06:05 | Тәлім TREND
06:35 | Үшінші мегаполис
2016-04-25 (0) (8976)

Сүйіспеншілік пен махаббаттың кілті

Сүйіспеншілік пен махаббаттың кілті

      Сыйлық алуды, сыйлы болуды жек көретін адам жер бетінде кемде-кем шығар, сірә. Адамзаттың ардақтысы болған Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер. Сыйлық араларыңдағы сүйіспеншілікті оятады», - деген (ән-Нәсаи). Соны терең түсінген қазақ халқы қашаннан бір-біріне сый беріп, арадағы татулық пен ынтымақты сақтап қалуға тырысқан.  Келген қонаққа шапан жабу, «Орамал тон болмайды, жол болады» деп көйлектік мата, орамал, т.б кәдесыйларды ұсыну – қазақтың бұрыннан бері бұзбай сақтап келе жатқан ата салты, танымы. Мұқағали Мақатаевтың «Тонға емес, орамал жолға жарап, сый тартуды атамыз дәстүр еткен», - дейтін өлең жолдары соны айғақтаса керек. 

 

Сүйіспеншіліктің кілті

немесе Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сыйлығы қандай еді?

 

 Сыйлық - тоң боп қатқан жүректерді жылытатын, сүйіспеншілікті оятып, жаныңа жылу сыйлайтын бірден-бір сиқырлы зат. Оған Алла Елшісінің басынан өткен мына бір оқиға дәлел бола алады:

Ибн Шиһаб: «Бірде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ... Сафуан ибн Умәййәға жүз бас мал берді. Сосын тағы жүз бас, сосын тағы да жүз бас қосып берді», – деген.

Ал Сафуан: «Алламен ант етейін, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен үшін адамдардың ең жеккөрініштісі еді, ал ол соншалықты тарту жасады, тіпті мен үшін адамдардың ең сүйіктісіне айналды»,  – деген (Бұхари).

 

Сыйлықтан бас тартпа!

Салим бин Абдуллаһ бин Омар өзінің атасы Омардың (Алла оларға разы болсын) былай деп айтқанын жеткізген:

     «Алла Елшісі маған жиі-жиі сый-сияпат беріп тұратын. Бір жолы мен: “Одан да мұны менен гөрі мұқтаждарға берсеңізші”, - дедім. Ал ол болса: “Бұны ал. Егер саған сен оны сұрамасаң да, сенің қалауыңсыз бір нәрсе тиетін болса, онда оны ал да иемден, қаласаң кәдеңе жарат, қаласаң садақа ретінде мұқтаждарға тарат, ал бұдан басқаның бәріне ұмтылма!» - деді», - деген. Содан соң Абдуллаһ бин Омар ешкімнен ештеңе сұрамайтын, ал оған сыйлаған нәрседен бас тартпайтын. (Бұхари, Муслим).

Айша (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сыйлық алатын еді және өзі де басқаларға сыйлық беруді ұнататын», – деген (Бұхари). Әйгілі «Абай жолы» романындағы Абайдың: «Апа, екеуіне де жақсылап тұрып сый беріп аттандыршы!» - деп өтініп, қонаққа келген Барлас пен Байкөкшені разы, қош аттандыруы да сыйлықтың маңызын көрсетсе керек.  

 

Сыйлықтың үлкен-кішісі болмайды!

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сираққа не бақайға шақырылсам да, міндетті түрде барамын және маған сирақ не бақай сыйға тартылса да, міндетті түрде қабыл аламын»,—деген. Енді бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ей, мұсылман әйелдер! Ешбір көрші әйел өзіне көрші әйелге (сыйлық жасағанда, ол) қойдың сирағы болса да кемсінбесін»,—деген (Бұхари). Қазақтың ата танымында да аң аулап, саятшылық құрып келе жатқан адамның жолай кезіккен адамына сыралғы беру дейтін дәстүрі бар. Бүтіндей бермесе де, қанжығасына бөктерген бір-екі олжасын жомарттықпен сыйға тарту – қазақ жігіттерінің мәрттігінің бір көрінісі.

  

Сыйлықты қайтарып алу күнә ма?

Ибн Аббас (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізген:

     «Сыйлығын қайтарып алған адам, өз құсығын өзі жеген ит секілді» (Бұхари, Муслим).

     Омар бин әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) былай дейді:

     Бірде мен Алла жолындағы бір адамға жылқы сыйладым, бірақ ол оны дұрыс күтпейтін. Сонда мен ол жылқыны сатып алмақшы болдым да, осы жөнінде Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ақылдасқанымда, ол маған: «Оны сатып алма және егер ол саған оны бір дирхемге сатса да садақаңды қайтарып алушы болма, өйткені садақасын қайтарып алушы өзінің құсығын жеген секілді», - деген (Бұхари, Муслим).

 

 

Сыйлық беру – адамды тіл-көзден сақтаудың, емдеудің бір жолы!

Ғұлама Мухаммад Ас-Садхан:  «Көреалмаушы адам зиянын тигізу үшін адамды көруі шарт емес. Адам күншіл адамның көзіне түспей-ақ құрбанына айналуы мүмкін. Күншілдікпен зиянын тигізуші адам (көз тигізуші)  науқастың бойындағы артықшылық қасиеттерді білуі жеткілікті. Өйткені күншілдің зияны көзінен емес науқастың бойындағы игіліктердің жоқ болуын қалайтын көреалмаушының жүрегінен туады»-деген.  Яғни көз тию вирусы туындайтын орын жүрек болып табылады. Сондықтан көреалмаушы адам  адамның бойындағы жақсылық құрықталып, немесе көзі тигендіктен қиындыққа тап болғанда жүрегімен рахаттанады.

 Ал оның зиянын кетіру үшін адамның  жүрегіндегі көреалмаушылығын кетіру керек. Сондықтан көз тиіп сырқаттанған адамды емдеудің келесі тәсілі,  көзі тиюі мүмкін адам белгілі болса ол адамға  ашуланбай  керісінше жүрегін  жұмсартып, сізге деген көреалмаушылығын кетіру үшін сыйлық беру. Бұл турасында Пайғамбарымыз  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір-бірлеріңізбен қол беріп амандасыңыздар—ыза кетеді. Бір-бірлеріңізге сыйлық беріңіздер—сүйіспеншіліктеріңіз артады және көре алмаушылық кетеді» - деген. ( имам Малик, «Муатта кітабы»)

 

 

Сонымен, сыйлық беру - адамға ерекше қуаныш сыйлап, жанын жадырататын ізгі амалдардың бірі екен. Ендеше, іңкәр сезімдер оянып, қоғамда бір-біріңізге деген қадір-құрмет артсын десеңіз, өзгелерге сыйлық беріп, сыйласып жүруді әдетіңізге айналдырыңыз!

8976 рет оқылды