2016-08-12 (0) (17420)

Не үшін намаз оқимын ?

Не үшін намаз оқимын ?

 

Екі достың арасындағы пікірталас ұзаққа созылды. Бірақ, екеуі де өз сөзінің дұрыстығына досының көзін  жеткізе алмады. Хикмет бес уақ намаз оқымаған адамның мұсылманшылығы толық болмайтынын түсіндіргісі келсе, ал Нығмет: «Менің намаз оқып-оқымағанымда тұрған не бар? Мен не үшін намаз оқуға тиіс екенмін?» - деген қарсы сұрақ қойып, қасарысып бақты.

Оған Хикмет былай деді:

–        Не үшін намаз оқу керектігін мен саған мысал арқылы түсіндіріп көрейін. Мына отырған екі кісіге қарашы. Бұл екеуі әкелі-балалы жандар емес пе? Екеуінің бір-біріне деген мейір-шапағаты қандай десеңізші! Баласы әкесіне бар ықыласымен сый-құрмет көрсете білсе, ал әкесі баласы үшін өзегін жұлып беруге әзір. Әке мейірім шуағын төгіп, ал бала перзенттік парызын өтеп отыр. Екеуінің арасындағы осы сыйластықтың ерекше үлгісі көзді қуантып, көңілге қуаныш ұялатпай ма?! Әке мен бала арасындағы осындай ізгі қарым-қатынастың басты себебі неде деп ойлайсың?

Нығмет те досын көп күттірмей, жылдам жауап қайтарды:

– Бұл сіңірген еңбек пен көрсеткен құрметті мойындап, алғыс білдіру ғой! Әлемде жүректерді жақындатып, сезімдерді біріктірген қарым-қатынастан артық жақындық бар ма екен?! Жоқ қой! Ал жақсы көргеніңнің ұнатқанын ұнатып, жек көргенінен бас тарту – махаббаттың талабы. Себебі, сүюші сүйгенінің ұнатқандарын атқармайтын болса, махаббат толық болып есептелмейді.

 Сонда Хикмет:

– Сонда сен жақсы көруші адамдардың арасында адамгершілік, өзара сыйластық пен құрмет және бір-біріне деген мұқтаждықты бағалау, алғыс айту, қадірін түсіну сияқты негіздер болмайынша, қарым-қатынастың дұрыс болмайтындығын айтып тұрсың ғой?-деді. Сауалы арқылы ойын өзіне әбден бекіттіріп алғысы келгендей. Ал Нығмет:

- Иә, әрине,-деп, өз пікірінде нық тұратын берік жан екенін байқатты.

Хикмет келесі сөзін тағы да сұраққа негіздеді:

- Ал, егер де біреу көрсетілген көмекті ұмытып, жасалған жақсылықты жоққа шығарса қалай болар еді?

- Мұндайды бойында аз ғана ар-ұятты бар адам да жасамайды ғой?-деп жауап қайтарды Нығмет.

Хикмет:

- Жоқ, оны жасайтын жан бар екен. Оған қазір екеуміз де куә болып отыр емеспіз бе?-деп жұмбақтай сөйледі.

 - Түсінбедім, сонда ол кім? Ашып айтшы!-деп Нығмет дегбірсіздене бастады. Сол кезде Хикмет:

- Сап, батыр! Сабаңа түс! Біз сабыр сақтау арқылы ғана ақиқатқа жетеміз. Өйткені, ақиқат дәмі өте ащы болуы мүмкін. Сондықтан, адамның көбі ақиқатты қалай бермейді. Алайда ақиқат қана адамды баянды бақытқа жеткізеді. Мен сенің досыңмын, мен саған бақыттың баяндысын тілеймін. Сондықтан саған ақиқатты айтуға тиіспін.  Досым, сен көрсетілген көмекті ұмытып, жақсылықты жоққа шығарып жүрген, жауапкершілігіне салғырт қарайтын жандардың бірісің,-деді.

Бұл сөз Нығметке оңай тимеді. Оның бойын лезде ашу кернеп, Хикметке тарпа бас салғысы келді. Бірақ ашуын сабырға жеңдіріп, өзін өте байсалды ұстай білді де:

 - Неге олай дейсің ? - деді. Одан ары қарай Хикмет пен Нығметтің диалогы былайша өрбіді:

- Себебі сен Алланың саған берген сансыз нығметтері мен есепсіз жақсылықтарын ұмытып, жоққа шығардың ғой,-деді Хикмет.

