2016-05-17 (0) (23371)

Дұғам қабыл болсын десеңіз

Дұғам қабыл болсын десеңіз

 

Кез келген құлшылықтың жаны, өзегі – дұға. Дұға – Жаратушының шексіз ұлылығы мен жаратылыстың мұқтаждығын, әлсіздігін танытатын күш. Сондықтан да, Алла Тағала құлының Өзінен сұрағанын жақсы көреді, керісінше, сұрамағаны үшін ашуланады (Тирмизи, Мәжәһ). Дұға – құлы мен Раббысының қарым-қатынасы, байланысы үшін берілген үлкен нығмет. Оның бірлігі де, лимиті де, қуаты да таусылмайды...

 

ӘРБІР ДҰҒАҒА ЖАУАП БАР

 

Дұға арқылы мейірім, жақсылық, жамандықтан пана, аңсаулы армандар, тағатсыз тілектер сұралады. Алайда, кейбір адамдар «Мен үнемі қажетімді Алладан сұрап, дұға жасаймын. Бірақ, әлі  қабыл болар емес...» деген сөздерді айтады. Асылында, Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) 14 ғасыр бұрын: «Пенде күнәға немесе туыстарымен қарым-қатынасын үзуге байланысты дұға етпесе, асықпаған жағдайда, оның (дұғасына) әрдайым жауап беріледі», – деген. (Одан): «Уа, Алла Елшісі! Асығу деген не?» – деп (сұралғанда), ол: «(Пенденің): «Мен дұға еттім, дұға еттім, бірақ (дұғама) жауап берілгенін көрген жоқпын», – деп айтуы. Сонда ол жалығып, дұға етуін тастап қояды», – деген (Муслим).

Ғалымдар мұндай адамның халін былайша түсіндіреді: «Ол көктемде дән сепкен немесе ағаш отырғызған шаруа секілді. Оған күтім жасайды, суарады, алайда жеміс беретін уақытты күтпей тастап қояды». Ықыласпен әрі дұрыс жасалған дұға ешқашан құрдымға кетпейді. Сол себепті, мүмін Жаратушысының мейірімінен, жәрдемінен үміт үзбеуі тиіс.

 

АЛАҚАН ЖАЮШЫҒА БЕРІЛЕТІН 3 ЖАУАП

 

Дұғаға жауап берілмеу кейде өзінің жеке басына қатысты болса, бірі сұрап отырған тілегіне қатысты. Кісінің жеке басына қатыстысы күнәдан тыйылуы. Ал, дұға-тілекке қатыстысы – расында, адамды өзінен қарағанда Алла жақсырақ біледі. Адамның кейде сұраған тілегі сырт көзге пайдалы сияқты көрінгенімен, негізінде зиянды және пайдасыз болуы мүмкін. Сондықтан, өзіне не пайдалы екенін, ненің қажетті екенін түсіне бермейді.
Сахаба Әбу Сағид әл-Худрий риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылман баласы күнәлі емес және туысқандық қатынасты үзуге бағытталмаған бір дұға жасаса, Алла оған үш жауаптың бірін береді, олар: не дұға-тілегін лезде кешіктірмей қабыл етеді, не қиямет күнге сақтап қояды, немесе дұға-тілегіне тең келетін жамандықты қайтарады», – дейді. Сонда мұны естіген сахабалар: «Ондай болса, дұғаны көптен-көп жасайық», – дейді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) де: «Алла одан да көп береді(яғни, жомарт)», – дейді».

Ақ пен қараны айыру қабілеті берілген қадірлі Омар да (оған Алла разы болсын): «Мен  жауапты ойлап,  уайымға салынбаймын, өйткені, менің ісім – Оған дұға жасау. Егер маған дұға жасау бұйырылса, жауап та онымен бірге келеді» деген екен. Ал ғалымдар «Мені шақырыңдар, жауап беремін» («Ғофир» сүресі, 60-аят) деген аятқа байланысты: «Алла Тағала саған дұға жасауға мүмкіндік берсе – жауап бергісі келгені» деп сүйіншілейді.

 

ҚАЙЫРЛЫСЫН АЛЛА ҒАНА БІЛУШІ...

 

Иә, кейде біз жан-тәнімізбен сұраған, бізге ұнаған нәрсе біз үшін қайырлы болмауы мүмкін. Ал көмес пен көрнеуді Білуші Алла Өз даналығымен, қамқорлығымен қажетімізді қамтамасыз етеді. Күллі жаратылысқа ризықты үлестіруші, істерді реттеуші – әлемдердің Раббысы Алла ғана. Жүрмей тұрған жұмысты жүргізіп, күрмелген жолды ашып, басымызға бақ, астымызға тақ беретін жалғыз Алла. «Жер бетінде ризығы Алладан болмаған бірде-бір жаны бар жоқ» («Һұд» сүресі, 6-аят).
Және Алланың біреуді шексіз бай қылып, біреуге аз ғана мүлік беріп, кедей қылуы – шексіз даналығының нәтижесі. «Алла ризық беруде біріңді-біріңнен артық қылды» («Нахл» сүресі, 71-аят).
Жаратушы байлыққа лайықты адам мен лайықсыз адамды Білуші әрі байлық беріле қалса, жағдайы қандай болатынынан хабардар. Біреуге байлықтың берілуі оның абзалдығы емес, бәлкім көтере алушылығының арқасы, ал байлық берілмегені - оны көтере алмайтынының белгісі. Біреудің басы кедейлікке душар болса, жағдайы нашарлап, азғындыққа ұшырауы мүмкін, ал енді біреуі байлыққа қол жеткізсе, шектен шығып, бұзықтықтардың кілті болуы да ғажап емес. Құранда: «Егер Алла құлдарына ризықты кеңейтіп жіберсе, әлбетте жер бетінде бүліншілік шығарады», - дейді. («Шура», 27). Өзіне қажетті малдан артық ақша, артық байлық кеп қалса, шектен шығып, жер жүзінде бүліншілік жасап кетуі мүмкін. Сол себепті аяттың жалғасында: «Бірақ, қалаған мөлшерде ризық береді»,-деп, адамдардың қай жағдайы болса да Алланың өлшемімен берілетінін білдірген. Себебі Алла: «Өзінің құлдарынан Хабардар, әрі оларды Көруші». («Шура», 27).
Малдың көптігі Алланың жақсы көретініне дәлел болмайды және адамның кедей болуы әрдайым Алланың азабына ұшырағандық бола бермейді. Өйткені, хадисте «Алла сендердің денелерің мен келбеттеріңе қарамайды, бәлкім, сендердің жүректерің мен амалдарыңа қарайды» делінген (Муслим). 

