2016-04-28 (0) (16126)

«Далада бала жата ма?»

«Далада бала жата ма?»


Сыныбымда мінезі шатақ, тентек қыз бар еді. Есімі - Әсел. Әселдің жанына ешкім отырғысы келмейтін. Өйткені ол парталасының ығырын шығаратын. Мұғалімнен де қорықпайтын. Әншейінде бәрімізді  тікемізден тік тұрғызатын ұстазымыз сол қызға келгенде үндемейтін. Ол қандай бұзықтық жасаса да, басынан сипайтын, еркелететін. Бір күні мен Әселмен ұрсысып қалдым. Ол мені ұруға айналды. Ақырында жылап: "Сені әкеме айтамын, үйіңе барып ұрады" - дедім. Әсел сол кезде ғана тоқтап, жүгіріп кетті.

Үйіме жылап барып, оларға болған жайдың бәрін айтып бердім. Екеуі де үндемеді. Күн сайын ұйықтар алдында ертегі айтып беретін анамның бұл жолғы әңгімесі менің жүрегімді қатты ауыртты. Мүмкін жүрегім алғаш рет ауырған шығар... Мүмкін менің есеюіме осы әңгіменің аз да болса әсері болған шығар:

-         Қызым, сенің анаң мен әкең бар. Бауырың, әжең, туғандарың бар. Олар - сенің отбасың. Жылы ұяң. Сен бізге еркелейсің, өкпеңді айтасың, қуанышыңды бөлісесің. Ал кейбір балалардың ата-анасы болмайды.

-         Қалайша балалардың ата-анасы болмайды?

( Ата-анасыз өсетін балалардың бар екенін мен сол кезде алғаш рет естідім және қатты таң қалдым.)

-         Қызым, Алла адамға әке мен шеше арқылы өмір сыйлайды. Ал бір күні ол өмір бітеді. Яғни, адамдар Аллаға қайтады. Есіңде ме, сенің атаң қайтыс болып еді ғой?  Ол Алласына қайтты.

-         Иә, атамның қайтыс болғанын білемін. "Ол енді келмейді, бізді естімейді" - деп әжем айтқан.

-         Сол сияқты Әселдің де ата-анасы Алласына қайтып кеткен. Өйткені Алла соны қалады. Сен әкең екеумізге келіп өкпеңді айттың. Әселдің сені ренжіткенін айттың. Мүмкін сен де Әселді ренжіткен шығарсың. Бірақ оны Әсел ешкімге айта алмайды. Сен кейде еркелеп біздің тілімізді алмай қоясың, ал Әселдің еркелейтін адамы жоқ. Әселдің ағасы мен әпкесі бар. Бірақ аға мен әпкенің өз орны бар. Олар ешқашан әке мен шешенің орнын баса алмайды.

«Әселдің әкесі мен анасы жоқ!»  Осы сөз құлағымда қалып қойды. Әкесі мен анасы жоқ балалар қалай өмір сүреді екен? Үйінде тамақты кім дайындайды? Оларға кім ойыншық сатып әпереді? Ұйықтар алдында кім жуындырады? Сонда оларға ешкім ертегі айтпай ма?

Осы сұрақтар санамда жаңғырып тұрып алды. Әселге деген ренішім қайтып, оның орнын жақсы көру сезімі басқан секілді. Келесі күні Әселге "бірге ойнайық" дедім.

-         Сен маған ренжіген жоқсың ба?

-         Жоқ!

Сол күннен бастап екеуіміз жақсы араласып кеттік. Бірге ойнайтын болдық. Расында, ол өте мейірімді әрі ақылды қыз екен. Осыдан кейін мен күн сайын  Әселдің тек жақсы мінездері туралы ғана айтатын болдым.

Бірнеше жыл бұрын өтіп кеткен бұл оқиғаны есіме түсіріп, қайта жаңғыртып отыруымның өзіндік себебі бар. Бәріміз де өмірге жанымыз таза, көңіліміз ақ бала күйде келдік қой. Сондықтан да сәби жүрегіміз үнемі айналаны жақсы көріп, оларға жанашырлық танытып тұратын. Ал есейе келе сол мөлдір сезімдерімізге лай араласа бастайтын сияқты. Олай дейтінім, ата-анасынан айырылған жетімдерге мейірім таныту былай тұрсын, адам өз ішінен шыққан шаранасын еш шімірікпестен далаға тастап жатыр. Бұрын бізді:

"Бала, бала, баладан,

Тауып алған даладан,

Далада бала жата ма?" - деп еркелетуші еді. Ал қазір бұл өлеңді тура мағынасында айтатын халге  де жеттік. Жатады екен...

