2016-08-16 (0) (9543)

«Ата-анаң жынды болса, байлап бақ»

«Ата-анаң жынды болса, байлап бақ»

Ол бүгін Құранды ұзақ оқып, хатым етті. Анасынан айрылғанына да бес жыл уақыт өтіпті-ау. Анасын аңсап, үйге келгенде «әй, балам сенбісің?» деген сөздері, «айналайын, жарығым, жаурадың ба?» деп бәйек болған тірліктерін сағынып сарғайған күндер де артта қалып барады –ау. Ендігі ойы алда тек  анасы мен әкесіне Жәннаттан жайлы орын тілеп, бала-шағаның қамы мен асыл жары Бибінің жан жарасын жазу. Бибі қазіргі таңда қоларбада отырса да, Раббысының алдында намазын қаза етпей, отағасының разылығы үшін аянбай тер төгіп, асты-үстіне түсіп, балаларына тәрбие беріп, оларға тәлім үйретіп, қолынан келгенін істеп бағуда. Анда- санда, «жарықтық, енді қолдарым да қақсап барады» деп, қызы мен баласына біраз уқалатып алатыны бар. Екі аяғының істемей қалғанына кейде өзін кінәлап, Алладан ғана пана сұрап, Жаратушының жазған тағдыры екеніне мойынсұнып отырады.

«Әттең , сол бір жағдай орын алмағанда, анамның сөзіне бір сәтке де құлақ асқанымда ғой», - деп жүрегі жаралы Батырбектің де кейде мұңаятыны бар. Сол сәтте жанының тыныштығы, қиын сәтте маңынан табылатын, сабырлы да салиқалы адал жары Бибінің төзімділігіне қайран қалып, шүкірлігін айтып отырады. Қырыққа бір екі жыл ғана жақындап қалған жарының әдемі жүзін ұсақ әжімдер торлап, жасынан ерте қартайтып тұрғаны да жүрегіне қатты батады. Осы күнге жетіп, балаларының ортасында ардақты әке атанып, қам тіршіліктің пайдасына мойымай жүргені Бір Жаратушының рахымы мен осы Бибінің сабырлығының арқасында.  Қиыншылықтың ортасына күмп етіп кірген Бибінің еш нәрсеге мойымай бойын тік ұстауы да – Алланың берген сыйы.

-       Әй, Батырбек, келін алып келмек екенсің ғой, байғұс келінді аясаң етті? Өзіңнің күнің анаңды қараумен өтеді, ертең бала –шағаңды қайтіп бақпақсың? - деп тамыр-таныстар жаңа өмірге қадамын менсінбей қарсы алып еді.

-       Раббым – Кеңшілік Иесі. Өз берекесін береді. Сендерден ештеңе сұрамасам болды ғой. Мені жайыма қалдырыңдар, Аллам өз кеңшілігімен байытады,- деп, Батырбек некелесерінің алдында сөзге келіп қалғаны бар.

-       Көрде тұр, келін бір айға толмай –ақ, ат тонын ала қашып кетеді. Алжыған анаң, күн көрсетпес оған,-десіп жатты жұрттар. Ешкімнің сөзіне құлақ аспастан, Батыр көңіліне игі келген Бибіні келін етіп түсірді.

-       Сен кімсің? Менің үйімде не бітіріп жүрсің? Ұры, ұры тағы да ұры түсті, ойбай, сақтай гөр, сатқын, сатқын, өлтіреді!,-деп анасы алғаш келін болып түскен Бибіге пышақ ала жүгіріп, қорқытқаны бар. Батырдың анасының  жасына келмей ауруға шалдыққанын шет жағасын білгендіктен де, бой берместен тұрмысқа шықты. Сүйген жарының анасын өз анасындй көрген Бибі қамықпастан әр нәрсеге кешіріммен қарады...

