08:30 | Менің анам, менің әкем
2017-01-19 (0) (10280)

БОЛАШАҚ ОТАҒАСЫНА АРНАЛҒАН АЛТЫ АҚЫЛ

БОЛАШАҚ ОТАҒАСЫНА АРНАЛҒАН АЛТЫ АҚЫЛ

 

Жiгiттiң өмiрлiк жарын тауып, шаңырақ көтеруi, өз отауын тiгуi оның ғұмырындағы ең қуанышты, ең елеулi, сонымен қатар ең жауапты қадам. Жанұяның iргесi мықты болып, түтiнi түзу шығу үшiн, тек әйелдiң жақсы болуы ғана жеткiлiксiз. Кез келген ер жігіт жақсы жар, отағасы, ардақты әке, елге сыйлы азамат болғысы келеді емес пе? Ол үшін не істеу керек? Осы орайда, сіздерге болашақ отағасына арналған бақыттың алты кілтін ұсынамыз.

 

Әйелдің ең бірінші ұстазы – өзіңіз!

 

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде білімнің мұсылман ер мен əйелге ортақ парыз екенін айтқан. Хадисте сөз болған үйренуі парыз білімнің саласы – діни ілім. Дінді үйрену – өмірді үйрену. Өйткені дін өмірдің барлық қатпарын қамтитын, қиындық атаулының барлығын шешуге қабілетті үлкен мектеп. Осы айтылғанға сай күйеу ең әуелi өзi мұсылман болып, жанұясын, соның iшiнде ең алдымен әйелiн дiнге үйрету. Шариғат талаптарын ең әуелi өзi орындап, кейiн оны жанұя мүшелерiнен талап етедi. Дiнге үйрету тек дәрет алдырып, намаз үйрентумен шектелмейдi. Дiнге үйрету дегенiмiз – өзi, әйелi, бала-шағасы жан-жақты пайдалы бiлiм үйренiп, парасаттылыққа қол жеткiзу. Парасаттылық негiзiнде өзара түсiнушiлiк пайда болады.Түсіністік негізінде болашақ келін ата-енесіне, ағайын-туысқа ілтипатпен қарап, өз отбасына жауапкершілікпен қарауды үйренеді. Сондай-ақ, көршімен тату болуға, ағайынмен бауырластыққа баулиды. Ер адам әйелінің намысын аяқасты етпей, қадірін сақтауға, оны құрметтеуге міндетті. Аяғы абыройсыздыққа апраратын істерден де сақтандырып отыруға тиіс. Өйткені, жарыңыздың ең бірінші ұстазы – өзіңіз!

 

«Сыйластықтан асқан махаббат жоқ» екенін ұмытпаңыз!

 

Түсіністік пен сыйластық – бақытты отбасы болуға апаратын жол. Құранда Алла Тағала ер кісінің отбасы басшысы екенін айтқан. Отбасының тізгінін ұстайтын ер кісі өзіне міндеттелген жауапкершіліктерді дұрыс атқарса ғана шаңырақ шаттықты ғұмыр кешеді. Ер кісінің жауапкершілігі əлеуметтік қамсыздандырумен ғана шектеліп қалмайды. Бақыттың кілті байлықта емес, отағасы жұбайының бақытты болуына да жағдай жасауға міндетті. Мейірімділік, түсіністік пен сүйіспеншілік – бақытты отбасы болудың бірден бір кепілі. Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сыйластықтан асқан махаббат жоқ» екенін айтып кеткен еді. Әйеліңіз өмірде өзіңізге қандай қатынас жасағанын қаласаңыз, оған да дәл сондай қатынас қылыңыз. Ибн Аббас (оған Алла разы болсын): «Менің алдымда әйелімнің әдемі болғанын қалағаным сияқты, мен де әйелімнің алдында әдемі болу үшін әсемденемін» деп айтқан.

 

Әйел – Алланың сізге берген аманаты!

 

Жарыңызға зат секілді емес, өмірлік серігіңіз ретінде назар аударыңыз. Сіздің әйелге қалай қарайтыныңыз адамгершілік қасиетіңізді көрсетеді. Әйеліңіз – өмірлік серігіңіз, балаларыңыздың анасы. Дәл сіз секілді оны да Алла Тағала адам етіп жаратқан. Бірақ әлдеқайда нәзіктеу, әлсіздеу. Әйел заты, негізінде, табиғатынан бітім-болмысы әлсіз, сезімге жақын, сүйеніп өмір сүруді ұнататын жаратылыс. Сондықтан жұмсақтық пен назар аударғанды жақсы көреді. Көбірек тілдесіп, сырласуға тырысыңыз. Көбірек көңіл бөліңіз. Көңіл-күйін, не мазалап жүргенін, нені қалайтынын сұраңыз. Осылайша сіз әйеліңізге сүйіспеншілігіңізді білдіріп, оны қуанта аласыз. Үйге келгенде әйеліңізге сәлем беріп хал-жағдайын сұраңыз, реніші мен қуанышына ортақ болыңыз. Өйткені ол сізге ғана байланған жолдасыңыз, дертіңізге ортағыңыз, көңіліңізді көтеруші, бала тәрбиелеп жетілдіруші және түрлі қажеттіліктеріңізді толықтырушы.

 

Оны түзетемін деп сындырып алмаңыз!

