Бизнес 2014-12-10 (0) (8980)

ДАҒДАРЫСТАН ҚАЛАЙ ШЫҒАМЫЗ? (әрбір отбасыға қажетті қадамдар)

ДАҒДАРЫСТАН ҚАЛАЙ ШЫҒАМЫЗ? (әрбір отбасыға қажетті қадамдар)

Дағдарыс, валютаның құнсыздануы – аймақтық емес, бүкіләлемдік мәселе. Мұнайдың, алтынның, бидайдың бағасы халықаралық деңгейде қарастырылуда. Бүгінде бұл жағдайға «экономикалық цунами», «шабуылшы сел», «аштық толқыны» деген атау да берілді. Мамандар адамзат тарихында азық-түлікке қатысты мұндай дағдарыстың бұрын-соңды болмағандығын да жасырып жатқан жоқ.  БҰҰ күнделікті тағамдардың негізін құрайтын бидай, күріш, жүгері дақылдарының бағасының көтерілуі бұқара арасында кикілжіңдер тудыруы мүмкін деген уайымдарын да мәлімдеді. Өйткені, 3 миллиардтан астам халықтың азығы болып отырған күріш бағасы күн сайын шарықтауда. Азия, Африка, Латвия жеріндегі миллиардтаған адам күріш сатып ала алмайтын дәрежеге жетті. Бүкіләлемдік банктің бағасы бойынша,100 миллионнан астам адамның кедей тапқа өтуі әбден мүмкін. Және бұл бүкіләлемдік деңгейдегі дағдарыс аз уақытты қамтымайтыны анық.

Бұл жағдайда мұсылман ең алдымен – Алла Тағаланың әлемнің ұйқыдан оянып, иманына бекем болуы үшін сынақ жібергендігін аңғаруы қажет. Өйткені, Оның әл-Муссаъъир, яғни, Бағалаушы деген атауы бар. Ол – заттардың бағасын, орны-дәрежесін және әсерін арттырып, кемітуші. Барлық нәрселердің қымбаттауы мен арзандауы (бағалардың өзгеруі)  Оның хикметі және білімімен жүзеге асады. Өйткені, әңгімеге арқау болып отырған сынақ белгілі бір адамға, қауымға, елге емес, бүкіл әлемге қатысты болып отыр.

Мұсылманның осындай сәттегі амалы қандай болу керек? Ол Аллаға тәуекел етіп, «Алма піс, аузыма түс» деп қол қусырып отырмайды. Қолынан келетін ең соңғы амалға дейін жасап, тығырықтан шығудың жолын іздейді. Біз де ислам ғұламаларының кеңестері мен пайымдарына сүйене отырып, отандастарымызға пайдасы тиер деген ниетпен түрлі әдістер легін ұсынуды жөн көрдік.

Бірінші қадам, ислам алқымнан алған мәселелерді шешу үшін әрбір саланың өз маманы болуын құптайды. Экономика шеңберінде сарапшылардың жоспарлауға қатысты не айтып жатқандығына құлақ түру керек. Өйткені, әр істі жоспармен атқару – ақылдылықтың көрінісі. «Жоспар құрудай ақыл жоқ, тыйылудай тақуалық жоқ және көркем мінездей абырой жоқ» делінген хадисте. Жоспарлау және үнемдеу – ысыраптан артық. Адам үш нәрсемен артық көрінеді: дінді дұрыс түсінумен,  қиындыққа қарсы тұра білумен және шығынды дұрыс өлшеумен. Қаражатты жоспармен жарату адамға үлкен табыс әкеледі.

Екінші қадам, жеке тұтынатын заттарға қатысты үнемділікті күшейту және қаржыны өлшеп жарату. Жарнамада кең таралған тауарларды сатып ала беруден тежелу. Өйткені, Алла Тағала садақа берудің өзінде белгілі бір өлшем қойған: «Сондай-ақ, жақындарға, кедейлерге және (жолда қалған) жолаушыға хақысын бер, бірақ, тым шашылма, негізінде, ысырапшылар – шайтанның ағайындары...»; «Әрі қолыңды мойныңа байлаулы етпе және оны барынша жайып та жіберме. Онда жазғырылып, тарыққан халде қаласың» («Исра» сүресі, 26-27,29-аяттары) деп сараңдыққа да, ысырапшылдыққа да ұрынбауға шақырады. Яғни, орта жолды ұстануды тұрмыста да әдетке айналдыру қажет. Үнемшілдік үнемі әдеттен шықпауыс тиіс. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Я, Алла, жоқшылықта да, баршылықты да үнемшілдік бере гөр» деп дұға жасаған. Бұл – кедей болсаң, сараң болма, бай болсаң, ысырапшыл болма деген сөз. Хадисте адамды құтқаратын 3 нәрсе ретінде: көркем мінез, көркем бейне, көркем үнемшілдік айтылған. Ал сахабалардың арасында «үнемшілдік – сенің молшылығыңның жартысы»; «дінді түсінуіңнің бір белгісі – адам өмірінде ұстамдылық таныта бастайды» дейтіндер де болған. Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) пайдасыз нәрсеге қаражатын жұмсаушыларды ақымаққа балады. Ұмытпа, «дұрыс жарата білсең – ештеңе азаймайды,  бұрыс жаратсаң – ештеңе қалмайды!»

