23:20 | Жас қари
23:45 | Парламент тынысы
2017-05-12 (0) (4638)

МҰҒАУИЯНЫҢ ӘЛИГЕ (Р.А) ҚОЙҒАН ТАЛАБЫ.

МҰҒАУИЯНЫҢ  ӘЛИГЕ  (Р.А) ҚОЙҒАН ТАЛАБЫ.

 

Шам әкімі Мұғауия әбу Суфиян мен Әли ибн әбу Талиб (ол екеуіне Алла разы болсын) арасындағы жағдай Шам жеріне Осман (р.а) өлтірілген кезде киген көйлегі және бүлікшілер жұлып алған сақалының бір тал қылы, әйелі Нәйланың (Шам жерінінен) шабылған саусақтары жіберілгеннен кейін орын алды. Мұны көрген Мұғауия (р.а) және Шам тұрғындары көздеріне жас алып, Османның (р.а) өлтірушілерін қалайда жазалайтындықтарына уәде беріседі. Екінші жағынан, Мұғауия – Османның (р.а) жақын туысы болғандықтан, мұны талап ету өз міндетім деп санайды. Тағы да баса айта кетейік, Мұғауия да (р.а) шамдықтар да Әлидің (р.а) мұсылмандар әміршісі болып тағайындалуына ешбір қарсылық білдірген жоқ. Бар болғаны бүлікшілерді жазалауды талап етіп тұрып алды, ал Әли (р.а) мұны кейінге шегерді. Сонда шамдықтар Мұғауияға (р.а) ант беріп, кек алынбайынша онымен бірге болатындықтарын, керек болса шайқасуға да бар екендіктеріне уәде берді.

Әли (р.а)  Мұғауияға (р.а)  бірнеше рет хат жіберіп, ортақ мәмілеге келу үшін барлық амалды жасайды. Мұғауияны орнынан түсіріп, оның орнына жаңа әкім де жіберді. Алайда, Шам тұрғындары жаңа әкімді кіргізбей, қайтарып жібереді. Әрекеттері нәтижесіз болғандықтан, басшыға бағынбағандарды түзету үшін елу мыңға жуық әскер жинап Шамға қарай бағыт алады. Куфаға өз орнына Қусама ибн Аббасты (р.а) тастайды, Ибн Аббас та (р.а) Басрадағы орнына Зиядты (р.а) қойып, Әлиге (р.а) келіп қосылады. Мұны естіген Мұғауия (р.а) мінберге көтеріліп, Шам тұрғындарымен ақылдасады да, алпыс мыңға жуық әскерімен Әлиді (р.а) қарсы алуға дайындалады.

Екі арада бір ай көлемінде түрлі қақтығыстар мен шайқастар орын алып отырады. Екі тарапта қан төгіліп, адам шығыны болмас үшін ірі шайқастың орын алуынан барынша сақтанады.

