06:35 | Үшінші мегаполис
Руханият 2014-12-10 (0) (18326)

Сені түнгі намазға тұрғызатын 7 себеп

Сені түнгі намазға тұрғызатын 7 себеп

Намаз – ешқашан кеуіп кетпейтін мөлдір бұлақ және ешқашан бітіп таусылмайтын қазына. Намаз – діннің тірегі, тәубе етуші мен қорқушының панасы. Тот басқан жүректі тазартып, нұрландырушы. Ғалымдар кім дінде берік болса, намазда да жақсы әрі Алласының алдында ұзақ тұрады деген екен.

Ал бүгінгі тақырыпқа арқау болып отырған түнгі намаз – Раббысы мен құлы арасындағы қарым-қатынасты нығайтушы. Алла Тағала Құранда қаперсіз бен түнгі намазда тұрушыны салыстыра айтады: «Әлде түннің бір уақыттарында сәжде етіп әрі тік тұрып (намаз оқып), Ақыреттен сақтана және Раббысының мейірімін үміт еткен берілуші ме?» (Сондай Аллаға берілуші адам серік қосушымен бірдей бола ма? Ибн Касир). («Зүмәр» сүресі, 9-аят).

Олай болса, көп созбай, түнгі намазға деген құлшынымызды оятатын себептерге орын берейік:

1. Түнгі намаз – Алла разы болатын амал.

«Тәһәджүд» сөзінің тілдік мағынасы – ұйқыдан кейін ояну дегенді білдірсе, шариғаттағы мағынасы – Құптан намазынан кейін, бір ұйықтап тұрып, түнде оқылатын нәпіл намаз. Бұл – Алланың бұйрығы: «Ей, жамылып алушы! Түннің аз бөлігінен өзгесін, тұр (намаз оқуға), оның жартысын не одан біраз кеміт, не оған қос. Әрі Құранды анық етіп оқы». («Муззәмил» сүресі, 1-4-аяттар).

Түн ұйқысын Раббысының разылығы үшін бөліп, құлшылық еткен пенде үшін сый бар.  «Олар жамбастары төсектерден ажырап, өздерінің Раббысынан қорқып және үміт етіп тілейді әрі Біз өздеріне ризық етіп бергеннен жұмсайды. Ешбір жан істеген амалдары үшін қайтарым сый ретінде өздері көзайым болатын қандай қуаныштың жасырылғанын білмейді» («Сәжде» сүресі, 16-17-аяттар) немесе «Және түннің бір бөлігін ұйықтамай, өзіңе қосымша намазға тұр. Раббың сені мақтаулы орынға жібереді» («Исра» сүресі, 79-аят) десе,  Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Пейіште бөлмелер бар. Олардың ішінен сырты, сыртынан іші көрініп тұрады. Алла Тағала ол бөлмелерді сөзі жұмсаққа, адамдарды тамақтандыратынға, (қосымша нәпіл) оразасын ұстайтынға және түнде адамдар ұйықтап жатқанда тұрып намаз оқитын кісіге дайындап қойды» деген болатын. (Бәйхақи).

2. Түнгі намаз – жамандықтарды өшіреді, жүректі тыныштандырады.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Түнгі намазға аса маңыз беріңдер. Оны сендерден алдыңғы өткен ізгі кісілер үнемі орындап жүретін. Түнгі намаз – Жаратушыларыңа жақындатады, жамандықтарыңды өшіреді және күнәлі істерге баруға тосқауыл болады» деген. (Әл-Мүстәдрак). Ибн Касир түнгі намаз туралы аяттардың біріне мынадай тәпсір берген: «Түнгі намазда жүрек пен тілдің үйлесімділігі, терең оқылған аяттар, құлшылық, дұға-тілектердің ықыласпен жасалуы жүрекке қатты әсер етеді. Себебі, күндіз – шулы уақыт мерзімі, күнделікті қажеттіліктерді жинау, ақша табу немесе басқа істер атқарылады».

Түнгі намаздағы жүрек тыныштығы, хушуғ, ойдың тазаруы, көзге еріксіз оралатын жас, Алла алдында сыбырмен айтылатын сыр... Басқа ешбір құлшылықта қайталанған емес. Мұны білген Әбу Сулейман әд-Дарани: «Түнде намаз оқығандар ойын-сауық қуушылардан да артық рахат алады. Егер түн болмаса, мына дүниеде қалғым келмеуші еді» деп жазады.

3. Түнгі намаз – мұсылманның ықыласын көрсетуші.

