2017-05-21 (0) (10340)

Пайғамбардың (с.ғ.с.) оразасы қандай болған?

Пайғамбардың (с.ғ.с.) оразасы қандай болған?

 

Оразаға тең келер құлшылық жоқ

 

Ораза – Алла Тағалаға жақындататын ең үлкен құлшылықтың бірі. Әбу Һурайра риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың былай деп бұйырғанын жеткізген: 
«Адам баласының барлық амалы өзі үшін жазылады. Алайда оразаның жөні бөлек. Оның қарымын тек Мен беремін. Өйткені ол тек менің разылығым үшін ішіп-жеуден бас тартты» (Тирмизи риуаят еткен). Ораза бір жағы күнә жасамауда сабырлы болуға, екінші жағы ғибадат жасауда шыдамдылыққа тәрбиелейді. Оразаның теңдессіз құлшылық екендігі жайлы Әбу Үмәма (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыздан жақсы бір амал сұрадым. Ол маған «Ораза ұста, өйткені, оған тең келер құлшылық жоқ», – деді. Мен екі-үш рет қайталап сұрасам да «Ораза ұста, оған тең келер құлшылық жоқ», – деген жауабынан танбады» (Нәсаи, Сиям риуаят еткен).

Құлшылықтың пайдалары мен ерекшеліктерін жан-жақты түсіндірген Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбетін де соны орындауға ынталандырған. Және бұл құлшылықты орындауда Өзі де басқаларға үлгі бола білді.

 

Дүйсенбі мен бейсенбі күндері  адамның амалдары көтеріледі

 

Аптаның дүйсенбі мен бейсенбі күндері ораза ұстаудың үкімі – сүннет, яғни Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) істеген іс әрекеті. Айша анамыздың айтуы бойынша пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүйсенбі мен бейсенбі күндері ораза ұстауға аса мән берген.

Осы екі  күні апталық істеген істеріміз Аллаға ұсынылып, Оның құзырына көтеріледі. Пайғамбарымыздың аталмған екі күні арнайы ораза ұстауының себебі сол. Алла елшісі өзінің бір хадисінде бұл жайында былай дейді: 

«Дүйсенбі күні мен бейсенбі күні (апталық) істеген істер Аллаға ұсынылады. Менің істерім Аллаға көтерілерде аузымның берік болғанын ұнатамын» деді (Тирмизи).

 

 

Ашура күнінің оразасы

Айша анамыз (оған Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте: «Жаһилиет заманында Құрайыш ашура деген ораза тұтатын.  Пайғамбар да тұтатын. Мәдинаға келген соң өзі де тұтатын, мұсылмандарға да тұтуға бұйыратын. Рамазан айында ораза тұту аяты түскенде, Пайғамбардың тұтатын оразасы рамазан айы болды. Ашураны тәрк етті. Қалаған тұтатын, қалаған оны тұтпайтын...» (Бұхари, Муслим риуаят еткен). Яғни Рамазанның оразасы парыз болуымен ашура күнінің оразасы нәпіл құлшылыққа айналды.

Пай­ғам­ба­ры­мыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мә­ди­на­ға кел­ген кез­де яһу­ди­лер­дің (ев­рей) ашу­ра кү­ні ора­за ұс­та­ға­нын кө­ріп, «Бұл қан­дай ора­за?», – деп сұ­ра­ды. Оған: «Бұл – ұлы күн. Алла бұл кү­ні Мұ­са мен Ис­райл ұр­па­ғын дұш­пан­дар­дан құт­қар­ған. Сон­дық­тан осы кү­ні Мұ­са ора­за ұс­тайтын» – деп жауап қай­тар­ды. Пай­ғам­ба­ры­мыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сон­да: «Мен Мұ­са­ға сен­дер­­ге қа­ра­ған­да әл­де­қайда жақынмын», – де­ді де, осы кү­ні ора­за ұс­тауды әмір ет­ті (Бухари, Саум, 69). Алла елшісі: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Келесі жылы Алла қаласа, тоғызыншы күнді қоса тұтамыз», – деді (Муслим риуаят еткен).

Алайда, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келесі жылы дүниеден озды. Сондықтан ашураның оразасын тұтқысы келген адам оның алдында не артынан бір күн қосып ұстауы тиіс.

Шағбан айындағы ораза

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басқа айлардан қарағанда Шағбанда көбірек нәпіл ораза ұстаған. Айша (оған Алла разы болсын) анамыз: «Алла Елшісі жыл ішінде Шағбан айындағыдай көп ораза тұтпайтын», – деп еске алады (Тирмизи, Саум риуаят еткен).

Әбу Салама (оған Алла разы болсын): «Мен Айша анамыздан Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қалай ораза ұстағандығын сұрағанымда, Ол кісі: (оған Алла разы болсын) «Оразаны ұзақ тұтқаны соншалық бұдан былай ораза тұтумен болатын шығар дейтінбіз. Сонан соң, оразаны тоқтататын, тіпті мұнан былай енді ораза тұтпайтын болар деп қалатынбыз. Бірақ, Шағбан айындағыдай көп ораза тұтқанын көрмедім. Кейде Шағбанның аз күндерін ғана қалдырып, қалған күндерінде толығымен оразамен өткізетін», – деп айтты. Сондай-ақ, Айша анамыз: (оған Алла разы болсын) «...Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айынан басқа уақытта айды толығымен ораза ұстаумен өткізгенін көрмедім», – деген (Бухари риуаят еткен).

 

 

Ардақты Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің өнегелі өмір жолында мұсылмандарды рақым нұры төгілген ұлы айдың берекетінен құр қалмауға шақырған.

Рамазанның құлшылығынан құр қалған адамды Жәбрейіл періште қарғаған!

 

Әнәс ибн Мәликтен (оған Алла разы болсын) жеткізілген мына бір хадисте: «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мінбердің бірінші баспалдағына шығарда «әмин» деді. Екінші баспалдаққа шығарда тағы «әмин» деді. Үшінші баспалдаққа шығар кезде де «әмин» деді де, мінбердің ең жоғары жағына шығып отырды. Сол кезде Муаз ибн Жәбәл (оған Алла разы болсын) «Уа Расулулла! Мінберге шығарда неге үш рет «әмин» дедіңіз?», – деп сұрады. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мінберге шығарда Жәбірейіл періште жаныма келді де: «Уа Мұхаммед! Кімде-кім Рамазан айына жетіп, сол айдың құрметі үшін кешірімге ие бола алмай өмірден өтіп тозаққа кетсе, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Сол кезде мен де «әмин» дедім. «Кімде-кім ата-анасының қартайған шағында олармен жақсы мәміледе болмай, қайтқанда тозаққа кетсе, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Мен де «әмин» дедім. «Кімде-кім сенің есімің аталған кезде салауат айтпай, қайтыс болып тозаққа кетсе, Алла рақыметі мен мейірімінен алыс болсын», – деді. Мен тағы да «әмин» дедім», – деп жауап берген (Дәйлами, Мүснәдул- фирдаус, 1640; Ибн Хиббан, Әс-Сахих, 904, Али әл-Муттақи, Кәнзул-Уммал 24295). 

10340 рет оқылды