Үшінші қадам, берекелі, ұзаққа жаратуға болатын  арзан заттарды іздеу. Берекелі аз мүлік – берекесіз көп мүліктен артық.  Егер, қаражатын қымбат заттарға жарататын болса, адамның жалақысының көп болғанынан не пайда?

Төртінші қадам, кәсіптің адал болуын қадағалау.  Ешбір зұлымдық араласпаған, өзгелерге зиян келтірмейтін кәсіп түрі – адал кәсіп деп аталады. Негізінде, зорлықпен тартып алу, жасырып, алдап алу, ұрлау, қулық-сұмдықты пайдалану, Алла мен Оның Елшісі тыйған дүниелермен табыс табу адамның екі дүниесіне береке әкелмейтін істерден.

Бесінші қадам, үй шаруасындағы әйелдер де дағдарыспен күресу үдерісіне қатысу керек. «Үй экономикасының негіздері» сынды әдістемелік құралдарды оқу арқылы аз табыстан көп шығын шығару проблемасынан құтылу жолдарын үйренуге болады. Әйелдер қонақ күткенде денсаулыққа пайдалы әрі адамдар тарапынан көп сұранысқа ие 2 түрлі ғана салат жасаса ұят емес. Шақырған қонақтарыңызға қайта-қайта телефон шалып, келетінін не келмейтінін анықтап алыңыз, тіпті, қандай асты қалайтынын біліп алуға болады. Қазір біз қонақ келеді десе дастарханда нан қоятын орын қалдырмаймыз. Иә, бұл қазақтың дархандығы мен қонақжайлығының әдемі көрінісі. Бірақ, қонақ алдында аз, бірақ, сұранысқа ие, сапалы тағамдар тұрса жинақы көрінеді әрі ысырапқа орын берілмейді.

Алтыншы қадам, бұған дейін қымбат заттарды алып жүрсеңіз, арзандауын алуға бой үйретіңіз. Әрине, бұл бренд зат болмаса да өзінің мақсатын орындайды. Сапасы да төмен емес. Ертеде Мекке басшыларының бірі Халиф Әли ибн Әбу Талибке (оған Алла разы болсын) жүзім бағасының шарықтағанын айтып хат жолдайды. Сонда Әли: «Жүзімнің бағасы қымбаттаса, оның бағасын құрмамен түсіріңдер» деп жауап береді. «Яғни, жүзім сапа, дәм, қасиет тұрғысынан жоғары болғанымен, бізде көп нәрсені артта қалдыратын арзан құрма бар. Ендеше, өзімізге шығын келтірместен, аз уақыт қымбат тауардан арзан тауарға көшейік. Адамдардың бәрі құрма ала бастаса, жүзім бағасы өздігінен түседі» деген. Бағасы түскенше қымбат тауардың орнына өз қажетіңізді қанағаттандыратын (мысалы, қазір пайдаланып жүрген сабыныңыздың орнына басқа аллергия бермейтін сабын немесе су сабынның орнына қайызғақ шығармайтын су сабын т.б) заттарды тауып алыңыз. Табиғи қоспалардан, шөптерден жасалған тауарлардың бағасы әлдеқайда арзан. Олар бар болғаны бренд тауарларда кездесетін қымбат химикаттар қосылмайтындығымен (мысалы, хош иіс беретін, теріні жұмсартатын, шаштың тез таралуына себеп болатын т.б) қымбатқа сатылмайды.

