.

 

11757 рет оқылды