Иман 2019-08-09 (38) (708)

ҚҰРБАН АЙТТЫҢ ОРАЗА АЙТТАН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

ҚҰРБАН АЙТТЫҢ ОРАЗА АЙТТАН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Барша мұсылман қауымы үшін ең қасиетті, ең қуанышты екі ұлы мейрам бар екенін білеміз. Оның бірі - Ораза айт болса, екіншісі - келіп жеткен Құрбан айт мерекесі. Жалпы "айттау", "айтшылау" ұғымы қазаққа бұрыннан таныс. Алайда, бұл екі айттың әр қайсысына тән өту ерекшеліктері бар екендігін біріміз білсек, біріміз білмей жатамыз. Осы орайда біз Құрбан айттың Ораза айттан 7 айырмашылын ұсынып отырмыз.

 

1. ҚҰРБАН ШАЛУ

Әрине құрбан айтты құрбандықсыз елестетудің өзі ерсі. Бұл – осы күні жасалатын ең үлкен құлшылықтардың бірі. Рамазан айынан кейін, Ораза айтта, аузымыздың ашық екенін білдіріп, айт намазынан кейін адамдар бірден айттап, мейрамдайтын болса, Құрбан айттың айт намазынан кейін ең бірінші орындалатын абзал амал - құрбан шалу. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне сай өзің шалған құрбандықтан ауыз тию.

Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы: «Шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау». Олай болса, құрбандық шалуды тек мал сойып, қан шығару емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал.

Ұлы Алла Құранда: «Біз әрбір үммет үшін өздеріне берген малдардан, Алланың ғана атын атап құрбан шалуды бекіттік», - деген. («әл-Хаж» сүресі, 34-аят) Демек, құрбан шалу – шамасы, мүмкіндігі жететін әр адамға міндет құлшылықтардың бірі. Ибн әл-Араби: «Ақиқатында, Құрбан Айт күні құрбан шалу – амалдардың ең жақсысы, өйткені әрбір ғибадат өзінің бекітілген уақытысында артықшылыққа ие», - деген. ( «Аридатул-ахуази» сүресі, 13 - аят)

Демек, құрбан шалу – мұсылман өміріндегі сауабы мол әрі айрықша маңызды құлшылық.

 

2. ҚҰРБАН АЙТТА ТАШРИҚ КҮНДЕРІ БАР

Екі айтта бір күн тойланатындығына қарамастан Құрбан айт күнінен бөлек тағы 3 күн ташарих күні бар.

Ташриқ күндері дегеніміз - Құрбан айт күнінен кейінгі үш күнді айтады. Алла Тағаланың Құран Кәрімдегі: "Санаулы ташриқ күндері Алланы еске алыңдар",- деген ("Бақара" сүресі, 203-аят) сөзі осы күндерді білдіреді. Бұл күндердің ташриқ деп аталу себебі, ол күндері адамдар құрбандыққа шалған малдарының еттерін күнге кептіретін болған. Ташриқ күндерінің ерекшелігі, бұл күндерде парыз намаздарынан кейін ташриқ тәкбірлері айтылады, құрбан шалынады, нәпіл ораза ұстамаған абзал.

Құрбандықты ташриқтың үшінші күні, ал енді Құрбан айттан есептесек төртінші күні ақшам намазына дейін шалуға болады. Көбіміз уақытынан жаңылысып жататын ташриқ тәкбірін екінті намазына дейін айтады. Ал енді "сонда ташриқ тәкбірі не?" деген сұрақ туындаса, мақаланы ары қарай оқыңыз.  

 

3. ТАШРИҚ КҮНДЕРІНІҢ ТӘКБІРІН АЙТУ

Ораза айт күні де, Құрбан айт күні де Алла Тағаланы ұлықтайтын мерекелік тәкбірлерді айту шариғатта құпталатын амал. Бірақ, дәл Құрбан айт кезінде айтылатын тәкбірдің арнайы бекітілген де уақыттары бар. Оны - ташриқ күндерінің тәкбірі дейді.

