13:40 | Құран уақыты
2017-02-01 (0) (7595)

Айгүл Ісмақова:«ҚАЗАҚТЫ ҚОРҚЫТАТЫН БІР ҰҒЫМ БАР...»

Айгүл Ісмақова:«ҚАЗАҚТЫ ҚОРҚЫТАТЫН БІР ҰҒЫМ БАР...»


Филология ғылымының докторы, ғалым, алаштанушы Айгүл Ісмақованың адам бойындағы адамгершілік қасиеттер туралы, қазіргі әдебиет әлеміне деген көзқарасы хақында сұхбат алған едік. Сұхбат барысында ғалымның өмір мен әдебиет арасындағы ойларынан кейбір нәрсеге көңілі толмайтынын аңғардық. 

 


«Олар елге адал қызмет етуді азаматтық, мұсылмандық парызым деп санады...»

 

Асыл арна: – Айгүл апай, сіздің қажылық сапарына барып келгеніңізден хабардармыз. Алла құлшылығыңызды қабыл еткей! Ғибратты сапардан не түйдіңіз, ішкі әлеміңізге әсері қандай болды? Бізбен бөліссеңіз.

 

Айгүл Ісмақова: – Мекке сапарына барып келгеніме міне, жарты жылдай уақыт болды. Қажылық бүкіл мұсылманның өмір бойы армандайтын басты мақсаты деп ойлаймын. Алланың бұйрығымен болған сапарда маған жақсы адамдар сапарлас болды. Және ол жерге келгеннен бастап басқа бір ғаламға түсіп кеткендей әсерде боласыз. Және бұл сапардың Алланың бұйрығымен болғанын білемін. Адам тілмен айтып жеткізе алмайтын күй кешіп келдім. Мен Меккеден келгеннен кейін бір ай бойы елмен дұрыс сөйлесе алмай қалдым. Ол жақтан алған рухани әсерімнен болар. Ол жақтан келген адамға қазіргі өмірге қайтадан бейімделуге тура келеді екен. Көпке дейін басымнан жаулығымды шеше алмай, жұмысқа да келе алмай, отбасымда балаларымның қасында болдым. Шынымен барып келдім бе, келмедім бе деген Алла Тағаланың қуанышын сезіндім. Біз Мекке жеріне аяғымызды тиген кезде қазіргі мына тіршіліктен, пендешіліктен басқа бір рухани байлық, адам жас кезінде сезінетін бақ-дәулетті мейірімді кезеңді қайта сезінгендей болдым. Және ол күндер, өкінішке орай, өте жылдам өте шықты. Сол кезде менімен сапарлас болған жандар менің ең жақын адамдарыма айналды. Алла қаласа, соларды еске алсам, сондай ізгі жандармен сапарлас болғаныма Аллаға шүкір деп айтамын. Жер шарында Мекке мен Медина сияқты қасиетті жерлер бар екенін елге айтып жүруді өзіме міндет санаймын. Алла Тағала  ұрпағыма да сол жерге баруды нәсіп етсе екен деп тілеймін.

 

Асыл арна: – Алаш зиялыларының адамдық, кісілік қасиеттері туралы не айтасыз?

 

