2016-04-20 (0) (10244)

Өзімен айналысқанның өзгеде шаруасы болмайды!

Өзімен айналысқанның өзгеде шаруасы болмайды!

 


Жұмыр басты пенде болған соң бәріміз де қателеспей, шалыс басып, опық жемей қоймаймыз. 
                     Көтеріп тұрып, құлатады өмір, 
                     Күлдіріп тұрып жылатады өмір, - 
деп ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, сүрінеміз, құлаймыз, жұбанамыз, жылаймыз. Алайда, кейде сол қателіктерімізден өмірде ешқандай ұстаз бере алмайтын ұлы сабақ аламыз. Жер бетінде мінсіз адамның болуы мүмкін емес. Тіпті, ақын Абайдың өзі: «Жүрегімді байқасам, инедейін таза емес», - деп бойындағы кемшіліктері үшін тәубе еткен. Сол себепті де дінімізде бір-біріне туыс, бауыр болған мұсылмандардың өзара бір-бірінің айыбын ашып, мінін теруіне қатаң тыйым салынған. 

Мұсылмандардың кемшіліктерін табуға ұмтылу – бұл мұнафық (екіжүзді) адамдарға тән белгі. Олардың мұндай әрекеті, яғни адамдардың кемістігін тауып, оны басқалардың алдында жариялауды жақсы көруі иманының әлсіздігін көрсетеді.

 

Күнәні жария етудің түрлері

Күнәні жұртқа жария етудің өзі екі түрлі болады.

1. Адамның өзгелердің бойындағы қате, кемшіліктерді аңдып, соның соңына түсуі. Бұл - көбінесе қызғаныштан, іштарлықтан туындайтын амал.

 2. Адамның өз күнәсін өзі паш етуі. Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жұртқа жариялаушылардан басқа үмбетімнің бәрі құтылады. Жұртқа жариялаудың мысалы — бір кісінің түнде күнәлі іс істеп, Алла оны жасырған болса да таңертең: «Ей, пәленше! Кеше түнде мен мынаны-мынаны істедім» деп айтуы. Ол түнді Раббысының жасыруымен өткізеді де, таңертең Алланың жасырғанын өзі ашады» , деген. Демек, адамның өз қателігін өзі ашып, Алла жасырып қойған кемшілігін жұртқа жариялауына тыйым салынады. Егер мұсылман кісі бір қателік істесе, ол Алла Тағала алдында жасырын тәубеге келіп, өз қылмысын жасыруы керек. «Бір күні Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір адам келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Мен күнәлі іс істедім, енді сол үшін мені жазала», – дейді. Бірақ Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) одан не істегені туралы сұрамайды. Содан кейін намаз уақыты кіріп, әлгі адам Пайғамбарымызбен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге намаз оқиды. Намаз оқып болған соң әлгі адам Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қайта барып: «Уа, Алла Елшісі! Мен күнә істедім, міне, Алланың Кітабында айтылған жазамен жазала!» – дейді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сен жаңа ғана менімен бірге намаз оқымадың ба?» – деп сұрайды. Ол: «Иә, оқыдым», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Алла сенің күнәңді кешірді», – деп тәубе қылған адамға Мейірімді Алланың рахымы түсетінін ескерткен (Бұхари).

 

Басқаның қателігін білген адам ол туралы жұртқа жариялауы керек пе, әлде жасыруы керек пе? 

Бұл қателікті жіберген адамның қандай адам екеніне байланысты екі топқа бөлінеді:

1) Бұрын ешқандай жаман аты шықпаған адам.

Яғни бұған дейін ешқандай қателіктері байқалмаған адам. Егер осындай адам қателессе немесе кемшілік жіберсе, оны жасыру керек және оның не істегенін іздестіруге де, жария етуге де қатаң тыйым салынады. Алла Тағала: «Расында, сондай мүміндердің арасында арсыздықтың жайылуын жақсы көргендерге дүние-ақыретте күйзелтуші азап бар. Алла біледі, сендер білмейсіңдер», – деген («Нұр» сүресі, 19-аят). Ғұламалар «Мүміндер туралы арсыздықтың таралуы» дегенді «Олар тарапынан жіберілген кемшіліктер немесе істемеген істі істеді деп айыптау туралы мағлұматтардың жариялануы», – деп түсіндірген.

 

2) Адамдар арасында күнәһарлығымен белгілі болғандар.