Ташриқ күндерінің тәкбірі дегеніміз - зүлхижжаның 9-күнгі таңғы намазынан кейін айтылып басталатын, содан әрі парыз намазының соңында айтылуы зүлхижжаның 13-күнгі екінді намазының соңына дейін жалғасатын

«Аллаөу Акбар, Аллаһу Акбар, Лә иләха илләЛлаһу, уаЛлаһу Акбар, Аллаһу Акбар уә лиЛләхиль-хәмд».

(Алла бәрінен де ұлық, Алла бәрінен де ұлық. Алладан басқа тәңір жоқ, және Алла бәрінен де ұлық. Алла бәрінен де ұлық және барлық мақтау-мадақ Аллаға ғана лайық) сөзі.

Умайр ибн Са`иид: "Әли тәкбірлерді Арафа күнінің таңынан соңғы ташриқ күнінің екінді намазына дейін айтатын", - деген ("Мусоннаф Ибн Әби Шайба": 2/165).

"Санаулы ташриқ күндері Алланы еске алыңдар!"  («Бақара» сүресі, 203-аят)  деген аяттың негізінде ташриқ тәкбірін мейлі жамағатпен, мейлі жалғыз атқарылған әр парыз намазының артында ер адамдарға да, әйел кісілерге де, тұрғылықты кісіге де, жолаушы кісіге де бір мәрте айту уәжіп, көбірек айту мустахаб (істеушісі сауап алып, жасалмаған адамға күнә жасалмайтын жағдай) саналады. Айт намазы мен үтір намазынан кейін айтылмайды. Масбуқ кісі ташриқ тәкбірін имамның сәлемінен кейін өткізіп алған рәкағаттарын өтеген соң айтады. Ер кісі көтеріңкі дауыспен, ал әйел кісі ішінен айтады.

"Омар Минада тігілген шатырында тәкбір айтатын. Оны естіген мешіттегілер де базардағылар да тәкбір айтатын. Мина тіпті тәкбірден дірілдеп кететін. Ибн Омар да ташриқ күндері Минада, намаздардың соңында да, төсегінде де, шатырында да, отырысында да ташриқ күндері бойы тәкбір айтатын. Маймуна анамыз да құрбан айт күні тәкбір айтатын. Сондай-ақ, әйел кісілер мешітте Әбан ибн Османның, Омар ибн Абдулазиздің арттарында тұрып ташриқ түндерінде ер кісілермен бірге тәкбір айтатын",- деп риуаят еткен. (Бұхари)

 

4. АЙТ НАМАЗЫНА ШЫҒАРДА ЕШТЕҢЕ ЖЕМЕЙ ШЫҒУ

Сүннет бойынша, мұсылман Ораза айтының намазына шығарда бір нәрсе жеп шығады, ал Құрбан айт намазына шығудан бұрын қайтып келгенше еш нәрсе жемейді.

Бұл амалға байланысты Әнас ибн Мәлик (оған Алла разы болсын) былай деп баяндаған: “Ораза айт күні Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан айт намазына бірнеше құрма жемей шықпайтын. Әрі әдетте ол тақ сан құрма жейтін”. (Әл-Бұхари) Және Бурайда “Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ораза айтының намазына тамақтанбай шықпайтын, әрі Құрбан айт намазына шығудан бұрын қайтып келмейінше тамақ жемейтін”, - деген. (Әт-Тирмизи 542, Ибн Мәжаһ 1756)  Осы хадистің имам Ахмад келтірген риуаятында: «Әрі Құрбан айт намазына шығудан алдын одан қайтып келмейінше тамақ жемейтін. Содан соң өзінің құрбандығынан жейтін”, - деп айтылған. (Ахмад)

Осы орайда көбімізде: "Сонда Құрбан айт күні сәресіге тұрып, өзіміз шалған құбандығымыздан ауыз ашамыз ба?" - деген жаңсақ пікірлер туындап жатады. Қуаныш пен шаттыққа толы бұл қос мейрамда мұсылмандар сәресіге тұрмайды, ораза ұстамайды. Бұл туралы Абу Са’ид әл-Худри былай деп баяндаған: «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға Ораза айт пен Құрбан айттың екі күнінде ораза ұстауға тыйым салатын». (Бұхари)

