Дәстүр 2014-12-10 (0) (18716)

ҚОНАҚҚА ҚҰРМЕТ – ИМАННАН...

ҚОНАҚҚА ҚҰРМЕТ – ИМАННАН...

«Меймандос болмаған адамнан жақсылық күтпеңдер»

Бүгінгі күннің бір шындығы – әулет ішінде бір адам намаз оқып, дін жолында жүрсе, қалған туыстары сол адам арқылы ислам дініне қатысты өз көзқарастарын қалыптастырып жатады. Мұсылманның кемшілігі сырт көзге бірден түсетіні рас. Әлгі "Байдың мінген жорғасы емес, молданың қолындағы дорбасы көрінеді" демеуші ма еді. Десекте өзіміз  Кемшіліксіз, Пәк Алланың кемел дініне мұсылман атымызбен кір келтіріп жататынымыз бар. Кейде ағайын-туыстардан: «Дін ұстанғандарың осы ма? Анау (күйеуінің немесе әйелінің) қабағы ашылмай, барсаң  жақтырмайды»; «Өзі үйлеріне кісі баруға бола ма?»; «Үлгі алатындарымыз сендер емессіңдер ме? Кісі сыйлауды білмей ме?» деген секілді сұрақтарды естимін. Мұсылманды жақтай алмайтын, не дініңнің ғажаптығын ақтай алмайтын кездер болады. Бір күрсініп, жерге қараудан басқа амал таппайсың. Сондай сәттерде, хадистегі: «Жақсылықты жүзі жарқын, қабағы ашық адамдардан күтіңдер»; «Меймандос болмаған адамнан жақсылық күтпеңдер», деген дана сөздер санаңда дараланып тұрады. Көркем мінездің, ақ көңілділік, кең пейілділік, кішіпейілдіктің адам бойында болуы қаншалықты маңызды екенін түсінесің...

Үйге келген қонаққа лайықты құрмет көрсету арқылы ислам дінінің кереметін сездіруге болады. Сондай-ақ, діннен бездіруге де болады. Себебі, келгенінде жақтырмасаң, жақының да жатқа айналады. Туысыңың мұсылманнан көңілі қалған соң, исламнан да көңілі қалады.

Қонаққа деген құрметтің иманнан екенін, «құрметтелуді сүйетін, бірақ құрмет көрсетуді білмейтін» кейбір мұсылман білсе екен дейміз...

Қонақ деген кім?

Қазақ атамыз: «Үй іші толған жансың, бір-біріңе мейман жансың» деген. Бір үйден шықса да отауы бөлек жақын туысыңнан бастап, дос, жекжат, серіктес, мейлі бейтаныс болсын үйіңізге келсе, сол сізге қонақ болып саналады.

 

Қонақжайлық – қазақтың қанына сіңген дәстүр еді

Қонақжайлық қасиетімен болмысы айшықталған қазақ жұртымыз: «От жағылмаған үй – қора, кісі келмеген үй – мола» деп, мейманнан мақрұм қалған үйді молаға теңеген болатын. Бұрын есікте құлпы тізілген, төрінен қонақ үзілген қазақ отауы болмайтын. Халқымыздың даналығы, шешендігі, ақындығы, батылдығы, көрегендігі, тектілігі қонақжайлығымен байланысып жататын. Қазақ отбасы қонақ ақысын ‒ «тәңір ақысы» деп қарайтын. Қонақ болуы үшін таныс болуы шарт саналмайтын қазағымызда. Қандай жағдайда да «құдайы қонақпын» деп келген адамның кеудесінен итермей, барымен сый-құрмет көрсетіп аттандыру ‒ әркімнің парызы секілді болатын. Қазақ үйіне түскен әрбір жолаушы «бөлінбеген еншім» деп үй иесінен қонақ асын талап етуге ерікті болған. Қонақ асын «бөлінбеген енші» деу – дәстүрге айналған халық жоралғысынан саналыпты. Ал, бұл дәстүрдің төркіні қайда жатқанына қараңыз. Уқба ибн Амир (Алла оған разы болсын): «(Бір күні) біз (Алла Елшісіне): «Уа, Алла Елшісі, сен бізді жұмсайсың, ал біз меймандостық жасамайтын адамдардың үйлеріне тоқтаймыз. Бұл туралы сіз не айтасыз?» дедік. Аллаһ Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер бір үйге тоқтасаңдар және олар сендерге мейманға тиістіні бұйырса, оны қабылдаңдар, егер олар бұлай етпесе, онда мейманға не лайық болса және олар (сендерге беруге тиісті нәрсені) өздерің олардан алыңдар» деді» деп жеткізген. (Бұхари, Муслим).

