2016-06-07 (0) (6280)

ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ТҮРІ КӨП!

ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ТҮРІ КӨП!

 

Айша анасымен бірге мешітке келуді жақсы көретін. Ол екеуі жұма күні таңертең келіп, ешкім жоқ кезде тазалық жұмыстарын жүргізетін. Анасы шаңсорғышты қосып, кілемдерді тазаласа, Айша қолына шүберек алып, шаң сүртетін.

Кішкентай қызға әсіресе мешіт терезесінен көшеге қарап тұру ұнайды. Қыста қар жауса, күзде жапырақ түссе, көктем мен жазда жасыл табиғатқа, гүлдерге, сайраған құстарға қараудан жалықпайтын.

Бүгін де тазалық жұмыстарын біткеннен кейін, терезе алдына барып тұрды. Сырттағы ауа-райы өте тамаша!

Анасы мешіт балконын жинап болып, Айшаны шақырды. Дауысты ести сала, бірінші қабатқа түсуге ыңғайланған бүлдіршін қадамдардың даусын естіді де, кілт тоқтады. Осыншама ерте келген кім екенін білгісі келді. Аяғын әлсін-әлсін басып, бірініші қабат көрінетін тұсқа жақындады да, қабырғадан сығалап, төменге көз тастады.

Кедейлер мен мұқтаж жандарға ақша тасталатын жәшіктің алдында бейтаныс ер кісі тұрды. Ол қалтасынан әмиянын шығарып, өте көп ақша шығарды да, жәшікке тастады. Айшаның екі көзі шығып кете салдады.

Байқап қоймасын деген оймен демін де шығармауға тырысып тұрғанда:

       Айшажан, қызым, қайдасың?, – деген анасының даусы шықты.

Баспалдақпен асығып түссе, анасы артқы есікте күтіп тұр екен.

       Қызым-ау, неге сонша кешіктің? – деді мұқият қараған анасы.

Айша басын төмен түсіріп, терең күрсінді.

       Бірінші қабатта үлкен ағаны көрдім. Ол сондағы жәшікке ақша тастады. Өте-өте көп!

       Онда тұрған не бар, неге көңілің түсіп кетті,– деді анасы таңғалып.

       Сіз білесіз бе, ол сол садақасы үшін өте көп сыйға ие болады. Бізге апайымыз садақа берген адамдардың өте үлкен сый-сауапқа жететіндігін айтқан. Біздің сондай көп ақшамыздың болмағаны өкінішті. Мешіттегі аға секілді садақа бере алмаймыз...

Дауыстары дірілдеп шыққан Айшаның жылағысы келіп тұр. Анасы күлімсіреп, басын шайқады.

       Иә, қызым, біздің соншалықты көп ақшамыз жоқ. Алайда, садақа беру – әлемдегі жалғыз жақсы іс емес қой, иә?

Айша үнсіз басын изеді.

       Әрбір жақсы іс – садақа. Яғни, қаржылай садақа бермесек те, басқа да жақсы істерді жасауымыз керек. Сонда Алла қаласа, садақа берген адамдар секілді сыйға ие боламыз.

Айша қуанып кетті.

       Демек, бізде мүмкіндік бар ғой?

       Әрине, бар. Егер біз, көршімізге, туысқандарымызға жақсылық жасасақ, Алла Тағала көп сый-сауап береді. Біз жұма сайын таңертең осында келіп, тазалық жұмысын жүргіземіз және ол  үшін ақша сұрамаймыз. Таңертең кептерлерді тамақтандырамыз... Міне, осының бәрін Аллаға ұнайтындығын үшін жасасақ, өте-өте көп, тіпті, сен елестете алмайтын сыйды аламыз. Біз де сол жәшікке ақша салып жүрміз. Иә, ол әлгі ағаның  ақшасы секілді көп емес. Өйткені, жағдайымыз жетпейтін. Алайда, сол садақаны шын жүректен берсек, ол үшін де Алла сауап жазады,-деді анасы жымиып.

Айша шексіз қуанып, басын изей берді.

       Мен үйге барған соң не істейтінімізді таптым – деді шаттана.

Үйге келген бетте қолын жуып, бөлмесіне асықты. Түскі асқа дәптер мен қалам ұстап келді.

       Бұл не? – деп сұрап еді анасы, Айша күлімсірей:

       Мен бұл жерге екеуміз жасай алатын жақсы істердің тізімін жазып қойдым. Барлығы 43 болды. Қане, сізде оқыңызшы. Мүмкін, сіз тағы да қосарсыз, – деді.

Анасы да қуана келісті. Екеуі бірге отырып, тағы да 26 жақсы амалдардың тізімін жазды. Ұйқыға жатқан Айшаның көңілі сондай көтеріңкі, жүзі бал-бұл жанып тұр еді...

 

 

6280 рет оқылды