2016-12-28 (0) (4796)

ОМАРДЫҢ (р.а) ІЗГІ ҚАСИЕТТЕРІ, ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

ОМАРДЫҢ (р.а) ІЗГІ ҚАСИЕТТЕРІ, ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

5-БӨЛІМ.
ОМАРДЫҢ (р.а) ІЗГІ ҚАСИЕТТЕРІ, ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а) күші мен қаталдығы, әділдігі мен тақуалығымен теңесетін. Ол билік пен мансапқа ие болғандығымен, қайырымдылығынан таймады, бақуатты болса да, қарапайымдылығын жоғалтпады. Терең, айқын иман мен шынайы ықыластың, шыншылдық пен тақуалықтың иесі еді. Қанша қаталдық көрсетсе де, адамдар оны үнемі жылаған қалпында көретін.

Омар (р.а) Мединеде Әбу Хузайфаның (р.а) бұрынғы қызметшісі Салимнің (р.а) артында тұрып намаз оқитын, өйткені, ол басқалардан Құранды жақсы білді. Мүміндердің әміршісі босатылған құлдың артында тұратындығына арланбайтын.

Ол өз мойнына артылған мұсылман үмбеті үшін болған жауапкершілікті жоғары деңгейде атқарды. Ең байқаусыз деген қателік пен жансақтық үшін өзін есепке тартып. Адамдарды ренжітіп қойса, не олардың алдында азғантай кінәлі болып қалса, бәрін қалпына келтіргенше тыныштық таппайтын. Олар ондай ұсақ-түйектерді бірер күннен кейін ұмытып кетсе де, Омар (р.а) мәселені шешімсіз қалдырмайтын. Бір сөзінде: «Егер Ефрат өзенінде бір бұзау өліп қалса, Қиямет күні ол үшін де Алла Тағаланың алдында сұраламын ба деп қорқамын» деген екен. Алып әрі күш-қуатты елдің билеушісі болғандығына қарамай, зекеттің қатарында болған түйелерді (жоғалса) іздейтін.

Әділеттің туын биік еткен Омар (р.а) мұсылмандарға сүйікті болды. Хосройдың елшісі талдың астында ұйықтап жатқан Омарды (р.а)  көріп: «Сен еліңді әділетті басқарасың, сондықтан да өзіңді қауіпсіздікте сезініп, тыныш ұйықтадың» деген екен.

Омар (р.а) үйінде от жағып, оған қолын жақындататын да: «Әй, Омар ибн әл-Хаттаб, сен мұндайға шыдай аласың ба?» дейтін. Ол бұл өмірдің сынақ мекендігін, мәңгілік өмір үшін егіндік алқабы екендігін шын түсінді, сондықтан, дүниелік рахаттарға немқұрайлы бола алды. Алла Елшісі () айтқандай, бұл өмірде жолаушы немесе жай ғана өтіп бара жатқан адам секілді екендігімізді жиі еске алып, сол бойынша амал етті. Жолаушының сапарға қажеттіні ғана алатыны секілді, Жәннатқа дейінгі сапарға көмек болатынды ғана алып, кедергі жасайтынды біржола тастады.

Оның қарапайымдылығы халықты баурап алды. Әмірші кезінде елге насихат жасау үшін мінберге шыққанда үстіндегі киімінде он бір жамау болған екен. Басқа бір кісілер Қағбаны айналып, тәуап жасап жүрген Омардың (р.а) үстінен он екі жамау көрген.

Бір күні жұма құтпасына кешігіңкіреп жетеді. Сонда ол халықтан кешірім сұрап, негізгі себеп ретінде киімінің кеппей қалғандығын айтады. Оның басқа киімі жоқ еді. Қажылыққа барар сапарда оған шатыр да, лашық та тігілмейтін. Өзі жерге теріден жасалған төсенішті төсеп, күннің көзінен таса көлеңкеге паналайтын.

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) ыстық күндердің бірінде есекпен кетіп бара жатқан жас баладан өзін жеткізіп салуды сұрайды. Бала оны отырғызу үшін есектен қарғып түсті. Сонда Омар (р.а): «Жоқ, сен өз орныңа отыра бер. Мен сенің артыңа мінгесейін. Сенің артта отырғаныңды қаламаймын, өйткені, онда ыңғайсыз. Одан да мен отырайын» дейді. Осылайша олар қалаға кіреді, адамдардың бәрі оларға қарап қалды.

