2016-04-29 (0) (8154)

Шүкір сәждесін жасатқан сыйлық...

Шүкір сәждесін жасатқан сыйлық...


         Көктем айларының алғашқысы, кешегі наурызда басымнан өткен ерекше бір оқиғаны оқырманмен бөліссем деймін. Ол сәт ‒ шын мәнінде әр сәттің Алла назарында екенін, әр күйіміздің Одан жасырын еместігін көрсеткен сан мың дәлелдің бірі.

  Жұма күні болатын. Денсаулығыма байланысты аурухана есігін күзеткендердің қатарынан табылып жүрген күндерімнің бірі. Біз қадірін білмейтін қос нығмет ‒ денсаулық пен бос уақыт емес пе? Міне, сол денсаулықтың қадірін ауырғанда, бос уақыттың қадірін дәрігер есігіне телміріп, кезегімді күткенде түсініп, күрсініп отырмын. Алдымда әлі қаншама адам бар...

         Екі сағаттан соң күткен кезегім де келіп, дәрігердің алдына кірдім. Дәрігер әдеттегіден көңілді, мейіріммен қабылдады. Аллаға шүкір, тексеріс нәтижелерінен белгілі болғандай, төніп тұрған қауіп жоқ екен.

Дәрігер әпке мендегі қиындықтың тәнімде емес, жан дүниемде екенін сезді ме, жақынырақ сөзге тартты. «Әлденеге көңілің қалған ғой? Неден көңілің қалды?» ‒ деп, өзінің көрген-түйгенімен, тәжірибесімен бөлісіп, жанымды жылы сөздерімен емдегісі келгендей. Мен жасырғаныммен, әйелдің жүрегіндегісі жүзіне шығып тұрады емес пе? Оның үстіне, мейірімге, қамқорлыққа мұқтаж әйел көңілі тым нәзік келеді ғой. Бейтаныс болса да жұбатуға тырысқан жылылық иесінің сөздері тамағымдағы тас бөгетті бұзып өтіп, жылап қоя бердім.

«Иә, әпке, мұңсыз адам бола ма? Мен мейірімге мұқтажбын! Өз қасымдағы қарайғандарға ғаріппін. Айналамдағы адамдардың тәкаппарлығы, қаталдығы, өзімшілдігі, жаныңды түсінбеуі қинайды мені. Бәрін жүрегім арқылы өткізем де ауырамын. Қасымдағыдан қаттылық көрсем де жүрегім мұздайды. Адамнан ескен салқындық та тоңдырады. Тілі жоқ тіршілік иесінің адамзат тарапынан қиналғаны да жаныма қатты батады. Үнсіз, тілсіз азап шеккен жан-жануарларды көрсем, қатты жылаймын. Оларды адамдар қинап жатқанда, қиналмай өліп кетсе екен деп тілеймін. Адамдар неге мұнша қатігез боп кетті екен? Неге жанашырлық жер бетінде кеміп барады? Сәбиге де, ақсақалға да, жүздерін әжім торлаған аналарға да, зияны жоқ тіршілік иелеріне де зұлымдықтар жасалып жатыр... Көп қой, әпке, көп...», ‒ деп ақтарылғым келді. Бірақ, мұны кім түсінеді? Бұл қасіретті дерттің емін жалғыз Алладан басқа кім бере алады дейсіз? Жүзімді жуған көз жасыммен үнсіз ғана жауап беріп, мейірбан жанға алғысымды айттым да шығып кеттім... 

         Денімді сау қылған Аллаға шүкір айтып, бір жағы қуаныштан жеңілдеп қалсам, енді бір жағы, санамды тұмшалап алған түрлі ойлардың тұңғиығынан шыға алмай, емханадан үйге қарай жай аяңдап келе жатырмын. Қасымда балам бар.

