Отбасы 2019-07-05 (38) (4127)

ӘЙЕЛІҢ САҒАН СУЫП КЕТСЕ, ТАҢ ҚАЛМА. ЕГЕР СЕН:

ӘЙЕЛІҢ САҒАН СУЫП КЕТСЕ, ТАҢ ҚАЛМА. ЕГЕР СЕН:

 

1) ШЕШІМ ҚАБЫЛДАЙ АЛМАСАҢЫЗ...

Алла Тағала әуелден-ақ әйел адамның жаратылысын нәзік, сезімтал, бағынуға бейім етіп жаратқан. Ал ер адамның табиғаты ауқымды ойлауға, күрделі мәселенің түйінін шешуге, сабырлық пен төзімге, сондай-ақ басқара білуге негізделген. Осыған орай, қазақта "Еркек басшы болғанда, әйел қосшы" деген тәмсіл қалыптасқан. Бірақ бұл заңдылық бұзылса, қалай болмақ?! Өзіңіз елестетіп көріңізші, ағашты жару үшін балтаны емес, балғаны пайдалансақ, күшіміз бен еңбегіміздің еш кеткені осы ғой. Сол секілді отбасының жауапкершілігінен қашып, жалқаулық танытып, маңызды шешім қабылдауды әйеліңе жүктейтін болсаң, онда біліп қой, біріншіден, еркектігіңе сын, екіншіден, айрандай ұйыған шаңырағыңның шайқала бастағанын көресің, үшіншіден, шариғатта Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Сендердiң әрбiрiң жауапкерсiңдер және жауапкершiлiктерiңде болған нәрсе үшiн сұраласыңдар" - деген. (Имам Бұхари)

2) ӨЗІҢЕ НЕ КЕРЕК ЕКЕНІН ТҮСІНЕ АЛМАСАҢЫЗ...

"Ол маған керектіні бере алмайды",- деп әйеліне ренжіп жүретін ер адамдар шын мәнінде өзіне не керек екенін білмейді. Оның мысалы түнде отты айналып ұшатын көбелек секілді. Не қанаты күйіп жараланады, не түбегейлі құрдымға кетеді. Сіздің не ойлап тұрғаныңызды өзіңіз білмейтін болсаңыз, өзгелер қайдан білсін. Сондықтан шөлдеген уақытыңызда су ішкіңіз келгенін айта алғаныңыздай, жан жарыңызға не қалайтыныңызды анықтап айтып, байыппен түсіндіре біліңіз.

3) ОҒАН КӨҢІЛ БӨЛМЕСЕҢІЗ...

Гүлдің әдемілігі сондай, қараған сайын көңілің көтеріліп, ерекше хош иісімен баурап алады. Әрине, егер сен оған уақыт бөліп күтімін жасасаң. Егер олай баптауға уақытың болмаса, сенің еншіңе түсі қашып, қурап бара жатқан гүл тиесілі. Енді кімге өкпелей аласыз?! Өмірлік жарыңыз да дәл сондай. Сосын "оның маған деген қызығушылығы неге жоғалып кетті және неге үнемі көңілсіз жүреді" деп таңқалып жатасыз. Жоғарыда айтқанымыздай, қыз баласы өте нәзік жаратылыс. Сол себептіүнемі әкесінің, ағасының, тіпті інісінің, ал тұрмысқа шыққаннан кейін күйеуінің үнемі өзіне назар салып, көңіл аударып жүргенін қажет етеді. Егер сол көңілді жақындарынан не күйеуінен ала алмаса, онда ол оны басқа көлденең көк атты біреуден іздей бастайды. Сізге сұрақ, енді кімге кінә тағасыз? ⠀

4) ИДЕАЛ ЖАНДЫ ІЗДЕП ЖҮРСЕҢІЗ...

"Ол арықтау келген, ұзын шашты, міндетті түрде қою қара көзді болуы керек..." Ары қарай тізім жалғаса бермек. Ең қызығы, өзіңіз сипаттағандай жанды табасыз. Әрине, сыртқы сипаты дұғаңызға сай болғаны көңіл қуантады. Енді оның ішкі болмысын да дәл солай қабылдауға тиіссіз. Ол сіз ойлағаннан ашушаң немесе тік мінезді болуы мүмкін. Міне, осы кезде: "Мен сені осындай деп ойласам, басқаша болып шықтың...", "Мені алдадың..." т.б. сөздер айтылады. Ал әйел адамға өз күйеуі тарапынан осындай сөз есту өте ауыр тиеді. Бұл мәселе турасында адамзаттың ұстазы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Мүмин еркек мүмин әйелге жеккөрушілік танытпайды. Оған оның мінез-құлқының әлдебір тұсы ұнамағанымен, басқасы ұнайды" - деген (Муслим).