Сыффиндеге шайқас тарихта болған ең ерекше әрі таңғаларлық шайқас еді. Екі әскердегі мұсылмандар бір-бірін бауыр санап, жақсы көретін. Ешбірінің дүниелік мақсаттары болмады, бар болғаны екі жақ өздерінікі дұрыс деп есептеді. Шайқас уақытша тоқтағанда, бәрі келіп ортақ бір құдықтан су ішетін, бір-бірінің шекарасына өтіп, отырып әңгіме айтатын. Екі адам шайқасып жатып, демалып алу үшін отырып, ұзақ сұхбат құратын, содан кейін қайта тұрып шайқастарын жалғастыратын. Олардың ұстанатын діндері бір еді және олар үшін діннен артық нәрсе болмады. Намаз уақыты кіргенде шайқасты тоқтатып, намаздарын оқып келетін. Қаза болғандар саны көбейгенде оларды жерге тапсыру үшін уақытша шайқасты тоқтатып, әркім өз әскерінің адамдарын еркін іздейтін және бұл кезде бір-бірімен араласып жүре беретін. Қақтығыс шиеленісе бастады. Жеңіс біресе Әлидің (р.а)  әскеріне қарай ығысса, біресе, Мұғауия (р.а) жақ басымдық бере бастайды. Екі жақтан да шығын көбейе түсті, адамдар шайқастан шаршады. Осыны пайдаланып римдіктер шабуыл жасай ма деген қорқынышпен Мұғауия (р.а)  әскеріне найзаларына Құран парақтарын көтеруге тапсырма береді. Бұл бір келісімге келуге жасалған қадам еді. Әли де (р.а) бұған келісті. Осылайша, арадағы мәселеге шешім шығарумен айналысатын аралық сот ұйымдастырылатын болды. Бұл жағдай «сабаиттер» үшін ыңғайлы емес еді, олар екі тарап бүлікшілерді жазалауға шамалары қалмағанша соғыса бергендіктерін қалады, сондықтан, олар жаңа жоспарларын құра бастады. Әли мен Мұғауияның (ол екеуіне Алла разы болсын) бірігуі олар үшін өлім секілді болып көрінді. Нәтижесінде «Үкімді тек Алла шығарады!» деген жаңа ұранды тиек етіп, бөлініп шығады да, Әлиге (р.а) қарсы айла ұйымдастыруға кіріседі. Аралық сот идеясын қолдамаған бұл топ кейін «харижиттер» деген атпен түрлі бүліктер ұйымдастырып, түбінде Әлиді (р.а) өлтіріп тынған болатын. Бұл туралы төменде толығырақ...

Шайқас барысында көптеген адамдар Аммар ибн Ясирді (р.а) аңдумен болды. Өйткені, Пайғамбар көзі тірісінде: «Аммарға қасірет! Оны әділетсіз топ өлтіреді. Ол оларды Жәннатқа шақырады, ал олар оны Тозаққа шақырады» (Бұхари) деген болатын. Қырғын кезде Аммарды (р.а)  Мұғауияның (р.а) әскерінен болған адам өлтіреді. Кімнің әділетті әрі дұрыс бағытты ұстанғандығы анық болды. Әли (р.а) – ақиқатқа жақын жолда еді. Мұны көрген көптеген адамдар, оның ішінде Әмр ибн әл-Ас (р.а)  шайқасты тоқтату үшін барын салды.

 

Аралық сот

 

Аралық сот рамазан айында Даумат әл-Жәндәлда өтетін болды. Әли (р.а)  Куфаға, Мұғауия (р.а)  Шамға қайтты. Әли (р.а) өз атынан Әбу Мұса әл-Ашариді (р.а) жіберсе, Мұғауия (р.а) Әмр ибн әл-Асты (р.а) жібереді. Екі тарап та қос елші Құран мен сүннетке сүйеніп қабылдаған шешімге разы болуға келісім берді.

Аралық сот туралы хабар беретін өте көп сенімсіз және ойдан құрастырылған деректер бар. Бұхари өзінің «Тарихтар» еңбегінде ең сенімді нұсқаны келтіреді: Әмр ибн әл-Ас Әбу Мұса әл-Ашаримен (р.а) кездесіп: «Бұл іс туралы не ойлайсың?» деп сұрады. Әбу Мұса (р.а): «Мен ол (Әли) Алла Елшісі көзі тірісінде разы болғандардың қатарына қосылады деп санаймын» деді. Әмр одан: «Ал Мұғауияға қатысты ше?» деді. Ол: «Егер ол сендерден көмек сұраса, сендер оған көмектесуге қабілеттісіңдер, ал егер, сендердің көмектеріңсіз шыға алса, Алла осылай қалады» деді. Осыдан кейін олар екіге айырылды, Әмр Мұғауияға, Әбу Мұса Әлиге (оларға Алла разы болсын) осы хабармен қайтты. Алланың қалауымен, көпшілік үлкен үміт күткен аралық сот екі арадағы келіспеушіліктерге нүкте қоя алмады. Дәл осы тұста Әлидің (р.а) басына одан да үлкен қауіп төніп келе жатқан еді.