         Емхана мен үй бір жолдың бойында, арасы екі аялдамадай қашықтықта болатын. Үйге жетіп қалғанда, балам мені дүкенге қарай тартты. Менің де бір тәтті жегім келіп, сол оймен балам екеуміз дүкенге кірдік. Балам дүкен есігінен кірген беттегі, оң жақтағы әйнек ішінде тұрған кішкентай домалақ құрттарды сұрады. Ал, менің көзім сол әйнектің үстінде тұрған тортқа түсті. Басымдағы ауыр-ауыр көп ойлардың бәрін енді сол тортқа деген аңсарым басып кетті. Қарап тұрмын. Алып ап, үйге барып шай ішсем бе екен? Бірақ, ертең ауылға баруымыз керек. Өзі аз ғана ақшамды өз нәпсіме жаратқанша, ауылдағы балапандарға тәтті ала барғаным артық болар деген ой да мазалайды. Мейлі, сонда да сатушыдан бағасын сұрай салдым. 1400 теңге. Ал, менің қалтамда соның жартысы ғана бар-тын. Осылай бірінен соң бірі келген ойларымды тез қорытып, нәтижесінде нәпсімді бастым да балама алған құрттың ақшасын төлемекке жақындадым. Кенет, тиынды енді бергелі жатқанымда, арғы бөлмеден дүкеннің иесі жадырап шыға келді. Ол апайдың күліп шыққаны сондай, күн шыққандай әсерде қалдым. Екеуміз көптен көріспеген анасы мен қызындай ерекше амандастық сол сәтте.

‒ «Ой, қызым кеп қапты ғой! Жаңа ғана сені сұрап жатыр едім. Қалың қалай?» ‒ деп жаны қалмай, ақ пейілмен амандасып жатыр. Бір кезде: «Осы қызыма бір сыйлық берейінші. Қане, не берсем екен?» ‒ деп бұрылды да дәл сол мен қызыққан тортты алып, қолыма ұстата салды...

Алла тағаланың Мейірімі неткен кең! «Күре тамырларыңнан жақынмын» деген Алла, расында бәрінен Хабардар екен. Дүкен иесі неге дәл сол тортты сыйлады дейсіз? Әрине, ол ‒ Алланың қалауы. Өйткені, сол жерде ішімде бұққан сыр мен аңсарымды Одан басқа ешкім білмейтін. Міне, Жомарт Алла жасырын қалағанымды маған сол жерде жария түрде тегін сыйлады. Сол арада, тіпті, айтарға сөз таппай, абдырадым да қалдым...

‒  «Алла разы болсын, әпкетай! Менен де қандай да бір қажеттілік болса, сұраңыз! Рахмет, әпке, рахмет!» ‒ деп, ол кісіге деген құрметім мен ризашылығымды білдірдім. ‒ «Ой, айналайын, иманды жастар сендерсіңдер ғой! Аман жүріңдер!» ‒ деп мені тағы құшағына басты. Осылайша, күтпеген жерден олжалы болып, мейірімге бөленіп, ол жерден де шықтық.      

         ...Аң-таң күйде келе жатырмын. Күліп қоямын. Бір күндегі бұл оқиғаның бәрі естен кетпес әсер қалдырды. Рахымы кең Алланың мейірімге мұқтаж құлын жұбатқаны деп түсіндім. Жалғыз емес екенімді, бар ғалам Алланың назарында екенін, ертелі-кеш Рахманның қамқорлығында екенімді терең сезіндім.  Бар әлемді құшағыма алып, мейірлене бауырыма басқым келді. Жүрегімдегі жараның бәрі әп сәтте жазылып, үйіме қуана-қуана кірдім. Бісмілләмен есікті ашып, үйге кірген бетте шүкір сәждесін жасадым. Алладан көп кешірім сұрадым. Күнәларымды, Оның бізге беріп жатқан сансыз нығметтерін мойындап, шүкір-алғысымды тілмен жеткізе алмай жылай бердім, жылай бердім.

Шын мәнінде, мен үшін, ол торттың әлемнің барлық тәттілерінен дәмі ерекше. Өйткені, ол сыйдың мәні ерекше!..  

 

         Бұған ұқсас оқиғалар әр адамның басынан өтетіні, тіпті, өтіп те жатқаны шындық. Бірақ, әркім оны өзінше бағалайды. Көпшілігі елеп, мән бермейтін шығар. Бірақ бұл – Жаратқанның жәрдемі, шексіз мейірімі, Оған ғана шүкіршілік етіп, Одан ғана сұрау керектігінің айқын дәлелі. Іштегі арманыңды, іздегеніңді, қалағаныңды сұратпай-ақ алдыңа әкеліп қоятын Алла ‒ сый берушілердің ең Ұлысы! Барлық мақтауға Жалғыз Ол ғана лайықты!

Абдуллаһтың Анасы

8154 рет оқылды