Бизнес 2016-07-13 (0) (12097)

ТАЙМ-МЕНЕДЖМЕНТ: УАҚЫТТЫ ҮНЕМДЕУДІҢ ЖОЛДАРЫ

ТАЙМ-МЕНЕДЖМЕНТ:  УАҚЫТТЫ ҮНЕМДЕУДІҢ  ЖОЛДАРЫ

(қызметтегі адамдарға арналған кеңестер)

 

Дініміз Исламның уақытты үнемдеуге оң көзбен қарайтындығы исі мұсылманға мәлім. Уақыт – үлкен нығмет.  Ибн Аббастан (оған Алла разы болсын) жеткен  риуаятта: Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың  көбісі  қолдан  жіберіп алған екі нығмет бар: бірі – денсаулық, екіншісі – бос уақыт»,  деген (Бухари).

Сіз қолдан жіберіп алатын алтын уақытыңыз көбіне:

1. Анық емес мақсаттар;

2. Дұрыс емес ұйымдастыру;

3. «Жоқ» дей алмау;

4. Ойыңызды бөлу;

5. Көп кедергілер;

6. Ештеңе жасамай отыру;

7. Демалыссыз жұмыс;

8. Бір мезгілде көп тапсырмалардың болуы;

9. Дұрыс жоспар құрмау;

10. Қағаздар;

11. Саяхаттар;

12. Жұмысты кейінге қалдырудың әсерінен болуы мүмкін.

Сол үшін уақыттың уысымыздан шығарып алмас үшін әр сәтімізді бағалай білуіміз керек. Қазіргі таңда уақытты тиімді пайдалануды «тайм-менеджмент» деп атап жүр. Оның мәні – уақытты бағалай білу. Бізге тайм-менеджмент жайлы ойлануға уақыт келді: уақытты бағалауды және бір минут болсын уақытты босқа жоғалтпауды үйрену қажет. Ол үшін жүріс-тұрысыңызға қажетті түзетулер енгізу мен назар аударуға тұрарлық тұстарды анықтап алыңыз. Сонымен...

 

1. 1-2 апта бойы күнделікті атқаратын жұмыстарыңызды белгілеп отыратын күнделік арнаңыз немесе ұялы телефоныңызға жазып жүріңіз. Тек жұмыс, мерекелік шаралар, әңгіме-дүкен мен кездесулерді ғана жазып қоймай, ойларыңызды да түртіп отырыңыз. Бұл сіздің уақытыңыздың қайда кетіп жатқанын және күні бойы қанша іс атқаратыныңызды анықтауға көмектеседі.

 

2. Күндік жоспарыңыз толығымен дайын болмағанша, жұмыс күніңізді бастамаңыз. Іс-шараларыңызды кешкісін немесе жұмыс уақыты басталмас бұрын жоспарлаңыз.

 

3. Мүмкіндік болса, бірнеше істі бір уақытта істеңіз. Мысалы, кептелісте тұрған уақытта жұмыс бойынша немесе көптен бері хабарласпаған достарыңызға қоңырау шалыңыз.

 

4. Кез-келген жерде және қажет болған жағдайда қолжетімді болу үшін электрондық поштаңызды ұялы телефонға орнатыңыз.

5. Өзіңізбен бірге оқуға қол тимейтін кітаптарды алып жүріңіз. Кезекке тұрғанда, ұшақта оқыңыз. Аудиокітаптар сатып алып, көлікте тыңдаңыз.

6. Бөтен жерлерде өтетін кездесулерде уақытты үнемдеу үшін кездесулерді өткізуді жақын орналасқан жерлерде немесе бір жерде белгілеңіз.

7. Егер де кезедесетін адам кешігіп келуге немесе ұмытып кетуге бейім болса, онда кездесу туралы ескертуге ұялмаңыз.

8. Компьютердің пернетақтасын, ұялы телефонның сандарын көрмей, он саусақпен жылдам теру әдісін әдетке айналдырыңыз.

9. Әрдайым жасауға көп уақытты талап ететін хаттар, келісім-шарттар, шоттар және басқа да құжаттар үшін үлгі жасап қойыңыз.

10. Тапсырмалардың орындалуын уақытылы бақылаңыз және өзін-өзі бақылауды ұмытпаңыз.

11. Икемді жоспарлау негізі – контексттерді пайдалану. Орындар, жағдайлар, адамдар контекст бола алады. Мысалы, кездесуге бара жатқан жолда банктің бөлімшесі бар екенін білесіз, оған соғып, шот төлей салыңыз.

 

12. «Асықпаған арбамен қоян алады»,  деген халық даналығын да естен шығармаңыз. Бастаған істі аяғына дейін жеткізіп, мұқият жасай біліңіз. Барлық істі тындыру мүмкін емес: бір жұмысты орындаған абзал, содан соң кезекке жаңасы келеді. Жетістіктің сыры санда емес, сапада екенін ұмытпаңыз!

12097 рет оқылды