2016-05-05 (0) (10779)

Бітімге шақырған билердің бәтуасы

Бітімге шақырған билердің бәтуасы

 

Төсекте басы қосылмаса да, төскейде малы қосылып, қатар жусап, бірге өрген қазақ жұртының әу бастан-ақ көздеген арманы мен діттеген мақсаты бір. Ол – ел бірлігі.  Ел бірлігі, тұтастық, татулық туралы сөз етпеген ақын-жазушылар кемде-кем. Себебі,

Балаларыма өсиет,

Қылмаңыздар кепиет,

Бірлігіңнен айырылма,

Бірлікте бар қасиет, - (Ақтамберді)

деп кеткен бабаларымыз қашаннан ырысы мен бақытының кілтін тек ынтымақтан іздеген.

Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың құлдары! Өзара тату, бауырмал болыңдар...» - деген (Муслим).  Жыраулар поэзиясындағы «Еділ бол да, Жайық бол, ешкімменен ұрыспа», «Мұсылманның баласы, сірә, бір кеңес құрыңыз, бірауызды болыңыз!» дейтін жолдар, міне, осы хадистерге негізделсе керек.

Бірде елге жөн сілтеп, жол көрсетер ауыл ақсақалы қатты ауырып, қадірлі қарияның халін білмекке ауыл адамдары ағыла бастайды. Араларында үстеріне қару-жарақ асынған, егде тартқан үш адам бар еді.  Келгендер ақсақалға қарап: «Біз үшеуіміз үш жүзден сіздің көңіліңізді сұрай келдік. Халіңіз қалай?» - дейді. Аз-кем жөн сұрасқан соң: «Аяулы еліңізге айтар өсиетіңіз бар ма?» - деп сұрайды.

Сонда қария бір жөткірініп алып басын көтеріп:

Жүзге бөлінгендердің жүзі қара,

Руға бөлінгендердің құруға асыққаны,

Атаға бөлінгендер адыра қалады.

Хан азса, халқын сатады,

Халық азса, хандыққа таласады,­ –­­­­­­­­­­ 

депті. Иә, мұны қазақ «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» деген

жалғыз ауыз сөзбен түйген. «Бейбіт елде - сән бөлек, бүлінген елде - дау бөлек» дейтін Төле бидің сөзі де осыны аңғартады. Сонау VII ғасырдағы көне жәдігер Күлтегін ескерткішінде «Бегі мен халқының ынтымағы жоқ, дұшпанының алдауына сеніп, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласып, бегі менен қарашасы жауласқан жерде ел ЕЛДІГІнен айырылады» - деген жазу бар екен. Ал сол кездің ақылманы болған Білге қаған: «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ», - деген. Шындығында, қай заман, қай уақытта болмасын, ел татулығы, қауым бірлігі - алдыңғы кезекте. Себебі, саусақ бірікпей, ине ілікпейді. Елдегі тыныштық –татулық пен өзара ымырашылдық арқылы келеді.

Ал мына бір шағын оқиға аз сөзбен көп мағына беретін өнегеге, тағылымға  тұнып тұр:

Бірде іргелес отырған Жаңту мен Жантас деп аталатын екі ауылдың жігіттері шабындыққа таласып қалады. Ақырында бірін-бірі көрмеуге серт берісіп, екеуі де ат кекілін кесіседі. Ай өтеді, жыл өтеді. Бірақ екеуі де татуласпай қояды. Әкелері мен аталарының ақыл-кеңесіне де мойынсұнбайды. Осыны естіген Төле би араздасқан жігіттерді шақыртады. Төленің үйіне екі жақтан келген екі жігіт аттарын бір қазыққа байлап үйге кіреді. Би ләм-мим демей екі жігітпен сыртқа шықса, екеуінің аттары қасысып тұр дейді. 

– Ой, пәлі, мына екеуінің татуын қарашы?! – дейді Төле қасынып тұрған

аттарды көріп. – кекілдері де келісті екен! 

Бидің тұспалдап айтқан бұл сөзінің мәнін ұққан екі жігіт дереу сол жерде қол алысып, татуласқан деседі. Сонда Төле:

Жалғанда ойлап тұрсаң бірлік керек, 

Бірлікті ойлаған соң тірлік кереК.

Ағайынға ала көз бола қалсаң, 

Аузыңнан несібеңді біреу жемек! – деп өлеңдете жөнелеген екен. Иә,

Өлетұғын тай үшін,

Көшетұғын сай үшін

Желке терің құрысып,

Әркімменен ұрыспа! (Асан Қайғы)

деп өсиет қалдырған қазақтың жүгенсіз кеткенді ым-ишарамен-ақ жөнге салатын тектілігі, даналығы деген, міне, осы!

Тағы бірде ел арасында дау-дамай орын алып, сол дауға Төле би төрелік айтуға шақырылады. Алайда, мезгілінен кешіккен оны күтіп тұрған халық шыдамсыздық танытып, өзара пыш-пыш əңгіме өрбіте бастайды. Осы сəтті онан сайын ушықтырып, халықты биіне айдап салғысы келген кейбір белсенділер: "Би басымен мұнысы қалай? Осыншама кешіккені қарапайым халықты менсінбегені ғой... Төле енді бұқараның дауына араласпайды" деген секілді қауесет сөздерді лезде таратып жібереді. Кенет, сол уақытта төбе би де нөкерлерімен сау етіп келе қалады. Төленің мысы басып, жиналған жұрт іші саябырсып, əлгі пыш-пыш əңгімесін де доғарады. Биді қолтықтап аттан түсірісудің қамына көшіп жатқанда бағанағы белсенділер, əдетінен танбай, биді сөзінен жаңылыстыру үшін "Бақыт деген не? Бала деген не? Байлық деген не? " деп аяқ асты сұрақ қойып, састырмақ болады. Сонда би олардың пейілін сезіп: "Бақыт деген - басқа қонған құс. Бала деген - артта қалған із. Байлық деген - қолда тұрған мұз. Ең бастысы - сыйласқан мына сіз бен біз" деп байыппен жауап қатып, іле-шала төрге озған деседі.
Иә, адамға қажетті барлық рухани факторлардың басында татулық тұр. Бақыт та, бала да, байлық та татулығы жарасып, сыйластығы артқан қоғамда ғана берекелі болады. Біріккен бітіреді, ұйымдасқан ұтады. Бірлігі бекем елдің белін бүлік тілеген ешқандай сыртқы күш сындыра алмайды.

10779 рет оқылды