 - Қалайша?

- Адамға берілген бүкіл нығмет пен жақсылықтың иесі – Алла Тағала ғана емес пе?

- Иә.

- Сол үшін Ол алғысқа лайық емес пе?

- Әрине.

- Ал, адамдар өз алғысын Алла Тағалаға қалай білдіруі керек еді?

Нығмет бұл сауалдың жауабын білмегендіктен, ұялып, қызарақтап біраз үндемей отырды да:

- Қалай білдіреді? Өзің айтшы, - деді.

- Ол алғыс мынандай екі жолмен жүзеге асады:

 Біріншісі – ол нығметтер мен жақсылықтардың тек Алладан екенін шын жүрегіңмен мойындап, соның дәлелі ретінде бар ынта-ниетіңмен маңдайыңды сәждеге қойып, намаз оқуың керек.

 Екіншісі – өзіңе берілген жақсылықтар мен игіліктердің қадірін біліп, оларды Алла разы болатын жолда ғана пайдалануға тиіссің.

- Сөзің ақиқат әрі өте орынды. Менің ұмытқан нәрсемді есіме салдың. Өзімнің кімге айналып бара жатқанымды да түсіндірдің. Саған, осы уақыттан бастап өле-өлгенше намазды тастамауға уәде беремін. Бірақ, менің өзім секілді Алламен, намазбен ісі жоқ бір досым бар еді, соған осы тақырыпта ойын қозғап, санасына сәуле құярлықтай насихат сөздер жазып берші. Мүмкін ол ойланар, түсініп ақылға келер. Алла Тағала сені себепкер қылып оны да дұрыстыққа, бақытқа жетер жолға бастар.

- Жарайды. Дегенің болсын. Алла Тағала осы жолда сенің иманыңды берік қып, табаныңды мығым қылсын!-деді де көркем насихат жазуды бастап кетті.

ХИКМЕТТІҢ ЖАЗБА ДӘПТЕРІНЕН:

Қадірлі досым, Нығмет! Сенің өтінішіңді орындау үшін, намаз туралы насихат сөздер жазуға бел будым. Бұл жерде мен шамам келгенше Алла разылығы үшін намаз оқудың ләззаты қандай болатынын өзгелерге де жеткізгім келеді. Өйткені, мен ғибадаттың тәтті дәмін өзім татып көріп, оған жететін бұл дүниеде еш нәрсенің жоқ екеніне көзім жеткен жанмын. Осы бақытты күйді басқалардың да басынан кешіргенін қалағандықтан, қолыма қалам алуға мәжбүр болдым.

Намаз туралы сұрақты өзіңе қою  – алғашқы қадам

 Біздің уақытымызда көптеген адамдар намазға немқұрайлы қарай бастады, тіпті намаздың не екенін, не үшін оқылатынын білмейтіндер де бар. Кейбіреулер оны мойынға артылған ауыр жүктей көреді. Намаздың маңыздылығы мен артықшылығын ескерте бастасаң, қолының тимейтіндігін, әлі жас екендігін, зейнетке шыққанда оқитындығын айтып сансыз сылтауларды алға тартады. Енді кейбіреулері: «сендердікі дұрыс», «дұрыс айтасың», «оқу керек» деп келісе кетеді. Алайда жанынан кетісімен, насихат сөздеріңді ұмыт қалдырады. Енді бір топ өзінің мұсылман екендігін ескермей, намаз оқушыларды да мазаққа айналдырып, келеке қылады. Келші бауырым, сол жұртты намаздан алыстатқан осындай себеп – сылтауларға шамамыз жеткенше жауап іздеп көрелік.

 Саған қиын көрінген намаз зұлымдықпен өтелінетін салықтың бір түрі ме? Немесе ол, адамның алтын уақытын алатын ауыр жұмыс па еді? Әлде адам өз өмірінде намазға уақыт табуы мүмкін емес іс пе?

 Әлде қандай да бір диктаторлық өкіметтің зорлықпен мойындатар саяси негіздерінің бірі ме? Әлде, адам бостандығы мен еркіндігіне тұсау боларлық кедергі ме еді?

