14:10 | Өлең-сөздің патшасы
14:20 | Автопортрет
2017-01-27 (0) (18535)

АЖЫРАСУ АЛДЫНДАҒЫ ЖІГІТТІҢ ХАТЫ

АЖЫРАСУ АЛДЫНДАҒЫ ЖІГІТТІҢ ХАТЫ

 

Бойдақ күндердегі махаббат қашан да бал-шырын. Сол күндерде ғұмыр бойы сүю, мәңгілік махаббат дегендерге әр ғашық айнымастай сенеді. Алайда үйленген соң тұрмыс күйбеңі араласқан сезімнің бағдары басқа арнаға ауысып кетерін тұрмыс құрғандар ғана жақсы білсе керек. Оның жайын жастар, тіпті, сезіне де алмас. Алайда, махаббатты мәңгілік алақанда аялап ұстай алу - ерлі-зайыптылардың екеуінің де борышы, міндеті. Бұл жайға немқұрайлы қарау қасіретке апарып соғады. Мына бір ажырасу алдындағы азаматтың хаты жастарға, енді ғана шаңырақ көтерген жас жұбайларға ой салады деген үміттеміз.

***

Үйленгенге дейін менің көңілімнен терең орын алдың. Үнемі мені шығындатуға әуес едің. Біресе оны аламын, біресе мұны аламын деп қиғылық салсаң да, бәріне мақұл дер едім. Алайда, үйленген соң, бәрі басқа арнаға ауысты. Қиялыңда ақша жинаудан басқа ой жоқ. Жалақымды түгелдей тапсыруды талап еттің. Әйел затының әр қаражатты күйеуімен ақылдасып, мүмкін болса отбасын ер азамат басқаруы тиіс екенін білмейтін бе едің?!

***

Үйленуден бұрын, қашанда алдымнан сұлу болып шығатынсың. Ал үйленген соң ше?! Отбасында өз-өзіне онша көңіл аудармайтын, құдды бір салақ әйелдер секілді кейіпке ендің. Мені сұлулыққа құмартудан мақұрым еттің. Ал сыртқа шығатын болсаң, елден ерек сәнденіп аласың. Мен сонда ғана сенің бар сұлулығың маған арналмағандай азапты күй кештім.

***

Үйленуден бұрын ақылды қалпыңмен мені ерекше баурайтынсың. Ол кездегі сенің алдыңдағы сезімімді бейнелеуге қазір тілім жетпес еді. Ал үйленген соң ше?! Барлығын өзім басқарамын деп тұрып алдың. Әр істі өз бетіңмен, өз шешіміңмен атқарасың. Бір рет болсын, менің тілімді алып көрдің бе?! Сенің назарыңдағы еркек қайда кетті сонда?!

***

Үйленуден бұрын, мені ақылды, іскер деп мақтайтынсың. Қызметте, кәсібімде табысқа жетуіме қолдау көрсетіп отыратын едің. Ал үйленген соң, сен менің жасаған жақсылықтарымды көрмейтін болдың. Қанша қаражат тапсам да сен үшін ол аз болды. Сәл кемшілігімді көрсең, қалған бар жақсылығымды рәсуа етіп, жоққа шығардың.

 

***

Үйленуден бұрын, әр сөзім саған сондай мағыналы, тәтті сезілетін. Ол кезде өзімді жұрт көзіне кеңпейіл көрінетін шығармын деп ойлаушы ем. Үнемі сырласатын едік. Ал үйленген соң, саған айтқан әрбір сырым, әрбір кеңесімнің соңы ұрыспен аяқталып жатты. Кей сәттерде сол бұрынғыдай саған бар сырымды ақтарып, сырласқым келеді. Мені түсінуіңді, сыпайы мәміле жасауыңды қаладым. Алайда, тағы да ұрыс-керіспен аяқталатынын біліп тұрғандықтан сенімен сөйлесуді қойдым.

***

Өмірде кінәсіз, мінсіз ешкім болмайды. Үнемі осының бәрі өз кінәмнан болар деп ойлаймын. Сөйтем де, бұрынғы жүрген қалпыма қайтқым келеді. Қай жерден қате жібердім? Қайтсем түсінемін? деп көп ойландым. Алайда өз кінәсін танып-біле алар адам шынымен-ақ аз екеніне көзім жетті. Мүмкін бар кінәмді сен білерсің, сен айтарсың. Мен өткен күндерімді қатты сағындым, сол күндерге қайтып барғым келеді. Кітап оқыған кезімде қасымда отырып жалықпай тыңдайтын сәттеріңді, жаныма шуақ шашар мейірімді күлкіңді сағындым. Дегенмен, енді бәрі оралмасқа кетті...

Бақыт қашанда ерлі-зайыптылардың екеуіне де ортақ. Ал сен бақытты боламын деп кетіп барасың! Бірақ, сен біл, барын бағалап, қанағат ете білмеген жүрек байлыққа шомылса да өзін кедей сезінетінін! Және тағдыр қосқан жарынан таппаған бақытты әйел шайтан салған шаттықтан таба алмайтынын ұмытпағайсың...

18535 рет оқылды