Бұлар - өзінің не істеп жүргенін де, өзі туралы басқалар не айтып жүргенін де ойламайтын адамдар. Ондай адамдардың кім екендігі туралы басқаларға ескерту қажет, кей кездері, мұндай адамнан келетін зарардың алдын-алу үшін ол туралы айту, тіпті міндет болады. Өйткені бұзақы адамдардың ісін жасыру бүкіл қоғамға зиянын тигізіп, жер бетінде арсыздықтың жайылуына жол ашып қоюы ғажап емес.

 

Күнә істеген адамға араша түсу

Егер күнә істеген кісі бұрын-соңды адамдар арасында жаман атсыз, кейде тіпті өзінің әділетті, шыншыл екендігімен белгілі болса, адамдар оны қорғап қалуы керек және істеген күнәсі үшін айыптамауы қажет. Егер бұл күнә нақты бір адамға қатысты болса, басқалары арашашы ретінде ортаға түсіп, оны қорғауға ұмтылуы керек. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ар-ұжданды адамдардың қателерін, егер ол кесімді жазаларға (худуд) қатысты болмаса, кешіріңдер», – деген (Әбу Дауд).

 

«Бос арбаның салдыры көп» 

Қазақта «Бос арбаның салдыры көп» деген әдемі сөз бар. Сол секілді білімсіз адамның да бір сипаты – бос сөзге құмарту. Біреудің кемшілігін айту, мінін жаю ешкімге опа бермейді. Сондықтан Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір күні мешітке жиналғандарға қатты дауыстап: «Ей, жүректеріне иман жетпеген, тілімен (ғана) Исламды қабылдағандар! Мұсылмандарды ренжітпеңдер, оларды ұялтпаңдар және олардың кемшіліктерін іздеп, соңына түспеңдер. Кім мұсылман бауырының кемшіліктерін іздесе, Алла оның кемшіліктерін тынымсыз іздейді, ал Алла кімнің кемшіліктерін тынымсыз іздесе, оны тіпті өз үйінде отырса да, масқара қылады!» – деген (Тирмизи). Бұл хадистен 3 түрлі ғибрат алуға болады:
1. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзгелердің айыбын ашушы қауымды «имандары жүректеріне жетпегендер» деп сипаттады. Демек, мұндай адамдар кәміл иман келтіргендердің қатарынан емес. 
2. «...оны тіпті өз үйінде отырса да, масқара қылады!» Ал Алла масқаралаған адамды ешкім де, ештеңе де құтқара алмайтыны анық. 
3. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл хабарды даусын шығарып, қатты айтты. Демек, бұл – мұсылмандар үшін өте жауапты, маңызды мәселе. 

Шәкәрім Құдайбердіұлы бір өлеңінде:
«Сен біреудің айыбын ашпа,

Түн сықылды перде тарт!», - деп жырлаған екен. Алла Тағала Құрандағы «Һумәзә» сүресінің алғашқы аятында: «Әрбір айып таққышқа, балағаттаушыға нендей қасірет!» - деп айып іздеп, кінә артқыш қауымға қатаң ескерту жасаған. 

Бір күні Талха ибн Ғұбайдуллаһ атты кісі Омардың (оған Алла разы болсын) бір әйелдің үйіне кіргенін көреді. Содан кейін Талха ол үйге күндіз барады, сөйтсе, ол үйдің иесі мешел әрі соқыр қарт әйел екен. Ол кемпірден: «Үйіңе келген адам не істеп жүр?» – деп сұрайды. Сонда әйел: «Ол пәлен уақыттан бері үнемі келіп, маған хабарласып тұрады, менің өмір сүруіме қажетті нәрселерді жеткізіп береді және шаруама жәрдемдеседі», – дейді. Сонда Талха: «Ей, анаң артыңда қалғыр, Талха! Сен Омардан кемшілік іздеп жүрсің бе?!» – деп өзін қатты жазғырған екен. Қоғамдағы кінә артқыш қауымға кейіген Мұқағали Мақатаев та:


Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен,
Сынауға тіптен қүмар кім көрінген.
Айтса айтсын айыбымды бетке қарып,

Қайтемін қаламымды кекке малып.
Арам шөптің орнына гүлді қырқып,
Әйтеуір жүргенім жоқ кетпен алып.
Басымнан кемшіліктер өткені анық,
Несіне өкпелеймін көпке налып? – дейді.


Қазақ «Білімді адам нәрсенің байыбын айтады, білімсіз адам айыбын айтады» - деген. Сондықтан әр адам ең алдымен өз бойындағы мінін теріп, өз-өзін тәрбиелеумен айналысса, өзгелерге  уақыты да жетпес еді...


 

10244 рет оқылды