 

Харижиттердің пайда болуы және Нахравандағы шайқас

 

Харижиттер дегеніміз – әу баста мұсылмандардың әміршісі Әлиге (р.а)    қарсы шыққан топқа берілген атау. Олар аралық сотқа үзілді-кесілді қарсы болды, әділетсіз басшыға қарсы шығуды адалдап алды, ауыр күнә жасаушыларды күпірлікке шығарып, мәңгілік Отта азапталады деп санады және әмірші болып құрайыштан басқалар да сайлана алады деп есептеді. Алайда, ғалымдар олардың ұстанымдары мен сенімдеріне сай келетін барлық топқа «харижит» деген атау ортақ деген. Пайғамбарымыз олар туралы: «Ақиқатында, сендер өздеріңнің намаздарың мен оразаларыңды олардың намаздары мен оразаларының қасында болмашы санайсыңдар. Бұл адамның ұрпақтарының арасында Алланың Кітабын жұмсақ дауыстарымен оқитын адамдар пайда болады, бірақ ол олардың кеңірдектерінен төмен түспейді (Құран олардың жүректеріне кірмейді) және олар, жебе нысананы тесіп өтетіні сияқты, діннен шығып кетеді!» (Муслим) деген болатын. Басқа хадисте: «Олар жаратылыстың ең жамандары» (Муслим), «Оттың иттері» деп атаған.

Әли Алла Елшісінің хадистерінен-ақ бұл топпен қалай жұмыс істеу керектігін бірден түсінді. Сондықтан, олармен келісім жүргізу үшін Ибн Аббасты (р.а) жібереді. Хош иістеніп, ең әдемі киімін киген, таранып, тазаланған Ибн Аббас (р.а) олармен кездесіп Әлиге (р.а) қарсы шығуларына себеп болып отырған үш айыпқа Құран аяттарымен жауап береді:

 

1.     Әли (р.а) «Үкім Аллаға тән» деген аятқа қарсы келіп, шешім шығаруды адамдарға тапсырып, аралық сотқа келісім берді;

Ибн Аббастың (р.а)  жауабы: «Ей, иманға келгендер! Ихрамда болған кездеріңде аңдарды өлтірмеңдер. Сендерден кім оларды әдейі өлтірсе, оның өтемі – өлтіргендей бір мал. Ол туралы сендерден екі әділ кісі Қағбаға жеткізілетін құрбандық ретінде үкім береді» («Мәида» сүресі, 95-аят) және «Егер де екеуінің арасының ашылуынан қауіптенсеңдер, ер жағынан бір төреші, әйел жағынан бір төреші жіберіңдер» («Ниса» сүресі, 35-аят). Осы екі аятты оқығаннан кейін: «Сонда татуласу және қан төгістен қашу үшін шешім шығару артық па әлде қандайда бір қоян туралы шешім артық па? Татуласу және қан төгістен қашу үшін шешім шығару артық па әлде әйелдің ылаңына қатысты шешім шығару артық па?» деді. Олар бұл жауапқа қанағаттанды.

 

2.     Әли (р.а) шайқасты бірақ, адамдарды тұтқындамады және әскери олжаны алмады. Егер олар имансыздар болса, оларды тұтқынға алуға рұқсат, ал олар имандылар болса, оларды өлтіруге рұқсат берілмейді.

Ибн Аббастың (р.а) жауабы: «Пайғамбар имандыларға олардың өздерінен де жақын. Ал, оның жұбайлары – олардың аналары» («Ахзаб» сүресі, 6-аят). «Сонда сендер басқа әйелдерге қатысты рұқсат етілген нәрсе аналарың Айшаға (р.а) қатысты да рұқсат етіледі деп ойлайсыңдар ма? Егер «иә» десеңдер, сендер күпірлікке шығарыласыңдар және егер, ол біздің анамыз емес десеңдер тағы да күпірлікке шығарыласыңдар» дегенде харижиттер тағы да қанағаттанушылық білдірді

 

3.     Әли (р.а) аралық сотқа қатысты ережелер жазылған «мұсылмандар әміршісі» деген сөзді қолданбады, демек, ол кәпірлердің әміршісі;