 

5. ҚҰРБАН АЙТТА ҮЛКЕН ҚАЖЫЛЫҚ РӘСІМІ ОРЫНДАЛАДЫ

Жылына бір-ақ рет келетін үлкен Қажылық маусымы дәл осы Құрбан айт кезінде орындалады. Ол - Ислам дінінің бесінші тірегі. Хаж (қажылық) араб тілінде «құрметті орынды зиярат ету» деген мағынаны береді. Ал бұл сөздің шариғаттағы мәні – белгілі орындарды белгіленген уақытта, белгіленген амалдарды орындау арқылы зиярат ету немесе діннің бір тірегін орындау мақсатында Қағбаны зиярат ету.

Қажылық – балиғат жасына толған, ақыл-есі бүтін, қаражаты жеткілікті және қажылық сапарына денсаулығы жарайтын әрбір мұсылманға парыз.

Қажылықтың парыз екендігіне Құран, сүннет және барлық мұсылман ғұламаларының бірауызды келісімі (ижмағ) дәлел болады. Алла Тағала:

 

«Оның жолына шамасы келген адамдарға Алла үшін Үйге (Қағбаға) қажылық жасау міндет», – деген. («Әлі Имран» сүресі, 97-аят)

 

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге құтпа оқып: «Ей, адамдар! Алла сендерге қажылықты парыз етті, сондықтан қажылық жасаңдар», – деді. Сонда бір кісі: «Уа, Алланың елшісі! Жыл сайын ба?» – деп сұрады. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үндемеді. (Әлгі кісі) сұрағын үш рет қайталағаннан кейін, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер «иә» десем, парыз болатын еді және сендердің оған (жыл сайын қажылық жасауға) шамаларың келмес еді», – деді де, сосын: «Мені өздеріңе қалдырған нәрседе жайыма қойыңдар. Өйткені сендерден ілгері өткендерді сұрақтарының көптігі және пайғамбарларымен келіспеушіліктері себебінен құрыды. Сондықтан сендерге бір нәрсе бұйырсам, оны шамаларың келгенше орындаңдар, ал егер бір нәрседен тыйсам, оны тастаңдар», – деді», – деп айтқан. (Мүслім)

 

6. ДҰҒАЛАР КЕРІ ҚАЙТАРЫЛМАЙТЫН КҮН - АРАФА

Арафа – зул-хижжа айының тоғызыншы күні әрі қасиетті Құрбан айт мейрамының алдындағы күн. «Арафа» сөзі «танысу», «білу» деген мағынаны береді. Яғни бағзы заманда Меккеден 20 шақырымдай жердегі Арафат жазығында адамзаттың атасы Адам (оған Алланың сәлемі болсын) мен Хауа табысып, танысқан. Бұл күні қажылық рәсімнің ең басты шарты – Аллаға ғибадат етілетін қасиетті орын саналатын Арафат жазығында тұру парызы атқарылады.

Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қажылық дегеніміз – Арафат. Кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады», - деген. (Әбу Дәуд, Тирмизи)

Демек, кімде-кім Арафатта бір сәт те тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болып саналады екен. Қажылар қаншама жолды осы жерде дұға жасау үшін бағындырады. Арафатта болатын күн – қажылықтың шыңы. Қажылар бұл күнді тек қана дұға тілеумен өткізеді.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Алла Тағала құлдарын тозақ отынан азат етуде Арафат күнiмен тең келетiн күн жоқ. Арафат күнi оларға перiштелер жақындап, мұсылмандарды көргенiн мақтаныш тұтады. Әрi, олардың дұғалары қабыл болуына тiлектес болады”,- деген. (Имам Муслим)

7. ҚҰРБАН АЙТ ПЕН ОРАЗА АЙТТЫҢ УАҚЫТТАРЫ

Қасиетті Рамазан айының парыз етілген отыз күн оразасынан кейін Ораза айт болса, арада тура 70 күн уақыт өткеннен кейін Құрбан айт мерекесі болады. Яғни  Зүлхижжа айының 10-жұлдызында.

708 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !

Sidebar Banner
Sidebar Banner