17:35 | Ем болсын
17:40 | Құран уақыты
2016-05-16 (0) (6507)

Пайғамбарлардың елі үшін жасаған дұғалары

Пайғамбарлардың елі үшін жасаған дұғалары

                

«Сен мен үшін сондай қымбатсың...»

 

Әрбір адамның кіндігі кесіліп, ат жалын тартып мінген мекені болады. Бұл қастерлі мекенде ата-бабасы көне заманнан мекендеп, сол жерде тіршілік етеді. Оны «атамекен», «Отан» деп атайды. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін, ұшқан құстан жүгірген аңға дейін өз Отанында бейбіт, еркін. Жер бетіндегі жеті миллиард адамның барлығына туып-өскен жері, өз Отаны қымбат.

Адам баласын иман нәрімен сусындататын Ислам діні отансүйгіштікке тәрбиелейтін дін. «Отанды сүю – иманнан» деген тәмсіл бар. Отаншылдық -дініміздегі шынайы мұсылманға тән қасиет. Шын мәнінде, Отансыз жұрттың тілі, діні, ділі, тарихы болмайды. Туған жері үшін, ұлты үшін алақанын жайып, дұға тілеген әрбір адам елінің тыныштығын тілейді. Өз заманында сүйікті пайғамбарларымыз да (оларға Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз Отаны үшін Аллаға дұға жасаған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Меккеден көп қиындық көріп, Мединаға қоныс аудармақ болады. Сонда Пайғамбарымыз  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туған жерімен қоштасып тұрып: «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де тұрғындарың сенен шығармағанда, сенен басқа жерде тұрақтамас едім» деп көзіне жас алған екен (Ибн Аббас (р.а.) риуаят еткен).

 

 

Тыныштық – алтыннан қымбат

 

Құранның«Бақара» сүресі, 126-аятында келгендей, Ибраһим пайғамбар да  (оған Алланың сәлемі болсын):

«Раббым! Бұл шаһарды тыныш қала ете көр! Және оның тұрғындарынан кім Аллаға, Ақырет күніне иман келтірсе, түрлі өнімдермен ризықтандыр», - деп елі үшін дұға жасаған. Ислам ғұламалары Хазреті Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) бұл дұғасында ризықтан бұрын тыныштықты сұрайды. Өйткені, қауіп-қатер мен бүлік болған жерде бейберекетсіздік орын алып, адамдар ризықтың ләззәтын сезіне алмайды. Үрей мен қорқыныш ішінде өмір кешеді. Тіпті, тыныштық болмаған жерде ризықтың да болуы екіталай», – деп түсініктеме берген. Шынында да, қарапайым отбасы өмірінен мемлекеттің тағдырына дейін тыныштықтың қадір-қасиеті ерекше. Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) ең әуелі бейбіт өмір мен халқы үшін, содан кейін ғана әртүрлі ризық-несібе сұрағандығын байқадық. Демек, Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) Алла Тағаладан сұраған ұлық дұғасының өзегі де тыныштық болған.

 

 

Жүніс пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) дұғасы

 

Алла Тағала Жүніс пайғамбарды (оған Алланың сәлемі болсын) Ирактың солтүстігінде Нәйнауа деген үлкен бір елдімекенге пайғамбар етіп жібереді.

Бұл қауым Алла Тағалаға иман келтірмеген еді. Жүніс (оған Алланың сәлемі болсын) жылдар бойы Аллаға шақырса да олар өз дегендерінен қайтпайды. Менменсіп, шектен шығады және алдыңғы пайғамбарлар сияқты оған да зиян тигіземіз деп қоқан-лоққы көрсетеді. Сонда Жүніс (оған Алланың сәлемі болсын)  : «Сендердің үш күндік мұрсаттарың бар», – деп ескертіп, ашуланып елінен шығып кетті. Ал Алла Тағала оған үш күндік мұрсатпен ескертуін бұйырғанымен, ол мекенді тастап кетуге рұқсат бермеген еді. Жүніс болса қауымына ескерткен соң ренжіп, өз бетінше елден шығып кетеді. Ол өзінің рұқсатсыз шығып кеткені үшін Алла Тағаланың жазалайтынын ойламайды.

Алланың азабының алғашқы белгілері көріне бастағанда Нәйнауа елі иман келтіріп, Алла Тағаладан кешірім өтіне бастайды. Қауымының иманға келгенін білмеген Жүніс теңізге барып, кемеге мінеді. Теңізге шыққан соң дауыл соғып, кеме суға бата бастайды. Кемедегілер жүктерін суға лақтырғанымен, кеме әлі де болса ауыр еді. Сонда кемедегілер жеребе тарту арқылы іштеріндегі біреуін суға тастайтын болып шешімге келеді. Үш рет тартылған жеребенің үшеуі де Жүніске (оған Алланың сәлемі болсын) түседі. Сөйтіп адамдар оны теңізге лақтырады.

«Сөйтіп оны кит жұтты. Ол (өз-өзін) айыптауда еді» («Саффат» сүресі, 142-аят).

 

Сонда Жүніс пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) өз-өзін кінәлап, Жаратушы Раббысына дұға жасай бастайды. Алла Тағала: «Сонда ол қараңғылықтар ішінде: «Сенен басқа ешбір құдай жоқ. Пәксің. Шын мәнінде, мен залымдардан болдым», – деп жалбарынды», - дейді ( «Әнбия» сүресі, 87-аят) Жүніс пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) балықтың қарнында біршама уақыт жатады. Ақыр соңында Алла Тағала оның дұғасын қабыл етіп, балық оны жағалауға тастап кетеді!

 

Отанды қорғау – ең абзал амалдардың бірі

 

Міне, біз Аллаға сансыз шүкірлік етуіміз керек, кезінде қиын күндерді бастан кешкен ардақты  пайғамбарымызды (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйікті Мекке қаласынан біраз уақытқа алшақтатқанындай бізді қазір өз отанымыздан айырған емес. Бейбіт күнде бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз. Аллаға сансыз шүкіршілік! Бұл - үлкен нығмет.

Біздің асыл дініміз пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  заманынан бері бізге тек құлшылық етуді ғана міндеттеп қана қоймай, елімізді, Отанымызды қорғап, елді шексіз сүюге, адамдарға адал болуға тәрбиелейді. Бір сахаба пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Иә, Расулаллаһ, ең абзал амал не?» деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру, бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы» деген (Тирмизи).

Бұл жерде де пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туған жерге деген махаббатты, оның әрбір өзен, көл, тау-тасына деген сүйіспеншілікті өсиеттеп тұрғанын аңғарамыз.

Ардақты Алла Елшісінің: (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Екі көз Ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі - күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі - Отанды қорғап шекара күзеткен көз», - деген керемет хадисі бар. (Тирмизи) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осындай ұлағатты сөздері бізді Отанды қорғауға, елді сүюге, адамзатқа адал болуға шақырады.

Отаншылдық туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген құрметтен басталады.  Бұл жайында да Ибн Омардан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Барлығың жауаптысыңдар. Басшы – еліне, отағасы – отбасына, малшы – малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан сұраққа тартылады», - деген. Олай болса, балаға жастайынан жақсы тәлім-тәрбие берумен қатар туған елді құрметтеуді, жанын қорғағандай дінін, Отанын қорғауды, елдің ақысын жемеуді үйретуге әрбір отбасы жауапты. Туған еліміздің өткен жолын зерделеу, жақсылығына сүйініп, жамандығына күйіну, оның абыройы үшін адал еңбек ету – біздің асыл мұратымыз.

6507 рет оқылды