Батырдың бұл тірлікке еті үйренген. Сол бір оқиғадан кейін Анасының ерте жастан-ақ ауруға шалдығып, тіршіліктен қол үзіп қалғанын біледі. Ол кезде Батырбек не бәрі он төрт-он бестер шамасында ғана еді. Үйдің кенжетайы болып, еркелеп, анасы мен әкесінің ыстық құшағында ойнақтап жүрген кезі. Үлкен ағасы енші алып, өз отауын тігіп бөлек кеткен тұғын. Ал екі әпкесі бой жете бірі ұзатылып, ақ батамен кетсе, екіншісі өз ұнағанына қашып, өз жасауларын алып кетті. Қара шаңырақ иесі атанып, кенже бала Батырбек ата-анасымен бірге күн кешіп жүрді. Осы бір күн кенже баланы ерте есейтіп, тағдырын мүлде басқа арнаға бұрып әкетті. Түн тыныштығында  тәтті ұйқы құшағында жатқан Батырбекті анасының шыңғырып жылаған даусы оятты. Апыр –топыр жүгірген аяқтың дауысынан шошып,  ұйқылы-ояу әке-шешесінің бөлмелеріне жетіп барды. Есіктен кіре сорғалай аққан қанға аяғы шалынып, жерге гүрс етіп құлай кетті. Басын көтере көзі анасының аяғында жатқан жаны шығар шықпас, қанға боялған әкесінің денесіне көзі түсті. Екі көзі шарадай болған Батырдың денесі қозғалмай, бір орнында тұрып қалды. Анасының «кетпе, кетпе, қарғам-ау» деген сөздерінің бірін естісе, бірін естімей сілесе қатып тұрды. Көршілердің араға түсіп, анасын бір бөлмеге апарып, әкесінің бетін жедел жәрдемінің дәрігерлері жауып жатқанын көріп тұрса да, түс көріп тұрғандай состиып тұрып қалды. Таң шапағы көріне бере анасының жоқтау айтып жылағанынан есін жиып, сүйретіліп анасының жанына барды.

-Апа, апа не болып кетті? Әкем қайда, оған не болды?-деп анасын жұлқылай бастады. Баланың әлі де ештеңе түсінбей, жылап тұрғанын көрген көршілер анасының қасынан ажыратып, өзге бөлмеге апарды.

- Балам, сен енді ержеттің. Анаңның ендігі қамқоршысы –сенсің. Әкең енді жоқ. Топырағы торқа болсын. Алла жанын Жәннатта етсін. Тағдырдың жазуы болар, әкеңді кісі қолынан қаза табар деп кім ойлаған?  Бекем бол, жігітім. Анаңның арқа сүйер азаматы бол,- десіп жатты бәз біреулер. Енді ғана есін жиып келе жатқан Батырбектің көз алдына әкесінің соңғы дәмі таусылып, қор-қор еткен даусынан дем ала алмай, тілі күрмеліп,  тілге келе алмай жатқаны елестеді. Отыра қап еңірей жылады. Өксігі басылмай, асыл әкесін қимай, кеудесін ыза мен кек жайлап, осында жағдайға душар еткен адамдарды өз қолымен буындырғысы келіп, жердегі қанды құшақтап өкіре жылады.

- Балам, әрқашан сабырлы бол. Істің байыбына бармай жатып шешім қабылдаушы болма, сабырлық алғашқы соққыда білінеді. Тағдырыңды сөкпе, Жаратушыңды жазғырма, әр қиын істің артында жақсылық күтіп тұрады. Ниетің түзу болсын. Адамгершілік қасиетіңді  малғұн шайтанға сатпа. Кешірімді бол, әрқашан жақсы ойлап, жақсылармен қол ұстас. Ақыретте басымыз салбырып қалмасын,-деп әкесінің күнделікті айтатын өсиеттерін есіне алып, Батырбек ендігі жерде анасының халі өзінікінен де мүшкіл екенін сезгендей болып,  анасының жылай -жылай ісіген көздерінің ыстық жасын қолымен сүрте, құшақтай кетті.

- Кешірші, апа, мен сендерге қамқор бола алмадым. Әкемді ажал аузынан алып қала алмадым. Кешірші, апа,- деп ұзақ жылады. Екі әпкесі мен аға-жеңгелерінің көз алдында өзін қор санап, әкесіне қамқор бола алмағанына көп налыды. Әкесінің жүрек тұсынан пышақ салынған денесін жуып, ақ кебінге орап, жаназасын шығарып жатты имам. Қара жердің қойнына тапсырғанда  әкесін соңғы бір мәрте көріп тұрғанын сезген Батырбектің көзін жас жуып жатты. Имамның оқыған дұғаларынан кейін сүйек салушылар біртіндей тарап, өз жөндерімен кетті. Артына жалтақтай  бозбала да анасына қарай асыға қадам басты...

Қарлығаш Сарыбай

(жалғасы бар)

9543 рет оқылды