Сонымен қатар, дінімізде егер үй иесі мейманды үйіне кіргізген болса және тамағы бар болып тұрып,  қонаққа тиістіні бермеген болса, онда қонақ сол үйден өзіне тиесіліні алып тамақтануына хақылы деп есептеледі. Алайда, есті кісілер мейманын мұндай халге жеткізе бермейді.

 

Келген мейман үйге баса көктеп кірмейді

Халықтық әдет бойынша, қазақ жұртында сырттан келген жолаушы үйге баса көктеп кірмеген. Ауыл шетіне келе аттан түсіп, таныс болса түсер үйінің ту сыртынан: «Үйде кім бар? Сыртқа шықсын!» деп дауыс беретін болған. Халқымыздың бұл әдеті Құранда келген бұйрыққа бойсұнған әдебі екен. Алла Тағала: «Ей, иманға келгендер! Өз үйлеріңнен басқа үйлерге рұқсат алмай және үй иелеріне сәлем бермей тұрып кірмеңдер. Бұл сендерге еске алуларың үшін қайырлы. Егер ол үйден ешкімді таппасаңдар, өздеріңе рұқсат берілгенге дейін оған кірмеңдер. Ал, егер сендерге: «Қайтыңдар» делінсе, кері қайтыңдар. Бұл – сендер үшін тазасы. Алла – сендердің не істеп жатқандарыңды Білуші» деп бұйырады. («Нұр» сүресі, 27-28-аяттар).

 

Қонақ аз отырып, көп сынайды

Бабамыз Мөңке бидің қонаққа қатысты мына теңеулері есіңізде ме? Бірде, Мөңке биді көруге құмар болған бір жігіт, ол кісіні үйіне іздеп келген екен. Есіктен кірген жігітке Мөңке:

– Түлкім, жоғары шық, – дейді.

Шай келеді. Бір аяқ шай ішкен кезде, Мөңке:

– Сыншым, сөйле, – дейді. Жігіт түсінбей отыра береді. Жігіт кетер кезде:

– Жыршым, енді рұқсат, үй-ішіңе жет, ел-жұртыңа сәлем айт! –дейді.

Жігіт сонда сауал қояды:

– Сіз маған үш сөз айттыңыз. Осы тұспалдарыңызды мен түсінбедім. Нені меңзедіңіз? – деп.

Мөңке сонда:

– Түлкі ұқсап құбылып келдің. Әр мейман кірер кезде сен сияқты толқып келетіндіктен, соны айттым. Қонақ біраз отырған соң үйдің оң жақ, сол жағына қарап сынай бастайды. «Сыншым» дегенім сол. Қонақ үйден аттанғанда көрген-білгенін жыр қылып айта жүреді. «Жыршым» дегенім – сол, – деген екен.

Рас, қонақ қобалжып кіреді. Есікті қалай ашқан сәтіңізден бастап, қарсы алғандағы қас-қабағыңыз, әрбір кішкене әрекетіңізге дейін мейманға үлкен әсер қалдыратыны сөзсіз. Дана халқымыз: «Асыңа тойғызбасаң да ақ ниетіңе тойғыз» деп бекер айтпаған. Алла дәрежемізді көтеріп, мейманымыз мақтай жүрсін десек, кемел дінімізге кір келтірмейін десек, «қонақтың аз отырып, көп сынайтынын» ескеріп, құрмет көрсетуде аянып қалмағанымыз жөн.