Айгүл Ісмақова: –  Мен Меккеде жүрген сапарымда да Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатовтар бастаған Алаш Арыстары құдды қасымда жүргендей әсер алдым. «Бисмиллаһи раһмани раһим» деп жазған алаш ғылымын, «Алаш үшін, ел үшін» деп сол қайраткерлер жасаған шаһидтік істерін зерттегендіктен сол сапарымда бұл  ғалымдар үшін дұға жасап жүрдім. Отанды сүю – иманнан екенін біліп кеткен ғалымдар өздері сол жерге баруды аңсағанымен, кеңес заманында репрессияға ұшыраған кезде-ақ ол мүмкіндіктен айырылған еді. Алаш зиялыларының бойындағы кісілік қасиет олардың бала кезінен бастап қалыптасқан. Олардың зиялылығының көрсеткіші: олар барлығы ауылдан «Бисмиллаһи раһмани раһим» деп 5-6 жасында «р»-ға тілі келгеннен бастап молдадан сауат ашқан мұсылман ғалымдар. Алаш Арыстарының басты бір ғана мақсаты болды, ол – Отанға қызмет ету. Қазақтың ері ел үшін қызмет етуді басты абырой санаған. Құранмен сауатын ашқан ғалымдар үшін Отанды сүю – иманнан басты шарт болғанына ғылыми еңбектерінен көзім жетті. Осыны насихаттауды парыз етіп келемін. «Жазған сөз жаным ашып Алашыма» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, алаштың қай зиялысын алсаңыз да қазақтың келешегі үшін жанын қия білді. Әр қазақ Отан, ел үшін ақысыз қызмет етуге дайын болсақ, біздің қазіргі Тәуелсіздігіміздің ғұмыры баянды болар еді. Отанға қызмет ету үшін иман керек. Жиырмасыншы ғасырда қазақ елінің саяси элитасы: Әлихан, Ахмет, Әлімхан, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Халел бастаған зиялылар өздерінің сауаттылығымен Ресейдің саяси элитасын мойындата білді. Оларды сол кезде қиындықтан әуелі Алла, содан кейін өздерінің мұсылмандық ұстанымдары, иманының беріктігі қорғады. Сондықтан Отанға қызмет етуді үлкен абырой санады. Осының өзінде қазіргі жастарға қажетті мінез бар деп есептеймін. Дүниеден өткеніне 4-5 жыл болды, Гүлнәр Міржақыпқызы айтатын: «біз сол кезде «Бисмиллаһи раһмани раһим» деп айтпай дастархан басына отырмайтынбыз. Түрмеде отырса да, оразаларын ұстап, сәресін қара сумен ашқан азаматтар қазақ еліне адал қызмет етуді өздерінің азаматтық, мұсылмандық парызы деп санаған».

 

Асыл арна: – Алаш зиялыларының уақытында дінге тыйым болды. Бірақ олар өздерінің шығармаларымен соны насихаттап кетті. Қазір тыйым жоқ. Осы тақырыпты ашық меңгерген зиялы қауым аз сияқты көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз?

 

Айгүл Ісмақова: – Қазір де ондай шығармалар бар. Бірақ, көп емес, санаулы ғана. Олар: Құл-керім Елемес пен Дәулетбек Байтұрсынұлы. Осы екі ақынның поэзиясында «мінәжат» жанры бар. Мінәжат – Аллаға құлшылық ету. Осы екі ақынды қазіргі замандастары сынайды, бізге діни ақыл айтатын ақындар деп қабылдап жатады. Екеуі де Алланың қалауымен осы жанрды дамытып келеді. Бұл ақындар жазғаны үшін ешқандай да қаламақы алмайды немесе бір лауазымды қызмет үшін де жазбайды. Бұл Алланың қалауымен берелетін асыл сөздегі құлшылық түрі. Сондықтан, бұл аз болса да – бар нәрсе. Қазіргі қазақ поэзиясының бір арнасы деп қабылдау керек. Ал, бұрынғыларда бұл жағдайдың көрінісі қандай еді? Ахмет пен Міржақыптың өлеңдеріндегі діни түсініктер, олардың өз шығармаларында хадистерді келтіруі Алаш поэзиясында Абай асыл сөзінен кейін орын алды. Оларда бір ғана мақсат болды: қандай жағдайда да қазақтың кенжелеп қалған ғылымын дамыту, әдебиетін таныту, қазақ тіліндегі бүкіл кәсібиленген ғылым саласының басын бастап беру. Күні-түні қазақ ғылымы үшін аянбай тер төгіп, сол игі істердің басы-қасында болуды бұл ерлер өзіне басты мақсат тұтты. Қазір олар жазып кеткен қай кітапты алып қарасаңыз да әр сөзі «Бисмиллаһи раһмани раһим» деп басталады. Тіпті, Ахмет Байтұрсынов өзінің жары Александраға  Бәдрисафа деп мұсылманша есім берген. Оны екі айлық медреседе оқытып, мұсылман жары етіп алуы Алаш Арысының замандастарына көрсеткен үлгісі еді. Иә, бұл жағдай сол кездегі кеңес үкіметіне ұнамайтынын білсе де, өз шаңырағындағы мұсылмандықты сақтап қалғысы келді. Бәдрисафа Ахметті ешқашан есімімен атамаған екен, «төрем» деп шақырған. Осының барлығы қазіргі жастарға керек болатын мұсылмандықтың, зиялылықтың үлгісі. Біз қазір осыны жоғалтып алған сияқтымыз. Бәдрисафа өлгенше мұсылмандық киімімен намазын үзбей өткені белгілі. Сол үшін оны психикалық ауру деп арнайы мекемелерге жапқан кезде де намазы мен киімін өзгертпеген.