 Бәлкім намаз қаласа орындайтын, қаламаса тастайтын, сауап пен күнәға қатысы жоқ іс шығар? Алла Тағала біздің намазымызға мұқтаж ба? Адам намаздан не пайда табады? Оқымаса қандай зиян шегеді?

Кімде-кім бұл сұрақтардың жауабын иман шарттары мен ислам талабынан іздесе, онда тура жолға түседі. Сөйтіп ол Құдайына құлай құлшылық ету қамына кіріседі. Ал жауабын басқа жақтан іздеген адамға оның нәпсісі, шаһуаты, шайтаны билік жасайтын болады. Ондай адам нәпсісінің қалауын ғана жасайтын пендеге айналады. Шаһуатының алдында шарасыздық танытып, құлқынының құлы болып шыға келеді. Ал шайтан ондай  жанның күнәлі ісін – көркем, бұрыс ойын – дұрыс етіп көрсетіп қояды. Әйтеуір, құлшылыққа жақындатпай, «асығып не қыласың!», «ертең үлгересің!» деген бітпес үміттердің соңынан салпақтатып, ұзақ сергелдеңге салып қояды. Сөйтіп жүріп пенде өмірден қалай өтіп, тозақ отына топ ете түскенін байқамай да қалады.

Намаз – қымбат асыл тас

Намаз жеке адам баласына түсетін салық та емес, төлейтін айыппұл да емес. Ол тек қана егесі саған сақтауға, аманатқа қойған, күніне бес рет келіп көріп тұратын асыл да қымбат зат секілді. Қиянат қылмасаң саған шыншыл, аманатшыл, адал, сенімді деген асыл қасиеттердің егесі ретінде қарап, еңбегіңді бағалап, ақысын еселеп қайтарады.

Достым! Егер де біреу саған дәмді тағам ұсынса немесе жүгіңді көтерісіп жіберсе, адасқанда дұрыс бағытты нұсқаса, оған алғыс айтпаймысың? Бұзылған көлігіңді жөндесіп жіберген немесе жерге түсіп кеткен затыңды алып берген жанға «рақмет» демеймісің? Сондай жақсылық жасаған адамдарды  іштей құрмет тұтып, реті келген тұста оның жасаған қайырлы ісінің қарымтасын қайтаруға дайын тұрмаймысың? Иә! Мен де сен сияқты жақсылықты жадымда ұстап, қайырлы істі қадір тұтатын адам баласымын. Сыйға – сый ұсынып, құрметке – алғысымды білдіремін. Маған берілген игілік үстемеленген сайын разылығым мен алғысым арта түседі. Ал енді мен үшін, маған ақыл, сезім мүшелерін сыйлаған, алуан түрлі дәмді тағамдар мен сусындармен қоректендірген, мықты денсаулық беріп тура дінге түсірген, жанұя мен ұрпақ нәсіп етіп, сыйлы дос-жаран мен тату көрші-қолаң арасында әсем өлкенің тұрғыны қылған Алла Тағаладан артық алғысқа лайық нығмет және жақсылық Иесі жоқ. Иә, бұл ғаламда Алла Тағаланың берген нығметтерінен артық жақсылық болмақ емес. Адам баласының маған жасаған болмашы жақсылығына разылығымды білдіргенде, Алла Тағаланың үйіп-төккен сансыз нығметтері мен есепсіз игіліктеріне алғысымды көрсетпеймін бе?! Еш күмәнсіз сен менің Оған алғыс көрсетуімді құптайсың. Олай болмаған күнде айыптап, кіналар едің. Себебі, жақсылықты түсінбес надандардан болғанымды қаламайсың. Алғыстың көлемі мен түрі сыйлықтың құны мен сыйлаушының дәрежесіне сәйкес болмақ. Менің қалам сыйлаған адамға айтқан рақметім, көлік мінгізгенге қылған алғысымдай болмақ емес. Егер ол жақсылығы өткен қарапайым адам мен сыйлы әкімге бағытталса, әр түрлі көріністе орындалары хақ. Ал енді Алланың өзі ұнатқан, маған сыйлаған нығметтеріне деген алғыстың сипаты: Оның бүкіл әлемдердің Раббысы, Қамқоршысы екенін мойындап, құлшылыққа лайықты жалғыз Өзі ғана екенін түсініп, маңдайды сәждеге қою...