 

АЛЛА ҰЯЛАТЫН АДАМ

 

Дұға жасаушының сипатымен таныссыз ба? Жүзі қыблаға бұрылған, алақанын Аллаға жайған, көзіне жас, жүрегіне Раббысының игіліктеріне деген алғыс толы, тілдері Оған мақтау айтып, кешірім сұрайды, күнә-қателіктеріне шынайы өкінеді. Ең бастысы – ол шынайы мұқтаж. Оның Жаратушыдан басқа сыйынары, сұрары, арқа сүйері жоқ. Және Алланыың барлық нәрсеге күші жететіндігіне, еститіндігіне, көретіндігіне, жауап беретіндігіне айқын сенеді. Міне, дәл осындай жан туралы Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің Раббыларың – Ұялшақ және Жомарт. Ол өзіне қол жайып сұраған құлының қолын бос қайтаруға ұялады» деген болатын (Әбу Дәуд, Тирмизи).

Ертеде басар тауы, барар жері қалмаған Мұса Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын): «Раббым! Ақиқатында, мен Өзің маған түсірген кез келген жақсылыққа мұқтажбын!» («Қасас» сүресі, 24-аят) деп дұға жасаған болатын. Раббысы оны игіліктерге шомылдырды.

 

Кейде адамның дұғада ықыласты болғандығы соншалықты, оның күнәлары кешіріліп, Аллаға жақындай түседі. Алла осындайда жауапты баяулатып, оның құлшылықта онан сайын ыждағатты бола түсуіне жол ашады. Соңында ұмтылысы, сабыры үшін асқан жомарттықпен сый тарту етеді.

 

 

«АУЫЗДАН ШЫҚҚАН ДҰҒА ҚАБЫЛ БОЛУ ҮШІН АУЫЗҒА КІРЕТІН АС ТА АДАЛ БОЛУЫ ТИІС»

 

Сондай-ақ, дұғам қабыл болсын деген адам Алла тыйым салғаннан аулақ болып, бұйырғанды орындауға асығуы қажет. Себебі, хадисте: «Кісі ұзақ сапар жүріп, үсті-басы тозып, денесі шаң болады да, екі қолын көкке көтеріп: «Раббым, Раббым», – деп дұға жасайды. Алайда, жеген асы харам, ішкен сусыны харам, киген киімі харам, хараммен қоректенеді. Ондай адамның дұғасы қалай қабыл болсын?!», – делінген (Муслим).

Құрандағы: «Ей, пайғамбарлар! Таза нәрселерден жеңдер де, таза амалдар жасаңдар» («Муминун» сүресі, 51-аят) деген аятқа байланысты тәпсір ғалымы Ибн Касир: «Рұқсат етілген нәрселермен тамақтану дұғалар мен ғибадаттардың қабыл болуының себебі болады, ал тыйым салынған нәрселермен тамақтану дұғалар мен ғибадаттардың қабыл болмауына апарып соқтырады» деген екен.

 

«КӨП НӘРСЕНІ СҰРАТПАЙ-АҚ БЕРГЕН АЛЛА СҰРАҒАНЫҢДЫ БЕРМЕЙДІ ДЕП ОЙЛАЙСЫҢ БА?»

 

Мінеки, аяқ киімнің бауына дейін сұрауға рұқсат беріп, «құлым қолын жайып сұраса, бос қайтаруға ұяламын» деген Кең, Жомарт, Жауап беруші Алла Тағала - әрдайым уәдесінде тұрушы. Өйткені Аса Мейірімді Алла Құранда: «Ал, қашан құлдарым сенен Мен туралы сұраса, күмәнсіз, Мен өте жақынмын. Қашан Менен тілесе, сұраушының тілегіне жауап беремін» дейді («Бақара» сүресі, 186-аят). «Көп нәрсені сұратпай-ақ берген Алла сұрағаныңды бермейді деп ойлайсың ба?». Анығында, Оның күш-қуаты барлық нәрсеге толық жетеді! Ол сені бір тамшы судан жаратып, көркем бейнемен үйлестірді, білім, күш, ризық-несібе, түрлі қабілет берді. Ол сені қараусыз қалдырмады. Онымен жеке қалып, сәулелі үмітпен, ыстық сыбдырмен, шын жүрекпен тілек тілегеніңді күтеді. Өліні тіріге, тіріні өліге, қараңғыны жарыққа, жарықты қараңғыға алмастырған Алла шеше алмайтын қиындық жоқ! Оның мейірімі мен жарылқауы барлық нәрсені қамтиды...

23371 рет оқылды