5) АШЫЛЫП СӨЙЛЕСЕ АЛМАСАҢЫЗ...

Негізі әйел адам өздері айтатын екі есігі бар тоңазытқыш, айнасы бар шкаф, тон дегендерден гөрі күйеуінің қамқорлығына, ашылып сөйлесуіне мұқтаж. Сол себепті оның айтқандарын мән беріп тыңда. Оның туыстарына, отбасына құрмет көрсет. Онымен ақылдасып тұр. Егер айтқаны дұрыс болса, пайдаланасың, егер дұрыс болмаса, өзіңнің дұрыс деп тапқаныңды жасайсың. Қазақтың «қабырғаңмен кеңес» деген сөзі бекерден-бекер емес екенін біл. Нәтижесінде, апаларымыз айтпақшы, шалын қабағынан түсінетін тату әулеттің негізі қаланады. Ал керісінше: "Жұмыстан шаршап келдім", "Өз жұмысыңды жасашы", "Мазалай бермеші" - деп әйеліңізден ат-тоныңызды ала қашсаңыз, ол өзін ешкімге керексіз сезініп, жоқ жерден ұрыс шығарып, ақыры ажырасуға алып баратын кикілжің туындауы мүмкін. Алла Елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Мүминдердiң iшiндегi иманы ең кәмiлi – мiнез-құлқы жақсы болғаны. Сендердiң абзалдарың - әйелдерiне жақсы болғандарың" - деген. (Имам Тирмизи) Мынаны ескеріңіз, жартастар бір-бірінің жанында тұра береді... Бірақ біз адамбыз ғой.

6) ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ ТЕК ӘЙЕЛІҢІЗ РЕТТЕЙДІ ДЕП ОЙЛАСАҢЫЗ...

Иә, отбасындағы берік, тату, берекелі қарым-қатынасты сақтап тұруға ер адамдарҒА қарағанда әйел адам көбірек әрекет жасайды. Олай болғаны да дұрыс шығар. Дегенмен, "Біреуден екеу жақсы, құр қолдан көсеу жақсы" деген бар. Алла алдында ақ неке қиып, әйелін өзіне аманат етіп алған ер азамат та бақытты отбасы үшін әйелімен бірдей тырысуы керек. Әйеліңізбен арадағы сыйластық пен махаббатты арттырып отырыңыз. Мысалы сыйлық беріңіз. Ол салқындықты, ашуды кетіріп, сүйіспеншілікті оятады. Егер ол ауырып қалса, шай демдеп беріңіз. Үйдегі кейбір жұмыстарды өзіңіз де бірлесіп атқарыңыз. Тіпті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сияқты жарыңызбен ойнап та тұрыңыз. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Бір күні Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аңға шықтым. Мен ол кезде жас әрі арық қыз едім. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басқа адамдардан олардың алға жүріп кетулерін өтінді. Сонан кейін маған: «Екеуіміз жүгіруден жарысайық», - деді. Мен жарыстым да, одан озып кеттім. Ол ештеңе демеді. Мен уақыт өте келе салмақ жинадым. Бірде онымен тағы аңшылыққа шықтым, бірақ әлгі оқиғаны ұмытып кетіппін. Ол тағы да адамдардан жүріп кетулерін сұрады. Сонан кейін маған: «Екеуіміз жүгіруден жарысайық», - деді. Ол мені басып озды да: «Бұл жеңіс – алдыңғы жеңіліс үшін», - деп күлімсіреді» (Ахмад).

7) ҚЫЗҒАНБАЙТЫН БОЛСАҢЫЗ...

Егер ер адам қабырғасын қызғанып, басқарып, қадағалап, ол үшін шешім шығаратын болса, онда әйел ол еркекті сүйе түседі екен. Себебі, әйелдің жаратылысы сондай, ол біреуге сүйенбесе гүлдемейді, ал арқа тіреп, күш-жігер сезінсе, жайқала түседі. Хадисте Саxаба Сағд ибн Ғұбада: «Егер әйелімнің қасынан бөтен еркекті көретін болсам, ол еркекті қылыштың жүзімен ұрар едім», — дегенде, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендер Сағдтың қызғаншақтығына таңырқап тұрсыңдар ма? Мен одан да асқан қызғаншақпын, ал Алла менен де асқан қызған¬шақ», - деген. (Бұxари) Сондықтан ер адамның өз әпке, қарындасын қызғанып, қоруы - оның еркектігінің, ағалық абыройының биіктігінің көрінісі. Еркектің қызғанышынан қақпақ кеткенде - әйелден ұят кетеді. Біз осыны түсінуіміз керек.

4127 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !

Sidebar Banner
Sidebar Banner