Үй-ішіндегілер терең ұйқыда жатқан сәтте, тәтті ұйқысын бөліп, мамық төсектен тұрып, нәпсісіне қанша жағымсыз болып тұрса да, дәрет алып, «ешкім білмесін, тек Алла көрсін» деген ой құшағында аяғының ұшымен жер басып келіп, Раббысының алдына тұрған пенде сауапсыз қалмайды. Түнгі намаздың адам ықыласының көрсеткіші екендігін білген алғашқы мұсылмандар бұл құлшылықты барынша жасырын жасаған. Хассән ибн Әбу Синәннің (оған Алланың рақымы болсын) әйелі өзінің күйеуі жөнінде былай дейді: «Ол келетін де, менімен бірге төсекке кіретін. Содан соң, анасы өз сәбиін алдап ұйықтатқаны сияқты мені алдайтын. Яғни, менің ұйықтағанымды сезсе, (төсектен) сытылып шығатын да, түнгі намазға тұратын. Бірде мен оған: «Әй, Абдуллаһтың әкесі, осынша қиналасыз ба? Өзіңізді аясаңыз не етті!» дедім. Сонда ол: «Доғар! Не деп тұрсың?! Алдымда мен мүлде намаз оқи алмайтын мекен күтіп тұрған жоқ па? деп жауап берді».

4. Түнгі намаз – парыздан кейінгі ең жақсы намаз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір сөзінде: «Парыз намаздан кейін ең жақсы намаз – бұл түнгі намаз» деген. (Муслим). Алла Елшісі(оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұны өсиет етіп қана қоймай, ең керемет үлгісін көрсете білді. Аиша анамыз (оған Алла разы болсын) жеткізетін хадистерден оның аяқтары іскенше, көз жасын тыя алмастан оқыған намаздарынан хабардар боламыз. Ибн Аббас: «Кімде-кім Қиямет күнгі ұзақ тұрысы оңайға соқсын десе, оған қараңғы түнде Аллаға көріну қажет: Ақыреттен қорқып Раббысының мейірімінен үміт ете сәждеге құласын және тұрсын» деген.

5. Түнгі намаз – әйел мен ерді Аллаға жақындатушы. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Түнде ұйқысынан тұрып намаз оқыған және әйелін оятқан, егер де, ол тұрмаса бетіне су сепкен адамға Алла рақым етсін! Түнде ұйқысынан тұрып намаз оқыған және күйеуін оятқан, егер де, ол тұрмаса бетіне су сепкен адамға Алла рақым етсін!» деген. (Әбу Дәуіт). Келесі бір хадисте: «Егер адам түнде өзінің әйелін оятып, сосын бірге намаз оқыса олар Алланы еске алушы еркектер мен әйелдердің қатарында жазылады» делінеді. (Әбу Дәуіт).

6. Түнгі намазда жасалған дұғалар қабыл болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім түнде оянып: «Алла Тағаладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Ол жалғыз, Оның серігі жоқ. Бүкіл билік Оған тән әрі барлық мақтау-мадақ Оған ғана лайық. Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді. Барлық мақтау-мадақ Аллаға тән, Алла пәк, Алладан басқа құлшылыққа лайықты Тәңір жоқ, Алла ұлы, Алла Тағаланың күш қуатынан асатан ешқандай күш-қуат жоқ» (Лә иләһа-иллә-лләһу уәхдәһу лә шәрикә ләһу ләһул-мулку, уә ләһул-хамду, уә һууә ъалә кулли шәй-ин қадир. Әл-хамду лиллаһ, субханаллаһ, уа ләә иләәһа илләллаһ, уаллаһу акбар, уа лә хаулә уа лә қууата иллә билләһ»,- деп Алладан кешірім сұраса яки, дұға қылса, дұғасы қабыл болады. Егер дәрет алып, намаз оқыса, намазы қабыл болады» (Бұхари).

7. Түнгі намаз – шайтанға қарсы қару. «Сендерден кез келгенің ұйықтағанда шайтан оның желкесіне үш түйін түйіп, әр қайсысына: «Сенің түнің ұзақ болады, ұйықта!» деп түйген жеріне ұрады. Егер адам оянып, Алланы еске алса, онда бірінші түйін шешіледі. Ал егер дәрет алса, екінші түйін шешіледі. Ал егер намаз оқыса, онда үшінші түйіні шешіледі» деген. Ибн Масғұд (оған Алла разы болсын) айтады: «Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көзінше бір адам туралы: «Ол таң атқанша ұйықтады» деп айтылды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Шайтан оның құлағына дәрет сындырды» деген. (Бұхари, Мусим).

 

Ендеше, Алла Тағаланың: «Олар түннің аз бөлігін ұйықтайтын, ал сахарда кешірім тілейтін еді»(«Зәрият» сүресі, 17-18-аяттар) деп мақтаған құлдарының қатарынан болуды барша мұсылманға нәсіп етсін!

18326 рет оқылды