2020-01-10 (0) (4867)
post

1411 ақпарат орталығы тәулік бойы қызмет көрсетеді

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қарамағындағы 1411 байланыс орталығы енді тәулік бойы қоңырау қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік төлемдер мен еңбек саласына қатысты кеңес беретін call-орталық қызметкерлері бұдан былай атаулы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қызметтер порталының жұмысына қатысты сауалдарға, сондай-ақ info@info.mintrud.kz электронды поштасына келіп түсетін хаттарға да жауап береді. «Бүгінде 1411 байланыс орталығына орташа есеппен бес мың қоңырау келіп түседі. Азаматтар демалыс және мереке күндері де қоңырау шалып, өз сауалдарына жауап ала алады. Жыл басынан бері 22 мың қоңырау келіп түссе, олардың басым бөлігі зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру, көп балалы аналардың ай сайынғы жәрдемақысы, атаулы әлеуметтік көмек мәселелерін қамтиды. Қызмет алушылар ХҚО-ға бармас бұрын, 1411-ге хабарласып, әлеуметтік қызметтерді рәсімдеуге қажет құжаттар тізімін де алдын ала біліп отыра алады», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымының орынбасары Біржан Жүнісов.

1411 бірыңғай қысқа нөміріне тегін қоңырау шала отырып, кез келген оператордан келесі мәселелерге қатысты жауап алуға болады: - зейнетақы мен жәрдемақы рәсімдеу; - көпбалалы отбасының мемлекеттік жәрдемақысы; - атаулы әлеуметтік көмек; - әлеуметтік қызметтер порталы; - еңбек қатынастары және халықты жұмыспен қамту; - мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған адамдарға онлайн-психологиялық консультация беруге өтінімдер қабылдау мәселелері. Бұдан басқа, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы және еңбекпен қамту мәселесіне қатысты негізгі сауалдардың жауабын www.info.mintrud.kz сайты арқылы да білуге болады.


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/1411-akparat-ortalygy-budan-bylay-taulik-boyy-kyzmet-korsetedi_a3602248

4868 рет оқылды

Пікіріңізбен бөлісіңіз !