 

Қонаққа құрмет көрсету – Аллаға деген сенімнің кемелдігін көрсететін, шынайы иманыңыздың айғағы

Қазақтың дәстүрінде үй иесі келген қонағына барын беріп, риза етуге тырысқан. Дана халқымыздың «Қонақпен еріп, құт келеді, қонақты қуа берсең, құт қашады» деген сенімі де сүннетпен астасып жатыр. Мұсылман адамның қонаққа қарым-қатынасы – исламның үкімдерін қалай ұстанатынын көрсетеді. Егер, үйіңізге келген мейманға маңыз бермей, құрметін парыз көрмей жүрсеңіз, мына хадиске мән беріңіз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Аллаға, Ақырет күніне иман келтірсе, қонағына құрмет көрсетсін» деген. (Бұхари).

Біз бұл хадистен келген қонаққа құрмет көрсетудің уәжіп (міндетті) екендігін білеміз. Өйткені, бұл – бұйрық, ал бұйрық орындалуға міндетті. Қонақты жақсы күтуде Алланың разылығын табу мен зор сауаптың бар екендігін түсінеміз. Себебі, Аллаға және Ақырет күніне сенген адам ғана ‒ сауап іздеуші, Алланың разылығын көздеуші әрі Алланың жазасынан қорқушы болып табылады.

 

Қонақжайлық – пайғамбарлардың бойындағы қасиет

Пайғамбарлардың атасы болған Ибраһимның (оған Алланың сәлемі болсын), үйіне келген бейтаныс қонақтарға (періштелерге) құрмет көрсетуінің керемет үлгісі Құранда баяндалып, мұсылман үмметіне ғибрат етілген. Алла Тағала: «Оларға Ибраһимның қонақтары жайлы хабар бер» дейді. («Хижр» сүресі, 51-аят. Және Құранда: «/Ей, Мұхаммед!/ Саған Ибраһимның құрметті қонақтары жайлы хабар келді ме? Олар оның (Ибраһимның) алдына кірген кезде: «Сәләм» /бейбітшілік болсын!/ деді. Ол да: «Сендерге де сәләм /амандық болсын/, ей, бейтаныс адамдар!» деді. Ол ақырын әйеліне шығып, әзірленген бір семіз бұзау әкелді. Оны оларға жақындатып: «Жемейсіңдер ме?» деді» деп баяндалады. («Зәрият» сүресі, 24-27-аяттар).

Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) Пайғамбар басымен, жасы үлкен болса да үйіне келген қонақтарының көңілінен шығу үшін семіз бұзау алып келіп, оны дайындап, әзірлеп, алдарына қойып, оларға амандасып, құрмет көрсетуге асығып, тамақтан алуға шақырып, бірнеше керемет көріністерді байқатады. Әр мұсылман бұл көріністерден өнеге алуға тиіс. Осы тұста, мұсылманның «келген қонаққа құрмет көрсетуге асығуы» керектігін, келген қонағына тамақтың ең жақсысын ұсынуы керектігін ұғамыз.

Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алғашқы аяттар түскен кездегі, Хадиша анамыздың ол кісіні жұбатқан сөздері есіңізде ме? Хадиша анамыздың (оған Алла разы болсын) алдына кіре сала: «Мені орап тастаңдар, мені орап тастаңдар!»«Мен өзіме қатысты қорықтым» (Яғни, «маған бір залал тимесе екен деп қорықтым») деп, болған уақиғадан қатты қорыққан Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Хадиша анамыз (оған Алла разы болсын): «Жоқ, олай емес. Алламен ант етемін! Алла сені ешқашан қор қылмайды, өйткені сен туыстармен жақсы қатысасың, қорғансызды сүйейсің, жоқ-жітікке қарайласасың, қонақты сыйлайсың және өзгелердің құқығының сақталуына жәрдем етесің» деп жұбатқан болатын.