Үшінші айыпқа Ибн Аббас (р.а) Худайбия келісімі кезінде жасалған келісімге Мұхаммед Пайғамбар да «Алланың Елшісі» деген сөзді қоспағандығын және бұдан кейін оның Алланың Елшісі болуын жалғастыра бергендігін еске салды: «Сендерге Аллаға және Ақырет күніне үміт ететіндер әрі Алланы көп еске алатындарға – Алланың Елшісінде көркем үлгі-өнеге бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят). Осы сөздерден кейін екі мың адам Ибн Аббаспен (р.а) бірге тура жолға қайтты, қалғандары пікірлерін өзгертуден бас тартты.

Ибн Аббас (р.а) оралғаннан соң Әли (р.а) олармен кездесіп, сөйлесіп, өзімен бірге Куфаға алып кетеді. Және оларға мұсылман ретінде қарап, оларға мешітте намаз оқуға тыйым салмады, соңдарына қарауыл салмады және оларға тиіспеді, үнемі тура жолды көрсетуге тырысып жүрді.

Бірде барлық Құран оқушыларды үйінде жинап, олардың айыптарына байланысты тағы да аяттар оқиды. Олар Әлидің (р.а) аралық сотқа қатысты райынан қайтпағанын түсініп, шешімін өзгертуді талап етеді. Әли (р.а) келіспеген соң, олар өздеріне Абдуллаһ ибн Уахбты (р.а) қолбасшы сайлап бір жерге жиналуды ұйымдастырады. Куфадан топ болып емес, біртіндеп кетіп жатады. Нәтижесінде барлығы Нахраванға жиналды. Олардың саны төрт мыңға жетті. Әли (р.а) олармен бейбіт келісімге келу үшін елшілер жіберумен болады. Алайда, олар өздеріне келгендерді өлтіріп тастайды. Сахаба Абдуллаһ ибн Хаббаб (р.а) мен оның тоғыз айлық баланы көтеріп жүрген күңін де аяусыз өлтіреді. Осыдан кейін Әли (р.а) он мың әскерін ертіп, оларға қарсы шықты. Әлидің (р.а) бұйрығымен Әбу Айюб (р.а)  қауіпсіздік туын тігіп, оның айналасына жиналғандарға, ешкімді өлтірмегендерге, Куфа мен Мадаинға қайтқысы келетіндерге қауіпсіздік уәде беріп, қан төккісі келмейтіндіктерін жариялайды. Осыны пайдаланған көптеген харижиттер райларын қайтып, тудың астына жиналады. Төрт мыңнан бар болғаны мыңға жуығы ғана шайқасуға ниеттенеді.

Әлидің (р.а) әскері харижиттердің алғаш болып шабуыл жасағанын күтіп, ақыр соңында, мыңның барлығын да өлтіреді. Әлидің (р.а) әскерінен санаулы адам ғана қаза болады.

Әли (р.а) шайқас орын алған жерге барып, кезінде Пайғамбар айтқан адамды іздей бастайды. Хадисте кеудесі әйел кеудесіне ұқсайтын кемістігі бар адамның адасушылардың тобында болатындығы айтылған болатын. Әли (р.а) дәл осындай белгісі бар Мухаддаж Зус-садяини есімді адамды тауып алғанда Аллаға шүкірлік айтып, сәжде жасайды. Осылайша, өзінің ақиқат жолында екендігін біледі. Осы оқиғаға байланысты Алла Елшісінің  мынадай хадисі де жеткен болатын: «Мұсылмандардың бір тобының ішінен бүлікші топ шығады және оны ақиқатқа жақын топ жеңеді» («Муслим).