Бұрын мен «Қобыланды батыр» жырындағы:

Сексенге жасы келгенше

Бір бала көрмей Тоқтарбай,

Қайғыменен қан жұтып,

Ақылынан адасқан.

«Шөл иесі сұңқар қияқсыз,

Еш нәрсе көрмей дүниеден

 Өткенім,-деген,-тұяқсыз».

Тоқтарбайдың зарына

Қалың қыпшақ қайысқан, -

деген жолдарды оқып, бір балаға  зар болған Тоқтарбайдың жағдайына аяныш танытатынмын.

Кемдігі жоқ дүниеде

Бір перзентке зар екен.

Байбөрі байғұс жылады,

Көзінің жасын бұлады.

Қайдағы нәрсе қозғалып,

Қубас деген бір сөздер

          Сүйегінен өтеді... –

деп келетін «Алпамыс батыр» жырындағы жолдарды оқып, «Адамның бір қызығы – бала деген» деп Абай айтқандай, бала адам өмірінің мәні, қызығы мен қуанышы деп түсінетінмін. Иә, қазақ өзектен шыққан өз баласы түгілі, өзге қарагөзді де ешкімнің есігінде жаутаңдатып қоймайтын еді ғой.

Балаларын бабалар көпсінбеген,

Бір-біріне серік боп өссін деген.

Қырық түрін қарғыстың білген қазақ

«Тұяқсыз қал!» - деп бірақ тепсінбеген, - деп айтыскер ақын Шорабек атамыз айтқандай,  қазақ дүниеге шыр етіп сәби келсе, ауыл-ауылға сүйінші айтып, зор қуанышқа бөленетін. Халқымыз небір сұмдықты, ашаршылық, нәубетті басынан өткерсе де,  талғажау қылар ас таппай тарығып, шөл мен аштықтан өзегі талып, зарықса да алдындағысын баласының аузына тосып, қалайда ел ертеңі болар ұрпақтарын аман сақтап қалуды ойлайтын.

Ер жігітке жарасар,

Қолына алған найзасы.

Бәйбішеге жарасар,

Еміздіктеген сабасы.

Келіншекке жарасар

Алдындағы баласы,  -  (Бұхар жырау)

деп, келіншектің баласымен ғана көрікті болатынын жазып қалдырған ел едік. Неге ата-анасына керексіз, тастанды, кінәсіз сәбилер көбейіп кетті?  Олар неге өз ата-анасы бола тұра балалар үйінде терезеге телміріп, жол қараумен күндерін өткізулері керек? Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры емес пе еді? Көрер жарығы бітіп, Мәңгілік өмірге жол тартқан ата-аналардың жайы басқа ғой, ал өзі өмірде сап-сау, екі аяғымен жер басып, баласын жетімдер үйіне өткізіп, одан қалса, қоқысқа, нәжіске тастаған аналар жайында не айтуға болады?

Бір жолы қаладағы оқудан ауылыма қайтып бара жатып дәл сондай балалар үйін паналаған бүлдіршіндермен сапарлас болдым. Арасында көзіме оттай басылған Құрал деген қазақтың қара көз баласы бар еді. Санамды мазалаған сұрақтарға сол баланың мұңды жанары арқылы жауап тапқандай болдым:

«Кигізбей киім кірлеген,

Түндігін жатқа түрмеген.

Ақ жаулықты ана, өзіңді,

Түсімде көрем күнде мен.

 

Көрінер көзге кейде өңді,

Түсімде көрем бейнеңді.

Иіскеп жатып ұйықтаймын

Тер иісі сіңген жейдеңді.

 

Телміріп күнде далаға,

Сары мұң толды санама.

Қайдасыз, ана, демеп пе ед

«Ананың көңілі - балада».

 

Арқамнан қағар жан бар ма,

Жабырқау, жалғыз қалғанда?

Егіліп күнде оянам

Арызымды айтып таңдарға.

 

Мені де, Аллам, демеші,

Қинала берем неге осы?

Түсірген бізді бұл күйге,

Қоғамның таяз өресі»

 

Деп бала маған мұң шақты,

Ұмытам қалай бұл сәтті?

Маздаған ыстық жүрегін

Сағыныш оты құрсапты.

 

Тастаған ана баласын

Өткеніне ой сап қарасын.

Бір Аллам өзің жар болып,

Қыздардың түзет санасын...

 

Иә, бала деген – бауыр етің, тарқамайтын базарың. Қолыңды пышақ кесіп кетсе де, қиналып, ауырсынасың. Ал жаныңның бөлшегі болған балаңды  қалай қимақсың?

16126 рет оқылды