 

«Біз енді әдебиеттану деген ұғыммен жылап көрісетін болдық...»

 

Асыл арна: – Әдебиетшілердің, ақын-жазушылардың ынтымағы туралы не айтасыз? Бұрын қандай еді, қазір қандай?

 

Айгүл Ісмақова: – Қазақ жазушыларының ынтымағы туралы сөз болса мен тағы да сол алаш зиялыларын үлгі қыламын. Ахмет Байтұрсынұлының Әлихан Бөкейханға арнап «Достыма», Сұлтанмахмұт Торайғырұлының «Бірі Айым, бірі Күнім» деп Әлиханға, Ахметке қарата айтқан әдемі сөздері бар. Алаш арыстары бір-бірінің қадірін білген. Әлихан соңынан ерген Ахмет пен Міржақыптың, Мағжанның ақындығын, Жүсіпбектің жазушылығын біліп, оларды қолдап, қамқоршы бола білген. Ахмет Байтұрсынұлы «Ақын ініме» деп Міржақыпқа қолдау көрсетті. Кеңес заманында жазушыларды бір-біріне қарсы қойып, олардың үстінен тоталитарлық жүйеде ақыл айтып отыру арқылы бір-біріне деген қарама-қайшы пікірді қалыптастырды. Бір-бірін кінәлап жазу, өкпе арту бұл қазіргі зиялы қауым арасында да бар. Дегенмен, қазіргі ақын-жазушылар бір-бірінің қадірін біледі. Кімнің кім екенін өздері біліп отырады. Анау атаққа сай, немесе сай емес екенін де өзара айтып отырады. Қазіргі заманда бізде пендешілік көп болып барады. Атақ құмарлық, шенқұмарлық алға шыққан жағдайда баяғыдай Әлихандар сияқты «сұңқарым-ай, іңкәрім-ай» деп бір-біріне айту қазір жоқтың қасы. Ахмет Байтурсынұлы Әлиханға былай деген: «Қырағы, қия жазбас сұнқарым-ай! Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай! Үйілген өлексені өрге сүйреп, Шығармақ қыр басына, іңкәрім-ай!». Қазіргі ақша, атақ қуып бара жатқан заманның зардабын ұрпағымыз тартпаса екен. Алайда, осыған қарамастан әрбір қаламгер бір-бірінің қадірін біледі. Кімнің деңгейі қандай екенін де біледі. Бір-біріне өкпелей қалса, бірден өлең не сын түрінде жариялап тастайтын әдеті де бар. (күліп) Қорыта айтқанда, жазушы да, ақын да әртүрлі мінез иесі, пенде, сондықтан да оны идеализациялаудың қажеті шамалы.

 

 

Асыл арна: – Ф.Кафканың атақты «Қорған» романы сол кездегі Австрияның, О.Памуктың Нобель сыйлығы берілген «Қар» романы Түркияның рухани-әлеуметтік ахуалының көркем бейнесі. Сіздіңше, біздің әдебиет мұндай романдарды тудыра ала ма?

 