 

Әлидің соңғы күндері

 

Харижидтерді жеңгеннен кейін Әлидің (р.а) әскері өздерінің тура жолда екендіктерін біліп, жаңа серпіліске ие болып, шамдықтармен сенімді түрде шайқасу керек болатын. Осыны күткен Әли (р.а) Шамды бағындыруға жоспар да құра бастаған. Алайда, бәрі басқаша болып шықты.  «Түйе шайқасындағы», Сыффинде, харижиттермен болған қан төгістен кейін Әлидің (р.а) әскерінің еңсесі түсіп кетті, бәрі де шаршаңқы әрі жабырқаулы еді.  Екінші жағынан Әлидің (р.а) Авхаздағы әкімі қол жинап, оған қарсы көтеріліске шығады. Әли (р.а) әскерінің көп бөлігін осы бүлікті басуға жұмсайды. Осы уақытта Мұғауия Египетті толықтай өзіне қаратып, басқа да беделді адамдардан көмек сұрап үлгерген еді. Әли (р.а) сонда да берілмей, барынша әскерінің рухын көтеруге тырысып, көркем сөздермен уағыздар жасауын тоқтатпайды. Өзінің өмір бойы өткізген шайқастарын баяндайды, Алла Елшісінің алдындағы дәрежесін ауызға алады. Бәрі де нәтижесіз болды. Ақырында, Мұғауиямен (р.а) бейбіт келісімге барып, Шамның билігін толықтай оның қолына береді.

Ол өз жақтастарының өзін қолдауға деген құлшынысының төмендігін көріп олардан түңіле бастады. Бірде қол астындағылар бір жерге жиналып, бір-бірін ығыстыра бастағанда, арасындағы біреу Әлидің (р.а) аяғын басып кетеді, сонда ол: «Олар маған мезі болды, мен оларға мезі болдым, олар мені жек көріп кетті, мен оларды жек көріп кеттім... Маған олардан,  оларға менен демалуға мүмкіндік берші» деген екен. Басқа нұсқада оның: «Оларға менен жаманды, маған олардан жақсыны алмастыршы...» деп дұға жасайды (Заһаби, «Сийар»). Осы дұғадан бірнеше күн өткеннен кейін Әлиге (р.а) қастандық жасалады.

Көпшілік ғалымдар Әлидің (р.а) Алла Елшісінің хадистері арқылы Алла жолында қайтыс болатындығын және өзін кімнің өлтіретіндігін білгендігін айтады. Қалай болғанда Әлиді (р.а) харижиттермен болған шайқас үшін кек алмақ болған харижит Абдуррахман ибн Мулжим әл-Муради өлтіреді. Ол өзгелерді таң намазына шақырып, намаз өткізуге ниеттенгенде қырық күн бойы уға батырған қылышымен басына соққы жасайды. Осыдан кейін Әли (р.а) үш күн қиналып жатады да, жан тапсырады. Бұл уақытта ұлдары Хасан мен Хусейнге (р.а), ұрпақтарына өсиет айтып үлгереді. Оның айтқан соңғы сөздері: «Алладан басқа құлшылыққа лайық Тәңір жоқ» болды (Бұхари). Оқиға хижраның 40 жылы рамазан айының 21 жұлдызында орын алды. Бұл кезде Әлидің (р.а) жасы 63-ке келген болатын (кейбір деректерде 65 деп те айтылады).

Әли ибн әбу Талиб төрт жыл, тоғыз ай және үш күн билік етеді. Оның денесін Хасан, Хусейн және Абдулла ибн Жағфар (оларға Алла разы болсын) жуады. Жаназа намазын Хасан ибн Әли (р.а) оқиды. Жерленген жері туралы әр түрлі пікір бар. Бір нұсқада Иракта, Куфада қойылған десе, басқа нұсқада Хасанның оны Мединеге жерлегендігі айтылады.

Оны өлтірген Мулжим өлім жазасына кесіледі. Осы кезде харижиттер Мұғауияға да қастандық жасаған болатын. Оған сұғылған улы қылыштың әсерінен ұрпақ сүю қабілетінен айырылып қалады. Мұғауияға (р.а) Әлидің (р.а) өлімі туралы хабар жеткенде көзінің жасын тыя алмайды. Және: «Адамдар қаншама игіліктен дін туралы түсінік пен білімнен айырылды» деп өкініш білдірген. Көптеген сахабалар, сахабалардың ізбасарлары (р.а) өліміне өкініш білдіріп, мақтау сөздерін арнаған.

