Иман 2019-07-02 (38) (15963)

"ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ЖАҚСЫ ОН КҮНІН" ҚАЛАЙ ӨТКІЗЕМІЗ?

 

 

Алла Тағала кейбір уақыт кезеңдерін, күндер мен айларды ардақты етті әрі осы уақыттарда жасалатын құлшылықтар Алла үшін басқа уақыттарға қарағанда артығырақ әрі сүйіктірек.  Сондықтан әр мұсылман бұл уақыттарға ерекше көңіл бөлуі қажет.

Алланың артық еткен уақыттары

Атап айтар болсақ, жыл барысындағы барлық түндердің ішінен Алла Тағала Қадір түнін, ал күндердің ішінен Құрбан Айт пен Арафа күндерін ардақтады. Айларға келсек, Алла Рамазан айын ерекшеледі. Бұл айда әрбір мұсылманға ораза ұстау парыз. Аптаның күндеріне келер болсақ, Алла жұманы құрмет етті. Ал тәуліктің уақыттары туралы айтар болсақ, Алла мұсылманның дұғасы жауапсыз қалмайтын түннің соңғы үштен бір бөлігін ардақтады. Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Ең жақсы уақыт – бұл түннің соңғы бөлігі!». (Табарани).

Қасиетті айлар

Сондай-ақ барлық айлардың ішінде Алла қасиетті еткен төрт ай бар. Алла Тағала былай деді: «Расында, Алланың қасында айлардың саны он екі. Алла көктер мен жерді жаратқан күні Кітабына осылай деп жазылған болатын. Бұлардан төртеуі құрметті айлар. Міне, осы берік дін. Ендеше, бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер». («Тәубе» сүресі, 36- аят).

Ибн Аббас (р.а): «Алла он екі айдың ішінен төртеуін қасиетті етіп, олардың маңызын ұлықтап, ардақтады. Әрі Ол осы айларда (істелген) күнәларды жаманырақ, ал игі амалдар мен сауапты көбірек етті», -  дейді. (Ибн Абу Хатим «әт-Тафсир») Осы аталған жыл мезгілдері мен айлардың арасында алғашқы он күні жылдың ең ұлы күндері болып саналатын зул-хижжа айы да бар.

Алла Тағала он күнмен ант етті

Құраннан дәлел: Алла Тағала зул-хижжа айының алғашқы он күнімен ант етті, ал Алланың анты осы күндердің ұлықтығы мен маңыздылығын нұсқайды. Алла Тағала былай деген: «Таңмен ант! Он түнмен ант! Жұп және тақпен ант!». («Фәжр» сүресі, 1,2 аяттар).

Бірқатар ғалымдар «Он түн» – бұл Рамазан айының он күні» деп көрсетеді. Ал екінші топ ғалымдар мұны зул-хижжаның күндері деп таниды. Ибн Аббас (р.а) мұндағы он күнді зул-хижжа айының алғашқы он күні деп айтқан. (Ибн Абу Хатим). Бұл тәпсірді басқа да ғұламалар қолдайды.

Жоғарыдағы аяттағы «таң» туралы айтар болсақ, ғалымдар: «Сөз әрбір таң туралы емес, дәл Құрбан Айт күнінің (10 зул-хижжа) таңы туралы болуда!», - деген.

Рамазанның он түні зул-хижжаның он күнінен артық па?

Кейбір ғалымдар «зул-хижжаның он күні Рамазанның он күнінен жақсырақ, ал Рамазан айының он түні зул-хижжа айының он түнінен жақсырақ деп айтады. Рамазанның соңғы он түнінің жылдың басқа түндерінің барлығынан жақсырақ болуын мың айдан жақсырақ болған Қадір түнін қамтитындығымен түсіндіреді.

Дүниенің ең жақсы күндері

Хадистен дәлел: Жәбирден (оған Алла разы болсын) Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені хабарланады: «Бұл дүниенің ең жақсы күндері зул-хижжа айының алғашқы он күні». (Әл-Баззар, Ибн Хиббан).

 

«Зул-хижжаның он түнінде шамдарыңды өшірмеңдер!»

Ибн Аббастың сөздерінен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені хабарланады: «Алла үшін зул-хижжа айының алғашқы он күнінде жасалған игі амалдардан сүйіктірек амалдар жоқ [әрі (олар үшін берілетін сауаптан) үлкен сауап та жоқ]».

Ғалымдар зул-хижжаның он күні ізгі амалдардың сауабын еселейтін құрметті әрі ардақты күндер екендігін айтады. Әрі осы күндері құлшылықта ыждағаттылық танытқан абзал. Ілгері буынның ғұламалары осы түндерді намаз оқумен өткізуге ынталандырып: «Зул-хижжаның он түнінде шамдарыңды өшірмеңдер!» деп айтқан екен.

 

Қасиетті он күнде жасалатын амалдар

Зікір. Алла Тағала былай деген: «Белгілі күндерде Алланы зікір етіңдер». («әл-Хаж» 22: 28). Ибн Аббас (р.а):«Белгілі күндер» – бұл зул-хижжа айының алғашқы он күні деп толықтырады. (Бұхари).