Айгүл Ісмақова: – Кафканың «Қорғаны» заман шындығын көрсетіп кеткен шынайы, классикалық туынды. Ал, Памуктың «Қар» романы да Түркиядағы саяси, рухани шиеленісті суреттеген роман. Сол романды оқып отырғанда Түркияның дәл қазіргі жағдайы көз алдыңа келеді. Бұл жазушының осыдан он жыл бұрын осы жағдайға көз жеткізгендігі. Біздің қоғамда да ондай романдар бар. Тек насихатталу жағынан ақсап тұрмыз. Мәселен, былтыр ғана әдебиет саласы бойынша ҚР Мемлекеттік сыйлығын алған жазушы Бексұлтан Нұржекеевтың «Әй, дүние-ай» деген романы. Романды «Әй, дүние-ай!» деп атаған себебі, бұл жеке адамның тағдыры емес. Бас кейіпкері – Шәйі деген қазақтың қызы, Ақбілектің құрбысы. Былтыр Албан көтерілісіне, Торғай көтерілісіне, жалпы ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толды. Бұл – қазақтың үлкен бір тарихи белесі. Қазақтың үлкен қайраткерлері, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш азаматтары 1916 жылғы көтеріліске шығудың қажеті жоқ деген. «Халық қырылып қалады, қарсы шығамыз деп қазақты қырып алмау керек» деген ұстанымда болған. Кейбіреулер осының өңін теріс айналдырып, ел алдындағы азаматтардың халыққа деген қастандығы тұрғысында бағалаған. Роман құжаттық деректермен жазылған. Қазіргі сауатты оқырманға «бұл қалай болды, жазушы ойынан шығарып отыр ма, әлде мұның тарихи негізі қандай» деген мәселе маңызды. Роман – жазушы қиялының туындысы емес, өмірде болған адамдардың басынан өткен оқиғалар тарихы. Романның бүкіл өн бойында күрсінумен өкініш, үрей мен қорқыныш қатар жүреді. Сол қанқұйлы оқиғаның ішіне еніп кетіп, одан шыға алмай, есеңгіреуді де бастан өткересіз. Тек шарықтау шегіне жетіп, қорытындысында ғана «уһ» деп деміңді шығаруға шамаңды келтіретін бұл шым-шытырман оқиғалы шығарманы көпшіліктің оқығандығын қалаған болар едім. Елдің тарихын білу үшін осындай кітаптар оқу қажет.

 

Асыл арна: – Әлем әдебиетінде «роман-воспитание» деген жанр бар. Қазақ әдебиетінен осы жанрға қай романды қосар едіңіз?

 

Айгүл Ісмақова: –  Бұл туралы мен осыдан он бес жыл бұрын жазған едім. Берлин университетінде өткен симпозиумға қатысқанымда осы тақырып аясында баяндама жасадым. «Қартқожа» мен «Ақбілекті» оқырманды тәрбиелейтін романдар тобына жатқызған едім. Бұл 1999 жылы болатын. Сонда олар таң қалды, қалай кеңес үкіметіне дейін қазақ әдебиетінде осындай романдар болған деп. Роман-воспитание жанрына жатқызу үшін роман кейіпкері кішкентай кезінен бастап тұлғалық деңгейге дейін жетуі керек. Мысалы, Қартқожа ауыл молдасынан сауат ашқан кішкентай ғана бала роман соңында 16-17 жастағы өз ойы қалыптасқан азамат болып шығады. Бұл – роман воспитание жанрының толық шарттарына сай туынды. «Қартқожа» – 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісі туралы жазылған тұңғыш роман. 1916 жылы патша жарлығымен, қазақ жастарын қара жұмысқа алу басталды. Қарап отырсаңыз, қазақтарды кемсітіп «бұлардың қолынан тек қара жұмыс келеді, мылтық ұстатуға болмайды» деген түсініктегі төмендету. Осыған намыстанған Жетісу қазақтары көтеріліске шықты. Романда Қартқожаның образы арқылы көтерілістің себеп-салдары, қазақтардың өзара ішкі түсінбеушіліктері толық ашылған. Сонда Европалық ғылыми орта «сіздер осындай керемет туынды бар екенін бұрын неге айтпағансыздар» деп қатты таңқалған болатын. Бұл жанрды қазақшаласақ, роман-тәрбие болып аударылады ғой. Жан-Жак Руссо, Дидро шығармалары осы жанрға жатады. Бұл жанрды қазақ тілінде іске асырған – Жүсіпбек Аймауытұлы. Әлемдік әдебиеттану анықтағандай, әдебиет өзі үшін жазылмайды, әр халықтың тарихы, кейіпкердің тарихы ретінде жазылады. Ол кейіпкердің тарихы нанымды болу үшін міндетті түрде бала кезінен басталуы керек. Қазақ әдебиетінде Қартқожадан басқа баланың тарихы әлемдік психологиялық роман негізінде әлі жазылған жоқ.

 


Асыл арна: – Айгүл апай, әдебиеттану ғылымының қазақ қоғамында насихатталуы қай деңгейде?


