2017-10-04 (0) (8157)

ТҮН ІШІНДЕГІ ТОСЫН ЖАҒДАЙ

ТҮН ІШІНДЕГІ ТОСЫН ЖАҒДАЙ

 

 

Тамыздың тамылжыған түнінде тойдан қайтып келе жатқан беттері болатын. Үйде емізулі сәбилері қалғандықтан, той иелерінен рұқсат сұрап шыққан екеуі Райымбек даңғылының бойына шығып, такси ұстамаққа ниет еткен. Түн ортасынан ауып кеткендіктен көлік көп ұшыраса қоймады. Бірді-екілі тоқтағандары бұлар айтқан бағытқа бармайтын болып шықты. «Қарап тұрғанша, жүре берейік, бұйырғаны тоқтар» деп шешкен жас жұбайлар думаннан алған әсерлерін ортаға салып, шүйіркелесіп келе жатты. Алқаракөк ашық аспанда самсап тұрған жұлдыздар адам көңілін алысқа жетелеп, қиялға шабыт, сезімге қытық дарытқандай. Той қызығынан өз қызықтарына ауысып, танысқан кездерін еске алып, күлісіп келе жатқан екеуі жол жағасында отырған бес-алты масаң жігітті көргенде дауыстарын саябырлата, жылдам басып өте берді. «Ішіп отыр ғой. Әй, жолдарың болғырлар-ай!..» Сайтан суы бойларына тарап, қарқылдап күліп, дарақыланып отырған топ екеуін көзбен шығарып салып қала берген. «Соқтығып жүрмесе болды...» Санасында сумаң ете қалған суық ойдан тітіркенген Ақжан жүрісін сәл жылдамдата түсті.

- Ей! Бері келші, ей, бері!

Бұйыра сөйлеген дөрекі дауыстан екеуі де селт ете қалды. Ақжан қолтықтасып келе жатқан жары Лағылға ақырын ғана:

- «Аш бәледен қаш бәле» деген. Үн-түнсіз кете берейік, - деді.  

Олар тоқтамастан жүре берді. «Әй, атаңның-ай, несі бар екен бізде!..»

- Ей! Кереңсің бе не?! Бері кел деймін саған!

Зілділеу шыққан дауыстан қолтығына тығыла түскен келіншегі:

- Не істейміз? – деп, жолдасына жаутаңдай қарады.

- Ештеңе. Жүре береміз.

 «Қорықпа» дегендей жарының қолын қысып қойған жігіт жүрісін жылдамдата түсті. «Ұзап кетсек, өздері де қояр...»

- Ей..! Неменеге өтірік кереңсіп бара жатырсың-ей?! Бері кел деймін!

«Қап, мыналардың қорлығы-ай! Не істесем екен?..»

- Өй, мына біреу менсінбейді ғой-ей бізді, а?! Жүгірші! Барып, алып келші бері!

Араларынан біреуінің өздеріне қарай тұра жүгіргенін етқұлағымен естіп, жұлынымен сезіп келе жатқан Ақжан:

- Қап мыналарды-ай!.. Лағылжан, сен жүре бер. Мен тоқтамасам, болмайтын болды... Не болса да, қарайламай ұзай бер. Машина тоқтаса, отыр да кете бер. Өзім қуып жетем. Жүре бер! – деді де, білегінен қаттырақ қыса түскен келіншегінің қолын сілкігендей қылып өзінен ажыратты да бұрыла берді. «Не істесем екен?.. Мені қойшы, азар болса таяқ жермін. Лағылға тиісіп жүрмесе болды!.. Қап! Не істесем екен?!..»

