17:15 | Хадис уақыты
17:35 | Ем болсын
17:45 | Құран уақыты
2016-11-29 (0) (9390)

ОҚУДАҒЫ СІҢЛІМЕ ХАТ

ОҚУДАҒЫ СІҢЛІМЕ ХАТ

 

Сіңлім! Жер ортасы жасқа келіп, көп нәрсені көрмесем де, бүгін саған біраз ақыл айтқым келіп отыр. Себебі, бір кездері сен оқыған оқу орнында мен де оқып, сен жүріп жүрген жерлермен мен де жүргем. Бұл жазбаны өзіне қалаған жақсылықты өзгеге де тілеп жүрген бір жанашыр әпкеңнің ыстық тілегі, өтініші деп қабылдарсың.

 

Күз келіп, оқу басталысымен көп қыздардың  оқуға түсіп, туған үйінен алыстап кететінін білемін. Себебі, бір кездері өзім де ойламаған жерден Астанаға оқуға түсіп, солай қарай жол тартқан едім.

 

Иә, сіңлім, мен сенің қазіргі жағдайыңды  өте жақсы түсінем! Сондықтан да осы жазбаны жазып отырмын. Сен қалаға келдің. Бұрынғыдай бір жаққа шығу үшін ата-анаңнан сұранбайсың, не кием десең де өзің білесің. Бұл қалада сені ешкім танымайды, киноға барасың ба, қыдырасың ба, телефонмен екі-үш сағат бас алмай сөйлесесің бе, тіпті, сабаққа бармай, ұйықтап жатып аласың ба – бәрібір. Бұрынғыдай ағаң келіп оятпайды, анаң келіп ұрыспайды. Қысқасы, сен – көп жылдар бойы торда отырып, енді ғана еркіндікке шыққан тотықұссың. Айналаңда өңшең өзің секілді жастар. Олар да бостандықта...

 

Тотықұс дегенді бекер айтып отырған жоқпын. Ол – өте әдемі жаратылыс. Талай адам оның сұлулығына таңдай қаққан. Ал Алла Тағала адам баласын ең көркем бейнеде, яғни одан да әдемі етіп жаратқан. Қасиетті Құранның «Тин» сүресінде солай делінеді. Ал әдемі нәрсе бірден назарға  ілігеді. Біреу оған қызығып қарайды, біреу сүзіліп қарайды дегендей...

 

Иә, мен де сен секілді төрт жыл бойы еркіндіктің таза ауасын армансыз жұттым. Бірақ төрт жылда тізесін құшақтап жылап қалған талай қызды көрдім. Жұбатпадым, аядым. Себебі, күз келмей жатып-ақ солып қалған сол гүлдер енді ешкімге керексіз еді. Тіпті, туған ата-анасына да...

Иә , сіңлім, олар әу баста бұл қалаға ешкімге керексіз, қадірсіз болып қалу үшін келген жоқ. Олар жылап ұйықтап, жылап оянып, өмір бойы бармақ тістеп қалсам екен деп армандаған жоқ. Олар да сен секілді «оқимын, ата-анамды қуантамын» деп келді. Алайда, барлық нәрсе сен ойлағандай бола бермеуі мүмкін. Сондықтан ең алдымен «Ақырын жүріп, анық басшы» дегім келеді.

 

«Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға...» Білем, оқуға түскен көп қыздың арманы сол ғой, біреуден күнде құшақ-құшақ гүл алып, «Жігітім бар!» деп мақтанғың келетін шығар. Елдегі бір ағамыздың қарындасына «некеңді қимай шекеңді сүйгізбе» дегені бар еді. Мен де саған соны айтқым келеді. Жас болған соң жылт еткен сезім де болады. Бірақ ол шариғаттың шеңберінен шықпаса ғана берекелі болмақ. Ешқашан жігітпен дос болып, одан сыйлық алып көрмеген мен өзімді ешқашан бақытсыз сезінген емеспін. Себебі, бақыт деген ол емес. Оңай келген нәрсенің құны болмайды.  Құпиясы ашылған нәрсенің ешқандай қызығы қалмайтыны секілді, бұл нәрсе қыздың қадірін түсіреді. Мұзафар Әлімбаев ағамыздың тілімен айтсақ, «қиқу қыздырғанмен, оздыра бермейді». Егер бақытыңның баянды болуын қаласаң, жеңіл жолды іздеме! Уақыты келгенде Алла Өзі-ақ сен іздеген адамды алдыңа алып келеді.

 

ҚЫЗДЫҢ ТАҒДЫРЫ – ҰЛТТЫҢ ТАҒДЫРЫ

 

Сіңлім, бұрын ауылда сені «Пәленшенің қызы», «Пәленбайдың еркесі» деп атаған шығар. Бірақ енді, ауылдан қарға адым ұзап шыққан соң, саған тағы бір жауапты есім келіп қосылды. Ол – «қазақтың қызы» деген құрметті атақ! Сен – бүкіл қазақтың, туған ұлтыңның айнасысың. Кейінгі сіңлілерің саған қарап бой түзейтін болады, ұрпақтарың сенен тәлім, үлгі алады. Жазушы Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» деп аталатын повесін оқыған болсаң, сондағы көркі көз тойдыратын сұлу Шұғаның ұнатқан адамына отаудың сықырлауығынан ешкімге білдірмей сығалап тұратындығын байқайсың. Неге? Себебі, «Ұл ұяты – әкеге, қыз ұяты - шешеге». Қыздың шалыс басып, қателікке ұрынуы, ең алдымен, ата-анасының, аға-әпкелерінің, туған-туысының бетіне салық болады. Қыз бала сұлу болуы мүмкін, ақылды болуы мүмкін, бір өзі бірнеше қызды орап әкететіндей пысық та болуы мүмкін. Бірақ қыздың бойындағы ең қымбат әшекейі – оның ұяты. «Ұялмасаң, білгеніңді істе» дейтін сөз содан қалған.  Ұят – адамды көп жамандықтан сақтап қалатын қорған.

