2016-05-23 (0) (5867)

Құранды жатқа оқыған жиһангез әйел

Құранды жатқа оқыған жиһангез әйел

 

 

Изабель  Эберхард (Isabelle Eberhardt) (1877-1904) – щвейцариялық ғалым, танымал жиһангез, жазушы. Ислам дінін қабылдап, шариғат шәлісін жамылған Изабель жастайынан қасиетті Құранды жатқа оқыған.

 

Құранға құштар жүрек

 

 

Изабель Эберхард  – 1877 жылы 17 ақпанда Женева қаласында дүниеге келген. Оның есімі әлемге әйгілі саяхатшы, зерттеуші жазушы ретінде танымал. Анасы Натали Морде Эберхардттың тумасы, балтық маңындағы неміс қанынан тараған неміс-орыс ақсүйегі.

Әкесі Александр Трофимовский Америкада туған. Философ, ғалым, ислам дінін қабылдаған ойшыл адам болған.

Әкесі Изабельді үйінде оқытқан. Себебі «өркениет оны бұзады» деген пікірде болатын. Изабель француз тілін еркін меңгеріп, орыс, неміс және итальян тілдерінде сөйлеген. Сонымен қатар бала кезінен латын және грек, классикалық араб тілдерін де меңгерген. Әкесімен бірге Құранды оқып, оны бастан-аяқ жатқа білген. Әкесі қызына Ұлы кітапқа үлкен құрметпен қарауды үйретті. Кейіннен Изабель араб тілінде еркін сөйлей бастады.  

Бала кезден Изабель жеңі ұзын, кең киімдерге әуес болатын. Үлкен ағаларынан қалған кең киімдерді киіп алатын. Қызына алаңдаған әкесі қызын үлкен қалаға жіберерде оған дәл сол киім үлгісін кигізіп жіберетін болған. Кейіннен Изабель әйел адамдар қол жеткізе алмаған еркіндікке қол жеткізу үшін ер адамдардың киімін үнемі киетін болған.

 

 

Африкаға сапар

1888 жылы оның өгей ағасы француздардың шетел легионына қабылданып, Алжирға жіберілген болатын.  Бұл оқиға Изабельдің бойында Шығыс еліне деген қызығушылығын оятып, ол араб тілін одан сайын тереңдетіп, меңгере бастайды. Оның Солтүстік Африкаға алғашқы сапары анасымен бірге 1897 жылы басталды. 20 жасар арманшыл, қайсар қыз осы жылы анасымен бірге Ислам дінін қабылдайды. Бұдан ерте қызығушылығың танытса да ол бұған дейін араб тілінен білімін жетілдірді.  Олар осы жерге түбегейлі қоныстануды ойлады. Екеуі исламға бет бұрса да, анасы көп ұзамай Аннабада көз жұмып, Фатма Маннубия деген атымен сол жерге жерленді. Анасы қайтқаннан кейін көп ұзамай Изабель жергілікті мұсылмандармен бірге француздардың отаршылық басқаруына қарсы қаруланған күреске бірге шығады.  Отбасындағы түрлі қиын жағдайлардан кейін Изабель туған-туыстарымен және өткен өмірімен байланысты үзуге бел буады. Осы кезден бастап ол өмірінің қалған басым бөлігін  Солтүстік Африкада өткізеді. Солтүстік Алжирді зерттеп, Туниске жиі барып тұрады.

 

   

                                                     Рухани саяхат

Ерлердің киімін киіп, өзін Си Махмуд Эссади (Si Mahmoud Essadi) деп таныстырған Изабель араб қоғамының Эберхард қаласында өмір сүреді, әрі әйел ретінде қол жеткізу мүмкін болмаған еркіндікке қол жеткізеді. Өзінің саяхаттары кезінде Изабель француздардың әділетсіз отаршылдық басқаруына қарсы күресіп, кедейлер мен мұқтаждарға көмек көрсетуге  белсенді атсалысады. 1901 жылдың басында Бехаймда қылыш асынған адам Изабельге шабуыл жасап, қолын кесе жаздайды. Бірақ дін аман қалып, ер адамды кешіреді. Аталмыш шабуыл жанкештілердің Изабельді софылар шейхының көңілдесі деп есептегеннен де болуы мүмкін. Алайда араб әдебіне сәйкес адам өзін қалай таныстырса, солай қабылданады. Арабтар еуропалық әйелдің араб тілін жетік меңгеріп, дәстүрлерін қатты ұстанатынына қызығушылықпен қарайтын және құрметтейтін. 1901 жылғы 17 қазанда Изабель Марсель қаласында алжир сарбазы Слиман Эхнимен танысып, тұрмысқа шығады. Кейін ол саяхатта жүріп, Слиман әскери өмірде болып бірге жиі бас қоса алмайды. Олардың бірге өткізген отбасылық күндері сирек болады.

Өмірін Ислам дінімен ұштастыра білген Изабель 1904 жылдың 21 қазанында Эберхардтың Айн-Сефра қалашығындағы су тасқынынан қаза болады. Су тасқыны кезінде саз балшықтан қаланған үй екіге бөлінеді. Кейбір мәліметтер бойынша аталмыш су тасқыны қатты жауған жаңбырдың салдарынан болып, күйеуі сумен ағызылып кетсе де, тірі қалады.  Екінші бір мәліметтер бойынша су тасқыны сирек кездесетін табиғи құбылыстың салдарынан болған. Таудағы қар еріп, кенеттен өзеннің құрғақ ағысымен ағып, жолындағы барлық кездескен заттарды шайып кетеді. Балшық легі араласқан 2-3 метрге дейін жететін суық су Изабель мен күйеуі бірге болған үйді де ағызып жібереді. Күйеуі үйінділердің арасынан аман шығарылғанымен, Изабельді құтқара алмайды. Изабель Ислам дәстүріне сай Айн-Сефра қаласында жерленген. Қазір туған жері Женеваның Гротт (Grottes) қалашығында Изабельдің есімімен көше аталады.

Жиһангез әйел әрбір сапарында өзімен бірге күнделігін алып жүрді. 1903 жылдан бастап ол жазушылық өмірге ден қоя бастайды. Күнделік жазудың соңы жазушылық қырын шыңдай түседі. Кейін бар болғаны 27 жыл ғана ғұмыр кешкен Изабельдің жазбалары ағылшын, француз тілдерінде «Изабель Эберхардтың күнденлігі» деген атпен жинақ болып шығады. Ол бір жазбасында: «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген сөзді қайталай беру жеткіліксіз. Кім өзін мұсылман санаса, онда Ислам дініне толық жанымен де, тәнімен де берілуі керек. Ислам дінінің басты мақсаты – сенім. Сенім болмаса бұл дінге келдім деу бекершілік. Жаратушы – асқан сұлулық. Яғни, бұл сұлулыққа жер бетіндегі барлық: сенім де, адалдық та, ақиқат та, адамгершілік те сыйып кетеді. Сенім бар жерде адам өзін ең мықты сезінеді. Кейін ең ақылды, дана кісіге айналады. Мен Ислам әлемінде өмір сүріп және оған қызмет етуге, өз өмірімді осы дінге арнауға мәңгі тоқталғым келеді..» деп жазып кеткен екен. Және оның бұл сөздері шындыққа ұласты. Оның есімі өзінің өлшеулі өмірін Исламға арнаған жиһангез әйел ретінде тарих беттерінде сақталып қалды.

5867 рет оқылды