Намаз уақытты ысырап етеді деп ойласаңыз....

 Әлемнің түкпір-түкпірінде адамдардың әр түрлі топтары өздерінің қолдан жасалған пұттарына, жалған құдайларына, өздерінен дәрежелері бірнеше есе төмен Алланың жаратқан ақылсыз мақлұқтарына, олардан ешбір пайда көрмесе де құлшылықтарын жасау үстінде. Олардың ісі осылай болғанда мен әлемдердің Жаратушысы, аспандар мен жердің Раббысы, пайда да, зиян да қолынан келуші, Беруші де Алушы, Тірілтуші де Өлтіруші, тозаңның түйіріндей және таудай болған амал үшін де есепке алушы болған Алла Тағалаға неге басымды имеймін!?

Жо-жоқ! Намаз уақытты еш ысырап етпейді. Керісінше намаз күнделікті қым-қуыт тіршілік, алыс-беріс, барыс-келіс, оқу, жұмыс секілді мазасыздықтан адамды азат етеді. Сөйтіп, жанын тыныштыққа кенелтіп, жүрегіне сабыр тапқызады. Бүткіл дене мүшелерін демалдырып, қан айналымын қалыпқа түсіреді. Жаратушысына бірнеше минут мінәжат ету арқылы пенденің тұла бойы тұтас рахат күй кешеді. Намаз арқылы алға қойған асыл мақсаттарың орындалып, жүзеге асуы үшін Алладан көмек, жәрдем сұрай аласың. Адам бір кісіге қылдай қиянат жасаған болса, бірден өз қылығы үшін ұялып, кешірім сұрайды. Ал намазда Алла алдында кеткен кемшіліктерінің орнын толтырып, соны серпін, тың қажыр-қайратпен қаруланып, қайнаған тіршілікке қайта қосылады. Міне осы орайда біздің сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оғанАлланың игілігі мен сәлемі жаусын) өмірінен көркем бір мысалды келтіре кетуді жөн көрдім. Ол кісі (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі жаусын) егер де бір іс оны қатты қалжыратып шаршатса, өзінің азаншысына: «Әй, Біләл, бізді намазбен демалдыршы!» дейтұғын. Міне, намаз қадірі мен маңызын өте жетік білетін адамның ісі осындай болар.

Бір күнде намаз оқу үшін қанша уақыт кетеді деп ойлайсыз?

 Адам баласы тоқтаусыз жұмыс істей алмайтын, күші шектеулі әлсіз бір жаратылыс қой. Міндетті түрде оның денесі, жүйкесі демалу үшін жиі-жиі үзіліс керек. Намаз осы орайда өте үлкен қызмет атқаратын ғибадат. Адам өмірінің жартысына жуық уақытын тынығуға бөледі екен. Алла Тағала адамға тыныштық тауып демалу үшін түн мен ұйқыны берді. Пенде егер бес уақыт намаз оқыса осы уақытының қанша бөлігі намазбен кетер еді? Бес намаздың басын қосып уақытын есептесек, бар болғаны жарты-ақ сағат екен. Иә, жарты-ақ сағат!

 Әй, ақылмен ардақталған адам баласы, жаныңның тыныштығы мен рахатын күйттеп сауық құрып, сайран салумен қаншама өміріңді сарп еттің, саған есепсіз пайда келтіретін намазға аз ғана уақыт бөле алмағаның қалай?

Намаз әлдебір диктатор басшының жамағатты күшпен, зорлап мойындату үшін жасалған жарғысы емес. Ол өзін мұсылманмын деп есептейтін әрбір адамның еш зорлықсыз, мәжбүрлеусіз өз ықтиярымен, ырзалығымен өтейтін құлшылығы. Ол – Ислам дінінің мызғымас бес тірегінің бірі. Тап бір уықсыз шаңырақ құлап қалатындай...