 

Ұлдың ұлағатты, қыздың көргенді болуы, ең бірінші отбасы, ошақ қасындағы тәрбиеге байланысты. Сондықтан, өмірде ең көп ұтатын адам, жоғарыда айтқандай, «ақырын жүріп, анық  басқан» адам. 

 

ҚЫЗ – ҚОРҒАНСЫЗ ЖАРАТЫЛЫС

 

Сіңлім, сен де, мен де – қорғансыз, өте нәзік жаратылыспыз. Сондықтан үнемі асқар таудай әкеміздің, ағамыздың, жарымыздың, әйтеуір бір ер азаматтың қолдауына мұқтажбыз.

 

Өткенде бір ағамыз басынан өткен оқиғаны былайша әңгімелеп еді:

 

Аздап өлең жазатын қабілеті болса керек. Көзіне көрінген сұлулардың бәріне жыр арнап, уысына түсіріп жүрген кезі екен. Бір күні асханада тамақтанып отырып, бір қызды көзі шалады. «Бұрын көңіліме жаққан қызбен еш қиындықсыз, әйтеуір жолын тауып, бірден танысып алатынмын. Бірақ әлгі қызға ештеңе дей алмадым. Бірдеңе айтпақ түгілі, қарай алмадым» деді. «Себебі, оның басында орамалы бар еді. Үстіндегі ұзын көйлегі – иесі, сүрауы бар қыз екенін көрсетіп тұрды. Сөйтіп, не керек, мен бірінші рет дәл солай қыздың алдында дәрменсіздік таныттым”, - деді. Иә, сіңлім, қазақ «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп бекер айтпаған.  Егер біздің басымызға бір қиындық түссе, ол – қақпақты ашып қойған өзіміздің кінәмізден екен.

 

Осы ретте ағаларыма, жігіттерге қаратып бір нәрсені айтқым келеді. «Егер көшеде жалаңаштанып киініп, қалай болса солай жүріп, бөтен еркектің назарын аударып бара жатқан қызды көрсем, ол үйде намысы бар еркек жоқ  екенін бірден түсінемін», - деп атақты боксшы Майк Тайсон айтқандай, үйдегі әйел затының намысына, арына жауап беретін – еркек. Алла Тағала еркекке отбасын, Отанын, елін қорғайтын ерекше қажыр-қайрат берген. Ендеше, қарындасыңның киген киіміне, сөйлеген сөзіне алаңдап, оның интернетте кіммен сөйлесіп, өмірде кіммен дос болып жүргеніне қызығушылық таныту – сенің міндетің. Ең алғаш рет ұялы телефон, неше түрлі ән мен әншілер шыға бастаған кезде ағам:

Дима Билан дүңкілдек болса-дағы
Дүмпуіне сен оның жолама еш.
Мың жерден әні әсерлі болғанымен,
Біләлдің азанынан жоғары емес... –

деп жазып жібергені әлі есімде. Сол сөз ерекше әсер етіп, қатты ойланған едім... Сондықтан әкенің жанашырлығы, ағаның ақылы, дұрыс жолға қарай нұсқап жіберуі – қыз баланың өміріне ең  керек  бірден-бір «дәрумен» дегім келеді.

 

Сөзімізді қалаға келген қарындасының тағдырына алаңдаған Бақыт Беделхан атты ақынның мына өлеңімен түйіндесек дейміз:

 

Ауылдан Алматыға кеше келген,

Ізетті қыз екенсің шеше көрген.

...Еркіндіктің есігін ерте ашыпсың,

Сүрінеді екенсің неше жерден?

Аңқылдаған көңіліңнен айналайын,

Бүлінеді екенсің неше жерден?

 

Кешір, қалқам, мен емес сұр мергенің.

Ашуланба, бұлданба, сыр бермегін.

Өрмек тоқып отырған мыстан-қала

Баяғыда-ақ сап қойған сүрлеулерін,

Дайындап суық қолды сұр мергенін.

Сонда да жұмсақ болсын жүрген жерің.

 

Әп-әдемі, аяулы, арлы көзің

Жасырмай тұрады екен бар мінезін.

Бұл қаланың толқыны кейде, тіпті,

Жарға итере салады нардың өзін...

 

Алматыға ауылдан кеше келген,

Ізетті қыз екенсің шеше көрген.

Сүрінбеймін десең де неше жерден,

Бүлінбеймін десең де неше жерден,

Қала деген сондай ғой,

жетегіне ап,

Жолмен емес, жүргізер көшелермен.

Мен бір жүрген ағаңмын ақ жол тілер

Ал қалғанын көрерсің пешенеңнен!..

 

Зерде Қадырбекқызы


 

9390 рет оқылды