Нарықтағы ең негізгі ойыншы – сатып алушы. Сатып алушының белсенділік деңгейі нарықтағы тауар бағасын орнатады. Егер белгілі бір қымбат тауарды сатушылар бірауыздан сатып алмаған болса, сатушы бағаны өздігінен түсіретін еді. Әйтпегенде, оның тауары бұзылады немесе сақтау мерзімі өтіп кетеді. Қысқаша айтқанда, қымбатшылыққа қарсы тұрудың ең оңай жолы – бірауыздан ол затты сатып алуды тоқтату. Тарихта сатып алушылардың алпауыт компаниялардың саясатының өзгеруіне себеп болған оқиғалары аз болмаған.

Жетінші қадам, кейбір үнемі тұтынып жүрген тауарларды алмай қою. Сахабалардың бірі Ибраһим ибн Атхамға еттің қымбаттағаны туралы хабар жеткенде ол өзгелерге ет сатып алуды доғаруға кеңес береді. Ол: «Егер маған бір тауардың қымбаттағаны туралы хабар жетсе,  оны алмай қоямын, сонда оның мен үшін маңызы жоғалады» деген. «Осы тұста «қалайша ет жемей өмір сүруге болады?» деп ойлауыңыз әбден мүмкін. Сеніңізші, қазірдің өзінде айлар бойы ет жемей өмір сүріп отырған отбасылар жетерлік. Олар аштан өліп жатқан жоқ немесе біреуден кем болып қалмады.

Айша анамыз (Алла оған разы болсын) жиені Ғұруаға: «Ей, әпкемнің ұлы! Біз жаңа туған айды, сосын (тағы бір) жаңа айды, екі ай ішінде үш жаңа туған айды көрсек те, (осы уақыт ішінде)Алла Елшісі үйлерінің (ошақтарында) от жағылмайтын», – деп айтқан. Ғұруа: «Уа, нағашы әпке! (Сонда) күнкөрістерің не еді?» – деп сұрағанда, ол: «Екі қара: құрма мен су еді. Бірақ Алла Елшісінің ансар көршілері бар еді, олардың сауын түйелері не қойлары болатын. Солар Алла Елшісіне (сауындарының) сүттерін сыйлайтын, ал ол бізге ішкізетін», – деген (Бұхари).

Ендеше, біз де қымбат азық-түлік пен салтанатты тауарлардан уақытша бас тарта аламыз ғой?! Бұл отбасылық бюджетті ғана сақтап қоймай, сол тауарлардың бағасының төмендеуіне әкеледі.

Сегізінші қадам, отағасы – ең үлкен жауапкершілікті арқалайтындығымен де отағасы саналады. Ендеше, ер азаматтарға «шопинг» деген рәсімді тежеуге кеңес беріледі.  Өйткені, соңғы кезде шоппинг хоббиге айналып кетті.  Айлық алған сайын балаларды ертіп дүкен, базар аралау ешкімге таңсық емес. Спорттың хоббиге айналғандығы түсінікті, ал егер шоппинг хоббиге айналса, бұл адамға ақша жарату ұнайды дегенді білдіреді. Бұған отбасы мүшелері де, балалары да үйреніп, сауда үйлерінде жүруді серуенге айналдырады. Өйткені, қазір саябақта жүретін адамдар азайды.

Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) сахаба Жәбирді (оған Алла разы болсын): «Сен отбасың қалаған әрбір нәрсені сатып ала бермексің бе?» деп сөккен екен. Мұнан алатын ғибратымыз, ақылды адам – қаражатты құмарлығына ерместен парасатты түрде жұмсайды. Жарқын жарнамалар, шулы акциялар, маркетингктік қадамдар адам қаласа да, қаламаса да қажет емес заттарды да сатып алуға дағдыландырады. Дағдарыс кезінде осыларға «Жоқ» деп айта білуді үйренген ұтады.

Атақты ғұлама Халдун: «Аштық кезде ең бірінші тоқшылыққа үйренген адамдар қайтыс болады» деген. Жо-жоқ, мұнымен тоқ болған дам шыдамсыз немесе тоқшылықта өмір сүруге болмайды деген меңзелмейді. Тек таршылықты көп көрген адамдар аштықты күндердің қалай болатындығын біледі, білген соң дер кезінде дайындала біледі. «Аузы күйген үрлеп ішеді?» демей ме? Баршылықта өмір сүрушілер жоқшылыққа қатты қиналады. Өйткені, олар сабыр сақтау, төзім көрсете білу деген сезімдерден алыс болып қалған. Бір күнге бір түйір құрманы жарата білген, тіпті, жалап, соруға қалдырып, екінші күні пайдаланған сахабалардың қаншама қиындықтарға төтеп беруі осыдан болса керек...