Айгүл Ісмақова: – Шынымды айтсам, осы сұраққа жауап беруге қиналамын. Білім және Ғылым министрлігінің бұйырығымен биыл Мамандық классификаторында магистр доктор лингвистики деген атау бекітілді. Оқуға түскеніңізде мамандық: әдебиеттану мен лингвистика деп аталады! бірақ классификация  бойынша бітіргеніңізде сізге тек лингвистика маманы деген мамандық беріледі. Бар ЖОО, филология магистратурасы мен докторантураларда Қазақ әдебиеті деген мамандықпен  бірген енді әдебиеттану мамандығы да осылай жойылды! Осы 2017 жылдың қаңтарынан бастап! Қазақ тіліндегі Бабалар Сөзін зерттеп, ұлттың жаны әдебиет дегенді танытатын Әдебиеттау мамандығын жойылуы кімге қолайлы? Әлемдік деңгейде бар мамандықты жойып тастаған Білім мен Ғылым министрлігінің бет алысы мемлекеттік тілдің жойылуына да себеп болып отырғаны анық. Мемлекеттік тілдегі қазақ әдебиеті мен әдебиеттану мамандығы жойылған кезде қазақ тілінің шалажансар болуы да түсінікті. «Ұлтты жою үшін оның әдебиетін жою жеткілікті» деген Алаш ғалымдары. Өз тарихы мен әдебиеті – бабалар асыл сөзінен айырылған қазақ тілі тек тұрмыс-саудасаттық тілі бола алмайды! Алаш аманаты осылай аяқ асты болды.  Мемлекеттік тіл отбасылық және ауылдағы азнаулақ қазақтың тілі болып қала бермек. Иә, арасына мінбелерден айғайлап қоямыз: Қазақ тілі неге орнықпай қойды деп. Ал іс жүзінде оның тамырына осылай балта шабылып жатыр. Бұл халықтың тарихын, текті бабалардың сөзін жою деген әрекет. Өзің де әдебиетшісің ғой, осындай сұмдықты елестете аласың ба? Мысалы, сен алдағы уақытта әдебиеттану мамандығы бойынша докторантураға түссеңіз де, диссертацияңды әдебиет бойынша қорғап шықсаң да, сізге дипломға жай ғана лингвист мамандығының магистрі немесе докторы деп жазып береді. Ол қай тіл бойынша ол белгісіз қалады. Классификациялаудың бізге ұсынғаны осы болды. Бұл біздің министрлік бекіткен атау, солар ойлап тапқан жаңалық. Енді әдебиет тану деген мамандық жойылды. Әдебиеттану мамандығы күні бүгін әлемде де бар, Мәскеуде  де орнында тұр. Бізде ғана жоқ. Мұндай сауатсыздықты түсіну қиын. Қазақ әдебиеті ғана емес, енді әдебиеттану деген ұғыммен жылап көрісетін болдық. Бұл өте өкінішті. Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, француз тілі – бәрін бір жерге топтастырып, бір қазанға қайнату арқылы қазақ әдебиеті мен әдебиеттану мамандығы осылай жойылды. Бұл өте өрескел қателік.

 

«Бізде оқығандар көп, бірақ қалтасы тесік...»

 

Асыл арна: – Қазақты тәрбиелеп келе жатқан қандай сөз?

 

Айгүл Ісмақова: – Ұрпағымның ұяты болсын, деген қазақ бала тәрбиесін басқадан биік қойған. Ұятсыз немесе жүгенсіз деген сөзге қалмас үшінде қызды қырық үйден тыю керектігін ұрпаққа ұлағат еткен. Қазақ баласын бір ауыз сөзбен тәрбиелеген. Онысы «ұят болады» деген сөз еді. Ұят болады дегені – өлімнен ұят күшті, ұятты істі істеме дегені; жаным арымның садағасы дегені еді. Отбасымызда бала күнімізден бері «Құдай үшін» деп айтатын едік. «Құдай үшін өйте салшы, Құдай үшін жасай салшы» деп жиі айтушы едік. Бала кеземізде әжелеріміздің жасырын намаз оқып, жасырын ораза ұстаған кезін көрдік. Оны неге жасырынып жүргенін сұрамаймыз, мектепке барғанда айтпауымызды өтінетін. «Құдай үшін» десе тоқтай қалып, бәрін жасап тастаушы едік. Бұл сөз бізді Алланың разылығы үшін жақсылық жасауға тәрбиелеген екен.

 

 


Асыл арна: – Қыз баланың өмірінде әке институтының рөлі қандай? Сіздің өміріңіздегі әкеңіздің рөлі қандай болды?