 

«Жақсы болса алғаның, үйіңнен кісі кетпейді...»

Иә, бұған ұқсас қазақта: «Алғаның жақсы болса, ырысыңның тұрағы», «қатының жаман болса, үйіңнен мейманың кетеді», «жақсы болса алғаның, үйіңнен кісі кетпейді, жаман болса алғаның, шын досың да шеттейді» деген секілді нақыл сөздер көп. Осы тұста көбіміз мынаны ұмытамыз. Әрбір ақылды, иманды, жақсы әйел ерінің қас-қабағын бағады емес пе? Үйдің шегесі – әйел болса, үйдің егесі – еркек емес пе? Азық-түлікті ұқсататын – әйел, ақшаны әйелге ұстататын – еркек. Етті асатын, қонақ алдына қоятын – әйел, етті мүшелейтін, малды соятын – еркек. Олай болса, ырыстың тұрақ табуы үшін «әйелдің жақсы болмағынан» бұрын, ердің қолдауы мен қамқорлығы маңызды. Иманды ер мал жұмсап, асырауға, иманды әйел ең алдымен аманатты сақтауға, ар-намысын қорғауға міндеттелген. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Күйеуі қасында барда әйелге оның рұқсатынсыз (нәпіл) ораза тұтуға рұқсат етілмейді және (күйеуінің) үйіне оның рұқсатынсыз (ешкімді) кіргізуіне болмайды...» деп ескерткен. (хадис Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын).

Қазақтың дәстүрінде де қонағын қарсы алған отағасы есігін өзі ашып, алдымен қонағын кіргізген. Егер қонақ түскен үйде отағасы жоқ болса, ол мейман астан дәм татып, ауыз тиген соң, түнемеге басқа орын іздестіретін болған.

Мұсылман жігіт иманды жарына қонақ күтер жағдайын жасап берсе, «ырыстың тұрақтауы» мәселе емес ендеше.

 

«Өз үйіңде таудай дауыңды айтпа»

Қазақтың дәстүрі бойынша қонақ үй иесінің қамқорлығында болуы керек. Қонақ болып отырған адам ол үйдің жауы болса да үй иесі оған өзі түгіл, өзгеге де қиянат жасатпайды. «Өз үйіңде таудай дауыңды айтпа» деген халқымыз, келген қонағына өкпесін де айтпайды.

Құран Кәрімдегі мына аятты оқыған кезде, халқымыздың бұл тектілігі тәнті етпей қоймайды. Мынадай аят бар: «Сонда қауымы оған асыға жетіп келді. Олар жаман істерді бұрыннан жасайтын. Ол /Лұт/: «Әй, елім! Мына менің қыздарым, олар – сендер үшін таза (Оларға адал жолмен үйленіңдер. Ибн Касир) Алладан /Оның жазасынан/ қорқып, сақтаныңдар! Әрі қонақтарыма қатысты мені қорламаңдар (Олардың алдында /оларға тиісіп/, мені қорламаңдар. А.Саъди). Араларыңда бір дұрыс кісі болмағаны ма?» деді». Лұт Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз қонақтарын бұзық қауымның зиянынан қорғағаны туралы баяндалады.

Демек, мұсылман кісі үйіне келген қонақтарға зиян тигізіп алудан барынша сақтануы керек. Бұл аят – біреудің зиянынан келген қонақтарды қорғау керектігін түсіндіреді. Қазақтың: «Қонақ қойдан да жуас, май берсе де жей береді» деген сөзі де осыны ұғындырса керек.

 

Бабаларымыз қонаққа құрмет көрсетпегенді жазалаған

Тәуке ханның жеті жарғысында қонаққа дұрыс қонақасын бермеген байларға айып салу заңы болған екен. Егер қонақ үй иесіне риза болмай, биге барып дау айтса, үй иесі айыпкер саналып, айып төлейтін болған.