Омар (р.а)  әрдайым өзіне әкелінген ас-судың қайдан екендігін сұрайтын, мұсылмандардың иелігіндегі немесе зекет ретінде жиналған дүние-мүліктен болмауын қадағалады. Ол көпшілікпен отырып тамақтанса да, мұсылмандардың иелігіндегіні жеп қоймас үшін бөлек ыдысқа тамақ салып алатын. Бір күні дәрігер оған емделу үшін бал ішу керектігін айтады. Сол кезде қазынада ислам үшін ашылған облыстардан әкелінген сапалы бал болатын. Ол адамдарды жинап, аз ғана бал алу үшін рұқсат сұрайды.

Омар (р.а)  ең үлкен назары мен уақытын құлшылыққа салды. Ол құлшылықтың мәңгілік өмірге ғана пайдасын тигізіп қоймай, бұл өмірде адамның иманын кемелдендіріп, моральдық қағидаларды нығайтатынын, адами құндылықтарды арттыратынын, мұсылман үмбетін бұзақылық пен алауыздықтан сақтайтынын жақсы түсінді.

Адамдарға Қияметті жиі еске салып, уақытты бос өткізбей, кенеттен келетін ажалды дайындықпен қарсы алу керектігін айтатын. Бір сөзінде: «Есеп болудан бұрын өздеріңізді есепке алыңыздар (басқа риуаятта: амалдарыңыз өлшенбей тұрып өлшеп алыңыздар). Өйткені, өздеріңізді бүгін есептеулеріңіз ертеңгі есептен жеңіл. Әрі үлкен ұсынылуға әсемденіңіздер: «Сол күні ұсыныласыңдар. Еш нәрселерің жасырылмайды» («Хаққа» сүресі, 18-аят) деген екен. Сондай-ақ, қол астындағы кейбір жұмысшыларына: «Қиын есептен бұрын, жеңіл кезінде өзіңді есеп ет. Өйткені, егер кім өзін қиын есептен бұрын, жеңіл кезде есеп етсе, ол риза болып қуанады. Ал кім өмірімен алданып, көңіл қалауларымен әуре болса, ол өкініп, қасірет шегеді» деп хат жазған.

Өзінің алдындағы ізгі достары Алла Елшісі () мен Әбу Бәкір (р.а) секілді намазға ерекше көңіл аударды. Әр аймақтағы орынбасарларына: «Мен үшін ең бастысы – намаз. Кім оны сақтаса, дінін сақтады. Кім оған көңіл қоймаса, басқа барлық нәрсеге де немқұрайлық танытады» деп жазған екен. Өзі намазға мұқият болды әрі басқаларға немқұрайлы қарауға жол бермеді. Намазға кешігушілерді, дұрыс дайындалмағанды, талапқа сай оқымағандарды сөкті.

Имамдыққа шыққанда жылайтыны соншалықты, ең артқы саптағылардың өзі естіп тұратын. Үнемі түнгі намазды қалдырмайтын және түннің соңғы бөлігінде отбасы мүшелерін мына аятты оқып жүріп оятатын: ««Үй-ішіңді намазға бұйыр және өзің де оны сабырлылықпен орында. Біз сенен ризық тілемейміз. Өткені Біз Өзіміз сені ризықтандырамыз. Соңғы табыс – тақуалықта» («Та Һа» сүресі, 132-аят).

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а)  мұсылмандарға Пайғамбар ()  мешітінде дауыс көтеруге тыйым салды.

Алланы еске алуға, Оған табанды түрде дұға жасауға, жаратылыстары туралы ой жүгіртуге көп көңіл бөлді және адамдарды осы құлшылықтарға шақырды. Алланы еске алып, Құран оқып отырған мұсылмандардың қатарына қосыла кететін. Алланың алдындағы қорқыныштан жиі көзіне жас алатын.