 

Жақсы күйеу әйел адамның қисық қабырғадан жаратылғанын біледі. Сондықтан да сынап, мінеумен оны сындыруға тырыспайды. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан: «Әйелдерге жақсылықты өсиет етіңіздер. Өйткені олар қабырғадан жаратылған. Қабырғаның ең қисығы – ең жоғарыдағысы. Оны түзулеймін десеңіз, сындырып аласыз. Ал, қоя берсеңіз, қисық күйінде жалғаса береді. Сондықтан әйелдерге жақсылықты өсиет етіңіздер». (Бұхари және Муслим жеткізген). Әйелді тек ақылмен, мейірімділікпен ғана тәрбиелеу керек. Кемшіл тұстарын айтып, кемсіте бергеннен гөрі, жақсы жағын айтып, мақтап қойсаңыз, әйеліңіз сіз үшін жақсы болуға бар күшін салатын болады. Әйеліңізге сырлас дос бола біліңіз. Қиналған сәттерінде демеу болып, ауырып қалса жанынан табылып, қамқорлық танытыңыз. Әйеліңіздің елеусіз кемшіліктеріне назар салмауға тырысыңыз. Оның өзіне тән ерекшеліктері мен жақсы қасиеттері бойындағы шағын кемшіліктерін жауып жіберетінін естен шығармаңыз. Алла Тағала Құранда: «Егер оларды жақтырмасаңдар, (ұмытпаңдар) Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін» («Ниса» сүресі, 19-аят) деген.

 

 

Алла кешіргенді кешіреді, кешірімді болыңыз!

 

Әйел мен еркектің арасында келеңсіз жағдайлар әрине, көп болады. Қателіктерге бой алдыратын сәттер де бар. Сондай сәтте бірі екіншісіне тіл қатпай, бірін-бірі тәрбиелемекші болады. Сұстанып, сөзіне мән бермей, ашуын көрсетеді. Бұл артық әрекет. Сол үшін ері әйелінің ұсақ-түйек қателеріне көз жұма қарағаны абзал. Жанын сөзбен жаралап, оның әйелдік болмысына тіл тигізуі қателік. Болмашы нәрсеге ренжіп, оны айлап, жылдап ішіңізде «жинап» жүрмеңіз. Болған нәрсені тез ұмытып, оңай кешіре біліңіз. Сіз қашалықты кешірімді, мейірімді, арайлы болсаңыз, өмір де сізге жылы шырай танытады. Кешірімге барған адамның ұтылғанын көрдіңіз бе? Кейбіреулер кешіре салу өзін-өзі сыйламайтын, әлсіз адамдардың ісі деп ойлайды. Керісінше, кешіре білу – тек ең мықты ер азаматтың әрекеті.Қандай жағдайда болмасын, сөз таластырғаннан гөрі кешірім сұрай салған абзалырақ. «Мен тым артық кетіп қалыппын, кешіре ғой...»  – деп бірінші боп кешірім сұрай салсаңыз – кішігірім жеңіс! Өйткені, екеуіңізді қалайда ажырастыруды көздейтін шайтан сізге: «Сен неге кешірім сұрауың керек?... сен емес қой кінәлі?... өзі кешірім сұрасын...» – деген теріс ой салуы мүмкін. Кімнің кінәлі екені маңызды емес, болған жағдай – болды. Ендігі мақсат: сол ситуацияны басқарып алып кету. Иә, ол  отбасының тікелей басшысы болған сіздің қолыңыздан келеді. Кішірейе салыңыз, кешіре салыңыз, некелі жарыңыздың алдында оның еш әбестігі жоқ. Айналып келгенде, сізге мына қағиданы қайталауға тура келеді: Тәкаппарлықты тыйыңыз!

 

Бақыт кілтін жоғалтып алмаңыз!

 

Сіз ауыз ашпай, жақсы сөзге сараңдық етіп, жүрегіңізге барар жолды жарыңызға тарс жауып қойсаңыз, өз қолыңызбен бақыт кілтін көлге лақтырғаныңыз. Ер кісі әйеліне деген пәк сезімін бір мезгіл сөзімен білдіруде жалқауланбағаны жақсы. Кісі бір-екі ауыз сөзімен әйелінің жүрегін жаулайды. Осымен оның сауабы көбейеді. Өйткені, өзі туралы жақсы пікірді естіген адам одан да жақсы болуға тырысады. Бұл, әсіресе, ерлі-зайыптыларға аса қажет әдістердің бірі. Бүгінгі адамдардың бәрі де мейірімге, назарға, жылы сөзге шөлдеп жүр. Сондықтан комплиментті де шынайы ықыласпен айтар болсақ, бұл артында сауап тұрған құлшылық болып жазылады. Себебі, «Жақсы сөз – садақа» (Ибн Хиббан). Өзінің тақуалығымен, шыншылдығымен танылған Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) жиі-жиі тілін қолымен ұстап тартады екен. Хазіреті Омар (оған Алла разы болсын) мұның сырын сұрағанда: «Бұл  – маған қауіп төндіреді» деп жауап беретін көрінеді. Сондықтан, жарыңыздан махабатыңызды аямаңыз, жүректен шыққан жақсы сөздеріңізбен жанын жадыратыңыз. Жарыңызға әкесіндей мейірбан, ағасындай қамқор, досындай сырлас болыңыз! Ол сіз үшін осы жандардан жыраққа кетті, себебі, сіздің олардың орнын баса алатыныңызға нық сенімді болған еді.

 

 

Міне, бұл бар болғаны сізді үлгілі отағасы етуге арналған қарапайым ғана қағидалар жинағы. Сіз бұл қағидаларды осы кезге дейін өмірден түйдіңіз, білдіңіз. Ендігі мәселе, осыларды өз әдетіңізге айналдыра біліңіз! Алдағы отбасылық өміріңізді Алла берекелі еткей!

10280 рет оқылды