Асыл дінімізде, меймандостық – үй иесінің жомарттығы мен жақсылығының көрінісі саналады. Имам Ахмад және әл-Ләйс: «Бір күн және бір түн мейманға құрмет көрсету – үй иесінің міндеті»деп есептейді. Олар өз сөздеріне Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әрбір мұсылман (бір) түн (яғни, «бір тәулік») меймандостық көрсетуге міндетті» (Әбу Дауд, Ибн Мәжәһ) деген хадисін дәлел етеді.

Үй иесіне міндеттелетін меймандостықтың негізгі ережелеріне: оның мейманды қуана қарсы алуы, жылы шыраймен амандасып, үйге кіргізуі, үйінде бар нәрсемен тездетіп тамақтандыруы, мейманға көркем мәміле жасап, әдемі әңгіме-дүкен құруы кіреді. Қонақ күтуші адамның қас-қабағы ашық болуы керек әрі қонақтың көңіліне тиетін сөздер сөйлемеуі керек. Дастарқан жайылып, тамақ ұсынылғаннан кейін, үй иесі тарапынан тамақты жеуге қызықтыратын әңгімелер айтылғаны жақсы. Тамақ үстінде: «Мұсылман көп тамақ ішпеу керек» деген секілді, немесе: «Кәпірдің жеті ішегі болады, тоймайды», не болмаса: «Мұсылманның қарны үш бөліктен тұрады» деген сияқты әңгімелер айтылмайтынын ескеру қажет. Ал, меймандар үй иесінің ниетіне құрметпен қарап, тамаққа кінәрат артпауы керек.

 

«Қонаққа «кел» демек бар, «кет» демек жоқ»

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Меймандостық (жасау уақыты) үш күн, оған (мейманға) сыйлық – бір күн», ал одан артығының бәрі ол үшін – садақа»деген. (Муслим, Тирмизи).

Келген мейман үй иесіне қысым көрсетпеуі тиіс. Мейманның қысым көрсетуі – үш күннен артық қонақ болуы немесе үй иесінің оны күтіп алуға жағдай жоқ екенін біле тұра, ұзақ уақыт жатып алуы. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылманға өз бауырының (үйінде) оны күнәға кіріптар ететіндей сонша (ұзақ) қалуға рұқсат етілмейді» дегенде, адамдар: «Ия, Алланың елшісі, ол қалай оны күнәға кіріптар етеді?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Оған беретін ас-ауқаты жоқ адамның (үйінде ұзақ) жату арқылы» деп жауап берген. (Муслим).

Дана халқымыздың «Қонақ келсе ет пісер, ет піспесе бет пісер», «Қонғанша қонақ ұялады, қонғаннан соң үй иесі ұялады» деген мақал-мәтелдері осыдан келіп шығады. Қонағын шығарып саларда қазағымыздың: «Кел» демек бар да «кет» демек жоқ» дейтіні – қонақтың көңіліне қаяу салудан барынша сақтанатын даналығы екен ғой...

...Бұл мақаланы жазуға түрткі болған себептер жоқ емес. «Қонақ күтуді білмейді» десе, намысы келмейтін қазақ жоқ, білеміз. Көпке топырақ шашу мақсатымыз емес. Қызметінің «ұлылығы» себепті ме екен, дәстүрден бейхабар болар немесе намазға келіп, Құраннан әріп танығанымен, ілімінің аздығынан шығар, қонақ хақыларына, немқұрайлы қарайтын бауырларымыз да кездесіп жатады. Діні мен дәстүрін құрметтеген әр оқырман өз қажетін алар деп үміттенеміз. Қонағының көңілінен шығуға Пайғамбар да асыққан. Талантымыз, қызметіміз, беделіміз қандай «ұлы» болса да Пайғамбардан ұлы емеспіз. Неғұрлым ұлық болса, соғұрлым кішік болған қазақтың пейілі, мұсылманның ниеті өзгермесе екен деп тілейміз.

Дана АбдулХаким

 

 

18716 рет оқылды