Намаз –сауапты сауда

Сенің намазың – атқарар қызметің мен жүргізер саудаң секілді. Жұмысыңа уақытында келіп, уақытында қайтсаң, оны талапқа сай атқарар болсаң, еңбекақыңды ай соңында толығымен аласың. Ал, жұмысыңнан көп қалып, міндетіңе немқұрайлы қарар болсаң, айлығың кесіліп жұмыссыз қалуың мүмкін ғой?! Саудаң да, қалта қампайтар табысқа қол жеткізу үшін тынымсыз еңбек пен үздіксіз әрекетті талап етеді. Кімде-кім Раббысының алдына намазсыз барып жәннәтқа кіремін десе нағыз ақымақтардан болар еді.

Бауырым, намаз – аурудың температурасын оқтын-оқтын тексеріп тұратын дәрігердің ісі секілді, адам баласы намаз бен намаз арасында өз амалдарын таразылап отырады. Атқарған амалдары ізгі болса, намаз оған: «Осы бетіңнен айныма!», - десе, жаман іс жасаған болса: «Қайт та, өзіңді-өзің қолға ал!», - дейді. Намазын үзбей оқушы адамнан, тіпті кейде одан жаман іс-әрекет жасап жүрген жан болса да, әрқашан жақсылық күтуге болатындығына еш күмәнсіз сен. Себебі, оның намазы міндетті түрде күндердің бір күнінде оны бұл істерінен тыяды. Себебі ол намазында Алланың сөзі – Құран аяттарын оқиды. Қанша жерден сөз ұқпас ғапылдардан болса да, міндетті түрде сол аяттардың мағынасына ой жүгірткізіп, жүрегіне қозғау салып, бойынан жақсылықтың нышандарын оятатын сәттің өтері хақ. Сол себептен Алла Тағала өзінің кітабы Құранда:«Ақиқатында намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды» («Әнкабут» сүресі, 45-аят) деген. Ал, кім намаз оқымаса ол Құран да, аят та оқымайды, Құраннан еш пайда да ала алмайды. Ол өз күнәлі істерінің кіріне былғанып, балшығына белшесінен батып қала бермек.

Намаз – мәңгілік азаптан сақтап, мәңгілік рақатқа жолдама беруші

Алла Тағала маған бергендей, менің намаздан алыс жүрген жолдастарыма да көп игілік-жақсылықтар берген. Тіпті оның саны мен мөлшері оларда артықтау болуы да мүмкін. Бірақ мен оның бәрін Алла бергенін мойындап шүкірлік етем, ал олар бұл жетістікке өз ақылымызбен жеттік деп ойлайды. Сондықтан, олар Аллаға құлшылық етпейді. Олар дүниеге келген кездері мен қолдарында түк болмаған хәлдерін ұмытқан еді. Жалғандағы бар жиғанын артқа тастап бұ дүниеден қабірге көшетін күндерін естен шығарған еді. Олар қалай ғана Жаратушыларына батылдары барып тәкаппарлық етеді. Алла Тағала Құранда: «Ақиқатында, маған құлшылық етуден тәкаппарлықпен бас тартқандар тозақ отына өкірген күйде кіреді» («Ғафыр» сүресі, 60-аят) деген. Ендеше, ей, бауырым! Алланың мәңгілік азабынан сақтан!

Намаздан алар пайдаң – тек қана жақсылық. Намаз пайдаларын қаламмен жазып бітіру, санап тауысу мүмкін емес. Себебі ол, Раббымыздың өзі таңдап бізге бекіткен ғибадаты. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Иман келтірген құлдарыма айт: Намаз оқысын!» («Ибраһим» сүресі, 31-аят). Ішіндегі бар жақсылықты аз ғана сөзбен, қысқа бір түрде баян етіп былай деді: «Ақиқатында, намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды»(«Әнкабут» сүресі, 45-аят).

Бауырым! Сөз соңында айтарым, мен намаз оқимын және сенің де намаз оқушы мұсылмандардан болғаныңды шын жүрегіммен қалаймын. Алла Тағаланың Құранда айтқан мына бір әміріне мойынсұн: «Намаздарға, сондай–ақ ортаңғы намазға (екінті) бекем болыңдар және намазда Аллаға бойұсынған күйде тұрыңдар» («Бақара» сүресі, 239-аят).

 Алла Тағала мені және сені насихатқа құлақ асып, дұрыстыққа бет бұрғандардан қылсын! Әмин!

 

Аударған: Айдын Бақыттыжан

17420 рет оқылды