Дәстүр 2016-05-05 (0) (7804)

Мұхамеджан ТАЗАБЕК : "Жау жабылса, бұзылмас жан көрмедім".

Мұхамеджан ТАЗАБЕК :

«Жау жабылса, бұзылмас жан көрмедім» (Абай)

 

Асыл да ардақты ағайын!

Біз – аналарымыздың ащы жасы, ақсақалдарымыздың ақ тілегі мен сәулелі үмітінің нәтижесінде Алла берген тәуелсіздіктің ауасын жұтып, бостандық самалын өпкен бақытты ұрпақпыз! Алайда, арып-ашып, жадап-жүдеп, шаршап-шалдығып, талықсып, сеңдей соғылысып, ақылынан айырыла жаздап, тарығып-зарыққан бабалар өмірінің куәгері болмадық. Тәуелсіздік пен тыныштыққа кеше ғана қол жеткізіп, одан қайта айырылып қалғанның қандай қасірет екенін тиісінше ұғынып үлгермеген буынбыз.

Тарихты білген, тәуелсіздіктің қадірін біледі. Соғыс көрген ел соңғы нанын бейбіт күннің бодауына береді. «Бақытты салыстыру арқылы түсінуге болады. Кейде бүгінгі күннің қадірін білу үшін кешегі күнді еске алудың да пайдасы бар». (Эльчин Сафарли)

Қайғысыз, бейбіт өмір сүру үшін өзектінің бәріне қажет нәрсе – тыныштық. Тыныштықта жеген қатқан нан мен қайғысыз жұтқан қара судың өзі – бақыт. Тегінде адам затының жаратылысы сол тыныштыққа мұқтаж. Бабаларымыз «Ең үлкен нығмет – қауіпсіздік пен денсаулық», деген Қауіпсіздік осы тыныштық пен бейбітшілікті қамтиды. Сондай-ақ, ғаламдағы, замандағы, далаңдағы,  санаңдағы тыныштықтың бәрі осы қауіпсіздікке мұқтаж.

Адам тіршілігінің негізгі ұстанымдарына, тірегіне айналған бұл ұғымдар Құранда да жиі айтылады. Алланың досы болған Ибраһим Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын): «Раббым! Бұл қаланы (Меккені) бейбіт (тыныш) ет әрі оның Аллаға және Ақырет күніне сенген тұрғындарын жемістермен ризықтандыр» деп дұға жасады («Бақара» сүресі, 126-аят). Бұл аят бейбітшілік (тыныштық) пен ризықтың мол болуының арасындағы байланыстың тығыздығын, мықтылығын байқатады. Егер мал-дүние, ас-ауқат көп болып, елде тыныштық болмаса, қауіп-қатердің қойнауында жүрсең, онда бақытты өмір сүру мүмкін емес.  Сондықтан, Ибраһим Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) алдымен тыныштықты сұрады. Тыныштық ризықтан гөрі маңызды. Қай жерде тыныштық болса, ғылым, мәдениет, өнер, демография дамуы етек алады.

Бізден саны артық, тарихы мен мәдениеті терең көптеген ел бар. Алыстан арбаламай-ақ, 60 млн-ға жуық күрдтер мен 20 млн-нан асып кететін ұйғыр ағайындарға мойын бұрайықшы. Иә, бұзайын десе шекарасы жоқ, қалтасында төл теңгесі жоқ, ана тілінде кітап басылмайтын, көтерейін десе туы жоқ, оппозицияға шығайын десе үкіметі жоқ, балағаттайын десе патшасы жоқ азаттықтан ада осы елдер әркімді ойландыруы тиіс. Мемлекет болу деген бақыт!

Елірем деп елдігіне жете алмай қалған, тақтағыдан талап етем деп тыныштығына зар болып қалған елдерді көз алдымызда күнде көріп отырмыз.

«Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке қашады» демекші, бір ғана шалыс басылған қадам елу жылда енді ғана жаңарып келе жатқан елге үлкен апат! «Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек!». Қашанда «асығыстық -шайтан ісі» болған. «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға!».

Кейде, эмоцияның, саяз ойдың, жастық жалынның буына бой алдырып қоятынымыз бар. Мұндайда, көзіңді көлегейлеген шыбынның бір ғана қанаты артыңдағы алып тауды байқатпай қояды. Ал төзу, дауылдың басылғанын күту – игілікке жеткізеді. Отаның түгілі, отбасыңның өзінде, жарыңа өкпелеп қалсаң үйге кіргің келмейді, ал түсіністікпен қарасаң, тысқа шыққың келмейді.

Жаңғақты тасқа лақтырып жару керек екенін қарға да біледі. Ал біздің дұшпандарымыз қарғадан да ақылды, олар ел ішіндегі кез келген шоқты алып отқа айналдыруды көксейді. Баяғыда бір кісінің үйі өртеніп жатса, көршісі үйінен кеше сойылған қойының бас-сирағын алып шығыпты. «Әй, оны қайтесің?» десе, «дайын отқа үйтіп алайын деп едім» деген екен. Бұл соның мысалы. Жау жағадан алғанда, бөрі болып етектен тартпай, ішкі бірлікті сақтай алсақ, жиырма жылдан астам жылғадан жол тапқан би, төрелеріміз ары қарай адастырмайтынына бек сенеміз! Еліміздің ертеңі үшін елдікке, бірлікке, тыныштыққа шақырған ұлтымыздың ұлдары лайым аман болсын!

Тәуелсіздік пен бейбітшіліктің қадірін шын түсінген Махамбет бабамыздың

Ел басына күн туса,

Етігімен су кешер.

Ат басына күн туса,

Ауыздығымен су ішер, - деп сипаттаған заманы бізден алыс болсын! Иманына бекем, ғибадатына мұқият, отбасы, бала-шағасына, өзіне ықтият құлдарын Алла жауға да, дауға да алдырмайды! Адалымен жасаған әрекетіне берекет береді! Бұл – Оның бұлжымас уәдесі!

Мыңмен жалғыз алысқан ақыл-ойдың алыбы Абай да:

«Жау жабылса, бұзылмас жан көрмедім», - деп тыныштығы кеткен елдің болашағы баянсыз екенін ескертті.

 

Ғасырлар бойы іздегенімізді тапқанда «Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт, тыныштық көрсе, сәтке тұрмай жалыға қалатұғыны қалай?» деген сол Абайдың кейіпкері болмайықшы... 

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

"Асыл арна" рухани-ағартушылық телеарнасының директоры

 

Мұхамеджан ТАЗАБЕК

7804 рет оқылды