Бұларды балағаттап, соған өздерінше мәз болып отырған топтың мазағы мен қорлығына өлердей намыстанған әрі қорқыныштан қалшылдап кеткен Ақжанның басына не кіріп, не шықпады дейсіз! Көз алдына олармен өзінің быт-шыт болып төбелесіп жатқаны: бірде өзінің талып жатқаны, олардың келіншегіне тап бергені... бірде қан-қан болып, оларды қуып бара жатқаны... бірде полицияның келіп қалғаны... бірде өзінің өліп қалып, бұны Лағылдың құшақтап жылап отырғаны... неше түрлі бәле елестеп кетті. «Не істесем екен?!.. Құдай-ай, қайттім енді?!..» Жандалбасалап тұрған сәтінде оның есіне Орталық мешітте естіген уағызы сап ете қалды. «Бауырлар, естеріңізде болсын, Алла Тағаланың қалауынсыз, үкімінсіз ештеңе де болмайды! Тіпті, бір жапырақ та Алланың қалауынсыз жерге түспейді. Бұл жайлы аталарымыз «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген. «Лә-ә иләһә иллалаһ» сөзінің бір мағынасы – осы…» Шыңырауға құлап бара жатқандай шарасыз қалған Ақжан лақтырылған арқаннан шап беріп ұстап алып, қайта өрлегендей күйде еді. «Лә-ә иләһә иллаллаһ, Мухаммадур расулуллаһ! Я, Жаратқан Ием, Өзің бәрін көріп, естіп тұр емессің бе? Күнәларым болса, кешіре гөр! Уа, Алла Тағала, мені мына қиын жағдайдан құтқара гөр!» Ол дұға-тілегін шын жүрегімен, бар жүйке-тамырымен айтты. О, ғажап! Осылай деуі мұң екен, бойындағы дірілі сап тиылып, миын сапырылыстырып жатқан сансыз ойлар да тынши қалды! Өрекпіген жүрегі тыныштық тауып, тұлабойына күш-қуат құйылып жатқандай! «Қалғанын өзіңе тапсырдым, я, Алла! Енді не болса да көріп алдым!..» Қас-қағым сәтте ойы мен бойында орын алған өзгеріске, өзінің сондай бір барлығына даяр байсал қалыпқа түскеніне таң қалған оны келесі іс тіпті таң-тамаша қалдырды: айғайлап жүгіріп келе жатқан жігіт бұған төрт-бес қадам қалған кезде кілт тоқтады да, өзінің не үшін келе жатқанын еске түсіргендей, үнсіз төмен қарап тұрып қалды; содан соң басын көтермеген қалпы Ақжанға жақындап келді де қолын ұсынды!

- Қалай жағдай?

- Жақсы…

- Ым-м… Саған ешкім тиіспеді ме?

- Жоқ.

- Ым-м… Егер біреу тиісетін болса, маған айт! Мен осы районды ұстайтын Қайрат деген жігіт болам! Ұқтың ба?

- Ұқтым. Бірақ ешкім тиіскен жоқ…

«О, Құдайдың құдіреті! Мұндай да қызық болады екен, ә!..» Артта қалған айтақтаушы топтан да еш дыбыс жоқ. Жым-жырт! Ақжан сырттай сыр бермесе де, таңырқауында шек жоқ еді! Қайрат біраз үнсіз тұрды да, бұған қайта қолын созды:

- Давай онда, аман-есен жетіп алыңдар.

- Рахмет. Өзің де аман бол.

Қуғыншы жігіт кілт бұрылды да, бірдеңені тындырғандай, жолдастарына қарай маңғаздана жүріп кетті. «Әлхәмдулилләһ! Мың да бір шүкір, уа Раббым! Сен болмасаң, қайтар ем?!.. Сенің мейірімің мен қамқорлығың болмаса, мен кіммін?.. Рахмет! Өзіңе қарыздармын, я, Жасаған Ием!..» Құдіретті де Мейірімді Иесінің жәрдемінің тым-тым жақын екенін жан-тәнімен сезінген, жанары жасаураған Ақжан анандай жерде көзі бақырайып қарап тұрған жұбайына қарай асыға бет алды…

 

2010 жыл.

Алғадай Әбілғазыұлы,

«Қасиетпен қауышу» кітабынан

 

8157 рет оқылды