 

Айгүл Ісмақова: – Әкем атадан біреу еді. Сондықтан да боларөтебалажанкісіболды. Үкімет кызметінде болды, бірақ балаларын қасынан қалдырмай бірге алып жүрді. Қайда барсаүйге жана кітап ала келетін. Оны оқып бізбен бірге талқылап отыратын. Ауылдағы тұңғыш телевизор біздің үйде болды. Бүкіл ауыл баласы үйге жиналатын. Әкеміз бізді білім мен ғылымға ұйғарды. Кейде кешке Тәттімбеттің «Қосбасарын» қайта-қайта шертетін. Осы ретте Әліхан Бөкейхан былай деген: «Ән өлең, күй – ең сенімді үн, бұл үнмен адам мехнатын, рақатын, ғайратын, шафқатын, сүйіспеншілігін билейтін, қайғы-қасіретін Құдайға тапсырады, жеткізеді... Ән, өлең, күй – аспандағы періште тілі, бұрынғы жерде болған Пайғамбарлар тілі. Ән, өлең, күй – Алланы тануға үлкен себепкер». Көңілсіз болған кезінде тек домбырасымен сыр бөлісетін. Әкем бізді өлең айту мен домбыра тартуды бәрімізге үйретті. Іштегіні шығару және демалу үшін дейтін. Мылтық ұстай білу, аңға шығумен көлік меңгеруді үйретті. Әкемнің жиі айтатыны: не істесең де, қандай күйде болсаң, соны көріп, соған жәрдем беретін адам емес бір Алла дейтін. Жас кезімізде бәріміз ашық аспан астында қонатынбыз. Бұны әкем денсаулыққа қажет деп санайтын. Сонда түнімен аспандағы жұлдыздардың аттарын, оларға байланысты аңыздарды айтып шығатын: осының бәрін қайдан оқып алғанына күні бүгін таңғалам. Атам тірі кезінде кешке жақын аулада әңгіме құрылып, атам мен әкем Нысанбайдың Кенесары Наурызбай тарихи жырын жатқа айтатын. Біз окыған кітаптарда жоқ бұл жырлардың бірнеше нұсқалары бар екенін мен сол кездері білетінмін. Әкем есіме түссе, аспанға қараймын. Анам мен үшін балалары үшін жанын беретін жан болса әкем мен үшін бұл өмірден адам болып өтуді үйреткен ұстазым. Әке мен ана бұл дүниенің тірегі мен жарығы! Не істесем де, осы екі асыл жанның көнілдеріне кірбің түспесе екен деп өмір сүріп келемін. Жас кезімде есте калған бір окиға, үлкен апам мен ағама дастархан басында таратылған тәтті кәмпит жетпей қалды. Екеуі де ренжіп отырды. Сонда әкем: «тамаққа бола ренжіген адам өмір бойы құл болып өтеді» деп еді. Осыдан қорыққан үйдің үлкендері тыныш бола қалды. Және бұл бәрімізге сабақ болды. Тамаққа өкпелеген бала тек қара басының ғана қамын ойлайтын қара жаяу болады дегеннен зәреміз ұшатын. Қарны тоқтықты ойлаған текті қазақ болмаған дейтін сөздер бізге сабақ болды.

 

 

Асыл арна: – Нарық заманына қазақ ұлтының бейімделуі қалай деп ойлайсыз?

 