Омар (р.а)  зекетті де үнемі назарында ұстап, оны жинау, бөлу жұмыстарымен айналысатын ұйымдар құрып берді. Қажылықты ұйымдастыру жұмыстарын да өзі қадағалады. Адамдармен бірге жыл сайын қажылық жасайтын. Өзінің билігі кезінде тоғыз немесе он рет қажылық жасағандығы туралы хабар бар. Ол кезде адамдар Қағбаға тәуапты тек қана қажылық маусымында жасайтын. Омар (р.а)  өзгеріс енгізіп, басқа уақыттарда да тәуаптың тоқтамауын қадағалады. Осыдан кейін адамдар әр түрлі айларда умра жасайтын болды. Сондай-ақ, Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) жыл сайын Қағба матасын ауыстырып тұруды бұйырды. Қағба жамылғысы қажыларға үлестірілді.

Оразаны да өте жиі ұстады, алайда, Алла Елшісінің  оразаны үзбей ұстауға қатысты тыйымын ескеріп, Рамазан айынан басқа айларда ораза арасын бөлуге көңіл бөлді.

Намазын көп оқып, оразасын жиі ұстаған әрі жыл сайын қажылық жасап, Алланы еске алуды тастамаған Омардың (р.а) жаны бос сөз бен өсекке қас болды. «Алланы еске алыңдар, бұл – шипа, адамдарды еске алмаңдар, бұл – кесел» дегенді көп айтатын.

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) адамдарды ата-ананы құрметтеп, Ислам үйрететіндей, олардың хақысына сақ болуды өсиет етті. Бір адам Омарға (р.а): «Менің анам өте кәрі, ол қай жаққа барғысы келсе де мен оны арқама салып жүремін. Оның хақысын өтедім бе?» деген екен. Сонда ол: «Жоқ, өйткені, ол мұндай нәрсені сенің өмір сүруің үшін жасады, ал сен одан тезірек құтылу үшін жасайсың... Алайда, сен қайырымды іс жасап жүрсің, Алла аздың өзіне жомарттықпен сый береді» деп жауап берген.

Омар (р.а) адамдардың қол қусырып отырғанын жақтырмайтын. Ол басқаларды еңбектенуге, өз қолымен табыс табуға құлшындырды. Өзгеге қол жаю, өзгеден сұрап алу, қоғамға масыл болу деген істің мұсылманға жат қылық екендігін түсіндіруге тырысты. Керісінше, адамның кәсібі болып, адамдарға және өзіне, отбасына пайда келтіргендігін құптады.

Бұл туралы: «Сендердің  ешбірің ризық алу үшін өз күшін салуды тоқтатпасын және «Уа, Алла, маған ризық бер!» деген сөзбен шектелмесін. Аспаннан алтын не күміс жаңбыр жаумайтынын білесіңдер ғой. Адамдар бір-бірінен ризық алады» деген екен. Зейд ибн Масләмның өз жеріне ағаш отырғызып жатқанын көріп: «Сен өте дұрыс жасаудасың. Адамдарға мұқтаж болмау үшін барыңды сал, бұл сенің дінің үшін жақсы әрі адамдардың көздеріне абыройлы» деген.

Оның жанашырлығы мен қамқорлығы адамдарға ғана емес, жануарларға қатысты да көрінетін. Мінетін көліктеріне шамасы келмейтін ауыр жұмысты жүктегенді, оларды аз тамақтандырғанды, нашар күтім көрсеткенді сөгетін. Зекет ретінде жиналып, ауырып қалған түйелерге өз қолымен күтім көрсетті.

Бір күні Омардың (р.а) балық жегісі келді. Оның қызметшісі Ярфа балық әкелу үшін жол жүреді. Қайта оралғанында ол мінген көліктің әбден қиналғанын, терге малынғанын көрген Омар (р.а): «Тірі жануар Омардың қалауы үшін зардап шекті... Алламен ант етейін, Омар бұл балықты жемейді!» деді.

 

Омардың (р.а) кезінде Мединеде шағын жер сілкінісі орын алды. Сонда ол адамдарға: «Ей, адамдар, бұл жер сілкінісі сендердің күнәларың себепті болды. Жаным қолында болғанмен ант етейін, егер бұл (жер сілкініс) қайталанса, бұл жерде сендермен бірге тұрмаймын» деген екен.

4796 рет оқылды