Мәдениет 2019-06-13 (38) (1767)

Айыптауға асықпайық

Айыптауға асықпайық

         Бір әйел алыс сапарға аттанбақ болып әуежайға келді. Ұшуға әлі ертелеу еді. Ол бір қорап печенье сатып алды. Сонсоң оңашалау бір орындыққа отырып кітап оқи бастады. Сәлден соң көрші орындыққа бір кісі келіп жайғасты да, ол да кітабын шығарып, оқуға кірісті. Әйел қасында тұрған қораптан бір түйір печеньені ала бергенде жаңа келіп отырған көршісінің де қорапқа қол созғанын байқап қалды. Бейтаныс кісінің әдепсіздігіне ашуланып, ұрсып тастағысы келді де, өзін әзер тежеді. Қорапқа қолын созған сайын ол кісі де бір түйірден алуын тоқтатпады. Үндемеген сайын басынған көршінің бейәдеп тірлігі ашуын шегіне жеткізді. Осылай іштей арпалыста отырғанда қорапта бір-ақ дана печенье қалды. Енді не істер екен деп отырғанда әлгі кісі еппен оны екіге бөлді де, жартысын қорапта қалдырып, әйелді одан сайын таңқалдырды. Арсыз әрекет әйелді әбден ашуға булықтырды. Ол орнынан тұрды да, кітабын қолтықтап ұшаққа беттеді. Әлгінде болған жайтты санасына әлі де сиғыза алмаған күйі ұшақтағы орнына жайғасты. Артынша қол сөмкесін ашса, бағана сатып алған қораптағы өз печеньесі сол қалпы тұрғанын көрді! Күтпеген көрініс маңдайына үлкен соққы болып тиді. Артынша тұла бойын ұят кернеп өзін қоярға жер таппады. Әлгі бейтаныс кісі әдепсіз де, арсыз да емес, керісінше нағыз ұстамды әрі жомарт кісі болып шықты.

         Осылайша, кейде өзгені 100 пайыз кінәлі санап, өзімізді сүттен ақ, судан таза сезінеміз. Шын мәнінде біз айыптаған кісінің адамгершілігі мол, бізден өресі биік, ұстамды әрі кішіпейіл жан болуы мүмкін.

         Айыптауға асықпайық! Алдымен өзімізді тексеріп алу артықтық етпейді.

 

1767 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !

Sidebar Banner
Sidebar Banner