Айгүл Ісмақова: – Қазақты қорқытатын бір ұғым бар. Ол осы сен айтып отырған нарық деген сөз. 1836 жылы Кенесарының әскері сонау Көкшетаудан бастап қырғыз еліне Алатау арқылы он жыл соғыс жүргізген. Сол он жыл ішінде қаншама әскерді қару-жарақпен, тамақпен, киіммен, көлікпен қамстамасыз етті. Сол заманда нарыөтың заңдылығын білген мамандық иелері осы істі атқара білді. Қазақтар өте іскер, ақылды, сол кездегі заман ісін жұдырығында ұстаған азаматтар болды. Ал, біз қазір келіп нарық деп елді қорқытамыз. Біздің қазақ нарыққа баяғыда бейімделді. Иә, басында басқа елдердегідей нарық деген мынау екен деген жабайы түрлері болған шығар. Нарық жолында жүрген нағыз азаматтарымыз жоқ емес. Ауылдарында халал өнімдерді насихаттап, ішімдіктен аулақ ұстап отырған ардақты азаматтар бар. Солардың нарықтағы істерін Алла берекелі етіп жатыр. Аллаға шүкір, қазір тойларымыз да ішімдіксіз өтіп келе жатыр, халал өнімді қолдануды абырой санай бастадық. Нарыққа қара басының қамын емес, қазақтың қамын ойлайтын иманды азаматтар келсе екен деп тілеймін. Міржақып айтады: «Бізде оқығандар көп, бірақ қалтасы тесік, байлар бар, төбесі тесік» деп. Осы қазір біздерде де баршылық. Осы екі жағы тең келсе, қазақтың мүддесі қорғалады деп ойлаймын. Алла қаласа, қазақтың келешегі керемет боларына сенеміз. Қай заманда қазақ елінде осыншама мешіттер болған? Қай заманда қазақтарға қажылық сапарға баруға мүмкіншілік болды? Түркияның ғалымдары айтып отырады, олар қажылыққа бару үшін 20-30 жыл кезек күтеді екен. Біз Алла берген осы нығметтің қадірін білмейміз. Біз Алла Тағала сақтап келе жатқан аңғал еліміз ғой. Бір ақкөкіректігіміз бар, бірақ соған кейде ие бола алмай қаламыз. Бірақ, сөздің қадірін біліп, ақыл сөзіне тоқтаған дана халықпыз.

 

 

Асыл арна: – Ұлтымыздың болашағын қалай елестетесіз?

 

Айгүл Ісмақова: – Біз қазақ елі Алла Тағаланың ерекше ықыласы түскен елміз. Европаның жартысын алып жатқан жеріміз бар. Қалай болғанда да қазақты түрлі бәле-жаладан жалғыз Алла сақтап келе жатыр. Бірақ, бізге осыған иелік ететін ақыл керек, білім, ғылым керек, парасат керек, бірлік керек, имандылық керек. Европадан Гарвард бітіріп келген керемет мамандар бар. Олар сол жерде мойындалып, кәсіби маман болып келді. Бірақ, бізге келгенде абыройлы істердің басынан табылмайды солар. Әлихандар сияқты Отанға жүрекпен қызмет ету, Алла Тағала көріп тұр ғой деп иманмен беріліп жұмыс жасау деген жетпей жатыр. Ойлаймыз, мұндай игі істерді тек билік басында отырғандар ғана жасау керек деп. Шын мәнінде, ұлтымыздың болашағы барлығымызға ортақ. Сіз етікші болыңыз, тәрбиеші болыңыз, жүргізуші болыңыз, осы елдің азаматысыз. Осы бейбіт заманды аңсап, армандап кеткен қаншама арыстар бар. Солардың алдында әрбіріміздің жауапкершілігіміз бар екенін есте сақтайық. Бізге немқұрайлы өмір сүруге болмайды. Қазір қарап отырсақ, ақпараттық соғыстар жүріп жатыр, мынау жас қазақ, мынау орыс тілді қазақ, мынау намаз оқитын, мынау намазды басқаша оқитын қазақ деп бөліп барамыз. Аға ұрпақ бар, иә олар атеистер, оларды үлкен ғой деп сыйлап келе жатқан иманды, сабырлы ұрпақ бар. Бірақ осы жастардың арасын бөліп жатқан бір хауып бар. Осыған жол бермеуіміз керек. Жастардың арасы ашылса, онда қазақ елінің келешегіне кім иелік етеді?! «Он күнәнің тоғызы тілден» дейміз ғой, бізге ауызбіршілік керек. Бізге қазіргі тәуілсіздіктің қадірін білетін ұрпақ керек...

 

Асыл арна: – Риясыз әңгімеңізге рақмет, Айгүл апай! Алла әрбір ісіңізге береке берсін!

 

Кемеңгер Әуезов: «Кей сөздердің асыл шақпақ тасқа шаққандай боп әсем сөйлем ішінде ұшқындап, от төгіп тұратын шағы бар» деген екен. Алаш арыстарының арманын жалғап, қазақ тілінің жанашырына айналған Айгүл Ісмақованың әр сөзінен қазақ баласы толғамды ой түйсе екен дейсің...

 

Сұхбаттасқан: Салтанат Қожа 

7595 рет оқылды