 

Соңғы сөз немесе ескеру керек маңызды мәселе

 

Мінеки, бүкіл ғұмырын Алла жолына арнаған, Алланың разылығына ұмтылған, қасық қаны қалғанша мұсылмандардың қамы үшін табандылық танытқан Әли ибн Әбу Талибтің (р.а) қазасымен тарихымыздың тағы да бір ғибратты беттері жабылды. Әлидің (р.а) кезінде орын алған бүліктер одан кейінгі бүліктерге жол ашып, әлі күнге дейін мұсылман үмбетінің басына қара бұлт төндіріп келеді...

Осы тұста ескерілуі тиіс үлкен мәселе бар. Жобамыздың соңғы кезеңінде сахабаларға, олардың ізбасарларына қатысты көптеген күтпеген әрі ақиқи ақпараттар берілді. Осыған байланысты «әһли сүннет» ғалымдары мынадай пікірді ұстанады және біз де осы пікірге құлақ асқанымыз абзал. Әһли сүннет сахабалар арасында болған бұл келіспеушіліктер мен қақтығыстарды талқыламау қажет деп санайды. Өйткені, бұл екі тараптың біріне деген теріс көзқарас немесе зұлым ой туғызуы мүмкін. Әрбір мұсылман барлық сахабаны жақсы көруі, оларға разы болуы, Алланың рақымын тілеу, олардың артықшылықтарын еске алуы тиіс. Болған оқиғаның негізінде ижтихад жатыр және барлығы да сауап алады: дұрыс ижтихад жасаушылар екі сауап, қате ижтихад жасаушылар бір сауапқа ие болады. Сахабалардың қатарынан өлтірілгендер де, өлтіргендер де Алла қаласа Жәннатқа барады. Алла Тағала Құранда: «Егер имандылардан екі топ бір-бірімен соғысса олардың арасын жарастырыңдар. Егер де біреуі екіншісіне қарсы шектен шықса, онда шектен шыққанымен, олардың Алланың әміріне қайтқанына дейін соғысыңдар. Ал егер қайтса, олардың арасын әділдікпен түзетіңдер және бір жағына тартпаңдар. Ақиқатында, Алла әділдік етушілерді жақсы көреді. Ақиқатында, имандылар  – бауырлар. Сондықтан, екі бауырдың арасын түзетіңдер. Әрі өздеріңе мейірім етілуі үшін Алладан қорқып сақтаныңдар» («Хужурат» сүресі, 9-10-аяттар). Бұл аят – бір-бірімен шайқасқан сахабалардың иманды және бауыр болып қала беретіндіктеріне дәлел бола алады. Сөзімізге тұздық ретінде бір ғана ғалымның пікірін келтіру жеткілікті деп ойлаймыз. Ғұлама ибн Хажар айтады: «Әһли сүннет» ақиқат Әлидің (р.а) жағында болды деп санайды, ал оған қарсы шыққандар – әділетсіздер. Алайда, ғалымдар бірауыздан екі жақты да сөкпеу керек деп санайды. Біз бар болғаны олар ижтихад жасады және қателесті деп айтамыз».

Шыншыл әрі әділетті билеуші Омар ибн абдул-Әзиздің мына бір сөздері де оқырман көкейінде пайда болған көптеген мәселенің басына нүкте қояды деп ойлаймыз: «Бір күні түсімде Алла Елшісін көрдім. Оның жанында Әбу Бәкір және Омар отырды. Мен оған сәлем бердім де, отырдым. Отырғанымда Әли мен Мұғауия әкелініп, үйге кіргізілді, содан кейін арттарынан есік жабылып қалды, ал мен қарап отырдым. Көп уақыт өтпей Әли шығып мына сөздерді айтты: «Қағбаның Раббысымен ант етейін, шешім менің пайдама қарай қабылданды». Дәл сол секілді Мұғауия да тез шықты да: «Қағбаның Раббысымен ант етейін, ал мен кешірілдім» деп айтты» (Ибн Касир, «Бидайа»).

 

 

Барлық мақтаулар әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның туыстары мен сахабаларына Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

4638 рет оқылды