Тоғызыншы қадам,  заттардың қажеттілік деңгейін сұрыптап, анықтап, маңыздысына бірінші қол жеткізуді әдетке айналдыру. Екінші деңгейдегісін содан кейін, үшінші деңгейдегісін соңында аласыз. Ақшаңыз аз болса басқа амал бар ма? Кейбір елдерде айлықтың төрттен бір бөлігінің телефон бірліктеріне кететіндігі анықталған. Телефонмен болған қарым-қатынасыңыз тым көп пе? Мұны да бір өлшеп қойыңыз. Бұл тізімге кешкі немесе түскі асты дәмханалар мен мейрамханалардан ішуді тежеуді қосар едік. Жұмысыңызда тамақ ішетін орын болса, әйеліңізге контейнерге ас салып беруді тапсырыңыз. Кешкі асқа азық-түлік алып барсаңыз, дәмді тағамды үйден де жеуге болады.

Оныншы қадам, ер азаматтар әйелдеріне үй заттарын қолдануда үнемшіл болуды тапсырсын. Дағдарыс кезінде мұндай әрекеттен ыңғайсызданудың қажеті шамалы. Отбасы мүшелері жағдайдың нашарлығын сезінбесін деп күйіп-піспей-ақ, тығырықтан шығудың жолын бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып тапса, бұл арадағы байланыстың артуына да себеп болады.

Он бірінші қадам, отбасылық бюджет құру. Жоспар жасап, үй заттарына керекті қаржыны белгілеу керек. Мейлі ол жиһазға қатысты болса да... Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Азық-түлікті өлшеңдер, сонда оның берекесі сақталады» деген. Бұл не мағына береді? Шығындарды алдын-ала есептеу керек: ашығып қалмау және ысырапқа жол бермеу үшін. Бұл хадис жоспарлауға, бюджет құруға, кіріс-шығысты есептеуге үйретеді. Тіпті, қазір жастар арасында әрбір алған заты мен оның бағасын арнайы дәптерге жазып жүру әдісі кең етек алған. Ол осы арқылы қандай нәрсеге көп ақша жарататынын анықтап, келесі айда өзін  сол шығыннан тыятын болады.

Ғұлама ас-Сағди «Әрі қолыңды мойныңа байлаулы етпе және оны барынша жайып та жіберме. Онда жазғырылып, тарыққан халде қаласың» деген аяттың жүзеге асуы – жоспарлы түрде әрекет ету дейді. Өйткені, адам жоспарламаса, керектіден көп алып қойып, артығын тастайды; аз алып қойса, ұсақ-түйекке дейін есептеп, сараңдыққа жол береді.

Он екінші қадам, айдың соңында алған жалақыны екіге бөлу керек. Біріншісі – жаратуға, екіншісі – жинауға.  Жиналған ақшаны кірісті жобаларға инвестициялаған адамның  ұтары көп. Бұл қаражат болашағымыз үшін: балаларымызды оқыта аламыз, үйлендіреміз, сырқаттарымызды емдетеміз т.б.

Он үшінші қадам, бір маркалы тауарларды сатып алуды доғару. Кейбір адамдар мақтан үшін немесе нәпсісіне жаққаны үшін үнемі бір ғана маркалы тауарларды сатып алуды әдеткен айналдырған. Дәл қазір мұнымен қош айтысу керек болып тұр.

Он төртінші қадам, ақша жинауға, үнемдеуге себеп болатын кейбір істер:

·         Ескірмеген азық-түліктің орнына басқасын алмау, соңына дейін пайдалану;

·         Тоңазытқышта тұрған асты  жылытып қоректену;

·         Сақтау мерзімі өтуге жақын қалса дәл сол өнім пайдаланылатын салаттар дайындап, басқа да тағамдар пісіруді көбейту;

·         Қарызға, несиеге жоламау. Несиеге көзге көрінетін зат алғаныңызбен, айлығыңыздан еселеп сығып алады. Оның айыппұлы, пайызы сізді ұтылысқа жеткізеді.

·         Газдалған сусындарды пайдалануды қойып, қара су ішуді әдетке айналдыру. Бұл қаражатты да үнемдейді, денсаулыққа да пайдалы.