Ибн Омардан Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла үшін зул-хижжаның он күнінен ұлығырақ күндер және (сол күндерде істелген) амалдардан сүйіктірек амалдар жоқ.  Ендеше, осы күндерде «субхәна-Лллаһ» (Алла пәк), «Әлхамдулилләһ» (Барлық мақтау-мадақ Аллаға тән), «Лә иләһа иллә-Ллаһ» (Алладан басқа құлшылыққа лайық Тәңір жоқ) және «Аллаһу әкбар» (Алла ұлы) сөздерін айтуды көбейтіңдер!» - деп айтқаны жеткізіледі. (Табарани). Яғни, бұл күндерде Аллаға әдеттегіден әлдеқайда жиі мадақ айтуға тырысайық.

Тәкбір. Имам әл-Бұхари былай деп баяндайды: «Ибн Омар мен Әбу Хурайра зул-хижжаның он күнінде базарға шығып, тәкбір айтатын. Адамдар да оларға қосылып тәкбір айта бастайтын».

Ораза ұстау. Хунайд ибн Халидтің әйелінің сөздерінен Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кейбір әйелдері: «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ашура күнінде, зул-хижжа айының алғашқы тоғыз күнінде (оныншы күн – Құрбан айт), әр айда үш күн, және дүйсенбі мен бейсенбі күндері ораза ұстайтын еді", - деп баяндағаны жеткізіледі. (Әбу Дауд)

Сондай-ақ бұл хабар енді Хунайдтың әйелінен емес, оның өзінен жеткізілген, онда Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелі Хафса: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) төрт нәрсені тастамайтын: Ашура күнгі оразаны, зул-хижжаның он күніндегі оразаны, ай сайын үш күн оразаны және таң намазынан алдыңғы екі рәкағатты», - деген. (Ахмад)

Рамазан оразасының қарыздарын өтемесеңіз...

Арамызда рамазан айының оразасының қарыздарын әлі де өтеп болмағандар бар болса, алдымен парыз оразаны өтеп алғаны жөн. Бір кісі Әбу Һурайрадан ): «Ақиқатында, менің мойнымда Рамазан айының өтелмеген оразалары бар. Мен (соларды өтемей жатып) зул-хижжа айының он күнінде нәпіл ораза ұстай аламын ба?» деп сұраған екен. Сонда ғалым: «Сен Аллаға қайтаруға тиісті болғаныңнан баста да, содан соң нәпіл ораза ұста!» - деп жауап берген. (Бәйһақи).

 

Арафа күнгі ораза екі жылдың күнәларын кешіреді

Ал Хасан әл-Басри: «Зул-хижжа айының он күнінде ораза ұстау екі ай ораза ұстаумен тең», - деген.

Арафа күнгі ораза – зул-хижжа айында ұсталатын оразалардың ең абзалы әрі бұл үлкен артықшылыққа ие болып, екі жыл барысында істеген күнәлардың өтеуі болады.  Әбу Қатада (р.а) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізген«Арафа күніндегі ораза өткен әрі осы жылдағы күнәлардың өтеуі болады».

 

Қажылық парызын өтеушілер Арафада ораза ұстамайды

Қажылық жасап жүрген адамдарға Арафа күні ораза ұстамаған жақсырақ, өйткені Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қажылық жасағанында бұл күні ораза ұстамаған. Умм Фәдл былай баяндаған: «Арафат тауында тұратын күні адамдарда Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ораза ұстаған-ұстамағандығы жайында күмәндар туындады, сонда мен оған сусын алып бардым, ал ол оны ішіп қойды». (Бұхари).

Икрима былай деп баяндаған: «Бірде мен Әбу Һурайраға кіріп, одан қажылық жасаушы адамның Арафа күні ораза ұстауы туралы сұрадым, сонда ол: «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қажылық жасаушыларға Арафа күні ораза ұстауға тыйым салды» дейді. (Бұхари).

Сондай-ақ осы он күндікте Алланы зікір ету, тәкбірлер айту, құрбан шалу (Удхия) және басқа да көптеген рәсімдер заңдастырылған.

Намазға мұқияттылық. Алла артық еткен бұл он күнде құлшылықтарды барынша көп жасауға тырысқан абзал. Құлшылық дегеніміз – Алла разы болатын істер. Иманның жемісі – ізгі, салиқалы амалдар екені ақиқат. Зул-хижжа айының алғашқы он күнін ерекшелеудің тағы бір себебі – осы күндердің ішінде құлшылықтың намаз, ораза, садақа және қажылық сияқты ең маңызды түрлері жиналады. Осының барлығы басқа уақытта бірге жиналмайды.  Яғни, бес парыз бір мезгілде орындалады.  Ал осы амалдардың ішіндегі ең абзалы – намаз. Зуль-хижжаның он күнінде дәретке, бес уақыт намазға, нәпіл намаздарға ыждағаттылық таныту ләзім. Түнгі намазға тұрып, түннің соңғы бөлігінде дұға тілеп, Аллаға жақындауға тырысқан жөн.

Садақа. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Өздеріңді жарты құрмамен болсын тозақ отынан қорғаңдар, қолдарыңда бұл жоқ болса, жылы сөздеріңді жұмсаңдар» деген болатын. (Бұхари, Муслим). Әркім өзінің шамасына қарай мұқтаж адамдарға көмек қолын созса дұрыс болмақ. Сондай-ақ, ата-анаға жақсылық жасау, туыстық қарым-қатынасты жақсарту, аурудың халін сұрау, мұсылман бауырыңды қуанту секілді көптеген игі іске көңіл бөлуге тырысқан жөн.

 

Жылдың басқа күндерінен ардақты етілген қасиетті он күнде Жаратушы алдында абыройға жеткізетін, сүйікті болатын істерді жасап, сауапқа кенелуден кеш қалмайық!

15963 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !

Sidebar Banner
Sidebar Banner