·         Дүкендердің бағасын салыстырып, аз да болса арзанырағына барып тұру;

·         Бірнеше отбасы бірігіп көтерме бағамен азық-түлік сатып алып, кейін бөліп алу;

·         Сауда үйлеріндегі акциялар мен жеңілдіктерді аңдып отыру;

·         Қымбат болса да ұзаққа жарайтын тауарларды (техникалық, кеңселік т.б) алу. Мысалы, батареяларды (телефон, пульт, сағат т.б) ай сайын ауыстырғанша қымбат әрі сапалысын алған абзал.

·         Жалға алып пайдалануға болатын заттарды сатып алмай-ақ қойған жөн;

·         Тамақ мөлшерін азайту. «Адам өз асқазаны секілді ешбір жаман ыдысты толтырған емес. Солай бола тұра, белді бүгу үшін бірнеше түйір тағам жеткілікті. Асқазанды толтыру қажет болса, үштен бірін тамақпен, үштен бірін сумен және үштен бірін ауамен толтырсын» (Тирмизи) делінген хадисте.

·         Дастарханға тамақ әкелгенде де үнемшілдікке орын беру. Мысалы, бұрын бір тандыр нан қойып жүрсеңіз, оны төртке бөліп, бір бөліктен беруді әдетке айналдырыңыз.

·         Әпкемізден немесе ағамыздан қалған жарамды киімдерді кие тұру.

·         Тойға, жиынға баратын болсақ, таныстарымыздан тартымды киімдерді сұрап алу. Бұл – мәдениетсіздіктің белгісі емес. Өйткені, Аиша анамыз (оған Алла разы болсын) өзінің сіңілсі Асмамен (оған Алла разы болсын) киім ауысқан және өзінің әдемі көйлегін қалалық әйелдерге киюге беріп  тұрған.

·         Себепсізден-себепсіз жаңа шыққан көлік, телефон, ноутбук секілді заттарды алуды кейінге қалдыру;

·         Үйдегі ескі әйнек, сапалы ручка, телефон, ноутбук, теледидар секілді техникалар мен заттарды арнайы орынға апарып жөндету – жаңасын алғаннан үнемдірек. Немесе оларды сөреде сақтамай, өткізетін орындарға алып барып, сатып, ақшасын жаңасын алуға пайдалану;

·         Гүлге құятын, еден, көлік жуатын суды үнемдеу. Мамандар егер адам ыдысты арнайы машинада жуатын болса қолымен жуғаннан 3 есе аз су жұмсайтындығын анықтаған екен. Бұл – біздің мемлекетке көрсеткен қолдауымыз да болмақ.

·         Су жүйелеріндегі кем-кетіктерді жөндеу. Өйткені, краннан әр секунд сайын тамшылаған су бір жылда 8000 млн. қаржыны құрайды екен.

·         Қарапайым лампаға қарағанда электр үнемдейтін лампаларды қолдану жарыққа кететін энергияны үнемдейді.

·         Егер адамдар ұйықтағанда не үйден шыққанда жарықты өшіріп жүретін болса, әдеттегі көрсеткіштен 35 пайыз электр энергиясын үнемдеген болар еді.

·         Бір шыны шай үшін бір шәйнек тола суды қайнатуды да әдеттен алып тастаған жөн.

Он бесінші қадам, истиғфар («Астағфируллаһ» деп кешірім сұрау) мен тәубені (күнәні дереу тоқтату, өкіну, қайталамау) көбейту. Күнәнің ең үлкен зардабы – адамның ризығын кемітеді. «Расында құл жасаған күнәменен ризық-несібеден махрұм етіледі» делінген хадисте. «Бастарыңа келген қайғы, қиыншылық қолдарыңның істегендері себебінен әрі Алла көбін кешіріп жібереді» деген Құран аяты көп нәрсенің бетін ашып береді («Шура» сүресі, 30-аят).

Ғалымдар, осындағы «қайғы, қиыншылықтың» қатарына  жаңбырдың жаумауын, астықтың өнімді болмауын, судың тапшылығын, бағалардың өсуін қосқан. Ал кейбір ғалымдар бағаның өсуіне – адамдардың бір-бірімен бұрыс қарым-қатынас жасауы себеп болады. Ал бағаның түсуіне қоғамдағы мейірімділік әсер етуі мүмкін деп есептеген. Қысқаша айтқанда, ақша мен бизнес өкілдерін айыптамас бұрын, әркім өзінің Алла алдындағы халін бір өлшеп көргені абзал секілді...

 

8980 рет оқылды